Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Интернет қысыр кеңестің майданы ма?

Екеуара әңгіме
Интернет, кітап және әдебиет. Бұл төңіректегі әңгімелер айтылғанда міндетті түрде пікір қайшылықтары орын алып жатады. Заман озған сайын әдебиет те ғаламтор кеңістігінен өз орнын таба бастады. Алайда қара сөздің қасиетін алдымен кітаппен өлшейтін қазақ қоғамына мұның қаншалықты қолайлы екенін бағамдап отырмаса тағы болмайды. Бұл жерде талғам мәселесі де сын тезіне алынады. Бүгінгі ақпараттық дәуірде рухани құндылықтар мен технологиялық үрдістер қай дәрежеде үйлесім тауып келеді. Осы орайда интернетке икемді деген жастардың өз ой-пікірлері қандай? «Алаш айнасы» газетінің серіктесі «Массагет» порталы осы бір заманауи тақырыпта жүйелі түрде сауалнамалар жүргізіп, тұшымды материалдар беріп жүр. «Жас тұлпар» оқырмандарына соның бір парасы ретінде, бұл жолы талантты жас ақындар Ырысбек Дәбей мен Қайсар Қауымбектің екеуара өткізген шағын әңгіме-сұхбатын ұсынып отырмыз.

Қайсар:
– Интернет кейбір қаламгерлердің, тіпті көпшілік қаламгерлеріміздің уайы­мына айналған секілді. Кей ағаларымыз: «Интернет әдеби ортаны жаулап алды. Онда отырған жастар әдебиетті ұмытты, арзандап барады» дейді. Осыған не дейсіз?
Рысбек:
– Уайымдаса, ол жөн де шығар. Әдебиетің былай тұрсын, көп жастардың интернетті қысыр кеңестің майданы қылып алғаны өтірік емес қой.
Қайсар:
– Повесть, роман секілді жанрларды газет-журналдың көлемі көтере бермейді. Ал интернетте ол жағынан қиындық жоқ. Бірақ сондай артықшы­лығы бола тұра, интернет сайттардағы көлемді дүниелердің оқырманы соншалық көбейіп кете қойған жоқ. Мұның себебі неде?
Рысбек:
– Елдің атынан сөйлеу қаншалықты тиімді екенін бір Құдай білсін. Өз басым көлемді дүниелерді (роман, повестерді) интернеттен оқи алмаймын. Ал көлемді мақалаларды интернеттен оқып жүрмін. Тегі не оқысаң да, қағаздан оқығанға не жетсін.
Қайсар:
– «Кітап – маған тақтан да қымбат», – дейді Шекспир. Ал қазір «Интернет түбінде кітаптың орнын басады. Алдағы уақытта кітапты ешкім де оқымайтын болады» деп жатады. Сонда кітапты келесі ғасырдың ұрпақтары мұражайдан ғана көретін болғаны ма?
Рысбек:
– Бүкіл әлемде қалыптасқан виртуалданған өмір салты соған сай адамын да, яғни «заманы қалай болса, бөркі солайға» мәжбүрлеуі әбден мүмкін. Келесі ғасырларда кітап оқылады, оқылмайды деп кесіп-пішіп пікір айту өте қиын. Бұрынғы қазақтың бәрі кітап оқымады ғой, бірақ қисса-дастан, ертегі-аңыздарымыз қай формада жадыдан-жадыға көшкені кейде еске түседі. Ұлттың ұятына байланысты дүниелер форма таңдамайды.
Қайсар:
– Өзіңіз шығарманы кітаптан оқығанды тәуір көресіз бе әлде интер­неттен де емін-еркін оқи бересіз бе?
Рысбек:
– Жоғарыда айтқандай, кітапқа не жетсін. Біз солай қалыптасқан ұрпақпыз.
Қайсар:
– «Көркемсөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала алмайсың. Оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің», – дейді Ғабит Мүсірепов. Ал интернет бетіндегі қаптаған дүниелер­дің асылы қайсы, жасығы қайсы, білінбей қалмай ма? Газет-журналдағы немесе кітаптағы секілді талғаммен шығарып отырар редактор жоқ қой бұл жерде?
Рысбек:
– Интернет құрғырда жарияланып жатқан дүниелердің ең жаман жері – осы. Көркемдік келбетін былай қой­ғанның өзінде, грамматикалық қателік­терге көп мән берілмейді. Негізі, сайтқа жауапты адам барлық жағынан жауапты болғаны құба-құп болар еді.
Қайсар:
– Интернет желісін пайдаланбау жаңалықтан құр қалу деген сөз болса, кітап оқымаудың зардабы не болмақ?
Рысбек:
– Баяғыда біреу тоқал өгізге мініп келе жатса, бір қазақ жүгін буып-түйіп көшіп жатыр екен дейді. Анау бәрін біліп тұрса да: «Қалайсыздар? Көшіп жатырсыздар ма?» – деп сұрапты. Көшіп жатқан қазақ та қыңыр неме екен: «Иә, көшіп жатырмыз. Өзің тоқал өгізге мініп жүрсің бе?» – депті. Сол қазақтар секілді әңгімелестіретін сауал екен.
Қайсар:
– Арнайы әдеби сайттардан бөлек, шығармаларыңызды әлеуметтік желі­лерде бөлісіп отырасыз ба? Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды? Өзгелердің  де солай бөліскеніне қалай қарайсыз?
Рысбек:
– Иә, сайттарға, әлеуметтік желілерге жазған-сызғанымды жариялап тұрамын. Талғамды адамдардың талғамды пікір­лерін білу мен үшін маңызды. Ал келсін-келмесін басы ауырып, бал­тыры сыз­дағанын жариялай беретіндер елді ығыр қылып алатынын түсінгені жөн.
Қайсар:
– Шығармаларыңыздың қолжазбасы компьютер мен терілгіен бе әлде дәстүрлі қағаз-қалам пайдаланасыз ба? Қандай артықшылығы бар?
Рысбек:
– Негізінен, компьютерге жазамын. Анда-санда болмаса, қолға көп қалам алмайтын болдық. Компьютерде жаз­ғанның бір артықшылығы – жазған-сызғаныңның кем-кетіктері бірден көрі­ніп тұрады.


SMS айтыс

Бүгінде электронды ақпараттық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып sms-айтыс жүргізу дәстүрге ене бастады.
Sms-айтыс күтеміз
Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қарапайым хат арқылы сөз алмасатын. Жыр додасының «көкесін» көк жәшіктен де құмарымыз қанғанша көріп жүрміз. Радио, интернет те айтыстан шет қалып отырған жоқ.  Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Осы орайда «Алаштың жас тұл­пары» sms-айтыс жобасын жалғастыр­мақ. Бұл үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің,  Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың,  Бақыт Жа­ғыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің, Әуезхан Сырым мен Жәнібек Бейбітовтің ой жарыс­тырған  өзара sms-айтысы мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысхан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақсы дүниелеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады.
«Алаштың жас тұлпары»


Мұқағали бірнеше тілде сөйледі
Жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі Tarzhiman клубының арнайы кеші өтті. Филология факультеті мен шығыстану факультетінің студенттері бірлесе отырып аударма мәселесінде тәжірибе алмасты.
Қос топқа «көркем аударма практикасы» бойынша түрлі тапсырмалар ұсынылды. Шығыс­тану факультетінің корейтану және жапонтану кафедрасы студенттері аударған жапон, кәріс, қытай тілдеріндегі ертегілерін Tarzhiman аудармашылары редакциялады. Үш тілдегі «Кагауихиме ханшайым», «Исонбоуши», «Тәтті ботқа» ертегілерінің көркемдеген редакциялары оқылды, аударма сапасы бойынша пікірлер айтылды. Екінші шығармашылық тапсырма: қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Таудағы нөсер», «Махаббат диалогы» және т.б. өлеңдері  ағылшын, кәріс, жапон, поляк, өзбек, түрік тілдеріне алғаш рет студенттердің қала­мымен тәржімаланды, оқылды. Магистрант-сыншылар бұл тәржімаларға түзетулер мен алып-қосулар енгізіп, өз тараптарынан болашақ аудар­машыларға бағыт-бағдар беріп, ұсы­ныстарын айтты. Пікірталаста туындаған сұрақ­тар, келіспеушіліктер, ұсыныстар өзінің лайықты жауаптарын алды. Кеш соңында аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының доценті Ләйлә Мұсалы мен шығыстану факуль­тетінің аға оқытушысы Гүлжан Оразбекова студенттердің алғашқы бастамасын қолдап, еңбектерінің жарық көруіне ықпал ету керектігін айтты. Әр студенттің өз ұстанымдарын қорғай біліп, өз-өздеріне нық, сенімді болуларын тіледі. Ал біз алғашқы бастаманың үлкен болашағы бар жаңа нәтижелерге апаратын жарқын жол болатынына кәміл сенеміз!
Ж.Нуралина


Фейсбуктағы жыр

«Алтынкөпір­ліктер» деп аталған буынмен бірге қазақ өлеңіне 90-шы жылдардың басында өзіндік сыршыл да нәзік үнімен келген талантты ақын, «Серпер» сыйлығының иегері Әлібек Шегебайдың есімі бүгінде қалың оқырманға жақсы таныс. Бірқатар басылымдарда, Қазақ радиосында жұмыс істеген ол бүгінде Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарады. Талғампаз оқырманнан лайықты бағасын алып жүрген Әлібек осы уақытқа дейін бірнеше жинақ шығарып үлгерген. Қолға ұстап оқитын кітап атаулы бүгінде көпшілікке жете бермейтіндіктен, ақынның шығармашылығымен әлеуметтік желілер арқылы да танысуға болады.

Өмір

Кешіп жүріп мынау жалған бес күнді,
Кеудедегі көңіл де сәл ескірді.
Бағынбайтын боп барамыз сезімге,
Сағынбайтын боп барамыз ешкімді.

Тіршіліктің көріп кейбір тас тұрқын,
Кейде өзіңе көнбейді екен жас шіркін.
Адалдықтың жүрген болып жанында,
Арамдықпен іс жасаймыз астыртын.

Көріктісің, киім жапқан тәніңді,
Ыңылдап та айта аласың әніңді.
Жақсылықпен қызметтес болғанмен,
Сатқындықпен сыбайлассың кәдімгі.

Отансызға жақсылық не, жаман не,
Опасызға ұрпағың не, балаң не.
Тектілікпен болғанымен ағайын,
Тексіздікпен ауылдассың амал не!

Қыдырасың, қызыққа да батасың,
Дос табасың, оны қайта сатасың.
Бақыт – қыздың басын салып әлекке,
Байлық – қыздың құшағында жатасың.

Болғанымен армандардың түр-түрі,
Ол да бірақ кей сәттерде күлкілі.
Сонда-дағы шаң жуытпай өзіңе,
Әй, опасыз, өмір! – дейсің бір күні.


Бекзада өнердің бекзат болмысты өкілі еді...
«Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ». Осы бірауыз сөздің көпшіліктің көкейінде жатталып қалғанына қарағанда, өмірдің шындығы ма дейсің. Сол сияқты өнер адамдарының ішінде шын таланттардың қайсысының жүрегі бүтін екен?

Шалқар Үркімбаев шын мәніндегі талант еді. Қазағының жүйріктігімен көзге түскен тұрпаты бөлек жас тұлпары еді. Орта жолда мерт болды. Бірақ оны сүріндірген батыраштың балтасы емес. Дей тұрған­мен өз-өзіне қол салдырарлықтай жанын ауыртар жанама себептер де болған шығар. Мақсатымыз ол емес.
Біздің мақсат – талантты актерді қайыра еске алу. Өйткені Шалқар көзден кетсе, көңілден бірге кететіндей адам емес. Ол – ордабұзар отызына жете алмағанымен, ұлттың өнер көгінен өз орнын таба білді. Еңбек жолын Ақтаудағы Маңғыстау облыстық тетарында бастаған актер 2006 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабыл­данады. Содан өмірінің соңына дейін жарты мүшел уақытын осы сахнада өткізеді. Бұл жылдарды оның жұлдызы жанған кезеңі деп қабылдауымыз керек.
М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы – Әбіш рөлі, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» – Бүр­кіт образы, М.Байжиевтің «Қылмысындағы» – Темір, Ә.Рахимовтың «Қылмыскерлікке куәлігіндегі» Табаны бастаған  бірқатар рөлдері оның қан­шалықты зор талант екенін көрсетіп берді. Кішігірім рөлдерінің өзі көрерменнің есінде қалып қоятын. Әсіресе Шекспирдің «Ромео мен Джульет­тасындағы» Ромео рөлін ойнағанда қаланың біраз жастары сол қойылымға Шалқардың ойынына бола барғанын көзіміз көрген.
Шалқар анадан туылғанда-ақ актер болып жа­рал­ған адам. Оның түр-тұлғасы, бет-бейнесі, ер­кіндігі, дауысы шын мәніндегі актерлік болмыстың бір-бір бөлшегі еді. Дауысы демекші, ол оқыған қара сөздер мен өлеңдер – әркімнің құлағында. Ұялы телефон арқылы жастар бір-бірінен көшіріп алып, тыңдап жүретін. Оның дауысында асқақтық, кеңдік, тазалық, қарапайымдылық бар еді. Сол таза­лығымен-ақ талайды баурап алған. Кез келген нәр­сенің бағасы салыстырмалы түрде анықталады. Шалқардың дауысының табиғилығы арқылы біраз дауыстардың жасандылығы аңғарылды.
Шалқар актерлігінің сыртында енді ғана қазақ дубляжының дауысы атала бастап еді. Кешегі Атагел­ді Смайылов, Фарида Шәріпова, Мәкіл Құланбаев, Бауыржан Қаптағаевтардағы қазақы нақыш Шалқардың үнінде бар еді. Басқаны былай қойған­да, қарабайыр жарнаманың өзін жандандырып сала беретін. Ол өмірінің соңында әйгілі «Қара киімділер» фильмінің дубляжын жасады. Өзінің сүйікті сах­насына соңғы рет Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңы» атты ли­рикалық дра­масындағы Жарқын образында жарқырап шыққан екен.
Республикалық деңгейдегі түрлі мәдени шара­лар мен концерттердегі жүргізушілік қырының өзі – оның шын мәніндегі шебер екендігінің айғағы.
Ол бекзада өнердің бекзат болмысты өкілі еді. Жасағаны аз емес, жасары да көп еді. Қазақ театр өнері жарық жұлдызынан ерте айырылды. Егер ол өзін кино саласында сынап көргенде, ол салада да жұлдызы жоғары болар ма еді дегенде ойымыз жоқ емес.    Осындай оймен Шалқардың әріптесі, театр және киноактері Азамат Сұрапбаевқа хабарласқан едік.
Азамат Сұрапбаев, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
– Шалқардың бойында үлкен жігер бар еді. Сол жігері оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын жауапкершілігі қызықтыратын. Бірнеше қойылымдарда бірге ойнадық. Образды алып шығудағы шеберлігіне сүйсінетінмін. Оның биіктігіне әріптестерінің ешқайсысы шәк келтірген жоқ.
Сахнаның сыртында асау тұлпар сияқты еді. Сөйте тұра үлкендерге деген сый-құрметі керемет болатын. Жасы үлкен адамның алдынан қия өткенін көрмедік. Ол Ақтаудан келді ғой. Бірақ бірде-біреуміз оны сырттан келді деп сезінбедік. Ортамызға тез сіңісіп кетті. Бұл да оның адамдығын танытады. Өмірде көп нәрсе болады. Басымыздан талай жағдай өтеді. Бірақ Шалқардың біреумен ренжіскенін, керіскенін көрген емеспін.
Ол кинодан саналы түрде бас тартты. Біріншіден, сахнаны сыйлады. Екіншіден, өзін киноға барынша дайындады. Сахнада жүріп, өзін әбден пісірді. Енді дайын болған кезінде, пісіп жетілген шағында киноға аяқ басып еді. Әттең, ойламаған жерден айырылып қалдық. Мен оның кинода да жұлдызының жанатынына сеніп едім. Театрда қаншалықты биіктікті бағындырса, кинода да сол межеден көріне алатындай таланты бар еді.
Бейбіт САРЫБАЙ


Сәкен ақын жүлдесі сарапқа салынады

Мүшәйра
Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облыстық әкімшілігі бірлесіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Сәкен Иманасовтың туға­нына 75 жыл толуына орай өтетін «Ар алдында мен өзімді әрдайым, дар алдында тұрғандай-ақ сезінем» атты республикалық ақындар мүшәйрасын жариялайды. Айтулы жыр бәйгесіне Қазақстандағы және алыс-жақын шетелдердегі барлық қазақ тілінде жазатын ақындар қатыса алады. Ақын атындағы мүшәйра шарттары бойынша шығармашылық бәйгеге үш өлең жолданады. Біріншісі тәуелсіз ел, туған жер, қасиетті мекен сынды патриоттық тақырыпта болса, екіншісі – еркін тақырып, үшін­шісі ақын Сәкен Иманасов рухына арналады.
Жеңімпаз ақындарға төмен­дегідей бәйгелер беріледі:
Бас жүлде – 500 000 (бес жүз мың) теңге.
Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге.
Екінші орын екеу – 200 000 (екі жүз мың) теңге.
Үшінші орын үшеу – 150 000 (жүз елу мың) теңге.
Ынталандыру бесеу – 100 000 (жүз мың) теңге.

Бәйгеге жолданған шығар­малар үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін қабыл­данады. Шығарма (компьютерде 14 шрифтімен теріліп) көлемі бес беттен аспауы тиіс. Жыр бәй­гесіне бұрын еш жерде жа­рияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Ақындар бүр­кеншік атпен (қосымша конверт ішіне толық аты-жөні мен мекен­жайын, байланыс телефонын көрсетуі керек) жіберіледі. Мүшәйраға бас демеушілік жасап отырған Сәкен ақынның кәсіпкер жерлес інілері Сержан Жұмашев, Абылай Қалиасқаров және тағы басқа азаматтар. С. Иманасов оқу­лары­ның ақтық сыны мамыр айының 17-18-і күндері Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында өтеді. Бәйгеге қатысуға тілек білдіруші ақын­дар шығар­маларын Қазақстан Жазушылар одағына (Алматы қаласы Абылай хан даңғылы, 105) жолдауы тиіс.
Мүшәйраның мақсаты – қа­зақ поэзиясының өсіп-өркен­деуі жолында елеулі еңбек етіп, бар ғұмырын қазақ әде­биетіне арнаған қайраткер ақын Сәкен Иманасов есімін жас ұрпақ жадында жаңғыртып, Тәуелсіз еліміздің рухани дүние­сіне жалынды жырларымен үлес қосқан ақын шығар­ма­шылығын насихаттау.
Ұйымдастыру алқасы


қаперге
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасы өздеріңнен хат-хабар күтеді. Бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі тосын пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз, шағын шығармашылық дүниелеріңіз болса, бізге жолдаңыздар.
«Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.

Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста