Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
ток-шоу
«Жұлдыздар ауруы»немесе анорексия Алаш аруларына да келді
«Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, бұрын-соңды естуіңіз бар ма, жоқ па, әйтеуір анорексия деген бір ауру бар. Батыс қоғамында мұны көбіне «модельдер ауруы» деп атайды, яғни денесімен мал табатын арулар артық етпен күресе-күресе ақыры қабырғасынан күн көрінетін дәрежеге дейін апаратын ауруға шалдығатынға ұқсайды. Қазақы көзбен қарағанда, өзін «тірі қуыршаққа» айналдырған қайран аруларға жаның да ашиды, бірақ ашуың да қайнайды. Неге? Жалпы, әйел заты о баста еліктегіш, жылт еткенге құмар халықпыз ғой, телеарна атаулы арық қыздарды азаннан кешке дейін сұлулықтың символы етіп көрсетіп жатса, кім елірмесін? Жә, Батысты Батыс дерсіз, алайда сол анорексияға ұқсас бір дерт Алаштың да аруларына, әсіресе әнші, бишілерінің арасына келіп жеткендей.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Осы бір аты жаман аурудың алғашқы белгілері: біріншіден, айнаға қараған сайын ар жағынан семіз біреуді көру, содан кейін арықша келген қыз көрсе, соның қасында өзін қор санау және етжеңділеу адам көрсе болғаны, «мен де сондай болып бара жатырмын» деген ойға кету. Бір грамм қоспасы жоқ, бүгінде екі қыздың басы қосылса бітті айтатыны – «семіріп барамын, азу керек» немесе «тамақ жемей жүрмін, диетадамын» деген әңгіме. Әсіресе әнші, бишілер арасында арықтаудан жарыс басталғалы қай заман. «Анау, Сәбиттің Алтынайы бар ғой, 15 келі тастапты» десе, келесі біреуі «жоқ, 20 келіден асады» деп одан асыра түседі. Бес-он келі бер жағы, жиырмалап салмақ тастау дейтін «ұлы жеңіс» солайша қыз-келіншек атаулыны күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырып, ақыры олардың өз-өздерін қинап апталап, айлап нәр татпай, оның орнына қытайдың, тіпті ақшасы жетсе, еврейдің түрлі дәрілерін уыстап «жеуіне» ұласады.
Біз мұның салдарын Батысқа қарап бағамдаймыз, себебі жыл сайын қаншама жап-жас модельдер басқа емес, тап осы анорексиядан көз жұмады екен. Әсіресе 2006 жылы бұл ауру құрбандарының саны биік шыңына жеткен. Небары 22 жастағы бразилиялық топ-модель Анна Каролина Рестон жылдап тек қана алма мен қызанақ жеудің салдарынан 172 см бойымен 40-ақ келі салмаққа бір-ақ түсіп, ақыры аштықтан әбден титықтаған бауыры істен шығып, бақиға аттанып кете барған. Дәрігерлер жұлдызға «жүйке анорексиясы» деген диагноз қойған. Анорексия, негізі, жүйкенің ауруы, себебі қандай есі дұрыс адам өзінің адам ретінде жасына жас қосып, өсуіне қарсы ультиматум қоюы мүмкін. Ал Изабель Каро болса дәл солай еткен. Яғни шоу-бизнесте оның «есейгісі келмейтін қыз» деген аты шыққан. Оған оның шешесі де әсер етсе керек, яғни ол «қызым өссе, мені тастап кетеді» деп, қызын «тірі қуыршаққа» айналдырып, оның санасына да сондай ой құя берген. Топ-модель саласын таңдаған қыз солайша әрі жіптіктей мүсінін жоғалтпау үшін, әрі «мәңгі бала болып қаламын» деген оймен тамақтан мүлдем бас тартқан. Ақыры 28 жасында дүние салған. Олар сонда немен азықтанады, яғни тамақтан бас тартқанда, неге ұмтылады дегенге келсек, бәленің бәрі сәнге, сұлулыққа деген шектен тыс құмарлыққа келіп тіреледі. Ал «сұлулық ең бірінші арықтықта» дегенді әлем аруларының санасына ертелі-кеш сіңіріп жатқан – телеарналар. Сән индустриясы табалдырығын аттаймын деуші қыздарға қойылатын алғашқы талап та сол – 90*60*90-нан аспауы керек.
Әрине, Алаш даласында әзірге арықтықтан өлген адам жоқ, әйтсе де басы басталып кеткен.
Жұлдыздарды былай қойғанда, өсіп келе жатқан қарапайым қазақ қыздарының арасында да бүгінде мүсінімен көздің жауын аларлық модель болуға ұмтылатындары аз емес. Оны арыға бармай-ақ күнделікті көшедегі қыздардың киімінен, өзін ұстауынан, сабағын оқымаса да, айна алдында ұзақ тұрып, суретке түсе беруінен және сондай-ақ «Қыз сыны», «Мисс Казахстан» секілді сайыстарға қатысып, онда ақылымен, өнерімен емес, бөкселерін қисаңдатып жүргенді абырой көруінен байқауға болады. Ал қыздарымыздың болашақ ана, бір үйдің абыройлы келіні болуға емес, осылайша өзін «тірі қуыршаққа» айналдыруға деген құштарлығының салдарынан жақсылық көруіміз мүмкін бе? Осы ретте Алаш аруларының жаппай арықтауға деген құштарлығына қатысты көпшілік пікірін сарапқа салып көрсек:
Алмас Темірбай, ақын:
– Ол – сондай бір психологиялык ауру-әдет. Ең бастысы, сабыр, шыдам мен канағат керек... «Шетелдік дәрілер ішек пен бауырды кұртатынын ұмытпаңыздар... Әлемде миллион түрлі диета бар, егер сол диета адамдарға кәдімгідей әсер ететін, пайдалы болса, идеалды жалғыз-ақ диета болмас па еді?! Әйтеуір, саудагердің бәрі қарапайым халықты ақымақ қылуға құмар! Ең пайдалысы – «денсаулығымды жақсартып, күш-қуат бер» деп Алладан тілек тілеп, мөлдір, таза су ішу! Ал азудың жөні осы екен деп дәрі ішіп, емші-тәуіп жағалаудың түкке де қажеті жоқ!
Гүлжазира Жалғасова:
– Шешем марқұм «өзіңе арықпын немесе семізбін деп сұқтанба, адамға ет деген қонақ сияқты, келеді де кетеді» деуші еді...
Ұлжан Хиясидин, журналист:
– Бір ағамыз сұхбат барысында айтып еді: «Леонардо да Винчидің басқа да әлем таныған суретшілердің қыздарды бейнелеген картиналарына қарасаңыз, көз тартатын томпақ, етті қыздарды шеберлікпен салған. Қазіргідей қабырғасын санап аларлықтай арық қыздардан Құдай сақтасын. Оның бала тууы мүмкін, бірақ әлсіз... Мұндай қыздарды суретші де рахаттанып отырып сала алмайтын шығар» деп күліп еді. Ол рас, қыз бала ана атанған соң, салмақ қосады, қоспайтындары да бар, тегінде тұқымға тартады. Дегенмен де қытайдың т.б дәрісіне жұмсаған ақшаны жинап, фитнес клубқа жазылған абзал. Семіру оңай, қайта қалыпқа келу қиын. Дұрысы, «томпиып» жүргенге жетпейді ғой...
Жұлдыз Әбділда, журналист:
– Өзіме арық болған жараспайды. Мектепте оқып жүргенде осы арықтықтың зардабын қатты тартқанмын, тіпті балалар мазақтайтын да еді. Кейін бір аздық, бір толдық. Бірақ өзіме арық болған жараспайтынын анық білемін. Әрине, дәл қазір аздап арықтасам, артық болмас еді. Бірақ ол үшін диета ұстап, дәрі ішіп, құрбандыққа бара алмаймын да және ондайларды түсінуге менің миым да жетпейді екен. Фаина Раневская айтпақшы, "Жизнь слишком коротка, чтобы тратить ее на диеты и жадных мужчин».
Ердәулет Балтабай:
– Мәселенің түптөркіні дене салмағының индексі деген стандартта жатқан сияқты. Әйтпесе қанша салмақ артық-кем екенін қалай білеміз? Гиперстеникалық типке жақын бізге ол стандарт сай келмейді. Бізге сол стандартқа 5-12 келі қосып, басқа стандарт шығарып берсе, қыз-келіншектеріміз идеалды салмақта болар еді. Жалпы, табиғатынан әйел гормоны жеткілікті қыздар толысуға бейім болады, сәйкесінше инфантилді қыздар арық болады.
«Шаншардың» соңғы бағдарламасында Уәлибек ағамыздың: «Бұрынғы апа-әжелеріміз ақылды ма, қазіргі қыз-келіншектер ме? Бұрынғының қыз-келіншектері таңертең ерте, тіпті әтештен ерте оянып, сиырды да сауды, нанды да жапты, самауыр қойып, үш мезгіл тамақ істеп, баланы да жыл сайын туды, нәтижесінде ешқайсысы семірген жоқ. Ал қазіргі қыз-келіншектердікі қалай, тал түсте тұрады, кірді де, ыдыс-аяқты да машина жуады, тіпті баланы біреу бағып, тамақты да біреу істеп береді, бірақ нәтижесінде солар алақанға салып аялаған күйеуіне алғыс айтудың орнына, «семіріп кеттім, маған ақша бер, фитнеске барайын» деп, біріншіден, күйеуінің, екіншіден, ақшаның жауына айналады», – деп жұртты бір ду күлдіргені бар. Әрине, жуан қарын байлап, желке күжірейтіп, шамадан тыс толып кетуді жақтап тұрған жоқпыз. Алайда «Шығыста оларды бай санаса, Батыста ауру санайды» деп семіздікті атаса, бүгінде, Абай айтпақшы, «Шығысым Батыс болып кетті ме» дерліктей... Яғни артық шыр біткенді семіздікке балау қазаққа қайдан ғана келген дерт болды екен?
Қысқасы...
Абай атамыздың «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзіне есейген сайын көзім жетіп келеді. Расында, адамды жоқшылық емес, керісінше, тоқшылық аздырады екен. Осындайда «қайран, бұрынғының «баламды қайтсем уызына жарытам?» дегенді ғана ойлайтын балпақтай бәйбішелері-ай!» дейсіз еріксіз...
Шоу-news
Нұрлан алданып қалды...
Шілде айында Астанада жеке шығармашылық кешін өткізем деп жоспарлаған әнші, сазгер, актер Нұрлан Әлімжанды демеушілері «лақтырып» кеткен сияқты.
Тіпті мекенжайы мен күніне дейін белгіленген кештің афишалары, яғни жарнамасы да біраз жерге жетіп қалған еді. «Күні жақындаған сайын телефоныма қоңырау шалушылардың саны көбейді. Барлығына түсіндіруге тырыстым», — деген әнші-сазгер себебін бізге былай жеткізді:
– Мен, негізі, 30 жасқа толуыма орай алғашқы шығармашылық кешімді өткіземін, ол жерде ән де айтылады, би де биленеді, бар өнерімді көрсетуге тырысамын деп жоспарлап едім. Бұл жоспар аяқасты бұзылып, «биыл Астанада кешіңді өткіз, көмектесейік» деген ағалардың ықпалымен күнін де белгілеп, дайындықты бастап жіберген едік. Кештің афишасы дайындалып, кететін шығынның құны нақтыланғанда, ағаларымның телефоны өшіп, хабарласа алмай қалдым. Ұяттылаумын, әрине. Білесіздер, талғамы жоғары көрерменнің алдына шығып, жеке концерт беру оңай шаруа емес. Сапалы дүние жасауға қомақты қаржы қажет. Ал мұндай кеш беру үшін менің материалдық дайындығым жеткіліксіз еді.
Сөйтіп, Нұрлан өзінің өнерін бағалайтын көрермендері мен тыңдаушыларынан кешірім сұрап, 2014 жылы отызында «орда бұзуға» уәде берді. Биыл «Көзіңе қарай бердім» деген атпен Нұрланның алғашқы әнжинағы тыңдарманға жол тартқан болатын. Бұл әнге бейнебаян да түсірілді. Қазір актер, әнші, сазгер келесі жылы өтетін шығармашылық кешіне қызу дайындықты бастап кетті. А-а, айтпақшы, Нұрланды Алматыдан таппай жүрсеңіз, айта кетейік, ол қазір отбасымен Астана қаласында жақында ғана қол жеткізген жеке пәтерінде тұрып жатыр.
Жаңабай қазір «өзгерген»
«Ар-ма-ным, ме-ні ая-ла...» деп сызылта ән салып, талай тыңдаушының жүрегін жаулаған әнші Жаңабай Өтегеновтің репертуарында «бағыты бөлек» ән пайда болды. Жо-жоқ, қазақша ән. Тек бағыты бөлек деп Жаңабайдың бұрынғы әндерінің стиліне келіңкіремейтінін айтқымыз келді. «Жас дәурен» әзірге жастардың көңілінен шығып жатыр.
Ән авторлары Қанат Жүнісов пен Қайрат Баекенов. 25-імен қоштасар тұста жазылған бұл әнін Жаңабай айналымға жіберуге асығар емес. Бейнебаян түсіруді күтіп жүрген шығар...
— «Жаңабай Өтегенов өзгеріпті, маған салмақты кезі ұнайтын» деген мәтіндегі хабарлама келіпті. Тыңдармандарым ғой. Бір әнмен менің репертуарым түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ. Замандастарыма, дос-құрдастарыма арналған әннің де өз тыңдаушылары табылып жатыр. Негізгі бағытым бұрынғыша — қазақы қалыбын жоғалтпайды, – дейді әнші ағынан жарыла.
Жаз айларында бос жатпай, туған өңірі – Ақтөбе облысы, Шалқар қаласына жеке шығармашылық кешін өткізген ол халықтың қошеметіне бөленіп, ақсақалдардың батасын алып қайтты. Сол концертте аудан әкімі мен жомарт жігіттердің мінгізген төрт жылқысын бағып, баптап жата беруіне де болар еді, бірақ Жаңабай шығармашылығын шыңдау үшін Алматы қаласындағы танымал студиялардың бірінде жаңа әндер жаздырып, Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған Ербол Ақбасовтың «Перизатыма» әніне бейнебаян түсірді. Амандық болса, күз басталысымен, отандық телеарналардың ең үздіктерінен көрсетілуі тиіс бейнебаянға біз бірінші болып «Құтты болсын!» айтайық.
Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ, Астана
шоу-сұхбат
Жалғыз әншілер емес, әйел заты үшін «семіріп кетіпсің» деген сөзден өлім артық
Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, продюсер:
Елдің «Алтынай салмақ тастапты» деп, тіпті түрлі салмақ мөлшерін айтып, бәс тігуге дейін барып жатқанына біраз болды. Расында, төрт баланы қатарынан өмірге әкелген әнші ана болып толысса толысқан шығар, алайда соған бола «семіріп кетіпті» деп сыртынан сыпсың сөз қылған ешкім жоқ. Қазақ өз сүйікті әншісін қайта өмірге сәби әкелген сайын жақсы көре түсті. Алайда Алтынайдың өзі сахна киесін сыйлады ма екен, «артық салмақ қостым» деп арықтауға бел шеше кірісіп кетсе керек. Кәдімгідей нәтижесі де көрінді. Тіпті төрт баланың анасы емес, баяғы еліктің лағындай ғана Алтынайды көргенде шынында таңғалдық. Сонымен, оның сырын әншінің өзінен сұрайық деп едік, телефон тұтқасын әншінің жары әрі өнердегі басты тірегі Сәбит Әбдіхалықов көтерді. Ал әңгіме былай өрбіді:
– Алло, Алтынай апай?
– Қарындас, бұл Сәбит ағаң болады, кешір, қалқам, құпия болмаса, Алтынайды неге іздеп едің?
Шыны керек, сұлулық туралы әншінің өзімен сөйлескен дұрыс еді, сондықтан ә дегенде Сәбит ағамызға сұрағымызды қояр-қоймасымызды білмей тұрып қалдым. Сосын не де болса деп сауалды айтып салуға көштім.
– Кешіріңіз, әнші Алтынайдың өзі салмақ тастау керек деп тапты ма, әлде продюсері, жұбайы ретінде сіз талап қойдыңыз ба?
– Менен де бұрын ол өнердің, сахнаның талабы екенін Алтынай жақсы түсінеді. Ол соңғы кездері, шыны керек, өзінің толықсып кеткеніне қысылып, сахнаға шықса да, сонысын жасыра киініп жүрді, өздеріңіз көріп те жүрсіздер ғой. Телеарналар концерттерді түсіреді ғой, содан өзін көрген сайын көңіл күйі түсіп кетеді. Табиғат заңы, өмірге бала әкелген әйел салмақ қосады, толысады. Төртінші баламызды өмірге әкелгелі бері де Алтынайдың үйде отырғанына жылдан асты. Алайда ол – отбасы, ошақ қасында ғана жүрген әйел емес, елдің, сахнаның адамы. Ал сахна еріксіз сұлулықты талап етеді. Содан біраз уақыт бұрын қызымызды омыраудан шығарған ол бірден өзінің сырт келбетін қалыпқа келтіруге кірісті. Және ол үшін ешқандай да дәрі-дәрмек, шөп-шаламның көмегіне жүгінген жоқ, спортпен айналысқан дұрыс деп тапты. Одан денсаулыққа пайда болмаса, ешқандай зияны болмайды. Інжу деген әнші қызды білесіздер ғой, ол – негізі спортшы. Сол Інжумен бірге арнайы дайындалады. Жүгіреді, жаттығу залына барады, жүзеді, билейді, яғни кешенді түрде барлығымен айналысады.
– Сонымен, енді құпия болмаса, Алтынайдың неше салмақ тастағанын айта аласыз ба?
– Шамамен 20 келідей салмақ тастады. Жалпы, Алтынай жүктілік кезінде толысты, әйтпесе, білесіздер, өзі талдырмаш қыз еді ғой. Енді қазір сол өзінің бастапқы қалпына келді деуге болады. Алайда соның өзі оңайлықпен келмейді, қаншама күш-жігер, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде, тер төгу арқылы келеді.
– Тамақтан да тартынып, көп нәрселерден өзін шектеген болар?
– Иә, әрине, кейбіреулер секілді «ананы жеймін, мынаны жемеймін, диетадамын» деп жар салмаса да, тамақты шақтап жеді. Содан соң ол негізі қызыл шай ішпейді, үнемі шөптен жасалған арнайы шайлар ішеді.
– Шөп демекші, осы ретте шыныңызды айтыңызшы, Алтынай қазіргі шығып жатқан тез арықтататын дәрілердің ең құрығанда бір түйірін де ішкен жоқ па?
– Жоқ, ешқандай да. Спорт, спорт, тек қана спорт. Жалпы, кез келген әйел үшін ең жаман сөз не, білесіз бе?
– Қандай сөз?
– «Семіріп кетіпсің ғой» деген сөз. Егер әйел өзін-өзі сыйлайтын, сырт келбетіне қарайтын адам болса, ол үшін бұл сөзді естігеннен өлген артық. Алтынай – сахнаны сүйетін адам. Ол үшін халықтың жақсы пікірі, жалпы, ыстық ықыласы қымбат. Сондықтан да ол барын салды, жанын салды. Мен осы ретте Алтынайдың шыдамдылығы мен табандылығына тәнті болдым дер едім. Негізі, егер халықты сыйласа, тек әйелдер қауымы ғана емес, сахнада жүрген ерлер де өзіне қарауы тиіс.
мәссаған!
«Шоуы» кетіп, бауыржанның өзі қалды
«Бауыржан-шоумен» қоса Бауыржан Ибрагимовтің да көрінбей кеткеніне біраз болған.Сөйтсек, ағамыз Алматыдан Арқа жаққа қарай барғыштап жүр екен. Нәтижесінде «Ибрагимовтің бастамасымен «Қазақстан эстрада артистерінің одағы» құрылғалы жатыр» дегенді хабарлайды yvision.kz сайты.
Одақтың мақсаты – әзіл-сықақ жанрының деңгейін көтеріп, ең алдымен қазақ эстрадасының дербес театрын құрып, оның мемлекеттік мәртебе алуына қолғабыс жасау. Клоунада, пантамима, пародия және қуыршақ театрын жаңа сатыға көтеру. Одақ мүшелерімен жұмыла іске кірісіп, қайткенде де халыққа биік деңгейдегі сапалы туындыларды дүниеге әкелу керек. Одақтың арнайы алқасы ең жақсы қойылымды сомдаған актерге, режиссерге Оспанхан Әубәкіров, Серік Кенжеахметов атындағы жүлделер беріп, марапаттарға ұсынатын болады. Сондай жағдайда таланты бар, тамыр-танысы жоқтардың ерен еңбектері ескеріледі. Қала әкімшілігімен бірігіп, қала күні қарсаңында юмордың деңгейі биікке көтерілген Орталық Азия, Ресейден өнерпаздар шақырылып, «Юрмала» секілді фестиваль ұйымдастыру жоспарда бар. Ескінің көзін көрген, өнерді бағалай білетін еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, әзіл-сықақ театр ұжымдары бірауыздан қолдап отыр.
Алайда бір қуаныш болғанмен, екінші бір қынжыларлық та жағдай болып тұр. Бауыржан Ибрагимов ағамыз өз қолымен ашқан «Бауыржан-шоуды» өз еркімен жапқанын жария етті. «Жоғарыда айтқанымдай, сахнаның өзі кім көрінген кіріп-шығатын мекенге айналған соң, театр жұмысын тоқтатты. Биікті бағындырған деңгейінде қалды. Шетелге еліктейміз деп ұлттық нақышымызды жоғалтып, «Комеди клаб» секілді анайы дүниелер қаптап кеткендіктен, барлығын жүгендеп отыру үшін басымызды қосып, ойласуды дұрыс көріп отырмын», – деп ашығын айтқан сатира сарбазы, ардақты ағамыз.
Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР