Анимация
Қолды қаржы байлап тұр
«Талай жас өскіннің қиялына қанат бітірген «Толағай», «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз», «Қанатты Барыс», «Қазақия», «Мұңлық – Зарлық», «Сапа олимпиадасы» сияқты тың туындылар – бар-жоғы бірнеше жылдың ішіндегі жетістік» дегенге біреу сенсе, біреу сене қоймас. Осы орайда шаңырағын тіктегеніне бір жыл ғана болған «Оңтүстік-фильм» киностудиясының еңбегін ерекше атап өткен орынды. Бізде сауатты аниматорлар көп емес.
Солардың бірі «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры, режиссер, сценарист, аниматор Батырхан Дәуренбеков екендігі белгілі. Жетістіктеріне ешқашан тоқмейілсімеген аниматор Қазақ елін, жерін насихаттайтын мультфильмдерді жарыққа шығаруға білек сыбана кірісуде. Сөйтіп, киностудия бүгінде «Айбынды аула» және «Кім күшті?» деген мультфильмдерді дайындап жатыр. «Айбынды аула» Қазақстанның көпұлттылығын және ондағы тыныштық пен татулықты насихаттайды. Ал «Кім күшті?» туындысында жануарлар арасында ұйымдастырылған спорттық жарыста қазақтың барысы жеңіп шығады. Бұл жердегі мақсат – қазақ күресін насихаттау, балаларды спортқа баулу. Шығармашылық топ жақын арада жұмысын тамамдап, фильмді көрермен назарына ұсынбақшы.
– Қазақ мультфильмі бүгінде өте баяу дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ анимациясы тұралап тұр. Қанатын кеңге жайып, өрісі кеңеюі үшін көп еңбек етіп, сапалы дүниелер ұсынуымыз керек. Сол себепті де бұл салада атқарылатын жұмыс көп. Халқымыз ақ найзаның ұшымен жерімізді қорғап қалған батырларымызбен мақтанады емес пе? Алайда сол ержүрек ерлер, халықтық дастандардағы қаһармандар туралы қазақтілді бірде-бір мультфильм жоқ. Бұған дейін шыққан «Ер Тарғын», «Ер Төстік пен айдаһар» мультфильмдерінің бірі аңыз әңгімеге негізделсе, енді бірі түпнұсқадан алшақтап, ұлттық құндылығын жоғалтқан, – дейді «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры, режиссер Батырхан Дәуренбеков.
Елімізде шетелдің мультфильмдері көптеп сатылуда. Атыс-шабысқа толы сол туындылардың жас ұрпақты қатыгездікке тәрбиелемесіне кім кепіл? Сәбилеріміздің санасы Еуропаның, Американың идеологиясын насихаттайтын дүниелермен улануда. «Өрмекші-адам», «Трансформер» секілді дүниелерден гөрі ұлттық салт-дәстүрімізге жақын туындыларды балаларға көптеп көрсетуіміз қажет. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жайттардың бәрі – елімізге лап қойған жат мәдениет өнімдерін талғамсыз тұтынудың салдары. Кино мамандары мұның бәрін түсініп отыр және ұрпақ тәрбиесіне үн қосатындай жақсы дүниелер ұсынуға олардың қабілет-қарымы да жетеді. Өкінішке қарай, қол қысқа. Ал мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, жылына балаларға арналған екі-үш кино түсіруге болады екен. Оған орталықтың материалдық-техникалық базасы да сай.
Тағы бір қуанарлық жайт – «Оңтүстік-фильм» киностудиясы балаларға арнап «Томпақ» атты фильм түсіріп жатыр. Бұл – Қазақстандағы бірінші анимациялық кинотуынды. Сондай-ақ алдағы уақытта оңтүстіктің тарихи жерлерін насихаттайтын «Ерлік» деген деректі фильм түсіру де ойда бар.
Нұршат ТӨКЕН, Шымкент
Жаңа бейне
Сартай енді «Сұңқарда» ойнайды
Асылхан Төлепов режиссер Жасұлан Пошановтың «Сұңқар» атты жаңа телехикаясында басты рөлді орындайды. Тұлпар мен баланың достығына негізделген телехикая күзде «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі деп жоспарлануда.
«Бұл біздің менталитетіміз бен тәрбиемізге жақын фильмдердің қатарын толықтырады. Бұған дейін тұлпар мен адамның достығы жайлы фильмдер көп түсірілген, алайда мұндағы ерекшелік – оның қазаққа жақындығында. «Сұңқар» – қарапайым достық, махаббат, сатқындық оқиғаларына құрылған тәрбиелік мәні бар фильм», – дейді режиссер Жасұлан Пошанов.
«Сұңқарға» «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танымал болған Асылхан Төлеповпен қатар, тәжірибелі актерлер Ержан Жарылқасынов, Бауыржан Қаптағаев және Асхат Үрпеков түседі.
Телехикая
«25-шақырымның» екінші маусымы басталды
Осыдан бірер күн бұрын «Хабар» телеарнасынан «25-шақырым» телехикаясының 2-маусымы басталды.
Отбасы төңірегіндегі түрлі жағдайлар, құдалардың қарым-қатынасы, бір сөзбен айтқанда, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі қызықты оқиғалар баяндалатын телехикаяның екінші маусымы «Алатау» сауықтыру орнында түсірілген. Телехикаяның сценарий авторы, режиссер Игорь Пискуновтың айтуынша, қазіргі кезде шым-шытырық оқиғаға негізделген, қантөгіс көріністеріне толы фильмдер теледидарды жаулап алды. Сондықтан комедия жанрындағы телехикая түсіру – қажет те құптарлық бастама.
Көрермен телехикаяның биылғы маусымындағы бөлімінен Ғазиза Әбдінәбиева, Владимир Толоконников, Жанна Қуанышева, Сәкен Рақышев, Сергей Погосянмен қатар, көпшілікке Дамир Манабайдың «Лабиринт» фильмі арқылы танылған Гүл Зиятованы да көре алады.
Конкурс
Үздік киножобалар анықталды
«Қазақстандық киножобалар нарығы-2013» конкурсының қорытындысы шықты.
Ресми байқауға өткен үміткерлер өздерінің жобаларын 2013 жылдың 19 қыркүйегінде «Еуразия» кинофестивалінің ашық презентациясы аясында ұсынады. Халықаралық сарапшылар жеңімпаз деп тапқан жобаға «Қазақфильм» киностудиясының тарапынан қолдау көрсетіледі. Биыл байқаудың ресми бөліміне Анар Құсайынованың «Шынжырлар», Әділхан Ержановтың «Әлияжан», Мәрия Әбдиеваның «Біздің жол», Мадияр Қасымовтың «Дана», Артем Ганцевтың «Қазақстан даласындағы Ленин», Салтанат Мырзалинова-Яковлеваның «Ертең болады», Төлеген Байтүкеновтің «Асылханның оралуы», Марина Кунарованың «Қуаныш», Серік Әбішевтің «Адемока» және Антон Митневтің «Ауыл дәрігері» атты туындылары өткен.
«Қазақстандық киножобалар нарығына» бүкіл Қазақстан бойынша 70-тен астам өтініш қабылданған. «Іріктеу кезеңі өте қиын болды. Барлық жобаларды кез келген байқаулар сынды кинонарықтың талаптарына сәйкес қарастырдық. Мысалы, автордың ерекше көзқарасы, сценарийдің болуы, жобаны халықаралық деңгейдегі өнім ретінде шығару мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ автордың түсірілімдегі тәжірибесі, материалының сапасы аса маңызды факторлардың бірі болды. Бұл нарық 2011 жылы «Еуразия» кинофестивалінің ең жарқын оқиғасы болған. Биылғы жылы да бәрі өткен жылғыдай қызықты өтеді деп сенемін», – дейді киножобалар нарығының директоры Ілияс Ахметов. Бір айта кетерлік жайт – өткен жылғы «Қазақстандық киножобалар нарығына» келіп түскен 60 өтініштің ішінен Эмир Байғазиннің «Үндестік сабақтары» атты алғашқы туындысы топ жарып шыққан болатын.
Жаңа комедия
Армяндармен бірлесіп кино түсірдік
Режиссер Гора Киракосянның «Атпен жүріс» атты шытырман оқиғалы комедиясы алдағы қазан айында қазақстандық прокатқа шығады. Фильм – Қазақстан мен Арменияның бірлескен жұмысы.
Шытырман оқиғалы картинаның сюжеті бойынша, Алматының Орталық мұражайында аса бағалы жәдігер «Темірланның лағыл жүзігі», басқаша айтсақ, «Бүркіттің қызыл көзі» сақтаулы тұрады. Шебердің басқаруындағы легионерлер тобы таққа отырғызу рәсімін өткізіп, Легион дәуіріне аяқ басады. Рәсімді өткізу үшін үш атрибут: Арыстан жүректі Ричард қалқаны, Александр Македонскийдің қылышы және Темірланның лағыл жүзігі қажет. Алғашқы екеуін легионерлер мұражайдан ұрлап әкеткен, енді «Бүркіттің қызыл көзін» олжалауға кезек келіп тұр. Бұл шаруа жоғары деңгейлі кәсіпқой Мұратқа (Санжар Мәдиев) жүктелген. Алматының Орталық мұражайында бұл кезде шахматтан халықаралық турнирдің соңғы сәттері өтіп жатады. Чемпион атанған Тигран Варданян (Ованес Азоян) ойламаған жерден қарақшылардың жолында тұрып қалады.
Басты рөлдерді армян актері Ованес Азоян, сондай-ақ отандық өнер шеберлерінен Әсел Сағатова, Санжар Мәдиев және Бақытжан Әлпейісов орындайды. «Бұл – кеңестік, тіпті Рязанов стиліндегі жылы комедия. Оқиғалары өте ізгі, жайма-шуақ. Тіпті жағымсыз кейіпкерлердің өзінің өңі жылы. Мен жағымсыз кейіпкердің рөлінде ойнаймын, бірақ менің кейіпкерімнің өз шындығы бар», – дейді Санжар Мәдиев. Түсіру жұмыстары Армения мен Қазақстанда өтуде. Көпшілікке таратылған баспасөз хабарламасында айтылғандай, бұл мәдениеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы тереңнен тамыр алып жатқан Армения мен Қазақстанның белгілі бір дәрежедегі төлқұжаты болмақ.
Фестиваль
«Шал» «Киношокта» көрсетіледі
Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі 15-22 қыркүйек аралығында өтетін Халықаралық «Киношок-2013» кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына өткен 11 туындының қатарына кірді.
Негізгі бағдарламаға «Шалмен» қатар, режиссерлер Дмитрий Томашпольский мен Алена Демьяненконың «F 63.9 махаббат дерті», Харди Вольмераның «Тірі суреттер», Айгарса Грауба «1935 армандағы топ», Камар Камаловтың «Ұмытпа мені», Георгий Качаровтың «Грузияда шығарылған... тегін», Темір Бірназаровтың «Құштарлық», Руфат Гасанов пен Эльвин Адыгозелдің «Хамелеон», Виктор Тихомировтың «Чапаев-Чапаев», Аудрюс Юзенастың «Экскурсантка» және Мария Саакянның «Бұл мен емес» атты туындылары өткен.
Фестиваль аясында негізгі бағдарламадан тыс ұйымдастырылған «Шок шекарасы», «ТВ-Шок» және «КиноМалыШок» атты үш конкурсқа қазақстандық режиссер Вениамин Ильясов «Тая, Миша, Лариса» және Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаев «Жеңіс қылышы» атты өз туындыларын ұсынып отыр.
Конкурстық бағдарламаға қатысатын фильмдерді режиссер және актер Александр Галибин, латыш продюсері Гатис Упмалис, кинотанушы Наталья Нусинова және грузин режиссері, «Киношок» фестивалінің өткен жылғы жеңімпазы Заза Урушадзе бағалайды.
Жүлдегер
«Көке» Қазанда топ жарды
Режиссер Айнұр Смайылованың «Көке» атты фильмі мұсылман киносының Қазанда өткен IX халықаралық фестивалінде «Қысқаметражды үздік фильм» номинациясы бойынша марапатталды.
«Көке» – әкесінің қазасынан кейін балаға тез есеюге тура келетінін көрсететін фильм. Бұған дейін картина студенттік фильмдер мен киномектептердің II халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін еншілеген және «Шәкен жұлдыздары» байқауы әділқазылар алқасының арнайы сыйлығын иеленген.
Серб режиссері Срджан Голубовичтің «Круги» атты туындысы Қазан фестивалінің толықметражды үздік фильмі ретінде бағаланды. Режиссер Мартин Гернердің (Германия) «Поколение кундуз. Чужая война» туындысы «Үздік деректі фильм» жүлдесімен марапатталды. Үздік анимациялық лента ретінде ирандықтардың «Деревня Масулех» фильмі танылды.
Халықаралық фестивальдың әділқазылар алқасына «Мосфильм» киноконцернінің бас директоры Карен Шахназаров төрағалық етті. Сондай-ақ киносыншы Вера Лангерова (Чехия), иран режиссері және продюсері Дариуш Мехрджуи, сценарист және режиссер Камара Камалова (Өзбекстан) сарапшылар құрамында болды.
Жаңа образ
Баян мен Айгүл бәсекелестер бейнесін сомдайды
Shine production продюсерлік орталығы «Абайлаңыз, сиыр!» атты жаңа комедияның түсіріліміне кірісті.
Фильмнің режиссері – Асқар Ұзабаев. Картинаның басты кейіпкері өте толық болғандықтан да, фильм «Абайлаңыз, сиыр!» деп аталынған екен. Продюсерінің айтуынша, толық қыз образын сомдайтын Баян Есентаева рөлге ену үшін арнайы гриммен 60 келіге дейін өзгеретін көрінеді. Фильмнің желісіне жүгінсек, Айгүл есімді қарапайым студент қыз махаббатта жолы болмай, сатқындыққа душар болып, аяқастынан тал шыбықтай аруға айналады. Есентаеваның фильмдегі басты қарсыласының рөлін Айгүл Иманбаева ойнайды.
«Біздің киноларда ауыл тақырыбы толық ашылмай жүр. Сондықтан да біз бұл туындымызбен шынайы ауылды көрсеткіміз келеді. Фильмнің қызықты әрі танымал болатынына сенімдімін», – дейді Баян Есентаева.
«Абайлаңыз, сиыр!» көпшілік қауымның назарына алдағы желтоқсан айында ұсынылады деп жоспарланып отыр.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі