Уяма Томохико, Хоккайдо университеті жанындағы Славян зерттеу орталығының профессоры:
– Әлихан Бөкейханды қай уақыттан бері зерттеп келесіз?
– Бұл мәселемен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Мен тек қана Әлихан Бөкейханды ғана зерттеп қойған жоқпын, сонымен қатар қазақ зиялыларының ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулаттармен де таныспын.
– Алашордашылармен алғаш қайдан «таныстыңыз?»
– Батыс тарихшыларының еңбегінен. Бірақ олардың еңбегінде Алаш пен алашордашылар жайында ақпарат өте аз болды. Былайша айтқанда, ондағы ақпараттар қанағаттандырмады. Сондықтан да өзім олар туралы ізденіп, оқи бастадым, ақыры зерттеуге де бел будым.
– Сонда Алаш зиялылары сізді несімен қызықтырды?
– Мені қызықтырған олардың көзқарастары. Мәселен, Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және еуропашылдық идеямен қатар, қазақ дәстүрін және қазақтықты сақтап қалу идеясы болды. Сондай-ақ ол модернизациялық және кәсіби көзқарастарға да бай болды. Маған осы қатты ұнады. Жалпы, Әлихан тұлға ретінде кімді болсын қызықтыратыны сөзсіз. Оның жазба стиліндегі терең сараптамасына тәнті боласың. Қалжыңға да кетәрі емес екенін аңғарасың. Әлихан – қазақ зиялыларының кемел бейнесі десе де болады. Ол орыстың мәдениетін де, қазақтың дәстүрін де жетік меңгерген тұлға.
– Әлихан Бөкейхан ұлттық-демократиялық мемлекет құруда Жапонияны үлгі тұтады. Не себепті деп ойлайсыз?
– Алаш зиялылары барлық халықтың қарым-қабілеті бірдей болады дегенге сенген. Яғни бір халық бір халықтан ақылдырақ немесе біреуі біреуінен ақымақ болуы мүмкін емес деп есептейді олар. Сондықтан да олардың мақсаты – ұйқыдағы қазақты ояту болды. Егер қазақ оянып, еңсесін тіктегенде аз уақыттың ішінде дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең болатынына көздері жетті. Міне, осы тұста олар Жапонияны дамудың моделі ретінде қарастырды.
– Жапония тарихында Әлиханға ұқсас тұлғалар бар ма?
– Жапониядағы реформалар мен қайта жаңғыртулар көптеген тұлғалардың ықпалымен жүріп тұрды. Сондықтан да Әлиханды Жапонияның нақты қандай да бір тұлғасымен салыстыру қиын. Ал ұжымдық тұлғаларға келер болсақ, Жапонияда Алашордашыларға ұқсайтын ұжымды тұлғалар көп. Яғни халқын қарқынды дамуға шақыратын, ұлттың біртұтастығын сақтауға үндейтін, батыс мәдениетін меңгеруге кеңес беретін ұжымдар да тарихтан өткен.
Әлихан – қазақ зиялыларының кемел бейнесі...
Последние статьи автора