Дәрігерлік ғұмырында 30 мыңнан астам ота жасап, талай сырқат жандарды емдеп-жазып, ажалдан арашалап қалған әйгілі алтын қолды хирург Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтың өмірден озғанына да бір жылға жуықтапты.
Осы орайда кеше медицина саласында 30 жыл еңбек етіп, 30 мыңға жуық ота жасап, «Халық академигі» атанып кеткен дәрігердің денесі жатқан Кеңсайдағы зираты басында марқұмның асқақ рухын әйгілеп тұратын ескерткіш-мүсіннің ашылу рәсімі өтті.
Нұртас Кәкімжанұлы 1996 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында бөлім меңгеруші, бас дәрігердің орынбасары әрі хирургия орталығының жетекшісі қызметін абыроймен атқарған.
Өз саласында Гиппократ антына адал болып өткен, жанашыр әрі жаңашыл дәрігер Нұртас Қазыбаев – отандық медицинаның заманауи тұрғыда қалыптасып, дамуына көп еңбек сіңірген ғалым. Хирургия саласына инновациялық технологияларды енгізіп, 50-ге тарта ғылыми жұмыстың, іш құрылыс ауруларын емдеуге қатысты бес бірдей өнертабыс еңбектің авторы болған Н.Кәкімжанұлы өткен жылдың тамызында 53 жасында жүрек дертінен көз жұмды. Осы бір жыл ішінде Нұртастың өмірі мен қызметін барынша қамтыған үлкен ғұмырнамалық жинақ пен бір бейнефильм түсіріліп, өзі қызмет еткен ауруханада арнайы ескерткіш-тақта орнатылды. Нұртастың жарқын бейнесі бедерленген жаңа ескерткіш те абзал дәрігердің тұлғасы мен адал есімін ардақтап, мәңгі есте қалдыру мақсатында бой көтеріп отыр. Ескерткіштің ашылу рәсіміне марқұмның отбасы мүшелері мен жақындары, достары мен әріптестері қатысып, жаңа бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Алаштың аяулы перзентіне тағзым етіп, естелік ойларымен бөлісті. Бұдан соң рәсімге қатысушылар еске алу шарасын Нұртас Қазыбаевтың өзі еңбек еткен Орталық клиникалық ауруханада жалғастырды.
Нұртілеу Иманғалиұлы, ҚР мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, көрнекті тележүргізуші:
– Тірісінде мыңдаған адамға өмір сыйлаған алтын қолды дәрігер Нұртас бауырымызға қатысты ең өкінішті нәрсе – оның мына дүниеден ерте кетіп қалуы. Ажалға арашашы болған абзал жанның өзіне сын сағатта ешкім араша бола алмады. Бұл тағдырдың жазуы шығар... Нұртас өзінің нағыз толысқан, кемел шағында бақилық болды. Оның шипасы әлі де болса сол мыңдаған, миллиондаған адамға қажет еді... Осындайда қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбдірашевтің:
«Мақтау өлең жазайын деп жүргенде, Жоқтау өлең жазғызғаның неткенің?» деген шумақтары ойға оралады. Қадірлі қазақ қаламгерінің отбасында туып-өскен ол ата-анасынан алған зиялылықты жоғалтпай ұстай білді. Тегіне тартып туған ұл халқына адал қызмет етті. Алла жанын пейіштің төрінде шалқытсын!
Амир Ахетов, ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
– Нұртас Кәкімжанұлы ерекше қабілетті дәрігер болатын. Біреуге ұстаз, біреуге шәкірт, айналасына сыйлы, өте қарапайым адам еді. Ол – өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында аз ғұмырында көп жетістікке жеткен адам. Көзі тірісінде адамдарға қол ұшын беруден басқаны ойламайтын, ең бірінші кезекте дәрігерлік борышын атқаруға дайын тұратын азаматтың есімі бүгінде аңызға айнала бастады. Осындай ғажап адамдардың әрбір ісі – кейінгіге үлгі-өнеге. Бүгінгі ескерткіш Нұртас сынды мықты дәрігердің құрметіне ғана емес, мұны сөзіне берік, ісіне адал, ұлтына берілген нағыз азаматтың символикалық бір көрінісі деп қабылдағанымыз жөн
Алмаз Шарман, медицина профессоры:
– Кеңсайдың басында бой көтерген Нұртастың ескерткіш-мүсіні оның туған күнінде, қасиетті жұма күні ашылып отыр. Мен Нұртаспен оқуда да, өмірде де қатар жүргенімді, осындай айтулы азаматпен сырлас, дос, бауыр болғанымды өзіме бақыт санаймын. Біз замандас болсақ та, Нұртастан көп нәрсе үйрендік. Ол қандай қиын жағдайда да науқастың үмітін үзбейтін. Жұмысына қандай тыңғылықты болса, өзге істерге келгенде де жауапкершілігі күшті еді. Түрлі жиын-тойларды да үйіріп әкететін көпшіл қасиеті де бар еді. Әріптес-достың орны ойсырап тұр. Әттең, өмірден ерте кетіп қалды. Әлі де болса атқарар істері мен ойға алған өмірлік жоспарлары бар еді.
Алтын қолды дәрігердің ескерткіш-мүсіні бой көтерді
Последние статьи автора