ток-шоу
Қиярға да PR керек, ал біз...
«Құдайберген Бекіштен» әрі аса алмай тұрмыз
Бұрынырақтау заманда, «дін мұсылман аманда» деймін-ау, біреу жайлы сырттай әңгіме «өсек» деп аталса, заманауи термин бойынша қазір ол «пиар» деген атқа ие болған. Әсіресе бұл терминнің шоу-бизнесте құны «алтынға» бергісіз. Яғни бұрын өзі жайлы артық әңгіме айтыла қалса, ел алдында жүрген әнші, биші, өнерпаздар жерге кіре жаздайтын болса, қазір керісінше... Яғни қай әнші жайлы көбірек әңгіме айтылып, тіпті қоғам шулап жүрсе, онда оның жұлдызы оңынан туды деген сөз, яғни ол атақты. Ең жаманы – еленбей қалу! Себебі ел аузында жүру – еленудің көкесі, атақты болудың атасы. Ендеше, біз бүгін осы пиар, яғни PR-дың ауылына қонақтасақ...
Ақпараттың «ақбоз аты» әлемді тұяғының астында ұстап тұрған заманда тіпті «қарғаны бұлбұлға» айналдырып жіберу түк болмай қалғаны – қып-қызыл шындық. Тек көк қағазы құрғыр неғұрлым көп болса болды. «Голливуд» деп «айға шапқан арыстанға» ұқсамай, көршілес «орманға» көз тастайықшы: Айзеншпис атты продюсер: «Бүгінде тіпті жақсы «тауарды» жасау үшін көк қағаздың миллионы да көптік етпейді», – дейді. Әрине, шынтуайтына келгенде, әлі шоу-бизнестің төрі түгіл, табалдырығынан да аттамаған біз үшін ешкім танымайтын сарыауыз балапаннан жұлдыз шығару үшін миллиондаған көк қағаздарды аямай құя салу деген түс секілді. «Сонша ақша қайда жұмсалады?» деген ой әркімде оянады. Олай болса, сараптап көрелік.
Имиджмейкер мен «инкубатор»
«Жұлдызға айналғанда адамның өзі емес, айналасындағылардың оған деген көзқарасы өзгереді» дегенмен, жай адамнан «жұлдыз шығару» үлкен өзгерісті талап етеді. Тырнағынан бастап, шашының ұшына дейін өзгеріске түсетіні соншалық – күні кеше ғана қарапайым-ақ жүрген кей әншіні тіпті туған анасы танымай қалады десек, қателеспейтін шығармыз. Ал ол – имиджмейкер деп аталатын «сиқыршы» жұмысының нәтижесі. Киім мен түр – бер жағы, ол «сиқыршы» тіпті жұлдыздың аузындағы сөзінен бастап, астына мінген «аты», яғни көлігінің маркасы, жүріс-тұрысы, тіпті кірпігінің қағысына дейін «жасап» беретіні жасырын емес. Бұған қазақ қоғамы «Суперстардан» бастап «Х фактор» т.с.с ірі жобалардан кейін анық көз жетізді. Яғни ауылдың талай қара домалақтары көз алдымызда сырт келбеті жағынан да, сахнада өзін-өзі ұстау, тіпті сөз саптау жағынан да өсіп шыға келді. Бірақ, бір өкініштісі, бізде қазіргі сахнада жүргендердің бәрі ондай жобалардан өткен жоқ қой. Сондықтан «пиджак» пен «той көйлек» кигендер әлі сахнаны босатпай жүр. Рас қой? Бір ән бойы сахнада сілейіп тұратынымыз да өтірік пе? Ал имиджмейкері бар жұрттар тіпті бір ешкімге ұқсамайтын болмыс та жасап шығарады. Пугачева, Киркоров, Галкиндерді айтпағанда, «барышня» – Верка Сердючка, болмаса ғарыштық дауыс иесі – Витас, тіпті бір-біріне өлердей ғашық қос құрбы – «Тату» секілділер пиар мен имидждің тікелей жемісі. Әйтпесе шын өмірде Витастың ешқандай да «өңешінде балықтыкі секілді желбезегі» жоқ, Сердючка – ер жынысты, ал «Татудың» қыздары тұрмысқа шықты ғой. Яғни олар – кәдімгі сіз бен бізден еш айырмасы жоқ адамдар. Бұл жерде біз «тура солай ету керек» деп, баршаны еліктеуге шақырып тұрғанымыз жоқ, айтқымыз келгені – біздің шоу-бизнес заңын әлі меңгере алмай отырғандығымыз. «Инкубатор» қоғамның имиджмейкермен жұмыс істеуді өзінше «менсінбей» тұрғанын айтамыз да... Ал біле-білсек, әлемде әр әйгілі тұлғаның артында бір-бір имиджмейкер тұр, мәселен, жай ғана стокгольмдік сатушыдан ХХ ғасырдың ғаламды дүр сілкінткен актрисасы Грета Гарбоны жасап шығарған Маурщ Штиллер. Сол секілді қарапайым ғана қызды әлемдік кино тарихында қаларлық Марлен Дитрихтей тұлғаға айналдырған Иозеф фон Штернберг. Яғни солардың тіпті биографиясын жасап, миллиондаған табынушыларын тауып, олар жайлы адамдар таңғала тыңдайтын түрлі хикаялар тудырған – осы имиджмейкерлер. Алайда имидж ғана бәрін шешпейді, ол тек PR-дың бір құралы ғана...
«Атың шықпаса жер өрте»
Қазақ эпатаж немесе «қара пиарды» осылай деп түйіп қойған баяғыда-ақ. Бүгінде шыны керек, әлемдік шоу-бизнесте көзге қораш, көңілге жат көріністермен әдейі көрерменді өзіне жалт қаратудың түрлі тәсілдері әдейі ойлап табылып жатыр. Яғни поп-мәдениеттің қазіргі бет алысы «мейлі, маған қара күйе жақса да, көрермен көзінде, ел есінде жүрсем болды» дегенге саяды. Ресей шоу-бизнесінің примадоннасы Алла Пугачеваның бірде баспасөз конференциясында, «Мен дау-дамайды әдейі қолдан жасамаймын, іздемеймін де, керісінше, ол өзі мені тауып алады», – дегені бар. Алайда дабыраны әдейі қолдан жасайтындар да жетерлік, мәселен, әйгілі Ресей продюсері әрі музыкант Стас Намин өзінің «Стас» журналының мұқабасына бірде бүкіл ТМД елдеріне, тіпті әлемге танымал әнші Йосиф Кобзонның париксіз бейнесін жарқ еткізіп шығарды. Міне, елдің назарын аудару деп осыны айтыңыз, журнал оқырманы бір-ақ нөмірде күрт өсіп шыға келді. Ал келесі санында-ақ Йосиф Кобзон «оның тіпті де шындыққа жанаспайтынын» айтып, әлгі суретті жоққа шығарды. Шындық қайсы, ол Кобзон мен Наминге белгілі, бірақ қалай болғанда да, PR өз мұратына жетті. Тағы бірде баспасөз конференциясында кенет «Филипп Киркоровқа «көгілдір» болып көріну арқылы өзіне назар аудартуға өзі кеңес бергенін» жайып салса, артынша-ақ тіпті басқаша сөйлеп: «Менің күйеуімнің ер жыныстыларға мүлдем назары да аумайды, ол қалыпты еркек»,– деп шыға келді. Ал енді осы аталғандардың Алаш жұртына үлгі қыларлық несі бар дерсіз, бәлкім? Мәселе дәл осылар секілді «қызтеке» болып көрінсе де, біздің жұлдыздарымыз оқиға жасасын демейміз, мәселен, Сәбит Әбдіхалықов секілді екі әйелінің басын қосып концерт беру аздап осы эпатажға келетіндей. Болмаса ойыншық индустриясының негізін салған Қыдырәлі ағамыз секілді болымды іс жасасын, егер ол қолдан келсе. Қазақ өзі салмақты халық қой, ендеше, осындай салмақты іс жасасын. Ал біздің қазақ эстрадасы егер эпатаждың сауатты формасын тауып, орынды қолдана алса, онда әлдеқашан алға дамып кетер еді.
«Құдайберген Бекіш» немесе қазақ PR-ы қай деңгейде?
Біздің жұлдыздарымыздың ішінде Құдайберген ағамызға, расында, «құдай бере салған». Ағамызға тіпті үйінен шығудың да қажеті жоқ, «атағы» жер жарып тұр десек болғандай. Оның үстіне, «Өнер қырандары» одан сайын «отқа май құя түскендей». Негізі, пародия біле-білгенге өнер адамына тегін «пиар» ғой. Осы пародияға ілігу арқылы-ақ талайлардың назарын аударған жандар аз емес. Айталық, әйгілі пародист Олжас Сыдықбеков Жүрсін Ерман, Бекболат Тілеухан, Иманғали Тасмағамбетов сынды ел сыйлайтын ағаларымыздың дауыстарын, сөйлеу мәнерін айнытпай салу арқылы ол кісілердің бұрынғыдан да гөрі таныла түсуіне ықпал етті десек, артық айтпаған болар едік. Әрі өзі де танылды. Бастапқыда өзіне пародия жасаған адамды қазақ жек көре қарап, ол бейне өзін мазақтап тұрғандай, тіпті қыр соңына түсіп алатын болса, қазір керісінше, оның тегін жарнама екенін түсініп, тіпті өздері «мені кім, қашан салар екен?» дейтін дәрежеге жетті. Себебі пародияға ілігудің өзі – танымалдылықтың белгісі, ешкім танымайтын адамға пародия жасалмайды. Тіпті Олжастың өзі «бізде шыны керек, пародия жасауға лайық танымал тұлғалар аз» дегені бар.
Бізде пиардың мынадай да түрі бар, яғни кенеттен «бәленше қайтыс бопты» деген сияқты танымал әнші немесе сол сияқты атақты біреу туралы ақпарат тарайды да кетеді. Және оның жылдамдығы сонша – қазір Алматыда айтылып жатқан әңгімеге бірер сағат болмай, сонау Атыраудағы қазақ құлақтанып, дүрлігіп шыға келеді. Ал содан «рас па?» деген сауал тарайды. Мәселен, бір кездері «Мейрамбек жетім бала екен» деген сөз тарады. «Бозторғайды» шырылдата салып жүрген соң, жұрт оған кәдімгідей қалтқысыз иланды, тіпті «рас па?» деп күмәнді сұрақ қойған да жоқ. Сахнаға Мейрамбек шыққан сайын апалар «Алла-ай» деп кәдімгідей жаулығының ұшымен көздерін сүртіп, кейбіреулер тіпті еңкілдей жылап отыратын. Біз де соған сендік, тек бертінде ғана әйгілі әншінің ата-анасын көзбен көргенде барып мән-жайдың тіпті басқаша екенін білдік. Әйтпесе, әрине, Беспаевқа кім жамандық тілесін? Керісінше, қайта «Мейрамбек ауырып жатыр екен» дегенде ел іштей «әншейін өсек болса екен» деп тілегені 100 пайыз шындық. Оның ақиқат екенін біліп тұрса да, одан гөрі өзін-өзі тәтті өтірікпен алдағанды қалады, «ол ауру» дегенге қимауы елдің әнші ұлын шексіз сүйгендігі емей, немене? Сол сияқты біз кімдерді сыртынан «өлтіріп», қайта «тірілтіп» алмадық деңізші?!. Алайда мұны толыққанды PR дей аламыз ба? Біз шоу -бизнестің осы бір тетігін толық меңгере алып отырмыз ба? Қайдағы? Біздің әншілеріміздің, шыны керек, бүгінде әлі нәпақасын тойдан іздеуден артылмай отырған жайы бар. Содан ба екен, имидж жасау, өзін қалай танытудың тәсілін ойламақ былай тұрсын, вокалға көңіл бөліп, күнделікті дауысын жаттықтырып жүргендері санаулы. Тіпті бүгінде қос-қос көлік мініп, зәулім сарай салып алса да, әлі күнге PR менеджердің не екенін білмейтін әнші, әртістеріміз жоқ емес. Тек әйтеуір соңғы жылдары ғана аздап өзі журнал ашып, өз атынан киім шығаратын немесе тағы сол сияқты басқа да бренд жасауға талпыныс жасап жатқан өнерпаздарымыз шығып жатыр. Ал әлемдік шоу-бизнес мұны бір ғасыр бұрын жолға қойып қойған, сондықтан оларда әнші не актер тек сахнамен шектелмей, кем дегенде иіссу немесе киім т.б бизнестің көшбасынан табылады. Бізде бұл жағынан Әсел Сағатованы үлгі етсек болатындай, жас әрі көрікті актрисаның кинодағы жетістіктері бір төбе, оның сыртында бірнеше бизнесі барға ұқсайды. Тіпті кофе плантациясының акция иегері, сондай-ақ Әсел қыз осы таяуда үлкен бір іс бастады. Жасы 4 пен 18-дің арасындағы балалар мен жасөспірімдерге кастинг жариялаған актрисаның сондағы мақсаты Қазақстанда тұңғыш модельерлік мектеп қалыптастыру болса керек.
«Мен кереметпін» деп өзіңді алдау оп-оңай, ал шынтуайтында басқаша. Егер біз шынында керемет дамып жатсақ, онда біздің әндеріміз жоқ дегенде Ресей арналарында айналып, әншілеріміз ТМД көлеміне танылар еді. Ал жағдайдың тіпті олай емес екенін бір ғана «МУЗ ТВ-ның» музыкалық жағын басқаратын Арман Дәулетияровтың айтқанынан-ақ білуге болады. «Бізге әлі күнге қазақ эстрада жұлдыздарының бір жақсы бейнеклибі келген жоқ, келгендерінің біздің эфирден беруге сапасы жарайтыны жоқ», – деді ол. Сондай-ақ небір әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген қазақтың скрипкашы қызы Айман Мұсақожаева апайымыздың мына сөзі шұғыл іске кірісуге әбден негіз боларлықтай.
Айман МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР Халық әртісі, Әлем әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетiнiң ректоры:
– Бізде бір қарағанға эстрада дамып жатқан сияқты көрінеді ғой, өз ішімізде. Әншілер бір-бірімен жарысып хит-әндер шығарып дегендей. Бірақ ол өзімізден ұзап ешқайда бара алмайтын арзанқол дүниелер деп айта аламын. Неге? Себебі классикалық музыка қанша дегенмен өз жолын қалыптастырып, жүйелі оқытылып, түп негізі бар дүние ғой. Шетелдерге де ұялмай шығып, кез келген әлем еліне барып жақсы бір туынды орындап, абыроймен қайта алады. Біз эстрамызды уайымдап, эстраданы қолға алуымыз шарт. Себебі шын мәнінде ол халықаралық байқауларға шығатын деңгейде емес.
Сөздің қысқасы...
Біз PR-ды, оның түрлі тетіктерін меңгермей, шоу-бизнесті игеру былай тұрсын, оның иісі де мұрнымызға бармай жүргеніміз – жүрген. Той бизнесі жақсы ғой, бірақ ол қарын қамы ғана. Өсу былай тұрсын, «той, той» деп жүріп талайлардың өшіп қалуы да ғажап емес. Бұл «біржола тойды қою керек» деп көсемсудің кері емес, бірақ тойдан өзіне сарқылмас азық тауып алған жалпы әртіс қауымына күш біріктіріп болса да, бір үлкен іс бастайтын кез жеткендей.
шоу-айна
Имидждену ме, икемделу ме?
Имидж – негізі, түр-келбет, киім киіспен қоса, белгілі бір тұлғаның жүріс-тұрыс, сөз саптау, түрлі ортада өзін ұстау, тіпті мінген көлік, мінез-құлқына дейін барлығын қамтитын тұтас болмыс ерекшелігі. Алайда, шыны керек, біздің қоғам оны стильмен шатастырып алғандаймыз. Содан болар, біздің имидж еліктеуден, онда да үтір-нүктесіне дейін біреуді көшіруден әрі аса алмай тұр.
Мәселен, әлемге әйгілі Леди Гага мен қазақстандық эстрада әншісі Айжан Нұрмағамбетова. Ұқсай ма?
Сондай-ақ біздің «Сүйген жүрегімен» талай жүректерді өзіне ынтық қылған ару әрі әнші Мәдина Сәдуақасова сұлулығының құпиясын таба алмай жүрсек, ол британдық әрі америкалық актриса Одри Хепбёрнге қатты ұқсайды екен. Әлде әнші әлемді жаулаған әйгілі актрисаны кумир тұта ма екен?
Осы Айбек алғаш сахнаға шыққанда, ел оның өз атын сұраған да жоқ, «Әлгі Майкл Джексонға ұқсайтын бала» атандырды. Халық айтса қалт айтпайды емес пе? Айбек "поп-патшасын" пір тұтатынын әу бастан-ақ басқа емес, сахнаға дәл сол бейнеде шығуды армандағанын жасырмайды.
Мақпал қыз әп-әдемі ұзын шашын кескенде, біртүрлі қабылдап едік. Сөйтсек, ол өз бойынан Голливуд әншісі Рианаға ұқсастықтарды тауып, одан сайын оған ұқсай түскісі келгендей.
Еліктеу дейміз бе?... әлде бұл да бір ізденіс, «жұлдыздарымыздың» өзін-өзі табуға деген ұмтылысы ма екен?... Әлде біздің «имиджмейкерсымақтардың» әзірге ақылы жеткен жері осы болды ма екен?..
шоу-ақпарат
Қапқарашка неге қашып кетті?
Нұржан Керменбаев «Арай» тобымен бірге Атырау облысының Мақат ауданына «Есіңде ме?» атты гастрольдік сапармен келгені елдің есінде. Арада төрт ай өтсе де, концертті ұйымдастырушылар өздеріне тиісті еңбекақыларына қол жеткізе алмай отырғандарын айтып шағымдануда.
Қайырғали Шаймардан есімді жігітті атыраулықтар шоу-мен ретінде біледі, ол түрлі кештер мен концерттерді ұйымдастырудың шебері. Нұржанмен де ешқандай құжатсыз, ауызша келісім жасаған Қайырғали Мақаттағы мәдениет үйіне концертін өткізуге көмектеседі, жарнама парақтарын іледі, билеттерді сатады. Алайда концерт өткен соң Қапқарашка түскен ақшаны түгел жинап алып, тайып тұрғанға ұқсайды.
Қайырғали ШАЙМАРДАН, концертті ұйымдастырушы:
– Басында 100 мың теңге беремін деген болатын. Бірақ концерт біткен соң маған ештеңе деместен кетіп қалыпты. Телефондары өшірулі, байланысқа шыға алмадым. Мен де, қасымдағы жолдастарым да балалар үйінен шыққанбыз. Бұл концерттен тапқан табысымызды балалар үйіне бермекші болғанбыз...
Бақытгүл БАБАШ, Атырау
«Екі езу» «жиырылып» қалды
Он бес жыл бойы көрерменнің екі езуін екі құлағына жеткізіп, күлкіге қарық қылып келе жатқан «Екі езу» жабылып қалды. Әзіл-сықақ театрының директоры болған Нұрлыбек Жұбатқан бұған театрдың даму эволюциясының бір сатысы ғана деп қарайды.
Себебі театр мүлдем жоқ болып кеткен жоқ, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры болып тағайындалған Н.Жұбатқанның бұрынғы командасы театрдың қазақ труппасына қосылды.
— Жемісті жұмыс істеп жатқан ұжымдарға даму тән емес пе? Яғни «Екі езу» актерлерінің драма театрына қосылуын да сол дамудың бір сатысы деп атауға болатын шығар. Жаңа күштің, жастардың қосылуы драма театрының жұмысына да жақсы жағынан әсер етеді деп ойлаймын әрі «екіезуліктер» «ахтановтық» әріптестерінен көп нәрсе үйренеді, — дейді ол.
Он бес жыл ғұмырында «Екі езу» облыстың барлық ауыл-аймағын, ауданын аралап шықты. Одан қала берді, Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Екі езу» гастрольдік сапармен бармаған қала кемде-кем. Осы жылдар аралығында еліміздің үлкенді-кішілі сахналарында 100-ге жуық интермедия қойылыпты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе
қайшы
Бүгінде вокалистер дауысты қойып жатыр ма, жойып жатыр ма?
Жойып жатыр
Қанат Үмбетов, жас әнші:
– Вокал дәрісіне дәл қазіргі таңда барғым келмейді. Неге? Себебі мен бір кездері сол вокалистердің кесірінен қазақы даусымнан айырылып қала жаздағанмын. Жалпы, бүгінде қазақ әні қазақылығынан айырылып бара жатса, ол әншіден емес, вокалистерден дер едім. Барлығы дерлік Еуропа мен батысқа қарап «ұлып» тұрады. Міне, қазақы үнді бұзып, еуропалық сарынға салып жіберіп жатқан сондайлар. Ал мен қаным қазақ бола тұра, неге еуропаша ән салуым керек? Достарым, әріптестерімнің арасында осыған мысал бола алатын адамдарды білемін: өздері ауылдан шыққан, басында қазақша ән салып жүрген, кейін азғана уақыт вокалдан сабақ алған соң бітті, көлігінен бір қазақша ән таппайсың. Ылғи шетел әншілерін тыңдап жүр, демек, ол әнші шетелге бет бұрып, өз қазақылығынан безінуге кірісті деген сөз. Олар «әннің қай жеріне милизм қоссам екен?» деп соны ойланатын да жүретін, сондай бір «мәңгүрттік бағдарламасына» енеді де кетеді. Ең жаманы, сол әлгіндей вокалистер әндегі ең басты нәрсе – «жүректі» алып тастап, тек техниканы қалдырады.
Жойып жатыр
Ернар Айдар, жас әнші:
– «Вокалистердің барлығы бірдей жақсы не жаман» деп айта салу оп-оңай. Мәселе әркімнің өз мақсатына сай маманға жүгінуінде секілді. Яғни даусыңыз қазақы ма, онда дауыспен жұмыс істейтін маманды да сол төңіректен іздеу керек. Ал егер кейінгі кезде көптеген жас орындаушылардың ән салу мәнері өзгеріп кетсе, демек, оны олардың өздері қалап, әдейі іздеп тауып алды деген сөз немесе олар өзіне не керек екенін білмейтін орындаушылар. Ал, жалпы, өнер саласына келгелі бір байқағаным, ән салу деген білмейтін адамға ғана оңай көрінеді екен. Ә дегенде мен де солай ойлағанмын. Расында, «ән салу деген осы» деп сыдыртып шыға салуға болады, ол екінің бірінің қолынан келеді. Мәселе әнге «жүрек беру» деген – мүлдем басқа дүние. Өмірімде бірінші рет микрофон алдына тұруым мұң екен, біреу буындырып тұрғандай даусым шықпай, қараптан-қарап қысылдым да қалдым. Маңдайдан қара тер бұрқ ете түсті. Ән дегеннің не екенін сонда түсіндім.
Маман пікірі
Қанат Құлымжанов, опера әншісі, вокалист:
– Біз, дауыс қою педагогтері, әншінің дұрыс ән салуы үшін қалай дұрыс дем алуы керек, дауыс аппаратын қалай ашу керек дегенмен айналысамыз. Дауыстың бояуын өрнектейміз. Ал әнді жөнді-жөнсіз милизммен өрнектей беру дегенді өнерге «жолдан қосылған» композиторсымақтар мен қазіргі музыкалық сауаты аз орындаушылар шығарып жүр. Айталық, Қытайдан келген композиторлар, өзбектің музыканттары дегендей... Өздерінің милизмдерін сәйкес келген-келмегеніне қарамай, қоса беру арқылы қазақ әнінің әрін құртуға айналған, міне, солар. Яғни қазақ әні өз бояуын, ал қазақ әншісі өз үнін біртіндеп жоғалтып бара жатса, біріншіден, оған әуесқой композиторлар, екіншіден, кәсіби білімі жоқ орындаушылар кінәлі дер едім. Жас «жұлдыздар» ең қарапайым деген нота білмеген соң не сұрайсыз? Жарайды, оның таңбасын танымай-ақ қойсын, ең құрығанда сол нотаны дұрыс ала алса мейлі ғой. Себебі қазақта небір күйші, жыршы, әншілер болды, нотаны білмей-ақ ұлы шығармалар жазып, орындап кеткен. Мәселе олар қас талант болды ғой, ал бүгінгі көп әншінің, өкінішке қарай, не даусы жоқ, не слухы жоқ, бірақ ақшасы бар. Солар ақшаны аямай құя-құя, өнерді ақшаның құлына айналдырды. «Алтын көрсе періште де жолдан таяды» демекші, біздің сазгер, әрлеуші, дауыс қоюшыларымыздың көбін «жолдан тайдырған» – ақша, қарын қамы. Міне, мәселенің бар мән-жайы осы. Әйтпесе нағыз вокалдан дәріс беретін мамандар қайта дауысты ашпаса, ән салу техникасын жетілдірмесе, ешқашан бұзбайды.
Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР mauka2004@mail.ru