Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Қазақ рок-н-роллы қайда жүр?
Шыр айнал да, билей бер! 1950 жылдары АҚШ-та пайда болып, дүниені дүр сілкіндірген жаңа музыкалық жанр Rock and roll-дың қазақша мағынасы осындай. Жалпы, бүгінде қазақ эстрадасы әннен кенде емес, әншілер жаңа ән шығарудан жарысқа түсіп кеткелі қай заман? Алайда, қанша ән естісек те, бәрі бір текті, бірінен бірі айырғысыз боп жататынын тыңдарманнан жиі естиміз. Бұл неліктен? Демек, бізде жанрлық түрлену жоқ деген сөз. Поп музыка, ары кетсе R&B, міне, осы бір-екі жанрды әрі айналдырамыз, бері айналдырамыз. Ал джаз, блюз, рок-н-ролл деген жанрларда ән жоқтың қасы. Бүгін осылардың ішінен рок-н-ролл жайлы қозғасақ. Қазақ жалпы осы жанрға әлі күнге дейін «жынойнақ» деп қарап келе жатқаны жасырын емес, бүгінгі буын біз осымен келісеміз бе?
Экскурс немесе рок-н-ролл қалай пайда болды?
Электрогитара, ұрмалы аспаптар, бас, фортепиано және  саксафон әуендерінің үндестігінен пайда болған рок-н-роллдың басқа музыкалық жанрлардан ең бірінші ерекшелігі – минутына 140-180 соққыға дейін жететін шапшаң ырғағы. Айтуға оңай көрінгенімен, аспаптарды үндестіре білу, содан жаңа бір музыкалық жанр тудыру – аса шеберлік пен талмай ізденісті қажет ететін іс. Музыкаға деген соншалық шексіз махаббаты бар, таза өнердің адамы болмаса, бүгінгідей бір күндік табысты ойлаған қоғамда ондай жетістіккке жету – екіталай. Ал рок-н-ролл әлі адамдардың таза өнерге қызмет етіп, оны ақша табу жолында халтураға айналдыра қоймаған  тұста қажырлы күш пен еңбекқорлық болмысынан дарыған Американың қара түсті қауымының арқасында туған еді. Бір-біріне еш қатысы жоқ әрі ешбір мәжбүр­леусіз, онша танымал да емес, қара түсті музыканттар ритм-энд-блюз, буги-вуги секілді бөлек-бөлек стильдерді бір-бірімен араластырып, тәжірибе жасап көрген. Байқаса, әлі ешкім естімеген әрі құлаққа жағымды бір үн пайда болыпты.
Музыка зерттеушілері ең алғашқы рок-н-ролл жанрындағы ән деп 1951 жылы Сэм Филлипс студиясында жазылған Айка Тернер тобының «Rocket 88»-ін атайды. Ал жанрдың атасы, яғни, оны алғаш термин ретінде қалыптастырып, музыкалық айналымға түсірген Алан Фрид деп саналады. Алайда әлі күнге дейін рок-н-ролл десе, көз алдымызға Элвис Пресли сынды әлемдік деңгейдегі теңдессіз әнші келеді. Себебі ол 1956 жылы осы жанрдың королі атанып, тек Америка ғана емес, күллі әлемнің жас буынын дүр сілкіндірген болатын. Ең бір кереметі, рок-н-ролл түп-тамырын қара нәсілділер әуенінен алғаны­мен, американдықтар да осы әуенді сүйіп орындап, сүйіп тыңдаған­дықтан, рок-н-ролл осы екі нәсіл ара­сындағы сонау кез­дерден келе жатқан алауыздықты біртін­деп әлсіретіп, соңында бауырласуына де­йін жеткізген тылсым күшке айнала білді. Яғни бұл музыка жалпы өнердің сая­сат кіре алмаған есіктен еніп, саясат шеше ал­маған мәселелерге күші жететін қуатқа ие екендігін аңғартса керек.
Рок-н-роллға да өз «Ұлытауы» керек шығар...
Қазақ эстрадасына осы рок-н-ролл жанры аса сіңе алмағандай. Жалпы, біз шыны керек, қабылдай алмайтын музыканы «жынойнақ» деп, жылы жауып қоя салатынымыз өтірік емес. Қазақтың «жынойнағының» тізімінде рок деп басталатын музыка ағымы бірінші тұрады десем, қателеспейтін де шығармын. Алты қырдың ар жағына естілетін диапазоны кең ән салып, сондай кеңдікте өскен табиғатымыздың әсері ме екен, әлде, өте жылдам ырғақты әуенді әлі күнге дейін бірден қабылдай қоймайтынымыз рас. Бірақ кейінгі кездері «Ұлытау» тобы Құрманғазының, Махамбеттің күйлерін рок жанрына салып, бірақ сонымен қатар ұлттық нақышпен де өрнектей отырып, керемет туынды жасап көрсетіп еді, қазақ кәдімгідей ойланып қал­ды. Бәлкім, рок-н-ролды да қазақ қа­бы­лдайтын сондай бір форматын табу керек шығар. Осы орайда музыка майталман­дары, сазгерлеріміз не дер екен?
Жеңіс Сейдоллаұлы, сазгер:
– Рок-н-ролл өзінің ойнақылығымен қазақтың табиғатымен жақсы үйлеседі деп білемін мен. Мәселен, бұрынғылардан «Дос-Мұқасан» тобының «Құдаша» әнін мен таза осы стильде жазылған және сәтті шыққан шығарма деп білемін. Сондай-ақ өзім де осы жанрда жаздым, «Қияли қыз» деген әнімді білсеңіздер, сол – рок-н-ролл. Жалпы, рок-н-ролл жанрында туынды жазу үшін кәдімгідей музыкалық білім керек. Білімнен бұрын оны көп тыңдағандар ғана жасай алады. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары осы рок-н-роллдың шыңы болды. Жалпы, рок-н-ролл – ағылшынтілді халықтардың эстрадасын әлемге танытып, әлемдік музыкаға жаңалық алып келген жанр. Джаз, соул, блюз деген стильдерді тек қана музыкадан өте жақсы хабары бар, білімі жетерлік жандар болмаса, әуесқойлар шығара алмайды. Көбіне қарапайым халықтан гөрі, аспапты шебер орындайтын музыканттар осы рок-н-роллға жақын болады.  Дәл қазір мен «Ойпырым-ай» атты жаңа туынды жазып жатырмын, ол нағыз осы жанрда болмақ. Сөзін Ибрагим Иса ағамыз жазды. Әлі жарыққа шыққан жоқ. Мүмкін өзім орындармын, мүмкін біреуге берермін. Бастысы, рок-н-ролл жанрындағы жаңа дүние шығатынын айтқым келеді. 

Жалпы жұрттың осы бір жанр жайлы пікірін білмекке Fasebook-те сауалнама жасап көріп едік, сондағы жауап былай болды.
Сандуғаш Кенжебаева, журналист:
– Мысалы, мен кез келген жанрдағы әнді көңіл күйіме қарай тыңдаймын. Ал енді рок-н-роллды әдейі іздеп тыңдай­мын десем өтірік болар. Тек соңғы кездері көбіне лирикалық әндерге әуес болып жүрмін. Бір білетінім, рок-н-ролл жеңіл жанр емес. Жас әншілеріміздің дұрыстап қолға алмай жүргені де содан болар деп ойлаймын. Егер айта алмаса әннің, қала берді жанрдың сыйқы кетеді. Сөзін мазмұнды, өңделуін сапалы, орындауын сауатты жасап шықса, аға буын өкілдері де, жастар да жақсы қабылдауы мүмкін жанрдың бірі деп санаймын. 
Дәуренбек Мерғалиев, жас әнші:
– Болашақта рок-н-роллды қолға аламыз, ендеше!

Мәриям ӘБСАТТАР


Өнердегі менеджмент мәселесі кейін қалып келеді

Дина ДҮТМАҒАМБЕТОВА, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Атыраулық Дина Дүтмағамбетованың есімі бүгінде тек Қазақ еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі. Көмейіне бұлбұл құс ұя салған әншінің бағындырған белесі аз емес. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер. Бірнеше республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері. Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда вокал өнерінен дәріс беретіні тағы бар.

– Дина Халымжанқызы, әдетте ән­шілер үшін танымалдылыққа тез қол жеткізудің бір жолы эстрада жанры­мен байланысты болып келеді. Сіз не­ліктен операны таңдадыңыз?
 – Бала күнімнен бір ғана арманым бол­ды. Ол – Бибігүл Төлегенова секілді әнші болу. Әлі есімде, бес-алты жасымда үй­дегі үлкен айнаның алдына тұрып алып, теле­дидардан көріп, радиодан естіген Би­бігүл апайдың орнына өзімді қойып, ерек­ше шабытпен шырқай жөнелетінмін. Өнер­ге деген бұл қызығушылығым музыка мектебіне апарды, домбыра сыныбын бітірдім. Ал орта мектепті аяқтаған соң қатар құрбыларым заңгер, экономист, мұнайшы секілді заманауи мамандықтар­ды таңдағанда, мен сол бала арманымның жетегімен Алматыға барып, әнші боламын деп талаптандым. Абай атындағы мем­ле­кеттік академиялық опера және балет теат­ры­ның жанындағы опера-хор студиясына қабыл­дандым. Екі жыл осы жерде білім алған соң, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына опера және концерт әншісі мамандығына оқуға түстім. 1998 жылы консерваторияны аяқ­тап, труппада жұмыс жасадым. Опера – өнердің биік шыңы. Өкінішке орай, сіз айтқандай, қазір жеңіл эстраданы бағалап кеттік. Операны екінің бірі түсіне бермейді және түсінуге ниет те танытпайды. Бұған ақпараттар тасқыны заманында опера өнеріне деген жарнаманың аздығы да се­беп шығар.
– Иә, бүгінде жарнамасыз аяқ бас­пайтын болдық. Жалпы, әнші үшін насихаттың қаншалықты әсері бар деп ойлайсыз?
–  Насихаттың маңызы ерекше. Өйткені өнерің қанша жерден керемет болса да, сені қолдап, насихаттамаса, құның көк тиын­ға айналады. Мысалы, мен барып жүр­ген шет мемлекеттерде әр әншінің жар­нама агенті бар. Тіпті Ресейдің өзінде со­лай. Бізде әзірге ондай келісімшарт жү­йесі қолға алынбай келеді. Осының кесі­рі­нен ел өнер иелерін жеткілікті деңгейде тани бермейді. Біздің опера және балет театрында талантты жастар көп. Олардың өнерлеріне қарап, еріксіз сүйсінесің. Бірақ соларды халық біле бермейді. Мұның бәрі – жарнаманың кемшіндігінен. Алматыға ба­рып, опера театрының өнерін тама­ша­лау­ға екінің бірінің мүмкіндігі бола бер­мей­ді. Ал  елді аралап, концерт қойғың кел­се, «сіздерді халық білмейді, жинал­май­ды» деген сылтауды алға тартады. Мы­салы, мені шетелде, Алматыда опера ән­шісі ретінде ел біледі, бірақ туған жерімде, Аты­рауда осы өнердің шамын жағып жүр­ген бір қызы ретінде мені танымайды да. Осы жаныма батады.
 – Әр нәрсенің өз уақыты, өз дәуірі болады. Менің ойымша, опера өнерін  ел бүгінде қабылдай алмай жатқаны­мен, түптің түбінде лайықты дәрежесін ала­ры сөзсіз. Жалпы, қай мамандық­тың иесі үшін де еңбегінің еленгенінен ас­қан қуаныш жоқ. Дина Халымжан­қызы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, сіз еліміздегі жоғары марапат­тар­дың бірі – Қазақстан Республика­сына еңбегі сіңген қайраткер атағына ие болдыңыз...
 – Иә, бұл мен үшін күтпеген әрі өте қуа­­нышты жайт болды. Марапатты тапсы­ру салтанатында қатты толқыдым. Үйсіз-күй­сіз, табанымнан сыз өтіп жүрген күнде­рім көз алдымнан тізбектеліп өтті. Шүкір дей­мін, талмай талаптанғанымның арқа­сын­да біраз жетістікке қол жеткіздім. Алай­да үйлеспей жүрген тірлігім де жоқ емес. Соның бастысы – туған жерімде концерт өткізу. Өткен жылы Махамбет атындағы об­лыстық драма театрында жерлестеріме арнап жеке концерт өткізгенмін, бірақ жар­нама аз болды ма, әлде, шынымен аты­ра­улықтарды опера өнері қызықтыр­мады ма, көрермен жиналмай қалды. Басқа елдің қолдағаны бір бөлек, туған же­ріңнің қызым деп маңдайыңнан сипа­ға­нына ештеңе жетпейді. Атыраулықтарға әде­мі кеш сыйлаудың да сәті бір күні түсер деген ойдамын.
– Өнер адамының жолы қай кезде де оңай болмаған. Сіздің өміріңізде қандай қиындықтар кездесті?
– Менің Алматыға барған күннен бүгінге дейін бір проблемам болса, ол – баспанамның жоқтығы. Тұрғын үй кезегіне әлдеқашан тұрсам да, қоныстойдың ауылы әлі де алыс секілді. Опера әншілері жанды дауыста ән салады, сондықтан да оларға күтім екі есе көп керек. Бірақ пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүргенде, өзіңді баптайтын мүмкіндік бола бермейді. 1998 жылы консерваторияны бітіріп, ассисен­турада оқыдым. Жатақта тұрдым. 2002 жылы жатаханадан кетуім керек болды. Амал­сыздан сүйретіліп Мәдениет ми­нистрлігінің жатақханасына бардым, он­да­ғылар «орын жоқ, жертөледе бір бөлме бар» деп, соны босатып берді. Оның да, әй­теуір, паналар орын демесең, сиқы жоқ. Сыз, салқын. Әрі жуынатын душ түгіл, судың өзін табу қиын. Күні бойы репетиция жасап, кешкісін театрда классикалық рөлдерді ойнап, өзімді керемет бақытты сезініп келемін. Жатақхананың есігін ашқан сәттен-ақ есімді жиямын, жарық та жоқ, қараңғыдан әзер деп жертөлеге түсіп, қарманып бөлменің есігін ашып кіріп, жылайтынмын. Сол бөлмеде үш жыл тұрдым. Нәтижесінде, бронхит ауруын жамадым. Денсаулығыма зияны тие бастаған соң, амалсыздың күнімен пәтер жалдауға тура келді. Қазір де пәтер жалдап тұрып жатырмын.
 – Осындай қиналған кездері қолды бір сілтеп, шетелге кетіп қалу туралы ой келмеді ме?
 – Шыны керек, шетелде классикалық өнерді, соның ішінде опера мен балетті жоғары бағалайды. Мүмкін, жақсы ұсыныс болып жатса, өзімді сынап көруім үшін ғана барар ма едім. Әйтпесе, ата-анамнан алыс жерде, жертөледе күй кешіп жүріп, классикалық рөлдерді сомдасам да, елімнен кету туралы ойланып көрмеппін.
– Сіз КСРО Халық әртісі Роза Жаманованың шәкіртісіз. Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз. Болашақ опера әншілерінің қандай қиындықтары бар деп ойлайсыз?
– Бұрын, мысалы, Роза апайларымның кезінде, радио-теледидарға арнайы ша­қы­рып, ән айтқызып, соған сай қалама­қы­сын беретін. Ал біздің заманымызда, кері­сін­ше, теледидардан көріну үшін мен қалтамнан ақша төлеуім керек болады. Осы үрдіс қалпына келсе екен деймін. Және бір қиындық – концерт өткізуге залды бергенмен, билет сату, жарнама, насихат секілді машақаты көп жұмыстар­дың бәрін өзің істеуің керек болады. Бұған менеджер керек, оны ұстау үшін ақша керек. Өнердегі менеджмент мәселесі бізде кейін қалып келеді. Жастар осының салқынын көрмесе екен.
Менің басты қағидамның бірі – өзімнің білгенімді, азды-көпті жинаған тәжіри­бем­ді өзгелермен бөлісу. Ән өнеріндегі тұңғыш ұстазым Мүнира Ижанова мен өнер­дегі анамдай болған Роза Жаманова­лар менің бойыма кеңдіктің, ізгі ниетті болу­дың дәнін септі. Енді мен де жастар­дың өнерге келуіне қамқоршы болсам деп армандаймын. Жетістіктеріне үнемі қуа­ныш­пен қарайтын шәкірттерім аз емес. Олар – менің мақтанышым.
– Ал еліміздегі опера өнерінің өрісі туралы не айтасыз?
– Мемлекет тарапынан қолдау жоқ деп айта алмаймын. Жыл сайын мәдениет саласына қаншама қаржы бөлініп жатыр. Рухани әлеуетімізді арттыру жолында жасалып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Жеке операға келер болсақ, мені ана тілі­міздегі опералық дүниелердің жазылмай жатқаны алаңдатады. Қазір де сахнаға шет­елдік дүниелерді шығарып жүрміз. Әри­не, әлемдік классиканың жөні бөлек, бірақ отандық музыка өнері соның көлең­ке­сінде қалмаса екен деймін. Бұрын театр­да көптеген қазақ операсы болатын, қазір со­лар шаңға көміліп қалды. Соларды жаң­ғырт­са және опера жазатын жас ком­по­зиторларға қолдау көрсетілсе, бұл өнер тағы бір сатыға көтерілер еді.
– Сіз әлемдік классикалық кейіп­кер­лерді опера театрының сахнасында сом­дадыңыз. Дегенмен осы рөлді орын­­дасам деген арман әлі де бар шы­ғар?
– Адамда арман таусылған ба? Әзірге қолым жете қоймаған рөл – «Фаусттағы» Маргаританың бейнесі. Шығармашылық тұрғыдан әбден толысқан шағымда кө­рер­мендерімді Маргаританың бейнесімен көзайым қылғым келеді.
– Ендеше, сол күннің тезірек болуын тілейік.
– Рақмет.
Бақытгүл БАБАШ


«Дос-Мұқасан» – 45-те, «A`–studio» – 25 жаста!
1967 жылы Алматы по­литехникалық институ­тының студенттері бола жүріп қазаққа алғаш ан­самбль сыйлаған «Дос-Мұ­қасан» биыл 45 жасқа келіпті. Сол кезде өңдерінен әлі балғындықтың белгісі кетпеген  жігіттердің бүгінде бір-екеуі тіпті өмірден де қайтып  үлгерсе, қалғаны­ның самайына ақ кіре бас­­таған. Алайда, «Дос-Мұ­қа­сан» қазақтың жүрегін­де әлі жап-жас күйде, әндерін де әр тыңда­ған сайын бірін­ші рет естіп тұрғандай қабыл­дайтыны­мыз шындық.
«Той жыры», «Құдаша қыз», «Алматы түні» сынды көптеген әндерсіз қазақ эстрадасы толыққанды болмас еді, қазақ тойын да осы әндерсіз елестету мүмкін емес секілді. Қырық бес жылда қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де, топты тарқатпай ұстаған өнер иелері құрметтің қандайына болса да лайық. Осы 45 жылдық мерейтойдың құрметіне ел болып істеген бір жақсы ісіміз деп әйгілі топтың мүсінін Алматыдағы Көктөбеге қоятынымызды айтуға болады. Британдық «Битлз» тобының қасында қазақтың «Дос-Мұқасаны» тұрса, Алматының одан сайын әрі кірмесе, көмескіленбесі анық. ТМД елдерінде ғана емес, тіпті әлемде көзі тірісінде ескерткіш қойылған бірден-бір топ осы «досмұқасандықтар» болмақ.
Алаштың атын әлемге әйгілеген тағы бір топ болса, ол –  A`Studio. 1987 жылы құрылған бұл топ өздерінің 25 жылдық мерейтойына орай, қазан айының 9-ы күні Алматы қаласындағы Республика сарайында концерт бермек. Билеттің ең төменгі бағасы 8000 болса, содан 30 мың теңгеге дейін барады екен.
Аталған екі топты да Алаштың мақтанышы ретінде кімнен болсын, ұялмай көрсете алатыныз айдан анық. Олай болса, қос топтың да қуанышы, мерейтойы құтты болсын дейміз!


Жыланды жіптей иірген
Сонау Малайзиядан Қазақ еліне келіп, өнерімен тәнті етіп жүрген тіршілік иесімен кездейсоқ «таныстым». Тойда. Әдемі әуеннің сазына елітіп, мың бұрала билеген биші қызбен бірге ортаға шыққан үлкен жыланды алғаш көргенде, денем дір ете түсті. Кейін көзім де, бойым да үйренді. «Бұл - Жаванда» деп таныстырды мені биші Айсұлу мойынына оралған жыланмен. Сұсты жылан мен сұлу қыздың тандемі бүгінде елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр, бұл – сөзсіз, өнер құдіреті.


«Бұрын жылан деген сөздің өзі маған қор­қынышты көрінетін, – дейді Айсұлу. – Анам алғашында жыланмен билеуді ұсын­ғанында, жүрегім тоқтап қалғандай бол­ды. Кейін ойланып, «бұл менің қолым­нан келеді» дедім. Құр өзім билеп қана қой­май, өнерде жаңалық жасағым кел­ді».
Айсұлудың анасы Мәрияш Құрба­ния­зо­ваның Өзбекстан елінен Атырауға қо­ныс аударғанына бірнеше жылдың жүзі бол­ды. Атақонысқа оралған Мәрияш ең алдымен халықтық өнерді жандандыруға күш салды. Бүгінде мұнайлы мекеннің тұр­ғын­дары оны он саусағынан өнер там­ған шебер, ісмер ретінде бағалайды. Бұл от­басының тұңғыш қызы – Гүлшарат Жұ­бае­ваның есімі «Келін», «Сіз кімсіз, Ка мыр­за?» фильмдері арқылы таныс. Өнер жо­лын қуған Айсұлу да екі жылдан бері «Жавандамен» билеп, талғампаз көрер­мен­нің көңілінен шығып жүр.
– «Жыланмен билеу үшін жүрегіңде батылдық болуы керек», – дейді Айсұлу. – Жаванданы биге үйретуге үш ай уақы­тым­ды жұмсадым.  Ал өзім бұл өнерді Ал­матыдағы Айым есімді бишіден үй­рен­дім. Менің жыланым «питом» түріне жата­ды,  ұзындығы 3 метр 2 сантиметр, сал­мағы 25 килограмм. Арнайы ыдыста сақ­таймын. Жыланның алдыңғы 4 ірі тісі улы болғандықтан, алып тастадық, бірақ оның қалған тістерінде де у болады, кей­де қатты шаршағанда тістеп алса, сол жер ара шаққандай ісіп кетеді. Қазір жасы алты­да, бұл әлі 15-20 жасқа дейін өседі.  
Жыланмен жұмыс жасау да оңай шар­уа емес. Оны ұйықтатып, тамақтан­ды­рып, шомылдырудан бөлек, бөлме­сі­нің тазалығына да мән беру керек. «Жаванда көп күтімді қажет етеді», – дейді Айсұлу. – Қыс мезгілінде салқын тиіп ауырып қа­лады, осы уақытта «Қызыл май» жағып емдейміз. Тамағына да кір­пияз­дықпен қарайды. Алдына әкелінген жануар еш жері ақсамаған, дені сау болса ғана жейді. Айына бір рет тамақтанады, 8-9 қоян­ды және тышқанды тірілей жұ­тып қоя­ды. Екі ай сайын терісі түлейді. Міне осы уақыттарда ол ашушаң, күйгелек бо­лып, өзгеріп кетеді. Маза­сызданып, та­мақ­қа тәбеті шаппайды, бұл аралықты үнемі бақылап отырамын, өзімнен бұрын Жаванданың көңіл-күйіне қараймын».
Жыланмен бірге өнер көрсетуді жетік меңгеріп алған Айсұлу енді бұрын - соңды қолданылмаған жануарлар мен жәндіктерді өзінің репертуарына қосып, сахнаға алып шығуды армандайды. «Олар қаншалықты улы болса, сонша­лық­ты шабыт береді», – дейді және. «Жа­ванда әсіресе қандай әуендерді жақ­сы көреді?»,– деген сұрағыма Айсұлу «Ол музыкаға емес, менің би қимылыма қарай билейді», – деп құпиясын ашты.
Иә, тірі жан атаулының бәрі мейірімге мұқтаж. Көрер көзге түрінің өзінде сұс­тылық пен суықтық бар жылан да «жылы-жылы сөйлесең, інінен шығады». Мұны бұрын сөз арасында айта салатын мақал деп қарап келгенім рас, бірақ шынында да жыланның аялы алақанды жақсы кө­ре­тініне, сұлулықты бағалайтынына осы жолы көзім жетті.
Ақкөбек ӘМІРЖАН

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста