Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Әндерімді опера әншілерінің орындағанын көздемеймін
«...Тау етегіндегі киіз үй. Ақ дастарқан, жер үстел. Соның жанында құрақ көрпеде құс жастыққа жантайған күйде ақын апа әнімді тыңдауға кірісті. Бірінен соң бірі екі ән айтып бола беріп ем, кенет жұдырығымен үстелді қойып қалмасы бар ма?!. Қапелімде, не болғанын түсінбей, селк ете түстім. Сөйтіп ем, ол кісі зілді үнмен тістене «әннің бәрі төсекке шақырып тұратын боп алды... барабанмен ән жазатын сазгерлерден аяқ алып жүргісіз... Осындай шетел әуенімен уланған заманда қазақтың әнін, Роза, саған сеніп тапсырамын» деді.
Бұл – Алаштың айбынды ақыны Фариза Оңғарсынованың соңынан ілескен сіңлісі, сазгер, әнші Роза Әлқожаға артқан аманаты. Әні бар, қала берді телеарнада жүргізушілік жұмысы, ал оның бәрінен бұрын төрт баланың жауапкершілігі, әйтеуір күйбең тірлік жетегінде кездесу сәті түспей жүр еді, Розамен әңгіме ә дегеннен осылай өріле кетті.

Ән – аманат, көтере алмағанға – жаман ат
– «Жігітінен қазақтың дос таба алмай...» деп Мұқағали ақынның өзі мұң шаққанда, қыңқ демей көтерген Фариза апамызбен қашаннан таныс­сыз­дар?


– Мен өзім бала кезден Фариза апам­ның өлеңдерін жастанып өстім. Алайда танысудың реті келмей жүретін. Содан был­тыр Астанада Фариза ақынмен кездесу болды. Сол жерде «Досыма» деген өлеңімді оқып берген болатынмын. Сонда ол кісі «Мен сыйға тартқан орамал» секілді әні бар Роза сіңлімді сырттай ұнатып жүру­ші едім, ал қазір өлеңін тыңдап отырсам, бұл өзі жақсы ақын да екен» демесі бар ма?... Содан телефон нөмір алмасып, хабарласып тұратын болдық. Осы қыста кенет бір күні «Айналайын, Роза, Алматыға бара жатырмын» деп қоңырау шалды. Сол қоңырауында да «Осы өзіңнің «Келем деп неге алдайсың?» деген әнің радиодан жиі беріледі. Сол менің миымда жатталып қалғаны сонша, қайталанады да тұрады. Мен қазақ қыздарын өте жоғары қоямын, олай болса сол мықтылықтарыңды сақтап, ер-азамат атаулыға жалына беруді қой­саң­даршы!» деп аздап кейіп алды да, ар­тынан, – қазақ қызына тән өрлігіңді біліп, тәкаппарлығыңды сақта! – деп кеңес бер­ді. Алматыға келгенде күтіп алдым да, тауға алып кеттім. Ондағы ойым тұма та­биғатта ақын апамызбен бір емен-жарқын сырласып, жақын танысу еді. Міне, әлгі жоғарыда айтылған жағдай осы кезде орын алып еді. Ақын апа маған солай қазақ әнін аманаттады. Біле білгенге қан­дай мәртебе, бірақ сонымен қатар жауап­кершілігі зілдей аманат! Сол сапарында Астанаға шығарып салып тұрып «Фариза апай, мен сіздің поэзияңызбен өскен қыз едім, бірақ әлі күнге бір өлеңіңізге ән жазбаған екенмін. Алла бұйырса, енді өзіңізден қолқалап сұраймын, әніме сөз жазасыз ба?» деп едім, риза кейіппен бетіме қарап «қарағым, осы жағы қиындау екен, өзің қарарсың өлеңдерімнен» деді. Ұлы адам ғой, содан ғой басқаларға ұқсап «әніңе сөз жазайын» болмаса «әнімді орында» деп белден басқан жоқ, керісінше соншалық кішірейіп тұр.
Менің жанрым – смс-хат
– Фариза апамыз екінің біріне иліге бермейтін өр тұлға ғой. Ол кісі­нің өзі «сен жақсы ақын да екенсің...» деуі тегін емес. Сөз киесі қонбаса, ақын­дардан өзіңізге серік іздемес едіңіз-ау... Бірақ өзіңіз сол қырыңызды мойындамайсыз-ау деймін, солай ма?
– Шығармашылық кешімдегі Ақмарал Леубаевамен арадағы хаттарды меңзеп тұрсыз ғой?
– Иә, ол да бар...
– Шыны керек, ол негізі әдейі емес, ерік­сіз, ішкі жан дүниенің қалауымен болып кеткен іс еді. Мен өзім бала күнімнен күнделік жүргіземін. Сондықтан бұл смс-хаттарды да түгелдей тізіп, күнделігіме түсіріп отырғанмын. Кейін қарасам, 2009 жылдың 29 желтоқсанында басталған хат келесі 2010 жылдың 28 желтоқсанында аяқталыпты, тура бір жыл хат алысыппыз. Кешімді өткізерде жан-жақты іздендім, сонда Асанәлі ағамыз «менің жанрым – күнделік» десе, мен «менің жанрым – смс» деп, шумақтарды қойылым ретінде сах­наға алып шықтым. Ел алдында жүрген ақын, мейлі сазгер, мейлі әнші болсын, олар­дың өмірінің де тек балдан тұрмайты­нын, олардың да іштей күйрейтінін, таусылатынын, өзін-өзі қайрайтын сәті болатынын сол смс-хаттар көрсетіп берді. Роза Сейілхан деген ақын құрбым «мен қойылым бойына жылап отырдым, өйткені мен әлі өз биігіме шыққан жоқпын. Өзімдегі өкпе-наз ба, әйтеуір булыққан сезімді сенен де көріп, өзіңмен бір үндестік таптым» деді. Әсіресе, «Мен әлі жарқ етемін, Ант етемін» деген секілді сөздер ерекше әсер етсе керек. Ақмарал апамыз енді сол смс-ті жалғастырсақ, солайша түбі драмалық шығармаға айналар ма еді деген ой айтады. Бірақ бір кездерде еріксіз шыққан сөздерді енді бүгін саналы түрде жазу мүмкін емес екен, мен соны түсіндім. Себебі риясыз ақтарылу бөлек те, оның жария болатынын білу тіпті бөлек. Сонысымен де құнды болып қала береді.
– «Ақындармен сыр алысып, жан­дүниемді рақат күйге бөлегенім бол­маса, өзімді ақын санамаймын» деген ойыңызды ұқтым. Ал ендеше, өзіңізді кім деп мойындайсыз, шындап кел­ген­де?
– Маған «сіз кімсіз?» дегенде, «ең біріншіден, сазгермін» деп жауап беремін. Мүмкін, мен керемет орындамайтын да шығармын, бірақ тамшыдай болсын қазақ әніне үлес қосып жүрсем, маған сол жеткілікті. Орыстың ұлы ақыны Есениннің өзі қарапайымдылығы сонша «я крестя­нин» деп қана айтқан ғой өзі жайлы. Мен өз әнімді опера әншілерінің орын­дағанын көздемеймін. Бірақ жүрегімнің түбінен жарып шыққан әнмен жүректерді жұбатуға жарасам, демек, еңбегімнің еш кетпегені деп білем. Ал енді өзім сөз қадірін білетін адам болған соң, сөзін өзім жаза салмай­мын, кәдімгі поэзияда орны бар, мықты ақындарға жаздырамын.
Әсет, Майра, Роза...
– Роза, сіздің алғаш шығармашы­лыққа микрофон емес, қалам ұстап келгеніңізді бүгінгі жұрттың біразы білсе, білмейтіндері де кездеседі. Егер дәл қазір журналистикада жүрсеңіз, нендей мәселені жазар едіңіз?
– Кейде жалпы ән сапасына талдау жасағым келіп кетеді. Себебі қазір кәсіби сыншы жоқтың қасы. Поэзияда Аманхан Әлім секілді ағаларымыз бар. Музыкада сыншылар болғанымен, бүгінде олар қоғамда самарқау жатыр. Алайда мен өз-өзіме қатты сын көзбен қарап, барынша тежеймін. Мысалы, «Ән салшы, Роза» де­ген әнімді бұрынырақта шығарсам да, көпке дейін орындауға ұялып жүрдім. «Өз атын өзі шақырған көкек сияқтанып көрінермін» деп. Бірақ бірде Сейіл Аяғанов ағамыз тыңдап, «Роза-ау, бұл бүгін пайда болған емес, қазақтың баяғы сал-серілері­нен бері келе жатқан дүние ғой. «Арғын­мын, атым Әсет арындаған» деген бар, болмаса «Майра, Майра, қызыл тілім сай­ра» деп айтады. Сен неден ұяласың ен­деше, жарияла» деген болатын. Содан бір күні Берік Жүсіп ағамызбен кездесіп қал­дым, сөзден сөз шығып, осы мәселе тағы тілге тиек болды. «Сәйгүліктерде көптен бәйгеге түспей қалған кездерде жал-құйрығын көкке көтере шабатын кездері болады. Ол – өзін-өзі қамшылауы. Сол сияқты сенің мына әнің де белгілі-бір кезеңде шығармашылықта аздаған тоқтау болып қап, соған күйзеліп жүргенде, сол күйзелістен өзіңді-өзің алып шығуың» деді. Расында, менің «Ән салшы, Роза» әнім өзімді қамшылау, сонымен қатар өзіме дейінгі қазақ өнеріндегі Бағланова бастаған, Рымбаева сынды Роза апайлары­ма құрмет, ізет көрсету мағынасындағы дүние еді. Жоғарыдағы екі ағамның берген бағаларынан соң, мен «шындап келгенде, мен өз әнімді өзім дұрыс бағалай алмайды екенмін ғой» деген ойға келдім. Әңгімеміз­дің басында қазір өнерде сыншы жоқ деп едім ғой, Берік ағамыздың түбі сол ән саласын­дағы сыншылықты қолға алғысы келетін ойы бар екен. Соның ішінде менің де шығармашылығыма талдау жасау ойында жүргенге ұқсайды. Дәстүрлі әнші, жырау Берік Жүсіптей ағамның маған бір ауыз «дәстүрлі әннің жалғастырушысы» деп баға беруі – мен үшін зор мәртебе.

Соңғы жаңалықтары:
«Мен сыйға тартқан орамалдың» Еркін Нұржановпен дуэт нұсқасына клип түсіруге кірісті;
 «Сырдария» әнін жазып, (сөзі Назгүл Бердіқожа) Заттыбек Көпбосыновқа берді;
Осы оразада ұлдары Жанарысты сүндетке отырғызып, мұсылман қатарына қосты.


Қысқа қайырғанда...
Алматының ел ең көп қыдыратын жері Арбатта бір қайыршы келіншек тұрады. Роза Әлқожа әндерінің ең бел­сенді, әрі ең шынайы насихатшысы деуге болады әлгіні. «Тәйірі, қайыршы менің әнімді айта ма?» деп мұрын шүйі­ре, намыстанатын әншілер де та­бы­латын шығар. Бірақ Роза олай демейді. Себебі қайыршының да өз жүрек қа­лауы­­мен ән салуға қақысы бар. Екінші­ден, қайыршы да болса халықтың жү­ре­гіне қозғау салатын әнді таңдары хақ. Елімізде ханнан бастап қайыршы­ға дейін орындайтын нөмірі бірінші ән Шәмші Қалдаяқовтыкі десек, енді міне – Роза әндерінің халық болып шырқай­тын туындыға айналғанының айқын дәлелі.


Ол туралы
«Сенің әнің басқа сазгерлердің әніне қарағанда сөзінің естілігімен ерекшеленетін, сонысымен есте қалатын болады...»
Бауыржан Халиолла
«Шәмшіден кейінгі өлара кезеңде қазақы ырғақта, жүрекке жақын Розаның әні келді. Сондықтан мен Розаны қар астынан жарып шыққан бәйшешекке теңеймін»
Қасымхан Бегіманов
«Роза – дәстүрлі әннің төсегіне аунап алған, сөйтіп, өзінің жүрегінен жарып шыққан туындыны елге ұсынып жүрген ерекше дарын иесі»
Берік Жүсіп
«Мен сенің шексіз кеңістікте ән жазатыныңа қуанамын әрі қызығамын. Бір жағы оқымағаның да дұрыс болған. Өйткені оқысаң, белгілі бір стандартта шектеліп қалар едің»
Тілеулес Құрманғалиев

Шумақтар
Мен әрі тірілемін,
Бұрымды сілкіп тастап.
Өкініш парақтарын
Кеудемнен жыртып тастап.
Сол кезде дұшпандарым
Сесімнен үркіп қашпақ.
Мен әлі көрсетемін
Үміттің өлмейтінін,
Бар жұлдыз сөнбейтінін.
Бір Аллам берген қуат
Бұғауға көнбейтінін.
Мен әлі жарқ етемін,
Ант етемін!


«Алашыңа ән сыйла»


Еліміздің еңсесін тіктеп, рухын жігерлендіретін әнге байқау жария­ла­ғанымыз оқырман қауымға белгілі. Осыған дейін Алашқа әйгілі Күләш Ахметова, Темірғали Көпбаев, Әлібек Шегебай, Ұлықбек Есдәулет сынды ақындарымыздың өлең жолдарын кеудесін күй кернеген композитор қауым назарына ұсын­сақ, енді бүгін назарларыңызға бел­гілі ақын, «Мұқағали» журналы­ның бас редакторы Батық Мәжитұ­лы­ның жыр жолдарын ұсынамыз.  Ақын өлеңдеріне осыған дейін бірнеше ән де шығып үлгерген. Әйтсе де мына өлеңнің жөні бөлек секілді.

Қазағым-ай

Қанымсың, жүрегімсің, бауырымсың,
Таңымсың, тірегімсің, жарығымсың.
Шыққандар өзегіңнен және ұғынсын,
Өмірдің сенсіз мынау мәні құрсын.

Тілімсің – шымырлатып жыр толғайтын,
Топшылы қанатымсың бір талмайтын.
Шынарсың – тамырыңды қырқа алмайтын,
Тарихсың – жауларың да жырта алмайтын.

Жомартсың – дастарханы жиылмайтын,
Ордасың қонақтары тыйылмайтын.
Шабытсың – кез келгенге бұйырмайтын,
Тұлпарсың алты қырды шиырлайтын.

Нанымсың – бұйырған дәм, татар асым,
Әнімсің – білмес жердің шекарасын.
Сезімсің – ұлы айдыны мқлдірегін,
Өзімсің – мені туған ата-анасың!
Қазағым-ай!

Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, «Мұқағали» журналының қабылдау бөліміне хабарласу арқылы, автормен байланыс орнатуыңызға болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындарға да құлаққағыс!


Классикаға күшті насихат керек
Қазақстанда классикалық музыкаға сұраныс аз деп жатады. Бірақ бұл жағдай – елімізде ғана емес, әлем бойынша бар мәселе. Жуырда Алматыда осымен үшінші жыл өткен «Оркестрлер шеруі» фестивалінде классикалық музыканың әлемге әйгілі шеберлері осы жөнінде пікір білдірді. Опера өнері өкілдерінің айтуынша, асқақ музыканың тыңдармандары көп, дегенмен насихат керек-ақ.


Ашық аспан астында өнер көрсеткен әлемнің танымал теноры Алессандро Сафина журналистерге «Алматыда осы­дан екі жыл бұрын болып, басқа бір концертте өнер көрсеткенмін. «Оркестр­лер шеруіне» тұңғыш рет қатысып отыр­мын. Дыбыс жүйесі де, оркестр де жақсы, көңілімнен шықты. Дыбыс жүйесінде мен үшін ешқандай проблема болған жоқ, сахнада дауыс жақсы естілді. Ал көрер­мен­дерге қалай болғанын айта алмай­мын», – деп, әсерімен бөлісті. Оның ай­туынша, қазір классикалық музыка бір кездердегідей танымал емес. Айталық, Италияда жастар операға, кәсіби музыка­ға қызыға бермей­ді. Өйткені операға жұрт аз барады, мек­теп­терде музыка сабағы дұрыс оқытыл­майды және басқа да себептері көп. Сол себепті музыкант классикалық өнерге айрықша көңіл бөлу керектігін айтты. Ал Ресейдің опера әншісі, бірнеше халықа­ралық байқаудың бас жүлдегері Әлфия Кәрімованың пікі­рінше, классикалық музыканың кең қолдау табуына поп мәде­ниеті кері әсер етіп отыр. «Классика, әсіресе, опера – таңдаулыларға ғана арналған өнер» деп жатады. Шын­дығында, бұл өнерге насихат жетіспейді. Сол себепті бүгінгідей кештер көп болса, бұқара классикаға жақындай түсер еді. Поп музы­кадан гөрі операны сүйіңіздер, классиканы тыңдаңыздар, бұл – нағыз өнер!» – дейді әнші. Белгілі опера әншісі, тамаша баритон иесі Сүндет Байғожин де Алматыда опера музыкасын тыңдайтын аудиторияның айрықша ықыласын сезіне­ді. «Оркестрлер шеруінде» әлемге әйгілі әртістермен бір сахнада өнер көрсет­кеніме қуаныштымын. Кәсіби әнші кез келген талантпен лайықты өнер көрсетуге дайын болуы, соған ұмты­луы керек деп ойлай­мын. Тыңдар­мандар аура­сы өте жақсы болды, мен айрықша ләззат­пен ән айттым. Бір­неше нөмірді тағы жос­пар­лаған едім, бірақ, өкінішке қарай, уақыттың ты­ғыздығынан қыс­қар­тылды. Дегенмен оларды келер жылы орындауға мүмкін­дік болады деп сене­мін», – деді халықа­ралық бай­қаулардың лауреаты. Еске сала кетейік, «Оркестрлер шеруі» атты клас­сикалық музыка кеші Алматыда қыркү­йектің 6-7-8-і күндері өтті. Фести­вальде Дінзуһра Тілендиева дирижерлік ететін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклор­лық-этнография­лық оркестрі, Жалғасбек Бегендіков жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Ваг Папян жетекшілік ететін Мемлекеттік академия­лық симфо­ниялық оркестр және Мемле­кет­тік үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Оркестр­лердің сүйемелдеуімен Бибігүл Төлеге­нова, Алессандро Сафина Әлфия Кәрі­мова, Сон Паскаль, «Меццо» квартеті, Сүн­дет Байғо­жин сияқ­ты танымал орын­даушы­лар ән шыр­қады. Жұртшылық украи­налық кер­нейші Андрей Илькив пен қазақ­стан­дық вио­лон­чельші Сәния Дүркееваның өнерін де тамашалады. 

Әлфия Кәрімова, Ресейдің опера әншісі:
Алматы жұртшылығымен жүздесу – мен үшін әрқашан бір үлкен мереке. Өнер көрсету кестесінің тығыздығынан Алматыда жиі бола бермеймін. Бірақ аз ғана күн уақыт табылып жатса, осында келуге тырысамын. «Оркестрлер шеруінде» өзім жақсы көретін Алессандро Сафинамен ән айтамын деп ойламаған едім, міне, соның сәті Алматыда түсті. Қазақстанда классиканы тыңдау мәдениеті жоғары.

Болатбек МҰХТАРОВ


Жұлдыздар жұбайымен мақтанбақ 
Рас, мақтанғанда қандай?!.
Кәдімгідей танымал әншілер, әртістер енді ел алдына әйелін не күйеуін ертіп шығады да, ал келіп соның артықшылығын айтып, бірімен-бірі жарысады. 


Жұлдыздың әйелі күйеуін өлеңдетіп, әндетіп таныстырса, жұлдыздың күйеуі, яғни, әйелі жұлдыз еркектер өз қолындағы жұлдызын қалай аялайтынын көрсетуге тиіс. 
«Атасын сабағанды көрсек те, арбаға байлап қойып сабағанды көрсем көзім шықсын» деген екен баяғыда бір қазақ. Сол секілді бүгінге дейін біз ерлердің күш сынасқанын, ән айтқанын, би билегенін немесе күй тартқанын көрсек, енді  олардың «бәйгеге» әйелі не күйеуін тартқанын тамашалағанымыз қалай болар екен?!. Тізгінін ұстайтын танымал тележүргізуші Динара Сәтжан мен актер Берік Тұрсынбе­ков­тер екен. Не де болса, қыркүйектің 23-ін күтіп, «Астана» телеарнасынан болатын «Саған сенемін. Мой лучший!» жаңа ойын-сауықтық жобасын бағайық.
Кім білсін, бәлкім, дәл қазіргі қоғамға мұндай жобалар керек те шығар. «Сен сияқ­ты мені ешкім өкпелетіп, жұбата да алмаған сен сияқты» деп,  бәлкім, қарапа­йым отбасылар жұлдызды жұптарға қарап бой түзер... Солар секілді әдемі өмір сүріп, әдемі жүріп-тұруға ұмтылар. Бірақ әйтеуір әйелі мен күйеуі балаларын ұмытып, ән айтып кетпесе жарар да...

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста