Қазақ классикалық өнерінің серкесі Ермек Серкебаев биыл 80 жасқа толды. Өнер иесінің мерейтойына орай өткен аптаның соңында опера жұлдызының шығармашылық кеші өтті. Ермек Серкебаевтың мерейтойлық кешінде Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков әйгілі әншіге «Алтын Самұрық» сыйлығын тарту етті.
Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен концертте өнерсүйер қауымға бірегей баритон дауыстың иесі Арқа өңірінің әндері мен танымал композиторлардың туындыларын орындап берді. Италия, Франция, Германия, Америка және ТМД елдеріндегі өнердің қадірін білер халықтың қошеметіне бөленген әнші елорда сахнасында «Ғайни», «Қаракесек», «Шапибаяу», «Япыр-ау» сынды әндерді көрерменнің көңілінен шыға орындады. «Фигаро патшасының» концертінен кешке келгендер ерекше әсер алып қайтты. Ермек Серкебаев есімі тек қазаққа ғана емес, әлем жұртшылығына кеңінен таныс. Талай кинофильмдер, радио, теледидар арқылы көпшілікке танылған Ермек Серкебаев 60-70 жылдары операдағы «Фигаро» партиясынан кейін даңқы бұрынғыдан да асқақтады. Ол әлемнің 50-ден аса елінде гастрольдік сапармен болды. Опера әншісі сомдаған образдар ішінде ұлы Абайдың тұлғасы, Брусиловский мен Рахмадиев операларындағы Ер Тарғын және Алпамыс портреттері бар. Оның репертуарына қазақ, орыс, халық әндері, камералық шығармалары да енген. Кеш соңында әнші Ермек Серкебаев барша қазақстандықтар мен астаналықтарды келе жатқан қала күнімен құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Алтын дауысты әншіге – «Алтын Самұрық»
Последние статьи автора