Бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында қазақ тіліндегі көркем әдеби кітаптарды басып шығару және оны тарату ісі біршама жолға қойыла бастады. Еліміздегі баспалардан жыл сайын әртүрлі сериялар бойынша шығып жатқан кітаптар аз таралыммен болса да, ең бірінші кезекте республика кітапханалары мен кітап дүкендеріне таратылуда.
Қазіргі кітап шығару ісінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен оқулықтар мен көркем әдеби кітаптар өндірісін жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтетін бір сала – көркем аударма. Бұл бағытта да жергілікті аудармашылар, бүгінгі оқырманға қажетті де қызықты делінген шетел жазушыларының туындыларын тәржімалауда. Бұған қоса, кезінде қазақшаланған туындыларды да қажеттілікке орай қайта басып шығару қолға алынуда. Білім мен ғылымның өз өкілі, әдебиеттің жанашыры, академик Рахман Алшанов Жоғары оқу орындары қауымдастығының бір жұмысы негізінен авторлармен бірлесіп оқулықтар дайындап шығару болғанымен, әдеби кітаптарды да басуды, әсіресе аударма дүниелерді көптеп шығаруды өз міндеттеріне алып отыр. Бұл өз кезегінде қазақ оқырмандарының әлем әдебиетімен өз ана тілінде сусындауына мүмкіндіктер бермек.
Жуырда француз жазушысы Александр Дюманың атақты «Үш Ноян» (тәржімалаған: Ә.Жұмабаев) және «Граф Монте Кристо» (2 том, тәржімалағандар: Ә.Жұмабаев, Қ.Жұмағалиев) атты кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқасы әрқайсысы 3000 таралыммен жарық көрді. Бұл француз классигінің қай ғасырда болсын өзінің жоғары бағасын алып келе жатыр. Адамзат тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алған бұл кітап бағалы алтыннан да құнды туындылар екендігі даусыз. Қауымдастық бұған қоса, биылғы жылдың соңына дейін шетелдің шебер жазушылары – Стиг Ларссонның «Айдаһар таңбалы қыз», Ли Чайлдтің «Дұшпан», «Ажал алаңы», Дэн Браунның «Да Винчи коды», Джеймс Хедли Чейздің «Із қалмасын» атты кітаптарының қазақша нұсқасын да кітап етіп басып шығармақ. Бұл шығармалар бүгінде тәржімалану үстінде. Жаңа жарық көрген және алдағы кезде басылып шығатын аударма кітаптарға оқу орындары мен кітапханалар арнайы тапсырыс беріп алдырта алады. Ол үшін turanasia@mail.ru электронды поштасына хат жазып немесе (727) 292-06-09 байланыс телефондары арқылы хабарласуға болады.
Әлем классиктерінің озық туындылары қашанда оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыратындықтан, аударма кітаптар баспахана мен сөрелерде шаң басып қалмасы анық. Қанша жерден интернет дамып, электронды оқулық пен кітаптар қолданысқа ене бастаса да, қолға ұстап оқитын кітаптың қадір-қасиеті ерекше екені белгілі.
Бүгінде жоғары оқу орындары үшін аса қажет базалық оқулықтар мен өзге де көркем кітаптарды басып шығаруға мемлекет бюджетінен бөлінетін арнайы қаржы көлемі жыл сайын өсіп отырғандығын айта кеткен жөн. Биылғы жылы да республикалық бюджеттен базалық оқулықтар шығару мен шетел авторларының оқулықтарын мемлекеттік тілге аударуға тиісті қаржы бөлінбек. Белгіленген жоспар бойынша биыл 50 базалық оқулық, 26 шетел авторларының үздік оқулықтарын аудару көзделіп отыр. Үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 18 ЖОО-дан 84 оқулық авторы (оның ішінде 22 авторлық ұжым) қатысуда. Бұған қоса, жаңа оқулықтар үшін 13 ЖОО-дан 37 тәжірибелі аудармашы тартылуда. Мемлекеттік тілге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей ғалымдарының әр саланы қамтыған үздік еңбектері аударылмақ.
Дерек
Қазір еліміздегі ЖОО-ларда білім алып жүрген жастардың 52 пайызы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде білім алады. Алдағы жылдарда мемлекеттік тілде білім алатын жастар 70 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарына қазақ тіліндегі оқулықтар мен көркем кітаптардың аса қажет екенін айқындай түседі. Ресми есеп бойынша, қазіргі күні елімізде 50 миллион кітап болса, мұның 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен. Бұл бізден қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдеби кітаптарды көптеп шығаруды талап етеді.