Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Төреғали Төреәлі үлкен қызын алғаш рет қалың көпшілікке көрсетті. Бұған дейін тұңғышының суреттерімен бөліспеген әнші бұл қадамға оның туған күнінде баруды жөн көрген. Томирис Төреәлі күні кеше ғана бес жасқа толған. Соған орай, жұлдызды әкесі желіде оған өзінің жүрекжарды тілегін жариялап, ерекше құттықтаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Төреғали Төреәлі тұңғышының туған күніне орай, барша жанкүйерлерін аса қатты таңғалдырған. Эстрада жұлдызы бұған дейін еш жерде көрсетпеген қызының фотосын ел назарына ұсынып, оны бес жасқа толуымен өте әсерлі құттықтады. "Алла тағалам бере салған тұңғышым! Бізді бала боп жүрген жерімізден ата-ана қылған, ата-анамызды ата-әже қылған осы тәп-тәттіміз. Уақыт зымырап жатыр. Қылығына тоймаймыз, тілін қызықтаймыз. Өзінен кейін қанша сәби өмірге келсе де тұңғыштың аты тұңғыш екен. Есімінің өзін ерекшелеп Томирис деп атадық. Қызымыз өжет, намысты, рухты ең бастысы өз елінің адал перзенті кешегі Томирис ханшайымдай болса деген ниеттен туды. Туған күні бүгін, 5 ке толды.Алла маңдайыңды жарық қылсын, құлыншағым. Өзіңді және бауырларыңды аман қылып, сендердің шат күлкілеріңе, бал шақтарыңа тоймай, ата-әжелеріңнен тығылып бір иіскеп тұрсақ, бізде басқа арман жоқ. Тіл-көзден аман бол! Сіздер де біздің тұңғыш кішкентайымызға ақ тілектеріңізді аямайсыздар деп ойлаймын" , - деп жазды ол Instagram парақшасында.
Төлеповтер әулеті Томиристің бес жасқа толуын ерекше атап өтті. Олар туған күн иесіне арнайы торт жасатып, алып раушан гүл шоқтарын тарту еткен. Сонымен қатар, жұлдызды отбасы үй ауласында кәуәп пісіріп, мерекелік дастарханда бас қосқан. Айта кетейік, бұған дейін Төреғалидің екінші қызы Тоғжанның туған күні аталып өткен болатын.