Кино-саясат
Аниматорлар мультфильмге зор маңыз беруде
Шымкентте жас ұрпақты имандылыққа баулитын жаңа мультфильм түсірілді. Бұл анимациялық фильм үш ай көлемінде жарыққа шығып отыр.
Мультфильмнің сценарийін жазған – Қазақстан аниматорлары ассоциациясының төрағасы, режиссер-сценарист Батырхан Дәуренбеков. Режиссері – «Сақ» киностудиясының директоры – Нұриддин Пәттеев.
Анимациялық мультфильмнің басты кейіпкерлері – піл мен тиін. Су іздеген піл ағаш басындағы тиінді кезіктіреді. Сөйтіп, екеуі тіршілік нәрінің қайнар бұлағын іздеп жолға шығады. Сапар барысында піл басынан өткен оқиғаны баяндайды. Екеуара әңгіме барысында адамдардың зұлымдығы, айлаға толы іс-әрекеттері өздеріне зиянын тигізетіні айтылады. Мультфильмнің шығармашылық тобы: «Құранның тілі балалар түгіл, үлкендерге ауыр. Сондықтан имандылық тұрғысындағы әңгімелерді балаларға олардың өз тілімен жеткізуде анимацияның маңызы зор», – дейді. Олар сондай-ақ «мультфильмдер арқылы балаларды әр алуан жат ағымдардан сақтандыруға болады» деп есептейді. Осы мақсатты көздеген суреткерлер мұндай картиналардың қатарын алдағы уақытта толықтырмақ ниетте. Діни басқарма өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Алып пілдің» тек жас балалар үшін ғана емес, жалпы, көрермен қауым үшін де оң әсері, игі ықпалы көп. «Бүгінгі күні атыс-шабысы көп, баланың психикасына залалын тигізетін мультфильмдердің көбейіп бара жатқаны осындай мағыналы дүние жасауға итермеледі» дейді түсірушілер. Көпшілікке ұсынар алдында фильмді тағы бір рет сараптап алғанды жөн көрген аниматорлар картинаның алғашқы көрсетіліміне облыстың аудан, қалаларынан имамдарды шақырды. Бір қуантарлығы, «Сақ» киностудиясы мультфильмді тегін таратуды жоспарлап отыр.
– Ата-аналардың баласына күнұзаққа теледидарды қосып, мультфильмдер дискiсiнің бiрiнен соң бiрiн қойып беретіні жасырын емес. Өкінішке қарай, ешкім сол фильмдердің мағынасына, мазмұнына мән бермейді. Сол себепті де біз «Сақ» киностудиясының қызметкерлерінен діни, танымдық бағыттағы мультфильмдерді көптеп түсіруге қолқа салудамыз. Мақсатымыз – ислам дінін дәріптеп, Құрандағы «Фил» сүресін бүлдіршіндерге мультфильм арқылы, оның сүйкімді кейіпкерлерінің тілімен жеткізу болды. Бұл мультфильмді жасау барысында әрбір сөзін шариғатқа лайықтап, соның шеңберінен шықпауын қадағаладық. Балаларымызды ұлтжандылық, отансүйгіштік, ислами бағытта тәрбиелеп, осындай мультфильмдерді көптеп көрсететін болсақ, еліміз, болашағымыз үшін бұл өте игілікті іс болар еді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев.
Шымкенттегі аниматорлар 12 минуттық бұл туындыны өз қаражаттарына түсірген. Мультипликациялық фильмнің авторы алдағы уақытта демеушілер табылып жатса, діни, танымдық туындылардың қатары әлі де көбейе түсетінін жасырмады.
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ, сценарист:
– Ислам дінінің құндылықтарын негізге ала отырып түсірген екі туындымыз бар. Бірі – «Ниет», екіншісі – осы «Алып піл». Жалпы, дін туралы жалпы түсінікті 12 минутқа сыйғызуға тырыстық. Мультфильмді республикалық телеарнаға ұсынсақ деген ниеттеміз. Кез келген адам мұны көшіріп алып, көруіне мүмкіндігі бар. Анимациялық мультфильм саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Мультфильм жасау оңай емес. Осы уақыт ішінде санасы селдір, буыны бекімеген өскелең ұрпаққа бағытталған 20-дан астам туынды ұсыныппыз. Алдағы уақытта да кішкентай көрермендерімізге арналған базарлығымыз көп боларына сенімдімін.
Нұршат ТӨКЕН
Жаңа фильм
«Томпақ» – фантастикалық әлемге саяхат
Қазақ кинематографиясында фантастикалық жанрдағы туындылардың кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы балаларға арнап фантастикалық кино түсіруде.
Түсірілімі мамыр айында басталған туындының сценарийсі әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Он екі бөлімнен тұратын жаңа телехикая «Томпақ» деп аталады. Телехикая Төле би ауданының Диханкөл мен Қасқасу ауылдарында түсірілмек.
Фильмге театр және кино өнерінің әртістері Ж.Ақшораев, Н.Еспанов, Ж.Дүйсенбі, А.Әлиевтермен бірге, Шымқаланың 70-ке жуық мектеп оқушысы қатысады екен. Басты рөлдерде Ы.Алтынсарин атындағы №65 гуманитарлық-эстетикалық мектеп-гимназиясының оқушысы Арман Қасымбеков, №59 жалпы орта мектеп оқушысы Айбек Туғанбаев пен №68 негізгі орта мектептің оқушысы Рауан Ахмедовтер ойнайды.
Хикаяның өзгелерден бір ерекшелігі – онда кино мен анимация жанры қатар қолданылмақ. Хикаяның әр сериясының ұзақтығы 30 минутты құрайды. Әр серияда бір оқиға аяқталып отырады.
– Фильмге негізінен, мектеп оқушылары түскендіктен, оларды көптеп көрсетуге тырыстық. Жаңа оқу маусымы басталысымен олар мектеп директорларының рұқсатымен сабақтан уақытша босатылады. Бірақ бұл оқушылар жыл соңына дейін сабақтан қалады дегенді білдірмейді. Сәтін салса, жаңа туынды қыркүйектің соңында аяқталмақ. Сол кезде үлкен экранға шығады деп жоспарланып отыр, – дейді «Оңтүстікфильм» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков.
Фильмнің желісі бойынша, бір ауылда тұратын кішкентай үш бала түнде көршінің алма бағына ұрлыққа түседі. 2-сыныпта оқитын үш дос, ойнап жүріп ауыл сыртына шығып кетеді. Олар кенет аспаннан бір жарық сәуленің жерге қарай зымырап келе жатқанын көріп, алып-ұшып жетіп барса, жерде қирап жатқан ұшатын табақшаны көреді. Сол маңда ес-түссіз жатқан жатпланеталықты тауып алып, түнде өздерімен бірге үйлеріне алып қайтады. Оған «Томпақ» деп ат қояды. «Томпақ» есін жиған соң үш достың өмірінде адам сенгісіз ғажап оқиғалар басталады.
Нұршат ТӨКЕН, Шымкент
Рақышев «Бораттың» қарымтасын қайтармақшы
Режиссер Еркін Рақышев «Борат – менің бауырым» атты ағылшын тіліндегі комедияның түсірілімін бастамақшы.
Фильм британдық комик Саша Барон Коэннің «Борат» фильмін көріп, әбден күлген америкалық жігіттердің Қазақстанды өз көздерімен көруге келуінен басталады. Бір айта кетерлігі, кезінде «Борат» деген атаумен жарыққа шыққан «Борат: Қазақстан атты кішігірім мемлекетті Американың мәдени зерттеуі» атты фильмі қоғамда наразылық тудырып, Қазақстан мен Ресейде көрсетілуге тыйым салынған.
Кино-өндіріс
Экшн елді елең еткізбек
Бұған дейін елімізде экшн жанрында кино түсіріліп, көрерменін қуанта қоймаған болатын. Жарнамасы жер жарған осы жанрдағы кейбір кинолардың көрерменнің көңілінен шықпағаны тағы анық.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қазақфильм» студиясы бүгінде «Джокер» атты фильм түсіруде. Оның тұсаукесері қыркүйекте деп жоспарланып отыр. Экшн, триллер жанрындағы фильм көрерменін баурап алады деген сенім бар. Оның басты прдюсерлері – елімізге танымал азаматтар. Яғни Арман Шораев, Арманжан Байтасов, Тимур Сатыбалдин продюсерлік еткен фильм жаман шықпас деген үміт бар. Ал түсіруші режиссері де, сценарийсі де – Талғат Жәнібеков.
Фильм сюжетінің ұзын-ырғасы былай: басты кейіпкер Чинаның інісі баукеспелердің қолынан абайсызда көз жұмады. Сот төрелігінің әділетсіздігін көрген Чина кек қайтармақ болады. Бірақ өзі жалғыз, сенері де, сүйенері де жоқ Чина әбден қиналады. Алайда Дили-Дили деген қартпен танысқан соң оның тағдыры күрт өзгереді. Көпті көрген қария Чинаның бойынан таңғажайып қасиеттерді ашады. Ақырында ол өзі өш алмақ болып ұйғарады. Дегенмен оның жолында баукеспелердің бастығы қаһарлы Шаман, оның айналасында «шаш ал десең, бас алатын» жандайшаптары көп. Қайтпек керек? Кек алудың соңы кісі өлімімен аяқталады. Тек ажал құшатын кім? Бұл – әзірге құпия. Оның сырына көрермен қыркүйек айында қанығатын болады. Басты рөлдерде «Шал» арқылы бір-ақ күнде танымал болған Ерболат Тоғызақов ойнайды, ал Ника атты кейіпкерді Айсұлу Әзімбаева, Чинаны Денис Литуев кейіптейді.
Гүлжан КӨШЕРОВА
Фестиваль
«Оскардың» иегері «Еуразияны» саралайды
Осымен тоғызыншы мәрте өткелі отырған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің әділқазылар алқасына режиссер Джейн Кэмпион төрағалық ететін болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы», Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлделерінің және киногерлердің ең мәртебелі «Оскар» сыйлығының иегері Джейн Кэмпионмен соңғы үш-төрт жыл бойы келіссөз жүргізілген көрінеді. Фестивальдің арт-директоры Гүлнара Әбікееваның сөзіне сүйенсек, киношараның бағдарлама жөніндегі директоры Диана Ашимова танымал режиссермен Берлинде кездесіп, соңғы үш-төрт жыл бойы оған үздіксіз хат жазып келе жатқан өзі екендігін айтқан. Сонда Джейн оның бетінен сүйіп: «сіздің осыншама табандылығыңызға ризашылығым ретінде биыл Қазақстанға барамын» десе керек.
Кинофестиваль сарапшыларының құрамына сондай-ақ филиппиндік кинорежиссер Брильянте Мендоса, испан продюсері, режиссер және актер Луис Минарро және бес номинация бойынша «Оскар» сыйлығын иеленген «Гладиатор» фильмінің сценарий авторы, америкалық Дэвид Францони де енгізіліп отыр. Ал халықаралық киношараға төрелік етушілердің ең жасы – 28 жастағы жерлесіміз Эмир Байгазин. Конкурстық бағдарлама толықметражды 12 картинадан тұрады. Олардың ішінде «Сүйіктім» (Италия), «Анри» (Франция), «Менің әпкелерім» (Германия), «Ваджда» (Сауд Арабиясы, Германия), «Алаң болма, Сара» (Иран), «Ило Ило» (Сингапур, 2013), «Цикл» (Түркия), «Ұят» (Ресей), «Гүлдену» (Грузия), 2013), «Құштарлық» (Қырғызстан), «Зарандуд» (Тәжікстан) және Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі бар. Фестиваль аясында дәстүрлі «Орталық Азия панорамасының» конкурстық бағдарламадан тыс көрсетілімдері, «Шығыс-Батыс» кинокөпірі, World Cinema Fund және Ресей киносының күндері, сонымен қатар «Динамикалы қазақ киносы» бағдарламасы ұсынылады. Мұның сыртында «Еуразия» аясында продюсерлік бойынша мастер-кластар өтеді. Оны «300 спартандық», «Александр» және «Құдайлар соғысы: Ажалсыздар» фильмдерімен жұмыс істеген америкалық продюсер Джанни Нуннари жүргізеді. IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 16-21 қыркүйекте Алматыда өтеді.
Кино-премьера
Алдағы тұсаукесерлер тізбесі
Tengrinews.kz мәліметтеріне жүгінсек, биылғы жылы елімізде қысқаметражды картиналардан бастап, толықметражды көркем фильмдерді қоса есептегенде, әртүрлі жанрдағы шамамен он шақты фильм өндіріске жіберілген көрінеді.
Олардың арасында көрермен асыға күтіп жүрген және жылдың аяғына дейін телеарна экраны мен отандық прокатқа шығуы тиіс фильмдер де бар. Мәселен, алдағы айда режиссер Т.Жәнібековтің «Жокері» көрерменге жол тартса, соған іле-шала Сәкен Жолдастың «Жігіт пен қыз» мелодрамасы жарыққа шықпақ. Жастарға арналған бұл картинада сұлу да өжет, қайсар қызға кезіккенге дейін бірсарынды өмір кешкен студент жігіттің басынан кешкен оқиғалары арқау етілген. Ұзаққа созылған кастингтен кейін бұл фильмдегі басты рөлдерді Динара Бақтыбаева мен Жандос Айбасов еншілеген болатын.
Күзде сондай-ақ «Қазақфильмнің» екі бірдей туындысының премьерасы жоспарланып отыр. Әуелі Асқар Ұзабаев пен Фархат Шариповтың бірлескен туындысы «Жол» мәреге жетеді. Фильмде көшенің жасырын ұрыс-төбелес әлемінен үлкен боксқа жол тартатын әуесқой жігіттің оқиғасы баяндалады. Соның ізінше көрермендер Марина Кунарова түсірген «Елесті аулау» атты динамикалық экшнға куә болады. Мұнда ержүрек полицей (Санжар Мадиев) экранда Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков кейіптейтін жұмбақ хакердің ізіне түседі. Кейіпкерлердің жолына мейірімсіз Раш (Кристанна Локен) кесе-көлденең тұрған сәттен бастап оқиға шиеленісе түседі. Бұл картинаға сондай-ақ Арманд Ассанте («Одиссей») мен Әсел Сағатова («Махаббат тәлкегі») түскен.
Көпшілік қауым асыға күтіп жүрген жаңа картиналардың бірі – Саламат Мухаммед Алидің «Бүкіл әлем – аяғыңыздың астында» атты гангстерлік драмасы. Бұл фильмді түсіруге шығармашылық топ осыдан екі жыл бұрын кіріскен, бірақ Алидің дебюттік жұмысы прокатқа биылғы жылдың аяғында ғана шығады деп күтіліп отыр. Фильмде атақты гангстердің немере інісіне ғашық болудың салдарынан өзі де қылмыстық әлемнің бір бөлшегіне айналып шыға келетін Әлия есімді жас бойжеткеннің (Қарлығаш Мұхамеджанова) оқиғасы баяндалады. Фильмге сонымен қатар, картина продюсерлерінің бірі Арманд Ассанте және «Гейшаның мемуары», «Мортал Комбат», «Хатико» фильмдері арқылы танымал жапон Кэри-Хироюки Тагава мен қытай киносының жұлдызы Боло Йенг түскен.
Жақында ғаламтор желісінде «Тракторшының махаббаты» атты комедиялық сериалдың бейнеролигі пайда болды және бірден көрермендердің қызығушылығын туғызды. Сюжет негізіне қаланың ерке қызын (Кәмшат Жолдыбаева) жуасыту оқиғасы алынған. Қыз кездейсоқ жағдайлармен ауылға тап болады және онда жергілікті тракторшы жігітке (Берік Айтжанов) ғашық болып қалады. Асқар Ұзабаевтың 16 сериядан тұратын комедиясын көрермен қауым жуық арада отандық телеарналардың бірінен көріп тамашалай алады.
Құралай ҚОҢЫР
«Бажалардың» түсірілімі басталады
Жақында Алматы қаласында режиссер Асқар Бисембин «Бажалар» атты жаңа телехикаяның түсірілімін бастайды.
New York Film Academy-де білім алып келген режиссер бұрынырақта Ресейдің «Папины дочки», «Шесть кадров», «Счастливы вместе», «Игрушки», Қазақстанның «Вузеры», «Айналайын», «Үй болу қиын» атты телехикаяларының сценарийімен жұмыс істеген.
Бұл – Асқардың режиссер ретіндегі алғашқы туындысы. Соған орай ол: «Осы телехикаяны түсіруді маған сеніп тапсырғандарына өте қуаныштымын. Лос-Анджелесте алған екі жылдық білімімнің жемісін көретін кез енді келді», – дейді.
Телехикаяның түсірілімі 20 тамызда басталып, 30 қыркүйекте аяқталады. Дәл қазіргі уақытта «Бажалар» фильміне түсетін актерлерге кастинг жүріп жатыр. Фильм алдағы уақытта «Еларна» телеарнасынан көрсетілетін болады.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі