ток-шоу
Әртіс қанша тұрады немесе хиттің «қитұрқылығы»
«Жұрт не десе, о десін, кеше өзімнің сүйікті әншілерімнің бірі Қайрат Нұртастың шексіз танымалдылығы мен «өтімділігіне» тағы бір куә болдым. Кафе. Апыр-топыр, қызу би. Кенет Қайраттың «Сұранамын» әні қойылды. Елдің реакциясы керемет: қуанып, қол шапалақтау, ысқырып, жер тепкілей билеу... Содан Қайрат «сұранып» болды. Бір жігіт қыздардың үлкен өтінішімен ди-джейден сол әнді қайталауын өтінуге кеткен. Қарап отырмыз, ди-джей иығын қиқаң еткізіп, «проблема жоқ, мынаны төлейсіз» деп, оң қолының бес саусағын түгел ашып көрсетпесі бар ма? – 500 теңге ме? – деп қалса керек алғаш жігіт. «Қайдағы 500, 5000 теңге, брат! ... Міне, солай, достар! Қайрат «зажигает», қысқасы!»
Әлеуметтік желідегі досымның мына посты тұңғиықта жатқан ойды қозғады. Иә, қоғамды ақша билеп тұрған тұста бұлайша «базары» жүріп тұрған Нұртастың немересіне «респект!» дегеннен басқаны қалдырмайды. Жалпы, Қайраттың тойға шығатын ставкасын «Өкініште» басқа емес, продюсері, анасы ашық айтты ғой. 5 мың доллар! Бәлкім, ол фильмнен кейін әншінің қаламақысы одан да өсіп кеткен шығар. Мейлі ғой, халық сүйіп, қанша сұраса да, тойына шақырып жатса. Бір ғажабы, оның әні еліміздегі бір емес, біршама мейрамхана музыканттарын «асырап» отырған сыңайлы ғой. Әлгіндей «ақша сауа білгендер» жалғыз Қайрат қана емес, жалпы қай ән «өтіп» тұр, соның арқасында қалтасын томпайтып қалатын сияқты. «Қызыл өріктен» Ақылбек Жеменейдің қанша пайда тапқанын былай қойғанда, осындай қаншама музыканттардың қаншасының мұрты майланғанын бір Құдай біледі.
Қабатовқа бір жыл бұрын кезекке жазылу керек!..
Айтпақшы, 5 мың доллар дегеннен шығады, тағы бір оқиға еске түсіп тұр. Таяуда бір тәтеміз той жасамақ болды. Сөйтті де, бірден тойын басқа емес, «Базар жоқтың» төресі, әйгілі Тұрсынбек Қабатов жүргізетінін қалайтынын жайып салды. Тұрсынбек десе, ішкен асын жерге қоятын тәтеміз содан жатпай-тұрмай Қабатовтың «қалтафонының» нөмірін іздеп, ақыры қол жеткізеді ғой. Нөмірі емес, «кумирінің» өзін тапқандай, жүрегі дүрсілдей әлгі сандарды тере бастайды. Сөйтсе ар жақтан қазақы Қабатовтың емес, орысша сөйлейтін бір бикештің даусы саңқ ете қалады. Диалог былай өрбіген:
– Да, слушаю!
– Тұ-Тұ-Тұрсынбек, қарағым... – Тәтеміз сүйікті әртісі емес, бөтен дауыс естілгенге тұтығып қалса керек.
– Да, да, вы не ошиблись, Кабатов слушает. То есть его администратор: – Администратор деген соң аздап көңілі орнына түседі ғой әлгі кісінің.
– Тойға шақырсақ деп едік қой, тойымызды Тұрсынбек жүргізсе деп...– – Ойындағысын үзіп-жұлып әйтеуір жеткізген тәтейге әлгі дауыс тағы да саңқ етеді.
– А, вы знаете, какая у него ставка?
– Жоқ, қанша?
– 5000 доллар!
– Жарайды... – деп әрі қарай жөнін айтуға көше берген тәтей сөзін администратор қыз тағы бөледі.
– А, еще вы знаете что он рассписан на год?
– Түсінбедім?
– То есть вам придется подаждать год!
Әңгіме осымен бітті. Тәтеміз, әрине «кумирінің» бағасы үшін емес, тығыз графигі үшін қынжылады. Бірақ оған бола тойын бір жыл кейінге шегере алмады.
Бұл екі оқиғаны мысалға ала отырып, біз біреуді сөгіп немесе біреудің меселін қайтарғымыз келіп тұрған жоқ. Керісінше, қолдан-қолға тимей тұрған әртістер мен әншілерімізге «бәрекелді» демекпіз.
«Дубайшыл дуакештер»
Ал енді қазір бір нәрсе айтсақ, нанасыз ба? Кейбір ұзынқұлақтан біз әншілер «әнім хит болсын» деп «оқытады» екен дегенді де естідік. Басқа емес, шоу бизнес, яғни, той бизнестің ішінде «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргендердің бірінен естідік. Тіпті жағдайы көтеретіндер Дубайға барып «оқытып» келетінге ұқсайды. Мұны естіген кезде «бәсе, кейінгі кезде біздікілер неге Дубайға бірінен-соң бірі барғыш боп кетіп ед..» деген күдікті ой өзінен-өзі іске қосыла кеткені. «Өтірік» деп сенбейін десек, «Ғашық жүректегі» әлдебір оқиға көз алдыңа оралады. Естеріңізде болса, екі продюсер бірінен-бірі жасырынып бір балгер, бақсының алдына барушы еді ғой. «Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев сомдаған сол бейне тектен-тек киноға арқау болмаса керек» дейді екінші бір ой. Басқасы басқа, бірақ Баян Есентаева «саясатпен» жүретін кәнігі продюсер ғой. Ал ондай адамның «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» демейтінін, әлденені көздейтінін ескерсек, демек, «Дубайшыл дуакештер» жайлы хикаяда бір жан бар сияқты...
Мерей МАТАЙ
шоу-сұхбат
Біз композиторлардың есепшотын жатқа білеміз
Ернар АЙДАР, жас әнші:
– Ернар Айдар деген әнші жайлы біз осыдан бірер жылдар бұрын естімедік. Сондықтан бізге сіз жалт етіп шыққан сияқтысыз? Кімсіз, қайдансыз?
– Жоқ, мен ешқандай да жалт етіп шыққаным жоқ. Ал «кімсіз?», «қайдансыз?» дегенге келсек, мен Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Соркөл ауылында дүниеге келгенмін. Соркөл деген ресми атауы болмаса, жергілікті халық оны «қазақ ауылы» атап кеткен. 7-сыныпқа дейін сонда өстім, сосын Таразға көшіп келдік отбасымызбен. Кішкентайымнан ән салғаным жоқ, себебі балалық шағым жоқшылықта өтті. Ең алғаш қазіргі продюсерім, ағам Талғат Айдар екеуміз есек арбамен барып, бір қап бидай мен өзбектің 2000 сомын беріп, домбыра алып қайтқанбыз. Мен 4-сыныпта, ал ағам 7-сыныпта оқитын. Әрине, әкемізден жасырып істедік мұны. Әкеміз өнерді жек көрмейді, десек те, тұрмысымыз ән айтып жүргенді көтермейтіндіктен, біздің одан гөрі пайдалырақ іс жасағанымызды қалады. Дүниеде, шіркін, ана мейіріміне тең келер ештеңе жоқ қой. Менің бидай сатып, әйтеуір домбыраға тырмысып қол жеткізгенімді көріп анам әкемнен жасырып үйірмеге жетелеп апарды. Оған да жарты қап бидай беретін боп, оны өзім арбаға салып апарып бергенім ешқашан естен шықпайды. Үйірмеге бара бастап едім, бір апта дегенде әкем біліп қойды. Сондағы қорыққанымды-ай, тізем-тіземе тимей, үйге әрең кірдім кешке. Бірақ жағдай мен ойлағаннан басқаша өрбіді: әкем керісінше маған домбыраны өзі үйретуге кірісті. Сонда ол кісінің алғаш өз қолымен үйреткен күй де емес, жай домбыраның құлақ күйін келтіруі әлемдегі ең ғажап музыка секілді естілген маған.
Маған бәрінен бұрын өз әкемді мойындату қиынға соқты
– Тұрмыстың тауқыметін қалай жеңіп шығып, өнерге жеттіңіз? Қандай да бір байқау сеп болды ма?
– Жоқ, мен байқауға да қатыса алмадым. Себебі Тараз қаласына көшіп келгеннен кейін де тұрмысымыз бірден оңалып, кете қойған жоқ. Пәтер жалдап, аядай ғана бөлмеде бір қора жан тұрдық. Сабақ оқуға да ынтам болмады. Мектепке ілініп-салынып барып қайтам, келемін де бірден базарға тартып тұрамын. Несін жасырайын, базарда жүк тасушы болдым. Күні бойы ауыр-ауыр қаптарды арқалап, шаршап келсем де, кешкісін домбыраны бір шертпей, көз ілмейтінмін. Себебі содан ғана жұбаныш табам, сол қоңыр домбыра ғана маған әлсіз де болса алда бір үміт сәулесі барын сездіретін. Мектепті бітірген соң оқуға түспей, екі жылымды базарда өткіздім. Жағдайымызды жақсарту үшін, шыны керек, жеті жыл бел жазбай еңбек еттік базарда. Сосын барып бейнеттен зейнет түсе бастады. Сосын ғана әке-шешем «Балам, оқы!» деді. Алайда олар өнерге баруыма қарсы болды. Әкем менің әскери салаға барғанымды қалады. Өзім қаламадым, бірақ әке меселін қайтарғым келмеді де, «мілітсә» болармын тым құрығанда» деп, әкемді өйтіп-бүйтіп көндіріп, Алматыға аттандым ғой. Алайда маған заңгерлік қызық емес, басты мақсатым – Алматыға аяғым жетсе болды, ән жаздыратын жерді тауып алып, қалай да соның бір жағынан шығу. Келдім де Қазақ ұлттық Аграрлық университетіне түстім. «Қазақконцертте» Хамит деген аға бар, ән сол жерден шығады» деп жөн сілтегендегі менің қуанғанымды көрсеңіз... Әлемдегі ең керемет студия сол көрінді маған. Кешке бардым, содан таңға дейін көз ілмей отырып жұмыс істесем де, шаршаған жоқпын ғой. Өйткені ол менің жаным қалайтын жұмыс еді.
– Сізді танытқан «Жарығым-ай» ғой?
– Иә, танытқан да, бағымды ашқан да – «Жарығым-ай». Әні де, сөзі де Бауыржан Есебаевтікі.
– Ол кісі анау-мынауға ән бере салмайды деп естуші ек?..
– Міне, соны айтайын деп едім ғой. Бір жылдай студияда жатпай-тұрмай еңбектенсем де, жаздырған әндерім көңілімнен шықпады. Содан бір күні тағдыр мені Қуаныш Құрманбаев деген жас аранжировщик әрі дарынды музыкантпен жолықтырды. Екеуміз бірігіп бірінші «Асыл әке» деген ән жаздық. Себебі мен өнерімді ағайын-туыс, әсіресе әкемнен жасырдым ғой, олар мені заңгер болады деп жүр. Қанша уақытқа дейін ол Талғат ағам екеуміздің құпиямыз болды. Сол ағамның ақылымен алғаш әнді әкемізге арнап шығарып, сосын ол кісіге тыңдатып, ол кісінің ақ батасын алғаннан кейін ғана үлкен сахнаға қадам басуға бекіндім. Маған бәрінен бұрын өз әкемді мойындату қиынға соқты. Осы ретте мен Қуаныш ағама да ризашылығымды білдіргім келеді. Ол «осы бастан келісіп алайық, даусың бар, бірақ әлі ол кәсіби эстрадаға жарамайды, сондықтан егер әнші болам десең, менің айтқаныммен жүресің, келіспесең, жолың ашық» деді. Келістім. Содан жеті ай студия менің үйіме айналды. Қуаныш бір күні маған «мен сені жай ғана Бауыржан Есебаев деген ағаңмен таныстырамын, ал ары қарай тіл табысу өздеріңе байланысты» деді. Есіктен кіріп келген кезде, жүрегім дүрсілдеп, бала кезден бері талай жыл ішімде бұқтырып тастаған арманым дәл сол сәт «құрсауды» бұзып-жарып, алдындағы адамды мойнынан құшақтап алғызуға сәл-ақ қалды. Себебі мен Бауыржан ағамыздың даңқын сонау Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров ағаларымыз шыққалы естіп өстім. Ән берген әншісі жарқ етіп шыға келеді, ол – ақиқат. Бауыржан аға даусымды тыңдап көрді де: «Мен саған бір ән берем», – деді. Қуаныш аға айтты: «Ернар, қуана берсең болады, ол кісінің «беремін» деген сөзінің өзі жеткілікті» деді. Күндердің бір күні ағадан «поштаңа әнді жібердім» деген хабар кеп жетті. Сол жіберген әні осы «Жарығым-ай», – болатын. Бірақ Бауыржан аға: «Бұл ән сенің наның болады» деп бірден айтты . Ал Қуаныш ағам болса «бұл сенің әнің, сен мұны қалайда айтып шығасың» деді. Осы екі сөздің өзі маған тау қопарарлықтай күш берді.
– Қазір сол әнді «наным» деп айта аласыз ба?
– «Наным» ғана емес, ол менің «төлқұжатым» ғой тіпті!
– Сосын «Маралым», «Сенен басқа кімім бар» қосылды дейсіз ғой. Айтпақшы, «Қайран жеңгемді» тұңғыш сіз шығардыңыз ба, әлде Таңат Мамырханұлы ма? Екеуара осыған бола кикілжің туған жоқ па?
– Ашығын айтсақ, Шымберген Сүлейменов ағамыздан алғаш әнді мен алғанмын. Әлі толық бітпеген әнді маған ол кісі телефонда ыңылдап айтып берді. Бірден ұнады да, телефонда-ақ: «Аға, мына әнді мен аламын», – дедім. Жалпы біз, яғни, жас әншілер композиторлардың есепшотын жатқа біліп аламыз. Бұл заман шындығы, ән ол кісілердің наны ғой. Сондықтан ол кісінің шабытын ояту үшін өзінің рұқсатынсыз қаламақысын алдын ала есепшотына салып жібердім. Әлгі әнді ұнатқаным ғой сондағыда, «ешкімге беріп қоймасыншы» деп барымды салдым. Шымберген ағамыз қайырмасы дайын болғанда, хабар беретінін айтып қалды. Күте-күте, ақыры қол жеткізіп, аранжировкасын бастап жатқан кезде маған Таңат ағамыз хабарласты да: «Мен осындай бір әнді естіп қалдым, ұнатып қалдым, соны орындайын деп едім», – деді. Мен бірден үзілді-кесілді бере алмайтынымды, өзіме де қатты ұнап қалғанын айттым. Таңат ағамыз композиторға хабарласыпты, ол кісі де алғашында «жоқ, Ернар орындайды» деді. Бірақ Таңат ағамыз сұрап қоймаса керек, ақыры басы қатқан Шымберген ағамыз: «Екеуің де орындаңдаршы, бірақ Ернар, мен саған бір ән қарыз болайын», – деді. Екеуміз бірдей шығардық, әркімнің өз «жүрегі» бар ғой, ол кісі басқаша орындайды, мен басқаша дегендей. Бірақ Таңат Мамырханұлы бірден телеарнаға алып шықты да, мен тасада қалыңқырап қалдым, яғни, менің де «Қайран жеңгемді» орындайтынымды біреу білсе, біреу білмей қалды. Әрине, мен іштей ренжідім. Бірақ, амал не, өнер деген бәсеке екен, соған көзім жетті. Бір тәубе дерлігі, бәріміз де қазақ әніне қызмет етіп жатырмыз ғой. Сондықтан қызғаныш жоқ менде.
– Жалпы, бас-аяғы қанша әніңіз бар қазір?
– 23-ке жуықтап қалды. Екі жылдық еңбегімнің жемісі ғой. Үш бейнебаян түсірдік.
– Жеке шығармашылықпен айналысып жүрсіз, алайда соны таныту керек қой. Бүгінде «Саз әлемі» секілді жас орындаушыларды танытуда таптырмайтын жобалар бар ғой, қатысқыңыз келмей ме?
– Өз ойым, шығармашылықты жеке бастадым ба, сондықтан мен өзімді толыққанды белгілі бір деңгейге жеткізіп алмай, бөтен ештеңеге мойын бұрғым келмейді. Себебі әнші болған соң, тек фонограммамен жүре беру дұрыс емес. Кейде халық домбырада ән, терме сұрайды, кейде тіпті бір әннің атын атап тұрып сұрайды. Сондайда «білмеуші едім» деген, меніңше, әншіге жараспайды. Сол себепті өз басым қолым қалт етсе болғаны көптеген ән, термелердің құлақ күйін келтіріп, сөзін жаттап жүремін. Жаңа әнді бойға сіңірмей айта салу – өнерге және өзіңе жасалған ең үлкен қиянат. Сондықтан егер мен әлгіндей қосымша жобаларға қатыссам, соның әлегімен кетемін де, ән жаттауға, басқаға уақыт таппай кетемін ғой. Және тағы бір айтарым, сіз бастапқыда айтқандай мен «жарқ» етіп ерекше болып шыққаным жоқ, еңбектеп жеттім десем, дәлірек келеді одан гөрі. Сондықтан ендігіде маған ерекшелікке ұмтылу керек. Иммидж, стиль қалыптастырып дегендей. Себебі жастар, заман соны талап етеді.
– Рақмет сізге! Талабыңызға нұр жаусын!
Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ
Ойтүрткі
Әлемдік деңгейге көшпей, шоу-бизнес өспейді
Былай қарасаң, бүгінде шығып жатқан жаңа ән көп. Бірақ іліп алары шамалы. Көпшілігі алғашында біраз айтылып жүреді де, артынша ұмыт болады. Ал бүгін бар, ертең жоқ арзан дүниелермен ұлттық эстрада деңгейін қалай көтермекпіз?
Кәрі-жастың жүрегіне бірдей жол табардай өміршең, шынайы шығармалар бойында ұлттық рух, мінез, табиғи талант астасып жатқан дарын иесінен ғана туса керек. Мұның сыртында заманауи білім мен білік те аса маңызды. Яғни өз қазанымызда ғана қайнайтын уақыт өтті. Мысалы, эстрада өнерін немесе шоу-бизнесті заңды тұрғыда негіздеп отырған кім? Әрине, Америка, Англия, Еуропа. Осы орайда, өнерімізді дүниежүзілік деңгейге көтереміз десек, бізге олармен санаспауға болмайды. Яғни олар қандай аспапта ойнайды, қалай аранжировка жасайды, оны ескеру шарт. Бұл ретте, белгілі әнші-композитор Жеңіс Сейдолла: «Сіз қазір орыс әндерінің 99 пайызынан балалайканы немесе баянды кездестірмейсіз. Біз, керісінше, әндеріміздің 99 пайызына домбыраны да, қобызды да, бәрін-бәрін тықпыштап тастағанбыз. Рас, «МузАРТ» пен кейінірек трио, квартет болып шыққан жігіттеріміздің біразы ұлттық аспаптарды ән-әуендеріне жақсы қолданды да. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты, шегі бар. Әлемдік деңгейге шығу үшін бізге енді көп нәрселерді басқаша ойластыру керек», – деген пікір айтады. «Біз қазір «Юрмала» сияқты халықаралық конкурстарға адам жібере алмай отырмыз. Жіберген күнде де ол адамымыз орысша немесе ағылшынша айтып өтіп жатыр. Қазақша ән айтып, топ жарып жатқан ешкім жоқ. Біздің ең үлкен олқылығымыз да – осы» деген ойын да әнші-композитор жиі айтып жүр.
Бір анығы, қазіргі уақытта қазақ әнінің, жалпы, қазақ өнерінің бірден-бір тыңдарманы, тұтынушысы қазақ халқы ғана болып отыр. Енді «Мұны өзгерту мүмкін бе? Басқаша айтқанда, қайткенде ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейте аламыз?» дегенге келсек, бұл арадағы мәселе кәсібилік пен шеберлікке байланысты. Мысалы, халықаралық деңгейдегі аранжировкамен әрлесек, өңдей алсақ, кез келген қазақша әнді, тіпті халық әнін де бүкіл дүниежүзі тыңдар еді, әлемдік деңгейдегі үлкен конкурстарға да қысылмай қатыстырар едік. Өкінішке қарай, бізде сондай мамандарды, әншілерді мемлекеттік деңгейде арнайы дайындауға көңіл бөлінбей отыр. Рас, шоу-бизнесті көтеруге тырысып жүрген жеке продюсерлер жоқ емес. Бірақ, Ж.Сейдолла айтпақшы, қанша тырысқанымен, бәрібір олардың шоу-бизнесі той-бизнеске айналады. Өйткені олардың сүйрелеп жүрген Линдасы, «Ордасы», Мақпал Исабековасы, бәрі-бәрі – Қазақстанның деңгейіндегі әншілер. Егер стильді өзгертпесе, айтып жүрген әндеріне халықаралық деңгейде аранжировка жасатпаса, одан шыға да алмайды.
Эстрада мен шоу-бизнестің халықаралық деңгейге сай өлшемін Англия, Америка, Еуропа музыканттарынан көруге болады. Сол себепті де өзін «композитормын» деп есептейтін әрбір адам шетелдің жақсы-жақсы деген әндерін тыңдап, содан бірдеңе үйренуге тырысуы керек. Ән-әуенімізді олардың үздік аранжировкасымен байытып, өзара үйлесім тапқаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Бізде жақсы дыбыс режиссерлері, аранжировка жасайтын мамандар әлі де тапшы. Әншілеріміз сол үшін біресе Мәскеуге, біресе Ташкентке сабылып жатады. Жеңіс Сейдолла «Осындай қажетті, зәру мамандықтар бойынша жастарды шетелге жіберіп оқытуымыз қажет. Үкімет оған қаржы бөлуі тиіс. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша заңгерлерді, математик, физик, химиктерді, жалпы, қаншама адамды жіберіп жатырмыз. Соның ішінде музыкант та, пианист те, скрипкашы да кетуі тиіс» – деген пікірде. Сол кезде ғана біздің музыка көтеріледі, сол кезде ғана біздің музыканы шетел біле бастайды, өзара шығармашылық байланыс орнайды, қарым-қатынас, араласу басталады. Сөйтіп, мәдениетіміз де, шоу-бизнесіміз де көтеріледі...
Құралай ҚОҢЫР
ескі әуен
Жұлдыздар Жасыбайға жиналды
Ертістің Павлодар өңірінде «Жұлдызды Жасыбай-2013» ретро фестивалі өтетінінен дүйім Қазақ елі хабардар. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек. Өйткені бүгін киелі Баянауыл топырағындағы Жасыбай көлінің жағасында Ертіс-Баян әуендерін еліміздің жарық жұлдыздары шырқайды.
Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, «МузАРТ» тобының әншісі:
– Павлодар жұртшылығымен қасиетті Рамазан айында қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Өз басым жер жәннаты атанған Баянауыл өлкесіне алғаш рет келдім. Бұған дейін жолым түспепті. Ретро фестивальға шақырту алғанда қуана-қуана келістік. Өйткені бұл өңір – халқымыздың даңқын әлемге асқақтатқан қазақтың жақсы мен жайсаңдарының Отаны. Бұл топырақты басу біз үшін үлкен мәртебе. Кеш барысында атақты балалар ақыны, танымал тұлға Мұзафар Әлімбаевтың «Маралдым» әнін шырқамақпыз. Осы шығарма талғампаз көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдіміз.
Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:
– «Әуе кемеміз Павлодарға қонды» деген хабарды естігенде өне-бойымды ерекше сезім билейтіні рас. Ол – сағыныш. Бұл – мен үшін ең ыстық, қымбат мекен. Бұл жер – өмірлік ұстазым, пір тұтатын тұлға Шәкен Аймановтың Отаны. Баянауыл жерінің тумасы болғанымды мақтан етемін. Өзімді Шәкен ағамның кішкентай жалғасы ретінде есептеймін. Ретро фестиваль барысында өнер көрсетіп, жерлестеріммен жүздесуден асқан бақыт жоқ шығар.
Берік КӨШЕРБЕКҰЛЫ, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі:
– «Жасыбай жұлдыздары» фестивалін жүргізу бақыты бұйырғанына дән ризамын. Шыны керек, Баянауыл өңірінде бұрын-соңды болып көрмеппін. Өзім Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында туып-өстім. Туған жерім ну орманды, табиғаты сұлу. Кіндік қаным тамған жеріме деген сағыныш сезімі кернейтіні рас. Сондықтан тау мен тасына қасиет тұнған, халқының маңдайына бақ қонған Баянауыл топырағын балалығымның ізі қалған жерімдей қадір тұтатыныма күмәнім жоқ.
Түйін
Павлодарға ретро фестивальдің ажарын ашып, жұртшылықты әсем әнге бөлейтін өнер иелерінің бір шоғыры келіп жетті. Өнерпаздардың қатарында әйгілі «МузАРТ», «KZ», «Алашұлы» топтары, жерлесіміз Меруерт Түсіпбаева, Ұлжан Айнақұлова мен Жанар Айжановалар болды.
Ақмарал ЕСІМХАН, Кереку
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі