Түрікке телміріп, корейге қараған күн құрысын...
«Өз қайғым жетпей жүргендей, енді оған Бериванның қайғысы қосылды ғой, қараң қалғыр» десе керек бір кейуана. Түрік сериалының түкірігі жерге түспей тұрғанын осыдан-ақ аңғаруға болады, тіпті түкпірдегі ауылдың еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін «Бериванмен» біте қайнасып, Сүлеймен сұлтанға ауыздарының суы құрып отырғаны... Қала берді, кәрістің өкпелегені не жай сөйлегені белгісіз, әйтеуір, ұртына құрт салып алғандай, ауыздары дорбадай боп шыға келетін, не тіпті үндемей сілеңді қатыратын кейіпкерлері туысымыздан жақын болып кеткелі қай заман...
«Саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады» демекші, егер оларды өмірімізге қолдан әкеліп кірістірмесе, біздің қазақ қаншама теңіздер мен мұхиттардың арғы жағында жатқан түрік пен кәрістің өміріне кіріп кетпес еді. Қара нан мен қара судан артыққа ақшасы құрғыр жетпейтін заманның сәл қиындау кезінде «қуырдағын» қиялдан жасап алар деп көрермен көңілін алдаусырату үшін сериалдармен «сорпалап» еді. Енді қазір оларды өз отанына оралта алмай әлекпіз. Оралар еді-ау, егер олардан асып түсетін отандық сериалдарымыз болса... Бұл бізде отандық телехикаялар жоқ деген сөз емес, керісінше, бар бола тұра, жоқтың күйін кешіп отырғаны.
Біздегі сериалдардың сиқына үңілейікші: үйде – қазақ, түзде – орыс. Түсініксіз, жаңа ғана қазақша-ақ сөйлесіп тұрған екеу көшеге шыға беріп еді, орысша сөйледі де кетті. Қасында бір орыс болса мейлі ғой, жоқ, сонда қалай? Әлде бізде «қазақ тілі ошақ қасынан аспасын, көшеде орысша сөйлесіңдер» деген заң бар ма еді? Олай болса, неге жолда әлгі екеуге ұшырасқан орыс не ұлты басқа достары қазақшаға судай ағып тұр?! Бұл – бір ғана мін.
Екіншіден, бізде телехикая түсірерде кастинг жариялайды-ақ, бірақ неге екені белгісіз, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, өткенде бір сериалға түскен топ жаңасында мұрты бұзылмастан қайта жүреді. Мысалы, шал болса міндетті түрде Бекжан Тұрыс немесе Қадірбек Демесінов, кемпір не көршінің әйелі болса ол міндетті түрде Ғазиза Әбдінәбиева деген сияқты. Бұл – Бекжан ағамыз не Ғазиза апайымыз нашар ойнайды деген сөзіміз емес, мәселе біздің режиссерлердің таптаурын сарынға түсіп алғандығын айтамыз да. Бекжан Тұрыс: «Ұят болмасында» шал болып бір көрініп еді, бітті, одан кейін ағамызға жас жігіттің рөлі бұйырмай қойды, неге бізге керісінше, ол актердің көзге көрінбей жатқан басқа қырын ашуға талпынбасқа? Ғазиза апайымызды да солай, бәз-баяғы Роза күйінде қалдырдық. Фильм атауы ауысқаны болмаса, кейіпкерлер сол баяғы, сондықтан жаңа туынды емес, бұрынғыны қайталап көріп жатқандай боламыз. Алысқа бармай-ақ, ресейлік сериалдарға көз салайықшы. Айталық, Сергей Безруков «Бригадада» Саша Белыйды сомдады. Мәссаған, кейіпкер болсаң сондай бол, елдің кумиріне айналып шыға келді. Жас балалар арасында Белый мен оның бригадасы секілді төртеу боп жүру сәнге айналды. Әлгі сериалдың музыкасын айтсаңшы, паһ, шіркін! Содан кейін Безруков: «Есенинге» басты рөлге түсті. Құйындай жүйрік оттай жанған ақынның өзі тіріліп келгендей болды тағы. «Мынау Белый ғой» деп ешкім айтқан жоқ. Міне, актерлік шеберлік. Режиссер де Сергей сынды қайталанбас дарын иесінің бойындағы қабілетке сеніп, оның көрермен көрмеген қырын ашуды мақсат етті. Біздің қазақ киноларында, әсіресе сериалдарында бүгінде осы жағы тіпті ескерілмейді. Бір соқпаққа түсіп алып, кетіп барамыз, қайда барарымыз белгісіз. «Телехикаямыз бар ма, бар» деген мақсат үшін ғана түсірілгені болмаса, одан бәлендей жетістік сезіліп жатпағаны анық.
«Паһ, шіркін, Сүлеймен сұлтан секілді кино түсіретін бе еді, Сұлтан (Қожықов) сынды, Шәкең (Айманов) сынды режиссерлеріміз кетіп қалды ғой» деп мұңайды бірде Асанәлі Әшімов ағамыз. Өзіне дейінгі ірілерді жоқтауы екені сөзсіз. Ол – бір, екіншіден, қазақ киносының аңызға бергісіз тұлғасы осы бір түрік сериалын көретін болса, үлгі қылып айтып тұрса, демек, оның сапалы, жақсы болғаны. Олай болса бізге «жақсыны үйренбекке» деп, мықты сценарийлер жазып, отандық телехикаяның кәсіби деңгейін көтеруге неге талпынбасқа?
Шынын айтуымыз керек, кино түсіру бізде әзірге кәсіби деңгейде емес, әуесқойлықтан әрі аса алмағанымыз сырт көзге ұрып тұрады. Қазір телехикая түсірумен «Қазақфильмнен» гөрі жеке студиялар көбірек айналысып жүр. Міне, солар жекелігін істейді де, «кино түсіргелі жатыр» деген дақпырт туғызуды көздей ме, әйтеуір, ұлтқа, көрерменге берер түгі жоқ болса да, сол жеке продюсерлік орталықтың әншісін басты рөлде ойнатып, бір нәрсе жасаған болады. Ол әнші рөлде ойнай алса жақсы ғой, жоқ, онда актерлік шеберлік деген атымен жоқ, әншейін жүреді де қояды. Сол фильмге топырлатып түсірген қазақтың барлық маңдайалды деген әртіс, әнші атаулылары да белгілі бір образ сомдаса мейлі ғой, әркім өзін-өзі ойнап жүргені. Осыдан соң кино саласында өсу қайдан болсын?!
Кино – ең алдымен жақсы сценарий. Бұл – біз бүгін ашқан жаңалық емес, киногерлердің әлдеқашан көз жеткізген ақиқаты. Олай болса, бізде ұлттық мазмұндағы, қазақы танымдағы сценарийлер жоқ. Өзіміз тамсана тамашалайтын түрік не кәріс сериалдарының қай-қайсысын алып қарасақ та, мейлі ол осы заманауи форматта, осы заманның адамдарын көрсетіп тұрса да, кәрістікінен кәрістің, түріктікінен түріктің иісі аңқып тұрады. Әуені, олардың ұлттық мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрінен. Бізде... Өзгеге еліктейміз деп, өз бет-бейнемізді жоғалтып алғанбыз ба? Болмаса біз қазақ болудан ұяламыз ба? Айтпақшы, қазақты қазір «мәмбет» дейтін ұрпақ туған, бәлкім, біздің бір сөзі орысша, бір сөзі қазақша телехикаясымақтарымыз сол мәмбет емес көрермендерге арналған шығар?..
Анекдот орнына
Екі келіншек сөйлесіп отыр дейді, екеуі де қазақ екен.
Бірі екіншісіне:
– Сен шетелге шығып көріп пе едің?
– Жоқ.
– Егер мүмкіндік болса, қай жаққа барар едің?
– Түркияға немесе Кореяға...
– Неге?
– Өйткені бәрін танимын ғой...
P.S.
«Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деп бәйбіше байғұстар күйінгеннен айтқан екен ғой. Кейде солар сияқты айтқың кеп кетеді...
Мәриям ӘБСАТТАР
«Мен – ақымақ»
1. Махаббат ойынын қыз бастай ма, жігіт пе?
– Сәлеметсіз бе, бұл «Махаббат станциясы» ма? Менің атым – Гүлназ».
(«Махаббат станциясы») к/ф
2. Бұзықтық немен түсіндіріледі?
– Сөмкеден бақа тарбаң етіп шыға келгенде қызық болатын шығар деп ем...
(Қожа, «Менің атым Қожа» к/ф)
3. Мона Лиза кім?
– Патша ағзам келе жатыр, семіз қатынды әкеліңдер.
(«Семіз қатын» – әйгілі да Винчидің «Мона Лизасы»)
«Петр патша арабты қалай үйлендірді» к/ф
4. «Кімсің?» десе не деу керек?
– Біз Мансұр екеуміз қазақпыз!...
(Ералы, «Көшпенділер» к/ф)
5. Келінді қалай іздеуге болады?
– Мәскеуде өтетін симпозиумға баратын қыз керек!
(Тана әжей, «Тақиялы періште»)
6. Ерді қалай бағалау керек?
– Азаматтың ары тапталып жатқанда бір қатынның жаны садаға!..
(Әпіш, «Біржан сал» к/ф)
7. Қазақтар сезімін қалай білдіреді?
– Сен неге маған қарайсың?
– Өзің ғой маған қараған...
(«Көшпенділер», Мансұр мен қалыңдығы)
8. Үйленуге қалай ұсыныс жасайды?
– Қымбатты Милатжан, бір үйге бір ер-азамат керек қой...
(Қаратай, «Менің атым Қожа»)
Нұржұманның «құдасы» неден жеріді?
Жерар Депардье – Францияның әлемге әйгілі актерлерінің бірі һәм бірегейі. Бірақ дәл қазіргі уақытта оны француздардың мақтанышы дей алмаймыз. Қарапайым француз үшін әлі де сүйікті актер шығар, бірақ ресми билікпен араларындағы салықтан басталған салқындық біраз дауға ұласты. Сол жаһандық деңгейдегі Жерардың аты дәл қазіргі уақытта жер жарып тұр. Бірақ өнердегі емес, өмірдегі «рөлімен»...
Өз елінен жеріген Жерар қазақ халқына да кеңінен таныс. Күллі дүние көз тіккен аты әйгілі фильмдерде ойнаған рөлдерін айтпағанда, өзіміздің отандық киноөнерімізде де бірді-екілі басты образдарды сомдап берді. Ол киноларды көре алмаған көрермендердің өзі де бұл кісінің нұр дидарымен таныс. Қазақ театры мен киносына елеулі еңбек сіңірген актеріміз Нұржұман Ықтымбаевпен ынтымақтаса жүріп, еліміздің ірі банктерінің бірін жарнамалады. Экраннан күніге неше мәрте жылт етіп шыға келетін. Алматы сынды үлкен қалалардың орталық көшелерінде билбордтарда жылы жымиып тұратын.
Сол Депардьеңіз бұл күндері БАҚ-тың тұрақты кейіпкеріне айналып шыға келді. Ол турасында бұрын да аз жазылмайтын. Әр адымы жұрт назарынан тыс қалмайтын тұлғаңыз соңғы кездері мүлдем алаулап шыға келді. Біраз уақыт оның өз елінен кеткендігі, қай елдің азаматтығын алғысы келетіндігі, бәрі-бәрі сөз болды. Ол азаматтық алғанда, Ресей халқы да бір шулап басылды. Ресейге қайта оралған орыс ұлтының азаматтары біршама уақыт күтіп жүріп, мекемеден алатын құжатты неге оған Президент өз қолымен беруі керек деген сыңайда. Дегенмен Ресей Президентінің ол ісі құптарлық еді. Ешқандай саяси астары жоқ, шынайы өнерді, талантты бағалау деп айтуға болады.
Әртүрлі әңгімелер енді ғана толастай бергенде жалын қайта жанғандай болды. Отқа май тамызған Грозныйдағы өрт еді. Бір күн бұрынғы Шешенстан астанасындағы ең биік ғимарат – «Грозный-сити» өртенгенде әлемдік ақпарат құралдары бұл зәулім сарайдың ресми атынан гөрі «Жерар Депардьеге сыйға тартылған бес бөлмелі пәтер орналасқан үй» дегенді әлдеқайда көп айтты. Шындығында, осы кешенде орналасқан пәтердің кілтін осыдан бір ай бұрын ғана Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров әйгілі актерге Шешенстанның құрметті азаматтығымен қосып берген болатын.
Қарапайым француз Жерардың күллі ісін кешіреді. Бірақ Франция билігіне он жерден Депардье болсаң да бәрібір. Өйткені олар ішімдік ішіп көлік руліне отырды дегенді желеу етіп, көрерменнің сүйікті актерін әлі күнге сотқа шақырып әлек. Ал Ресейде, керісінше. Көршілес елде Ресей Президенті Алла Пугачеваның концертіне барады, қол соғады, гүл береді. Сол себепті де танымал тұлға осындай қадам жасаса керек. Біздің елімізде де өнерге, талантқа деген құрмет жоқ емес. Осыған қарап күні ертең Нұржұманның «құдасы» біздің елімізді таңдап жатса, таңғалуға болмайды деген ой келеді.
«Күндердің күнінде кез келген суреткердің пендешілігі ұмытылады, олардың суреткерлігі ғана қалады» деген тәмсіл бар. Салық төлеушілер көп, ал Жерар жалғыз!!!
Заңғар ШЕГЕБАЙ
Отандық киноөнімдерді көркемдік кеңес сынынан өткеннен кейін барып прокатқа шығару керек пе?
ҚР Мәдениет министрлігінің жанынан көркемдік кеңес құрылуы керек. Бізде қазір «Қазақфильмнің» туындылары ғана көркемдік кеңесте қаралады. Ал бізден басқа да жекеменшік студиялар бар емес пе? Олар да өз өнімдерін түсіріп, прокатқа еркін шығарып жатқанын ескеруіміз керек. Жекеменшік болсын, басқа болсын, бәріміз бір мемлекетте бір халыққа қызмет етіп отырмыз.
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер, сценарист, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
Басты талап – сапа
– Елдің ортақ заңы, Конституциясы бар. Бірақ жеке киностудиялар өз өнімдерін бізге әкеліп көрсетпейді. Ақша құйған адам өздері киноны бір қарап шығады да, экраннан көрсете береді. Ең қызығы, көркемдік кеңестен өтпеген нашар дүниелер үшін бәрі айналып келіп, «Қазақфильмді» күстаналайды. «Қазақфильмді», бізді сынамайтын адам жоқ қазір. Тіпті сол кинодағы титрді жөндеп оқымайды. Көркемдік сапасы өте төмен киноларды көріп алады да, «Ш.Айманов атындағы киностудия осындай нашар дүние жасап отыр» деп орынсыз сынап жатады. Бұған «Қазақфильмнің» қатысы қанша? «Қазақфильмде» көркемдік кеңес бар, кеңес сценарийлерді оқиды, кәсіби мамандар көпшілік болып талқылайды, қабылдап алады. Содан кейін Астанаға, Мәдениет министрлігіне ұсынады. Рұқсат беру құжаттары алынады, сөйтіп, туынды өзінің заңды жолымен өтеді. Ал жекеменшік студиялардың өнімдері мұндай көпсатылы талдаудан өтіп жатқан жоқ. Түрлі сападағы фильмдердің толып кеткені содан. Қазір жеке киностудиялар тіпті әр аймақта бар. Жақында теледидардан бір жақта біреудің Мағжан Жұмабаев туралы деректі әрі көркем фильм түсіріп жатқанын естідім. Осындай дүниелер көп. Көрермен оны естіп алады да, «Қазақфильмнің» өнімі екен деп шатастырып жатады. Көркемдік кеңес болса мұндай шығармалардың алдымен сапасын қарар еді. Бізде, мысалы, кәсіби мамандар мен осы салаға бейімделген тісқаққан журналистер отыр. Содан кейін түсірілген дүниенің идеологиялық жағына мән береді. Біз бір киноны бірнеше нұсқамен түсірткіземіз, кем-кетігін жөндетеміз, әбден пісіреміз. Жеке студиялардың өнімі сияқты бірден экранға шығып кетпейді.
Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:
Басты талап – идеология
– Киноөнімдерге қатысты көркемдік кеңестің оң ықпалы да, теріс ықпалы да бар. Теріс ықпалы – цензура. Қазір ондай болмауы керек, еркіндік болуы керек. Әркім өзінің ойымен кино түсіруі тиіс. Бірақ бір ескеретіні бар: қанша адам болса, сонша пікірдің болатыны сияқты бізде небір ақымақ адамдар да бар. Күнделікті өмірде көріп жүрміз, неше түрлі «жындылар» бар. Ақымақ режиссерлер де болуы мүмкін. Ондай режиссер ертең ұлттың, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кино шығармасына кім кепіл? Ол халықтың ар-намысына тиетін кино шығаруы мүмкін немесе бір дінді бір дінге айдап салатын кино түсіруі мүмкін. Құдайға тәубе, бізде жекеменшік киностудиялар үшін көркемдік кеңес болмаса да, экранға мұндай теріс пиғылды дүниелер шығып жатқан жоқ. Бірақ содан сақтану керек. Сол үшін киноларды тексеретін көркемдік кеңес міндетті түрде қажет. Ал сонымен бірге мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін басқа кинолардың бәріне толық еркіндік беру де керек. Көркемдік кеңес екенбіз деп, авторлардың шығармашылық мүмкіндіктерін шектемеуі қажет. Кеңес ең алдымен идеологияға мән беруі тиіс. Қалған жағына – сапасына, тақырыбына, ойына араласпасын.
Керімбек НИЯЗБАЕВ, «Жебе» киностудиясының президенті:
Басты талап – көрермендер құқы
– Бүгінде Қазақстанның кез келген азаматының кино саласымен айналысуға құқығы бар. Біздің Ата Заңымызда бұған шектеу қойылмаған. Бұрын Кеңес Одағы кезінде кино түсіруге лицензия алу міндетті болды. Қазір әлемнің кейбір мемлекеттерінде де лицензиясы жоқ азаматтардың кино түсіріп, оны халыққа ұсынуға құқы жоқ. Киноөнімді көркемдік кеңестен өткізбей, көпшіліктің назарына ұсынуға болмайды. Қазіргі мезгілде кез келген адамның өзінің жеке көзқарасы бойынша кино түсіре салатын жағдайлары көп кездеседі. Авторлық кино түсіруге, белгілі бір оқиғаларға байланысты көзқарасын кино арқылы білдіруге құқы бола берсін, бірақ оларды тек өзі үшін немесе фестивальдер үшін ғана ұсынуға болады. Ондай авторлық шығармалардың көпшілікке пайдасы бар ма, жоқ па, соны ескеру керек. Халыққа арналған фильм болғандықтан, біздің жағдайымызда ол қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесі, менталитеті аясындағы дүние болуы тиіс. Өйткені кино – тәрбие саласындағы негізгі құрал. Балаларымыздың арасында түрлі қылмыстардың өршіп жатқанының бір себебі – сол, неше түрлі кинолардың жарық көруі. Телеарналарда да ешқандай көркемдік кеңестен өткізбей, «мынау жақсы кино» деп өздері шешеді де, көрсете береді. Тағы бір мәселе – Қазақстанда кино туралы заң жоқ. Мәдениет туралы, ақпарат туралы, басқа жөнінде заңдар бар да, ал кино және көрермендер құқы туралы заң қажет болып тұр. Өркениетті елдерде кино табыс түсіретін сала болса, бізде, керісінше, бюджетке түскен ақшаға кино шығарамыз. Демек, халықтан түскен қаржыға түсірілгендіктен, ол картина халықтың көңілінен шығатын болуы тиіс. Бізде кинолардың сұрауы жоқ. Бюджет қаржысына авторлық дүние түсірілмеуі керек. Адамгершілікке, имандылыққа, отаншылдыққа жетелейтін өнімдер түсірілуі қажет. Мен жеке киностудияның өкілі ретінде көркемдік кеңес шығармашылыққа тұсау болады деген пікірмен келіспеймін.
Болатбек МҰХТАРОВ
Кімнің қалтасы қаншалық қалыңдауда?
Соңғы уақытта киноөнім құқығын иеленушілер мен отандық кино прокаттаушылар арасындағы түсініспеушілікке қаржылай түсімдер есебінің ашық жүргізілмейтіні себепкер болуда. Прокаттаумен айналысатын кейбір мекемелердің өз түсімдерін жария ете бастағанына қарамастан, Қазақстандағы кинонарық көлемін бағдарлау әлі де айтарлықтай қиын көрінеді.
«Меломан» компаниясының директоры Вадим осы жағдайға түсінік бере отырып, voxpopuli.kz сайтына берген сұхбатында «Меломан» компаниясының кассалық түсімдері 2012 жылы 3,3 млрд теңгені құрады, ал компанияның нарықтағы үлесі 30 %, яғни Қазақстандағы жалпы түсім 10 млрд теңгеге (шамамен 66 млн АҚШ доллары) жуықтайды» деп атап өтті. Бұл көрсеткішті статистикалық мәліметтер де растайды. Статистикалық агенттіктің есебінше, алдыңғы жылы елімізде 11 миллионға жуық адам киноға барған. Ал билеттің орташа құны 5 доллар десек, кассалық түсім 55 миллион шамасында болған. Нарықтың өсу тенденциясын ескерсек, былтырдың қорытындысы бойынша кассалық жылдық түсім 60 миллионға жеткен болуы мүмкін, яғни аптасына 1 миллион доллардан асып отырған.
Cinema Hotel Corporation директоры Сабина Күзенбаеваның келтірген деректері бұдан өзгеше. Оның айтуынша, Қазақстандағы прокаттың түсімі Ресей Федерациясындағы жалпы түсімнің 3-10 %-ын, яғни жылына 120 миллион доллар шамасын құрайды. «Арман» киноорталығының атқарушы директоры Бауыржан Шүкеновтің пікірі Статистикалық агенттік мәліметімен үйлес, оның ойынша, киноның еліміздегі кассалық түсімі 60 млн доллардың айналасында.
Бір анығы, отандық кинопрокат нарығының негізгі ойыншылары Kinopark (20th Century Fox), «Меломан» (Disney, Sony, Bazelevs, West), «Интерфильм distribution» (Paramount пакетін иеленуші Universal, Central Partnership), «Арман» (Warner Bros., Paradise, Вольга), Cinema Hotel Corporation (Top film distribution), Star Cinema («Наше кино») және «Қазақфильм» компаниялары болып отыр. Бұл көрнекті прокаттаушылар Голливуд өкілдерімен жұмыс істейді және көпшілігі кинотеатр желілерімен тығыз байланыста.
Бірқатар кинотанушылар «Кинотеатрлардың қазақстандық желілері прокаттауға арналған фильмдердің дербес пакетіне иелік етуі шарт. Сонда ғана олар өздерін кинонарықтың толыққанды тұлғасы сезіне алады» деген көзқарастарын жасырмайды.
Құралай ҚОҢЫР
Манабайдың жаңа киносы
Отандық киноөнеріміз тағы бір фильммен толықты. Сәуір айының 18-інен бастап еліміздегі кинотеатрларда режиссер Дамир Манабайдың «Лотерея» фильмі көрсетіле бастайды.
Бұл кинода өткен ғасырдың 80-жылдары суреттеледі. Режиссер бұл туындысымен жетімдіктің кесірінен интернатта оқуға мәжбүр болған Әулет есімді баланың тағдыры арқылы адам психологиясын жан-жақты ашуды мақсат тұтса керек. Қамқоршысыз қалған бас кейіпкер кездейсоқ ұтысы бар лотерея билетіне ие болады. Лотерея билетін емес, құдды бір басқа тағдырды ұтып алды деуге келеді. Өйткені сол сәттен бастап оның өмірі бірден басқа арнаға түседі. Бұны өз қамқорлықтарына алудан бас тартқан жақындары осы оқиғадан кейін «жанашыр» болып шыға келеді. Тіпті Әулеттің «қамын ойлайтындар» көбейе бастайды. Олардың бар мақсаты – баланың қолындағы лотерея билетіне ие болу. Сол жолда олар әртүрлі қитұрқы қадамдар жасайды. Осы жолда олардың адамдықтан алыстаған шынайы бет-бейнелері ашыла түседі. Ал билеттің ұтысы жоқ екені анықталған кезде бәрі басқаша сипат алады.
Түсірушілер осындай сюжетті арқау еткен көркем дүниенің көрермендердің көңілінен шығатынына сенімді. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков жазғанын ескерсек, жақсы дүниеден үміттенуге болады.
Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі