Көтеріңкі көңіл күй, рухани тазалық, позитивті ойлар және ең бастысы – ырғақ. Кейде ол қым-қуыт тірліктің мазасыздығынан құтқаратын шексіз пәлсапаны тапқандай болады. Иә, оның ішкі нәзіктік әлеміне қоса, тағы бір өзіндік кеңістігі бар. Әңгіме Алматының алғашқы диджей қыздарының бірі туралы. Бүгінде қаржы-есеп саласының маманы Маржан Тұңғышбаеваның есімі 90-жылдары түнгі клуб әуендерімен байланысты болатын.
Дэвид Гетта, Эминем, Pitbull және Mohombi. Ритм-н-блюз бен чил-аутқа қатысты кез келген жаңа хит өзгелерден бұрын алдымен Маржанның әнжинағынан табылады. Ол әлемдік музыканың ағым-бағыттарын да ең пысық деген тинейджерлерден артық біледі. Клуб әуендерін елеп-екшеу – Маржанның сүйікті ісі. Ал мұның бәрі сонау 90-жылдары басталған еді. Көшеде – тоқыраудың салқыны. Көңіл көтеру орындарын магнитофоннан естілетін ретроәуендер билеп тұрған кезең. Маржанға бұл әуендер әсте ұнамайтын. Уақытынан сәл бұрын туған «келешектің адамы» өз ортасында қазір біз «клуб музыкасы» атап жүрген бағыттың өркендегенін іштей қалады. «Диджейлікті Аграрлық университеттің 2-курсында оқып жүргенде бастадым десем болады. Жатақханадағы құрбыларыма қонаққа келетінмін. Олардың дискотекасындағы әуендер көңілімнен шықпайтын. Оған билеп жататын адам да аз болатын. Сол кезде жатақханаға өзім мектеп кезінен жинап жүретін ырғақты музыкалардан құралған аудиотаспаны әкеліп, «өз дискотекамды» өткізгім келді. Менің әуендерім студенттерге ұнайтын. Кейін кеш ұйымдастырушы ретінде атым шыққан мені өзге жатақханалар шақыра бастады, университетте бәрі танитын болды», – деп еске алады Маржан. Оның бұдан кейінгі арманы түнгі клубта жұмыс істеу болды. Өйткені қас диджейдің қызмет орны – сол. Арада бірнеше жыл өткенде Маржан Алматыдағы танымал клуб – Tequila Sunrise-дің төрінен табылды. Мұнда «қышқыл» музыканың ырғағымен жан алып, жан берісуге келетін жастардың есінен «DJ Маржан» әлі күнге дейін кеткен жоқ. «Ол кезде қазіргідей емес, музыкалық орталық сияқты жабдық болатын. Соның дыбыс реттегіші арқылы түрлі ырғақты әуендерді бірінен соң бірін жымын білдірмей әдемілеп құбылтып, бас-аяғы бүтін композициялар жасайтынбыз. Сол кездегі диджейлік өнердің сипаты шамамен осылай болды. Кейін бұл салаға кәсіби музыканттар келіп, диск айналдыру арқылы туындылар жасап, өзіндік концерт ұйымдастыру үрдісі басталды. Мен бұл кезде сүйікті ісімнен қол үзген болатынмын, бірақ табақша айналдыруды да әбден меңгердім», – дейді Маржан. Винил табақшаларының көмегімен әуен құбылту, яғни тернтейблизмнің шебері болған Маржан – бүгінде қаржы-есеп саласының да білгірі. Есеп-қисап пен ритм-н-блюз ырғақтары қашанда онымен бірге. Күндіз кеңсе жұмысының ортасындағы Маржанды түн ортасында клубтан, өзінің әлемінен көру – таңсық емес. Ал қарапайым есепшінің кезінде Алматыдағы алғашқы диджей қыздардың бірі болғанын біреу біліп, біреу білмейді.
Алаш-анықтама
Диджей – (ағылшынның disc jockey деген қысқарған сөзінен жасалған) — техникалық құралдардың көмегімен дыбыс тасымалдаушыларға жазылған музыкалық шығармаларды бұқара алдында ойнатушы. «Диджей» сөзі ең алғаш 1935 жылы америкалық комментатор Уолтер Уинчелдің аузынан шыққан. Ол бұлай деп әлемдегі тұңғыш диджей, радиожүргізушісі Мартин Блокты атады. Диджейлер екі ойнатушы құрылғысы мен дыбыс реттегіші бар микшер пульті арқылы композицияларды туғызады. Дыбыс тасымалдаушылар ретінде грампластинкалар, магнитті таспалар мен MP3 форматындағы компакт-дискілер қолданылады. Түрлі виртуалды дыбыстық жүйелер орнатылған компьютерлік жабдықтарды қолданатын диджейлер де бар.
Ритм-н-блюз (ағылшынның Rhythm and blues немесе R&B қысқарған сөзінен жасалған) — афроамерикалық музыканттар блюз, джаз және госпел ырғақтарын біріктіре отырып қалыптастырған бұқаралық танымал музыканың бір жанры. Термин 1949 жылы қолданысқа енді. Billboard журналы нәсіларалық алалаушылық туғызатын race music атауын R&B дегенмен сәтті алмастырды.
Чил-аут (ағылшынның Chillout, Chill out music деген тіркесінен жасалған) — мағынасы «деміңді бас», «босаңсы» дегенді білдіретін сленгпен аталатын электронды музыканың бір стилі. 1990 жылдардың басында пайда болған клуб әуені даунтемпо, трип-хоп, хаус, транс, псибиент, лаунж, ню джаз, эмбиент, ай ди эм стильдерімен астасып жатыр. Көңіл көтеру орындарында адамдарды өзіне жылдам баурап, босаңсытатын мұндай әуендерді соңғы кездері танымал әншілер өз шығармаларына пайдаланатын болды.