Соңғы жылдары Сыр өңірінде тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Енді олардың қатарына қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі – Алпамыс батыр тастұғырға қонып, бүгінгі ұрпақты елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерге баулиды.
Бұл ескерткіш облыстың Жаңақорған ауданында бой көтереді. Оның өз себебі де бар. «Баһадүр бабаның асыл жары – Гүлбаршын анамыз аталмыш ауданның аумағында мәңгілік мекенін тапқан» дейді бағзы заманның шежіресін жадына тоқып өскен көнекөз қариялар. Бұл әңгіменің жаны бар. Өйткені Гүлбаршынның әкесі – Қармыс байдың Жаңақорған жеріндегі көне шаһар – Өзгентте өмір сүргені түрлі тарихи деректерде айтылып жүр.
Рас, өткен заманның шежіресі түзілген деректерде Алпамыс батыр қазіргі Өзбекстан жеріндегі Жиделі-Байсын аймағында ғұмыр кешкені айтылады. Түбі бір түркі халықтарына ортақ жыр – «Алпамыс батыр» эпосында сол жерлер туралы жазылған. Бір қызығы, Жаңақорған ауданынан таяқ тастам жердегі Шиелі өңірінде Жиделі және Байсын деген жер-су атаулары кездеседі. Бәлкім, Алаш жұртына аңыз болған батыр осы аймақта өмір сүрген болуы да мүмкін шығар... Оны тарихшы ғалымдар таразыға тарта жатар деп үміттенеміз.
Осындай ұғымдарды негізге ала отырып, Алпамыс батырдың ескерткішін Жаңақорған жерінде орнатудың артықтығы жоқ секілді. Облыс басшылығының қолдауымен қолға алынып жатқан игілікті іс жақын арада толық шешімін табады. Сыр өңіріндегі тарихи тұлғалардың құрметіне ескерткіш орнату жөніндегі конкурс қорытындысына арналған басқосуда аталмыш ескерткіштің сегіз жобасы талқыланып, оның үшеуі еліміздің ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия қарауына жолданды. Қазіргі күндері оған қанша қаржы қажеттігі және қойылатын орны нақтылану үстінде.
Адырбек СОПЫБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Мен бұл тақырыпқа байланысты жиған-терген дүниелерімді осыдан бес жыл бұрын жарық көрген «Жаңақорған» атты тарихнама еңбегімде жаздым. Оның есімін қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтары Алпамыс, башқұрттар Алпамыша, татарлар Алпамша, батыссібірлік татарлар Алып Мямшян, алтайлықтар Алып Манаш деп атайды. Аталмыш қаһармандық эпос дүниежүзіне белгілі «Одиссея», «Калевала», «Қобыланды батыр» жырларынан бір мысқал да кем түспейді. Менің ұсынысым – ескерткішті орнату барысында оның жары Гүлбаршынды ескеру қажет.
Алпамыс батырға ескерткіш орнатылмақ
Последние статьи автора