Алтайдың айпара жыршысы еді

... Бала кезімде ол кісі турасында мен де тиіп-қашып қана еститінмін.  
    -  Жазу-сызуды ермек қып, Алматыда қап қойды ғой. Елге  келуді мүлдем сиретті. Мұндағы жалғыз інісі мен анасын Алматыға көшіріп алайын деген екен, шешесі Зағи келіспепті деп жүр ғой. Нағашы атасы Ысқақтың бауырында өскендігінен болар, туған анасына суықтау. Әпкесіне балайды. Зағи жесірліктің қырық жамау орамалын тым ерте жамылған, екі ұлы мен жалғыз қызы үшін бәр-бәрін құрбандыққа шалған, төзімі мен қажыр-қайраты тым ерекше тасқайнат жан ғой,- деп Қалағаңның әулеті хақында әкем Қалидың айтып отыратын шолақ әңгімесі ғана есімде қалыпты. Ары қарай ол әңгімені түптейтіндей, Қалиханды үптейтіндей қажеттілік те болмапты менде. Оның үстіне елім-жерім деп емешесі құрып, әмір-әмір ауылға келіп, оның көшесін шаңдатып жүрген ағамызды да көрмейтінбіз. «Көрмесең, білмесең - жат боласың» деген қазақтың сөзі осындайдан шықса керек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында, Шыңғыстай интернатында жүрген кезде осы бір талантты ағатайым жайында бір тәуір әңгімені Оралхан Бөкеевтің аузынан естіп қалғаным бар. Ол кез Орекеңнің әрі-сәрі күй кешіп, өз-өзін жанталаса іздеп, жазу-сызудан алғаш сауға сұрай бастаған шағы.
       1965 жылы Қалекеңнің «Менің ағаларым» атты повестер жинағы жарық көрді. Биттің қабығындай сол жинақты да Оралхан көрсетті маған. Одан әлгі кітапшаны екі күнге деп сұрап алып, интернаттан қашып шығып, қырық шақырым Топқайыңға жаяу тартқанмын. Қойнымда – «Менің ағаларым». Түнімен тентіреп жүріп Топқайыңды тауып, ертесін ауылдың өзім қарайлас өрімдерін  түгелдей Қоңқай таудың бауырындағы дөңгелек тоғайға жинап, әлгі повесті оқуды ұйымдастырғаным есімде. Ысқақовты насихаттау осылай басталған. Ол жылдар – тағылар мекені Төр Алтайдың көртам қуысындағы ауыл халқының әлі де болса әлеуметтік хал-ахуалы тым төмен, әлі де болса бауырын сыздан көтере алмай жатқан көтерем шағы. Алайда, сол кездің басты артықшылығы десек пе, қоғамның қол жеткізген негізгі рухани жетістігі деу лайық па, немесе иісі қазақтың қараңғылыққа деген қаскөй қарсылығы ма, әйтеуір хат танитын барша жұрт жапатармағай кітап оқитын. Ал балалардың кітапқа деген  құмарлықтарын тілмен айтып жеткізу  қиын. Тіпті, сабақ үстінде партаның астына жасырып оқимыз деп, Асағаң секілді қатал да әділетті ұстазымыздың шапалақ дәмін сан татқамыз.  Алтайдың көртам қуысында, жабайы аңдармен таласа-тармаса тірлік кешіп жатқан жартылай тағы ауылда ол кезде электр жарығы да жоқ. Білтелі шамның жарығымен кітап, газетке шұқшиған жұрт. 
        Керемет кез еді! Мен айтар едім: XX ғасыр - нағыз Оқушы-ғасыр болды. Әр шаңырақ шамалары келгенше газет-журналдар жаздырып алатын. Ауылдағы пошташы Қалым ағаны әр шаңырақ асыға тосатынбыз. Түске шейін кеңшар орталығы Сөгір ауылынан пошта әкеліп, бесін ауа Топқайыңның екі жүзден астам үйінің ауласын ақтап, әрқайсысына тиесілі газет-журналдар мен сәлем хаттарды таратамын деп-ақ атаңа нәлет соғысқа бір қолын садағалап, оны Еуропаға көміп кеткен Қалым ағаның өзі де, астындағы кершолағы да әбден қалжырайтын. Ал ауылдың сол кездегі шағын ғана қоржын үйлі кітапханасынан әбден қас қарайғанша үлкен-кіші арылмайтын. Міне, Қалекеңнің «Дос хикаясы», «Менің ағаларым» повесть жинақтары дәл осындай керемет заманда жарық көріп, керемет оқырмандардың жадысында мәңгілікке қалды. Жұрт тым білімді болмаса да, ерекше сауатты еді. Олар қазақтың сол кездегі  ақын-жазушыларының, көркем шығармаларының аттарын жатқа соғатын. Ауылымыздан бұрын-соңды ақын, жазушы атаулы шықпағандықтан болар, Қалихан ағамыз алғашқы жинақтары шығысымен-ақ Алтайдың аядай ғана қуысында жатқан Топқайыңның мақтанына айналды.
       Жылдар өтті. Бел астық, от бастық, су кештік. Институттан соң ауылға оралдым. Мектепте Қалағаңның інісі Сайлауханмен бірге қызмет істедім. Жас кезіміз. Жарқылға әуеспіз. Жаңалыққа құштармыз. 1975 жылы Қалекеңнің «Тұйық» романы жарқ ете қалсын. Бас салдық. Ауыл кітапханасына түскен екі дана кітаптың түте-түтесі шықты. Жоғарғы сыныптағылармен кітап оқушылар конференциясын өткізбек болып жінігіп, шапқылап жүрмеймін бе. Ертең конференция деген күні аяғын өгіз басып жатса да «өк» демейтін, жанымдағы қосшылардың бірі, әсіре сабырлы Сайлауханым ақырын ғана:
        - Шараға Қалиханның өзін де шақыра салсақ қайтеді? Бір апта болды келгеніне. Енді екі-үш күнде қайтады,- деп тұр. Тәңірім-ау, сабырлылықтың мынадай да түрі болады екен-ау деп мен айран-асырмын.
        Сол жолы Топқайыңның жас өрімдері тұңғыш рет тірі жазушымен, оның үстіне өздерінен шыққан тұңғыш қаламгермен жүздесті. Жақсы, жылы кездесу өтті. Қалағаңның қырыққа жаңа келген кезі ғой. Алайда, әңгімелері тым ересек көрінді маған...
       Ол елуіне дейін елге тым сирек қатынады. Сөгетін емес. Қолы да тие бермеген сыңайлы. Мәскеудегі оқуы, онан кейінгі жылдарда Қазақстан Жазушылар Одағының, «Қазақфильмнің»  отымен кіріп, күлімен шығуы, ақыры кәсіподақтың мыжыма қара жұмысынан басын арашалай алмай қалуы секілді шет-шегі көрінбейтін шаруалар кешені тынысын  буып, тіпті елді қойып, өз шығармашылығымен де білек түріп айналысуына мүмкіндік бермеген сияқты. Дегенмен, Қалихан Ысқақ сынды туған жері - Төр Алтайын атасының тақиясынан артық ардақтайтын  қаламгерді қазақ әдебиетінен табу қиямет. Алпыс жылдан астам Алматыда тұрды. От жақты, шаңырақты да сонда көтерді. Ұрпақ сүйді. Атақ-даңқ та сол кезде есігін қақты оның. Пенде Қалихан да, қаламгер Қалихан да Алматыдан титімдей жамандық көрген жоқ. Алатау Қалиханға қарыз емес. Десек те...
        - Алматы менің шығармашылық саяжайым болды. Мұқым саналы ғұмырым осында өтті. Жалаңаяқ жастығым да осы қаланың еншісінде. Дегенмен, менің Меккем де, Мәдинем де - Төр Алтай! Әлі күнгі көзімді жұмсам болды, Алтай түсіме кіреді. Кеңсай менсіз де былығып жатыр. Сондықтан менің мүрдемді өлгеннен кейін Алтайға әкеліп, Қоңқайдың бауырына жерлеңдер. Аманатым сол ғана,- деген мәйіт иісі шығатын көңілсіз әңгімені маған, Дидахмет пен Әлібекке, жақын інілері Тоқтасын мен Темірбекке, тіпті, алпыстан аспай  жатып сан мәрте айтқан. Жалпы, қазақ әдебиетінде бақилық болған екі жазушының өзін жерлеу жайындағы  аманаты орындалса, соның бірі тағы да Қалағаң...
                   ...1993 жылдың көктемінде Алтай қара жамылды: дүниеден Оралхан Бөкей озды. Келер жылдың жазында Катонқарағай ауданы ардақтысына ас берді. Алматыдан Қалихан, Шерхан бастаған үлкен топ келіп Алтайға, Оралханның әз жұртына көңіл айтты. Бұл кезең - Қалағаңның кішкентай болсын тынысы кеңіп қалған шағы. Онда мен ауылдамын. Асқа арнайы келген сыйлы қонақтарды аудан басшылығы кеңшарларға, аудандағы әлді мекемелерге бөліп тастаған: Қалихан көкем мен Дулат Исабеков Белқарағайдың еншісіне тиді. Сол екі-үш күнде біраз әңгімелесіп, біраз шер тарқатыстық. Біраз шаруаның әужайын түйген болыстық. Келер жыл - Қалағаңның 60 жылдығы. Әңгіме соған ойысты.
       - Оған мен бас ауыртып жүрген жоқпын. Анау Әлібек Асқаров бауырым бар емес пе. Ол соның шаруасы. Тіпті: «Мен алпысқа келіп жатырмын, неге тойламай жатырсыңдар?» деп Алтайға қыр көрсетіп шіренетіндей, міндет артатындай мен кім екенмін?!- деп, табиғатына сай қарапайымдылық соқпағына бұрған ағамыз.
        Келер жылы жазда Қалағаңның тойы жақсы өтті. Алтайда ат та шапты, балуан да күресті, конференция да болды, ән мен жыр да асқақтады. Күзде тойдың Алматыдағы сіргежинарына бір топ ел азаматтары барып қайттық. Олардың ішінде сол кездегі кеңшар директоры, елім-жерім деген айтулы азамат, жарықтық Алтай Рамазанов, ауыл әкімі, топқайыңдық Нұрбай Уәлханов, көкемнің жақын інілері Темірбек Исабаев пен жарықтық Тоқтасын Қалибеков болды. Бәріне бас-көз болып Алтайдың қалам ұстаған азаматтарының жоқшысы да, қосшысы да, қамқоры да - баяғы Әлібек Асқаров жүрді. Сол Алматыдағы тойда Қалағаңа қойылған екі қаламгердің екі сұрағы әлі күнгі есімде. Неге екенін білмеймін, ұмыта алмай жүрмін соларды. Жазушы, сыншы, қазақ әдебиетінің бесаспабы, ұлтымыздың мықтымыз деп жүргендерінің көбін омақастырып кететіндей арыны мен дарыны бар ініміз Тұрсын Жұртбаев:
         - Қалаға, құдайшылығын айтайықшы, осы 60 жыл ғұмырыңыздың тек он жылын ғана өз шығармашылығыңызға арнағаныңыз рас. Қалған елу жылды телім-телім етіп балалыққа, желкөкірек жастыққа, журналистикаға, киноға, кәсіподақтың мыжымасына, төңірегіңіздегі жазушысымақтардың сыздауықтарын сипауға, кітапсымақтарының тігістерін әдіптеуге төгіп-шашып кеткеніңіз шындық. Ақиқаттан ауытқысам аспанда Алла бар, дәл осынымды өтірік деңізші?- деп қадалды.
      Сасып қалған көкеміз:
      - Қой, тентек ұл! Ондай оқыс сөз айтпа!- деп жалтарды. Залда отырғандардың басым бөлігі, оның ішінде Қалихан Ысқақ сынды әсіре келісімпаз, әсіре мейірімді, әсіре көңілшек, ерекше қамқор жазушыны жақсы білетіндер Тұрсын сөзінің астарындағы ақиқатты мойындағандары шындық. 
       Онан кейін сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген Әлия Бөпежановадай қаламгер қарындасы:
      - Сіз зәуімен жүзге келіп жатсаңыз, арттан ерген ұрпақтарыңызға қандай ұлағат айтар едіңіз?- деп әзіл-шынын араластыра сұрақ қойғаны есімде. Көкеміз мұртын мыжғылап отырып-отырып кеңк етіп күлді.
        - Жүзге келмейтін шығармын. Егерәки кеп жатсам, ол кезде ақыл тыңдайтын ұл мен қыз қалмас. Тілек біреу-ақ: соларың бейітімнің басына сарып кетпесе болғаны,- деп шолақ қайырды. Рас, ағамыз жүзге жетпей жығылды. Ал жастар жайында айтқаны... Қалай десек екен???
        Мен Қалағаңның жершілдігін, Алтайын әсіре аңсауын, оған деген пенде баласында сирек кездесетін махаббатын - жылқы мінездігіне балаймын. Жылқы мінездес деп отырғаным мынау: туып-өскен жерін жылқы малындай қастерлейтін, оны айсыз қараңғы түндерде жүздеген шақырым жерлерден айна қатесіз тауып келетін, өскен жерімен кісінеп табысатын, тіпті, өз бұлағынан басқа өлкенің суын да жатырқайтын жылқыдай киелі жануарды табу қиын. Қалағаңның да аңсауы сыздауық сынды: сипасаң қышиды, қасысаң қанайды. Алпыс жыл өзі жерін жерлеп, суын сулаған  Алматыдай жер жұмағын талақ ету, қорашсыну - ес-ақылы түзу адамның ісі емес сияқты көрінетіні рас. Жоқ, көкеміз сөйтті. Қыңқылдауын қоймады. Алдымен Катонқарағайдың Ақсуынан төрт бөлмелі, жаңадан қиылған кержақтың үйін сатып алды. Ағаларының ниеті «бұзылғанын», елге келуге шындап кіріскеніне көздері жеткен, оған алғал ниеттерімен қуанған Тоқтасын мен Темірбек араласты енді шаруаға. Бір жазда әлгі Ақсудағы үйді Топқайыңға әкеліп тұрғызып, моншасын салып, қашасын қоршап, ауласына құмтас төсеп, бітіріп берді. Үйге керекті диван-сиван, төсек, үстел секілділерді сол кездегі аудан әкімі Серік Зайнулдин інісі толықтырды. Міне, сөйтіп, Қалағаң «жаңа» топқайыңдық болып шыға келді. Уһ деді. Жаңа үйінің төріне кере қарыс жүз елулік шеге қағып, оған атасы Ысқақтан қалған, екі қапталы түте-түтесі шығып, астары іріп түсе бастаған тайтеріні іліп қойды. «Аяз бидегі» Жаманға ұқсағандағысы шығар»  деп күңкілдесті ауылдың қотыр-қотыр әңгімеге жерік  керауыздары. Алғашында біраз кергігенмен, бәрібір шылбыр үзіп кете алмаған Дәмеш жеңешеміз келер жазда барсақ шай қойып, борщ пісіріп, суырдың етін жәриттәп жүгіріп жүр екен. Жарықтық алды бар, арты жоқ аңқылдаған, Қалағаң үшін қу жанын көзін жұмып тұрып құрбандыққа шала салатын, «Қалихан өйтпеші, Қалихан бүйтпеші» деп мәңгібақида өбектеп жүретін көңілі баладай, ниеті данадай адам еді жеңешеміз. Сол тілегін берді Жасаған. Ағамыздан кейін бар-жоғы екі айдан асар-аспас қана ғұмыр кешті. Біреуі – Алтайда, біреуі – Алатауда. Қазақтың екі Ұлы тауының арасын көпір етіп жатыр жарықтықтар...
         Қалихан Ысқақ - Алтайдың айпара жыршысы еді ғой. Алтайдың арғы-бергі тарихында оның әсіре табиғатын, бәсіре байлығын, арда қасиеті мен киесін жырлаушылардың көп болғандығын білемін. Алайда, солардың барлығы да осы бір аста-төк қормал тақырыпты сарқа жырлап тауыса алмай, көкіректері сырылдай зорығып, өксік буып, дегенмен үміт еміздігін сорып кеткен сияқты бақиға. Олар (аруақтарды айтамын) болашақта  Қалихан мен Оралхан сынды ұрпақ келеріне, Алтайдың жырланбай қалған олқылықтарын солар толтыратынына сенген сынды. Пендеміз ғой, анда-санда ойлаймын-ау: сенбесе... мүмкін, тыраштанар ма еді? Тәуекелге бел буып, тобық жұтар ма еді?..
      Тағы да... Осы екеуі Төр Алтайдың көгентүптегі соңғы жыршылары да болар бәлкім. Бүгінгі, анау құлақтарын тығындап ойдан қашқан, көркем шығармаға ит көрген текедей үдірейетін; ең сорақысы сонан кейін: қайың мен қарағайды, тал мен шілікті, бұта мен қарағанды түстеп, ажыратып бере алмайтын екіұрық ұрпақтың қаламынан сауға сұрау - әңгүдіктік...
       - Қазақтың тілі дүрегейленді. Ожар, томырық, дүлей адамның аузынан шығар тұтқыр тілге айналды. Көркем әдебиет көркінен айырылды. Пүліш көйлегіне жамау түсті. Тырдай жалаңаш қалмасына кім кепіл?! Теледидардағы ауызекі сөйлеу мәнері мүлдем былғанды. Былықты. Ол орыс мақамымен сөйлеуге көшті. Қазіргі жастар қазақ-орыс сөздерін араластырып, өздерінше жаңа бір дүбәрә тіл жасап алыпты. Құдай-ау, осы біз кімге, не үшін жазып жатырмыз? Қажыдым. Шаршатты мынау сұрқай тірлік!- деп таусылғаны да есімде. Барлығын көріп, біліп отырып абыз ағаға басу айту әбестік боларын сезгем де... артымды қысқанмын...
      Тағы бірде... Әнеу жазда елге бардым. Қызық әңгіменің үстінен түстім. Шашын тақырлап отырып ұстарамен қырғызып тарақты да, арақты да, қаламды да лақтырып тастап тайгада таңқурай теріп, қарақат жеп жүрген ағамызды ауылдың бір топ ашынған азаматтары ұстап апты да:
      - Көргеніңіз бен түйгеніңіз атанды қойып, Алатаудың белін қайыстырады. Тегін кісіні қазақ «екі аяқты энциклопедия» атамайды. Алайда, қызықсыз сіз. Кемеңгерлік пен шығармашылық тұрғысынан сіздің қолыңызға су құйып, орамал әперуге де жарамайтын кейбіреулер Алматы мен Астанада, «Хабар» мен «Қазақстан» арналарында, мемлекеттік үлкен жиындардың төргі табағында бас мүжіп, жамбас кертіп, аталы сөз айтысып кергісіп отыр. Ал сіз болсаңыз... мұқым алаш баласына қаратылып айтылар данышпандығыңызды Топқайыңның екі керім келіншектің бөксесіне тарлық жасайтын көшесіне төгіп-шашып жүрсіз. Осыны қалай деп түсінсек? Төрелігін өзіңіз айтыңызшы,- деп көшелісіпті.
     Қалекең айылын да жимапты.
     - Менің тағдырым - Алтай. Кіндігім осында қиылған, ақыретім де осында тазаланса деп жүрген пендемін. Осыны миларыңа бір  тоқып алыңдар.
        Аталы сөз дедіңдер ме? Аталы сөзден әдірем қалыңдар. Тыңдаушысы жоқ аталы сөздің жетім екендігін әлі күнгі неғып білмей жүрсіңдер. Менің жеті қат жер астынан тарамыс суырғандай  абыз ақылыма Астанадағы министрлерді қойып, қай ауданның әкімі құлақ салғандай?! Жетпістен асқан Қалиханнан жәдігөй жағымпаз, күлегеш көлгір, екіжүзді дарақы, дүниеге құныққан имансыз жасағыларың кеп жүр ме? Аталарыңның басы! Ол болмайды. Қайран уақытым мен айналайын сөздерімді қайсыбір түйсіксіз ұлықтардың босағасына төгіп-шашып қор еткенше, алапат мұңым мен шүпілдеген шерімді, азғантай қуанышымды Алтайдың қарағайы мен самырсынына, тауы мен тасына шақпаймын ба?! Солармен сырласпаймын ба. Тоқсаның жиналып тоқты соя алмайтын, өңкей шіріктер, басымды ауыртпаңдар! О, несі-ей!- деп ертоқымын бауырына ала мөңкісе керек. Әлгі «көшелілер» келіншектерінің етегіне тығылыпты...  
        2010 жылдың көктемінен шығар, ағамыздың аяғы сыр бере бастады. Жалпы, қыңқыл-сыңқылды ұнатыңқырамайтын, кейбіреулеріміз тымау-сымаумен істес болып, пысқырып-түшкіріп қалсақ мазақ қып отыратын қаражон, мықты кісі еді ол. Қабағына кірбің түсті. Әңгімесі де күреңіте бастады. Алғашында «Көкшолағымен» ( «Нива» мәшіні) Алматыдан өзі жетіп келетін. Бірте-бірте Темірбек інісі Өскеменнен не ары, не бері жүргізуші қосақтайтынды шығарды. Енді бірде Алматыдан ұшып келген ағамызды тосып алған Темкең оның демін алғызып, сарығын басқан соң Топқайыңға өзі жеткізетін болды. Бұл деген, ағамыздың аяғы аяқ болудан бас тарта бастады деген сөз...
      ... Ағамыз күз маусымын керемет сүйетін. Әманда күзді сағынып, әманда зарыға тосып жүретін. Онымен күзгі Алтайдың сай-саласын аралап, тайгасының қойнау-қолатын кезу де ғанибет еді. Тәңірім-ау, бұл сағыныштың таусылар шағы бола ма, жоқ па?!   
    
Әлібек Қаңтарбай,
жазушы, Катонқарағай ауданының және
Өскемен қаласының Құрметті азаматы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста