Құмшарық
Бағдарсыз ыққан – біреуге жем...
Қарап тұрсаңыз, бізде қазір екі күннің бірінде кино түсіріледі. Бәрін бірдей көрмесек те, бастапқыда аттарын атап, түстерін түстеп, біліп отырушы едік. Соңғы кезде тіпті санынан жаңылатын болдық. Себебі бұрынғыдан да көбейіп кетті. Бір жағынан, бұл – қалыпты, бәлкім, тіпті қажет нәрсе. «Өнерге әркімнің де бар таласы». Осындай бәсекелестіктен барып озық дүниелер, шын таланттар іріктеліп шығады. Тек осы жаппай ұмтылысты енді дұрыс бағытқа, дұрыс арнаға бұру жағын ойластырған жөн.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында төбе көрсеткен «жаңа толқын» қалай болғанда да қазақ киносындағы соны леп, тың көзқарас ұшқынын бастап берді. Содан бері қарайғы уақыт ішінде отандық кино өнері әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді. «Кино шынайы өмірден алынуы тиіс» деп, ел үдере көшкен ескі жұрт пен азған, тозған ауылды, азғындаудың алдындағы жандар мен олардың мағынасыз тірлігін көрсеткен картиналар да болды. Сол сияқты, басы бар, аяғы жоқ, тілі қойыртпақ, мазмұны бұлдыр фильмдер түсіріп, қарапайым көрерменге: «Түсінсең, түсін, түсінбесең қой. Менің көруім бойынша осылай. Бұл – менің түсінігім, менің талғамым» деп кеуде соққандар да кездесті. Аллаға шүкір, ондай әдеттен арыла бастадық. Шынайы өмірді қарапайым түрде көрсету деген қарабайырлыққа, қарадүрсінділікке ұрыну деген сөз емес екенін режиссерлеріміз іштей түсінген, түйсінген жағдайға жетті.
Дей тұрғанмен де, жалпы алғанда, отандық киноиндустрияның этикалық негізі, бағыт-бағдары қандай болуы керек? Жалпыға ортақ және жұрттың бәріне түсінікті адами, рухани ұстаным, бағыт-бағдар болмайынша, ешбір қоғам, ешбір әлеумет өсіп, өркендей алмайды. Бұл өзі – бағдарсыз ығып, қасқырға жем болған қой отарының кейпіне ұқсас жағдай. Ал осы индустрияның шығыршығын өз қолымен айналдырып жүрген адамдардың ішкі ой-таным құндылығы, түсінігі қандай? Белгілі бір тақырыпты, көркемдік шындықты көрсете отырып неден тартыну және қай шамаға дейін бару керектігінің мөлшерін, шекарасын, тіпті әдебін кім қаншалықты сезіне алады? Қазақ деген халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұлттық танымымен, болмысымен, дүниетанымымен олар қаншалықты бірлікте, үндестікте әрекет етуге құлықты, мүдделі?!
Бір анығы, бұл айтылып отырған жайттар тек біз үшін ғана емес, бүгінде бүкіл Еуропа елдері, Америка, іргелес Ресей үшін де маңызды болып отыр. Кезінде Столыпин: «Сендерге әлемді дүр сілкіндіретін ұлы жаңалықтар қажет, ал бізге Ұлы Ресей керек» деген екен. Осыны өзінше таратқан Н.Михалков жақында «Ұлы жаңалықтар кететін жағы бар адамдарға, ал Ұлы Ресей осында қалғысы келетіндерге қажет екендігін түсіндім» деп мәлімдеді. Ресей кинематографистер одағы басшысының айтуынша, өткен ғасырдың 30-60 жылдары аралығында АҚШ-та әрбір киногердің көкейінде сайрап тұратын бір ұстаным болған және оның негізінде «Нені түсіру қажет, фильмдер не нәрсеге шақырмауы тиіс, не нәрсе киноға тақырып болмауы керек?» деген төңіректегі кинематографистердің өзара келісімі жатқан. Бұл жердегі әңгіме өнерге цензура орнату тұрғысында емес. Біздің киногерлерімізде адами ішкі тәртіп, рухани қағида бар ма? Суреткерлік ой-танымын, ізденісін қазақтың ұлттық мәдениетінің құндылықтары мен дәстүрлеріне негіздей алып жүр ме? Міне, мәселе осында. Әрине, кино – шынайы өмірдің көркем шындығы. Орын алып жатқан жамандықтарды, теріс құбылыстарды міндетті түрде көрсету керек. Бірақ режиссердің соған қатысты азаматтық ұстанымы қандай? Ол өзін осы қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіне ме? Ол үшін қаншалықты жаны ауырады, күйеді, күйінеді? Ащы шындықтың өзін махаббатпен көрсете алу – үлкен шеберлік.
Бұл ретте, Ресей киногерлері заманауи кинематографта орын алып отырған жайттарға бей-жай қарай алмайтындығын ашып айтып, Ресей киноиндустриясының этикалық хартиясын жасауға кірісіп те кетті. Сол сияқты, еліміздегі кино саласында бүгінгі күні болып жатқан процестерді саралау, соған жас киногерлердің назарын аудару тұрғысында бізде де ауқымды шаралар атқарылуы тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақфильмді» былай қойып, қазір әрбір облыс, аудан орталықтарындағы жекеменшік киностудияларда күнара бір фильм түсіріліп жатыр. Бірақ қалай, не жайында? Алдағы уақытта қалай болады? Елдің рухани қажеттілігін өтейтіндей, бүгінгі сұранысқа, талапқа сай жанрларға, тақырыптарға баруға оларды қалай бағыттауға болады? Бәлкім, қажетті деген жанрлар, тақырыптар бойынша ашық конкурс жариялап, оған сол жер-жердегі жекелеген студияларды да қатыстыру және суырылып шыққанына тікелей мемлекеттік қолдау көрсету қажет шығар. Міне, бұл – ойланатын жайт.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Жаңа фильм
Ауыл тағдыры арқау етілген фильм
Халықаралық Crude Accountability экологиялық ұйымы жақында «Пять километров равнодушия» деп аталатын жаңа фильм ұсынды.
Деректі туындыға Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан, әлемге әйгілі Қарашығанақ кенішінің дәл іргесіндегі Березовка ауылы тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жолындағы күрес арқау болған.
Құрамына «Би Джи Груп», «Эни», «Шеврон», «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары кіретін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (КПО) кәсіпорнының белсенді қызметі қоршаған ортаны кәдімгідей ластап жатыр. Соның салдарынан Березовка тұрғындарының тең жартысы созылмалы дертке шалдыққаны анықталды. «Құдай оның бетін ары қылсын, дегенмен Қарашығанақта кез келген уақытта апат орын алуы мүмкін. Одан бөлек, күкіртсутек өкпені қабады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, ауыл маңында жер опырылып, үлкен қазаншұңқырлар пайда болды. Бір күні жұтылып кетпесек жарар еді» – дейді жергілікті халық. КПО-ның «қамқорлық жасап жатырмыз» деп сендіргеніне қарамастан, березовкалықтар «ешқандай жақсылық көріп жатқанымыз жоқ» дейді. Мұның бәрі деректі фильм тілінде нақты көрініс тапқан.
Деректі фильмнің басты кейіпкерлері – ауыл тұрғындары мен экология тақырыбына жазатын журналистер.
Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал
Фестиваль
NETPAC-ты жарнамалайтын алғашқы кинотуынды
Ыстықкөлде 23-27 тамыз аралығында өтетін IV Авторлық кино фестиваліне үш бірдей қазақстандық кино қатысатын болды.
IV Авторлық кино фестиваліне отандық кино өнімдерінен режиссер Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» фильмі қатысады. NETPAC-ты жарнамалайтын алғашқы кинотуынды «Сорос-Қазақстан» қорының қаржыландыруымен түсірілген.
Жалпы, фильмнің желісі ата-анасынан айырылған үш баланың тағдырын баяндайды. Қарындастарын балалар үйіне алып кетпес үшін екі ағайынды өздеріне мұраға қалған жер теліміне үй салулары керек. Егер де тез арада үй салынбаса, жер мемлекет меншігіне өтетіндігін білген олар көршілерінен құрылыс материалдарын ұрлап, үй сала бастайды. Алайда оларды аяқтарынан шалғылары келетіндер өте көп...
Жыл сайынғы Авторлық кино фестивалі – киноны өнер туындысы ретінде қарастырып, байқаудан тыс форум форматында өтетін бірегей шара. Фестиваль барысында Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан режиссерлерінің фильмдері көрсетіледі. Ал шараның ашылуы күні тек қырғызстандық режиссерлер фильмдерінің көрсетілімі өтеді.
«Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» атты жаңа фильмі – титрларында азиялық киноны дамытушы NETPAC ассоциациясының логотипі тұратын алғашқы кино. Бұл дегеніміз – NETPAC жаңа туындының Азия нарығына шығуын қамтамасыз етсе, соған сәйкес, режиссер ассоциацияны жарнамалайды» делінген хабарламада. Тағы бір айта кетерлігі, «Шәкен жұлдыздары-2012» Х Халықаралық кинофестивалінде «Жастар киносы» аталымы бойынша Әділхан Ержановтың «Риэлтор» көркем фильмі жүлдеге қол жеткізген болатын. Мұның сыртында бұл жолғы фестивальға режиссер Мадияр Қасымовтың «Қарапайым оқиға» мен «Визит мамы» және Шәріп Оразбаевтың «Бастау» қысқаметражды фильмі көрермендер назарына ұсынылады.
Нұршат ТӨКЕН
Кино-өндіріс
«Кішкентай адамдар» – үлкен экранда
Нариман Төребаев Ф.Достоевскийдің «Ақ түндер» повесінің желісімен «Шытырман оқиға» атты фильм түсіріп жатыр. Осы арқылы режиссер «кішкентай адамдардың» психологиясы мен тұрмыс-тіршілігінің ауыртпалығын өзінше зерттеуді жалғастыруда.
Өзінің айтуынша, Нариман Төребаев бұл повесті бала кезінен жақсы көретін. Режиссерлік мамандық бойынша оқуға түскен кезінде-ақ осы шығарма бойынша кино түсіруді армандаған. Фильмде Достоевский шығармасының тек фабуласы, яғни үлкен махаббат қана қалады, басқасының бәрі өзгереді. Фильмдегі қыз бен жігіттің мінез-құлқы да, махаббаты да басқа. Шынайы да таза мәңгілік махаббат сезімі сирек кездесетін бүгінгі қоғам үшін бұл, әрине, таңсық дүние болмақ.
Фильмнің басты кейіпкерін ойнайтын актер Азамат Нигмановты режиссер өткен жылғы «Еуразия» кинофестивалінде көрсетілген ресейлік «Конвой» фильмінен байқапты. Сол жолы «Ең үздік ер адам» рөлі үшін жүлде алған жас актер өзінің ерекше дарынымен, бітім-болмысымен режиссердің назарын аударған. Азамат – омбылық қазақ, бұл – оның Алматыға екінші мәрте келуі. «Шытырман оқиғада» ойнау үшін Азаматтың осыған дейін он шақты фильмдері мен сериалдарына түсіп үлгерген Ресейдің екі жобасынан бас тартуына тура келіпті. Б.Щукин атындағы театр институтын тамамдаған Азамат бүгінде Мәскеуде тұрады, «Обнимая небо» сериалына қатысып жүр.
– Мен кейіптейтін жігіт – бүгінгі заманымыздың кейіпкерлерінің бірі, «кішкентай адам». Сыртқы бейнесінің тартымсыздығына қарамастан, ішкі жан дүниесі бай. Драмалық бұл рөл мен үшін өте күрделі. Өйткені өмірді іштей түйсінуім, қимыл-қозғалысым бойынша мен мүлде басқамын. Мен анағұрлым позитивтімін, – дейді Азамат.
Бір айта кетерлігі, Нариман Төребаев «кішкентай адамдар» тақырыбын кинода үздіксіз зерттеп келеді. Қысқаметражды «Романтика» және «Антиромантика», толықметражды «Шуақты күндер» фильмдері – соның айғағы. «Шуақты күндерден» бір айырмашылығы, «Шытырман оқиға» әлдеқайда шуақты да мөлдір туынды болатынға ұқсайды. Бұл туралы Нариман: «Мұнда кейіпкердің тоқырауы деген жоқ. Керісінше, үміт пен аздаған мұң бар. Барлық күндері бір сарынды өтіп жатқан басты кейіпкердің ғашық болған сәттен бастап, өмірінде бұрын ешқашан болмаған жағдайлар орын ала бастайды», – деп әңгімелейді. Өзі айтпақшы, ол үнемі шетте жүретін адамдар туралы түсіруді ұнатады. Яғни Нариманның кейіпкерлері – қарапайым да елеусіз, бірақ жан дүниесі шуақты, таза адамдар...
Деректі кино
Дипломат жайлы – жүрекпен...
Бұған дейін белгілі халық ақыны Кенен Әзірбаев, жазушы-натуралист Максим Зверев, атақты хореограф Болат Аюханов сияқты қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар басқа да танымал тұлғалар жайлы деректі фильмдерді жарыққа шығарған қазақстандық оператор Сергей Суховтың көрнекті дипломат Самат Сүндетбаев туралы фильм түсіруді армандап жүргеніне ширек ғасырға жуықтаған көрінеді.
Сергей Сухов картинасының басты қаһарманы Самат Сүндетбаев – 1967 жылы Йемендегі азамат соғысы кезінде үлкен ерлік көрсеткен азамат. Ал мамандардың айтуынша, әр туындысын «камерамен емес, жүрегімен түсіретін» С.Суховтың Теңіз кен орнындағы мұнай мұнарасының жанып кеткендігі арқау етілген «Сцены у фонтана» атты кинолентасын әлемнің көптеген телеарналары күні бүгінге дейін көрсетіп келеді. Өз ісіне шынайы берілген майталман оператордың жақсы кадр үшін бірде дельтапланнан, бірде әуе шары себетінен, тағы бірде зымырап келе жатқан жедел жәрдем көлігінің төбесінен түсірілім жасап, өмірін қатерге тіккен де кездері болыпты.
Міне, сол Сухов енді дипломат Самат Сүндетбаевтың ерлігін мәңгі есте қалдыруға бастамашы болуға тырысуда. С.Сүндетбаев КСРО-ның Йемендегі елшілігінің екінші хатшысы ретінде өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары азаматтық соғыс ұшқыны өршіп тұрған сол елге табан тіреген. Кезекті бір қақтығыс сәтінде С.Сүндетбаев пен елшіліктің бірінші хатшысы В.Яковлев кеңес дипломаттарының отбасыларын майдан ошағынан алып шығуға тырысады және әйелдер мен балаларды қорғау барысында қаза табады.
Алматыда жерленіп, есімі Ресей сыртқы істер министрлігінің мемориалды тақтасына ойып жазылады. С.Сухов бұл картинасына дипломаттың бүгінде Мәскеуде тұратын әйелі мен қызының, сондай-ақ інісі мен қарындасының да сұхбатын енгізбекші. Дипломаттың әріптестері Х.Омаров, Э.Термилокситян және қаза тапқан жолдасының сүйегін Алматыға алып келген С.Құрманғожин де осы қайғылы жағдай төңірегінде кадрдан әңгіме өрбітетін болады.
Мультфильм
Асық пен Қамшы Спанч Бобтарға қарсы тұрмақ
Оңтүстiкте «Сақ» киностудиясы «Қазақия» анимациялық топтамасын түсiруде. Бастаманың бiздi қуантқаны мұндағы кейiпкерлер болды. Сырдария өзенiнiң бойындағы Асқабақ ауылы мен оның тұрғындарының бастан кешкен оқиғаларына құрылған топтаманың бүлдiршiндерге берерi мол. Асық атты жiгiт пен Қамшы қыз топтаманың әр бөлiмiнде бiр мақалдың мазмұнын ашады. Нақыл сөздi тура түсiнiп, қателiк жасаған тұста Торсық ақсақал өзiнiң кеңесiн берiп отырады.
Бүгiнде топтаманың төрт сериясы түсiрiлген. Мультфильмнiң 7-8 минутқа созылатын әрбiр сериясына 3 миллион теңгеден қаржы жұмсалыпты. Киностудияның директоры Нұриддин Пәттеев мүмкiндiгiне қарай жылына 30 сериясын түсiрудi жоспарлап отыр. Бiр секундта жиырмадан астам кадр ауысып отыратын анимацияның дайындалуына 25 суретшi жұмыс iстептi.
Нұриддин ПӘТТЕЕВ, режиссер:
— Қазақтың тарихы бай. Ол туралы өскелең ұрпаққа айтып жеткiзу – бiздiң парызымыз. «Қазақия» мультипликациялық фильмiнiң бас кейiпкерлерi арқылы бiз балаларымызды қазақ халқының салт-дәстүрлерiнен хабардар етудi мақсат тұттық. Кейiпкер ретiнде Асықты мен таңдасам, мульттоптаманың сценарийсi Батырхан Дәуренбеков Қамшы қызды ұсынды. Фильмді көрсетуге «Балапан» арнасы қызығушылық танытуда. Алайда қаржы мәселесiне байланысты әзiрге толық келiсiм жасалған жоқ.
Туынды Асық пен Қамшының басынан кешкен түрлi оқиғалармен өрнектеледi. «Қазақияның» «Көп түкiрсе, көл болар» атты алғашқы бөлiмiнде Қамшыны өзенге суға шомылуға шақырады. Өзендегi судың тартылғанын байқаған Асық «Көп түкiрсе, көл болар» мақалын тура мағынада түсiнiп, сол маңдағы балық, көлбақалар барлығы бiрлесiп түкiре бастайды. Күн ұзаққа еш қорытынды шықпаған соң Торсық атадан ақыл сұрайды. Балаларға мақалдың мазмұнын түсіндірген қария оларды бiрлiкке шақыра отырып, өзеннiң бойын шолып шығуды тапсырады. Асық пен Қамшы бастаған топ өзен бойындағы үлкен құбырға жайын балықтың тұрып қалып, суға бөгет болғанын көредi. Жайынды айнадағы бейнесiмен қорқытып, бөгеттi бұзған балалар айласын асырып, ауылдарына қайтады. Осы секiлдi топтаманың әр сериясында нақыл сөздердiң мағынасы мен танымдық ақпараттар берiлiп отырады. Мәселен, осы төрт серияның бiрiнде Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз туралы түсiнiк берiлген. Ендi шетелдiк Спанч Боб пен Патрикке, «Смешарики» мультсериалының кейiпкерлерiне бiздiң Асық пен Қамшы қарсы тұрмақ.
Идея авторлары Асық пен Қамшы балалардың сүйiктi кейiпкерiне айналатынына сенiмдi. Бүгiнге дейiн жобаны жарнама мен әртүрлi бейнероликтер түсіруден тапқан табыспен қаржыландырған Н.Пәттеев «мемлекеттiк бюджеттен тек фильмдерге емес, анимацияға да қомақты қаржы бөлiнсе, бұл сала бүгiнгiден де жандана түсер едi», — дейдi.
Жалпы, «Сақ» киностудиясы құрылған уақытынан берi 20-дан астам мультфильм түсiрген. Алайда олардың бес-алтауы ғана республикалық арналар арқылы көрерменге жол тартқан. Н.Пәттеевтiң айтуынша, туындылардың үлкен сұранысқа ие болмауына шетелдiк аударма өнiмдердiң арзандығы себеп болуда. Режиссер сәтiн салса, «Айбынды аула» атты толықметражды мультфильм түсiрудi жоспарлап жүргенiн де жасырмады.
Нұршат ТӨКЕН, Шымкент
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі