Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Түрікке телміріп, корейге қараған күн құрысын...
«Өз қайғым жетпей жүргендей, енді оған Бериванның қайғысы қосылды ғой, қараң қалғыр» десе керек бір кейуана. Түрік сериалының түкірігі жерге түспей тұрғанын осыдан-ақ аңғаруға болады, тіпті түкпірдегі ауылдың еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін «Бериванмен» біте қайнасып, Сүлеймен сұлтанға ауыздарының суы құрып отырғаны... Қала берді, кәрістің өкпелегені не жай сөйлегені белгісіз, әйтеуір, ұртына құрт салып алғандай, ауыздары дорбадай боп шыға келетін, не тіпті үндемей сілеңді қатыратын кейіпкерлері туысымыздан жақын болып кеткелі қай заман...
«Саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен ай­на­лысады» демекші, егер оларды өмірімізге қолдан әкеліп кі­рістірмесе, біздің қазақ қаншама теңіздер мен мұ­хит­тар­дың арғы жағында жатқан түрік пен кәрістің өміріне кіріп кет­пес еді.  Қара нан мен қара судан артыққа ақшасы құр­ғыр жетпейтін заманның сәл қиындау кезінде «қуырдағын» қиялдан жасап алар деп көрермен көңілін алдаусырату үшін сериалдармен «сорпалап» еді. Енді қазір оларды өз отанына оралта алмай әлекпіз. Оралар еді-ау, егер олардан асып түсетін отандық сериалдарымыз болса... Бұл бізде отандық телехикаялар жоқ деген сөз емес, керісінше, бар бола тұра, жоқтың күйін кешіп отырғаны.
Біздегі сериалдардың сиқына үңілейікші: үйде – қазақ, түзде – орыс. Түсініксіз, жаңа ғана қазақша-ақ сөйлесіп тұрған екеу көшеге шыға беріп еді, орысша сөйледі де кетті. Қасында бір орыс болса мейлі ғой, жоқ, сонда қалай? Әлде бізде «қазақ тілі  ошақ қасынан аспасын, көшеде орысша сөйлесіңдер» деген заң бар ма еді? Олай болса, неге жолда әлгі екеуге ұшырасқан орыс не ұлты басқа достары қазақшаға судай ағып тұр?!  Бұл – бір ғана мін.
Екіншіден, бізде телехикая түсірерде кастинг жариялайды-ақ, бірақ неге екені белгісіз, «баяғы жартас – бір жартас» де­ген­дей, өткенде бір сериалға түскен топ жа­ңасында мұрты бұзылмастан қайта жүреді. Мысалы, шал болса міндетті түрде Бекжан Тұрыс немесе Қадірбек Демесінов, кемпір не көршінің әйелі болса ол міндетті түрде Ғазиза Әбдінәбиева деген сияқты. Бұл – Бекжан ағамыз не Ғазиза апайымыз нашар ойнайды деген сөзіміз емес, мәселе біздің режиссерлер­дің таптаурын сарынға түсіп алғандығын айтамыз да. Бекжан Тұрыс: «Ұят болмасында» шал болып бір көрініп еді, бітті, одан кейін ағамызға жас жігіттің рөлі бұйырмай қойды, неге бізге керісінше, ол актердің көзге көрінбей жатқан басқа қырын ашуға талпынбасқа? Ғазиза апайымызды да солай, бәз-баяғы Роза күйінде қалдырдық. Фильм атауы ауысқаны болмаса, кейіп­керлер сол баяғы, сондықтан жаңа туынды емес, бұрынғыны қайталап көріп жатқандай боламыз. Алысқа бармай-ақ, ресейлік се­риал­дарға көз салайықшы. Ай­талық, Сергей Безруков «Бригадада» Саша Белыйды сомдады. Мәссаған, кейіпкер болсаң сондай бол, елдің кумиріне айналып шыға келді. Жас балалар арасында Белый мен оның бригадасы секілді төртеу боп жүру сәнге ай­нал­ды. Әлгі сериалдың музыкасын айтсаң­шы, паһ, шіркін! Содан кейін Безруков: «Есенинге» басты рөлге түсті. Құйындай жүй­рік оттай жанған ақынның өзі тіріліп келгендей болды тағы. «Мынау Белый ғой» деп ешкім айтқан жоқ. Міне, актерлік ше­берлік. Режиссер де Сергей сынды қай­таланбас дарын иесінің бойындағы қабілетке се­ніп, оның көрермен көрмеген қырын ашу­ды мақсат етті. Біздің қазақ киноларында, әсі­ресе сериалдарында бүгінде осы жағы тіп­ті ескерілмейді. Бір соқпаққа түсіп алып, кетіп барамыз, қайда барарымыз белгісіз. «Телехикаямыз бар ма, бар» деген мақсат үшін ғана түсірілгені болмаса, одан бәлендей жетістік сезіліп жатпағаны анық.
«Паһ, шіркін, Сүлеймен сұлтан секілді ки­но түсіретін бе еді, Сұлтан (Қожықов) сын­ды, Шәкең (Айманов) сынды режис­сер­леріміз кетіп қалды ғой» деп мұңайды бірде Асанәлі Әшімов ағамыз. Өзіне дейінгі ірі­лерді жоқтауы екені сөзсіз. Ол – бір, екін­шіден, қазақ киносының аңызға бергісіз тұл­ғасы осы бір түрік сериалын көретін болса, үлгі қылып айтып тұрса, демек, оның сапалы, жақсы болғаны. Олай болса бізге «жақсыны үй­ренбекке» деп, мықты сценарийлер жа­зып, отандық телехикаяның кәсіби дең­ге­йін көтеруге неге талпынбасқа?
Шынын айтуымыз керек, кино түсіру бізде әзірге кәсіби деңгейде емес, әуес­қой­лық­тан әрі аса алмағанымыз сырт көзге ұрып тұрады. Қазір телехикая түсірумен «Қа­зақ­­фильмнен» гөрі жеке студиялар көбірек ай­налысып жүр. Міне, солар жекелігін істейді де, «кино түсіргелі жатыр» деген дақ­пырт туғызуды көздей ме, әйтеуір, ұлтқа, кө­рерменге берер түгі жоқ болса да, сол жеке продюсерлік орталықтың әншісін басты рөл­де ойнатып, бір нәрсе жасаған болады. Ол ән­ші рөлде ойнай алса жақсы ғой, жоқ, онда ак­терлік шеберлік деген атымен жоқ, ән­шейін жүреді де қояды. Сол фильмге то­пыр­латып түсірген қазақтың барлық маңдайалды де­ген әртіс, әнші атаулылары да белгілі бір об­раз сомдаса мейлі ғой, әркім өзін-өзі ой­нап жүргені. Осыдан соң кино саласында өсу қай­дан болсын?! 
Кино – ең алдымен жақсы сценарий. Бұл – біз бүгін ашқан жаңалық емес, ки­но­гер­лердің әлдеқашан көз жеткізген ақиқаты. Олай болса, бізде ұлттық мазмұндағы, қа­зақы танымдағы сценарийлер жоқ. Өзіміз там­сана тамашалайтын түрік не кәріс се­риал­дарының қай-қайсысын алып қарасақ та, мейлі ол осы заманауи форматта, осы за­манның адамдарын көрсетіп тұрса да,  кә­рістікінен кәрістің, түріктікінен түріктің иісі аң­қып тұрады. Әуені, олардың ұлттық мінез-құл­қы, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрінен. Бізде... Өз­геге еліктейміз деп, өз бет-бейнемізді жо­ғалтып алғанбыз ба? Болмаса біз қазақ болудан ұяламыз ба? Айтпақшы, қазақты қа­зір «мәмбет» дейтін ұрпақ туған, бәлкім, біздің бір сөзі орысша, бір сөзі қазақша телехикаясымақтарымыз сол мәмбет емес көрермендерге арналған шығар?..

Анекдот орнына
Екі келіншек сөйлесіп отыр дейді, екеуі де қазақ екен.
Бірі екіншісіне:
– Сен шетелге шығып көріп пе едің?
– Жоқ.
 – Егер мүмкіндік болса, қай жаққа барар едің?
– Түркияға немесе Кореяға...
–  Неге?
– Өйткені бәрін танимын ғой...

P.S.
«Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деп бәйбіше байғұстар күйінгеннен айтқан екен ғой. Кейде солар сияқты айтқың кеп кетеді...

Мәриям ӘБСАТТАР


«Мен – ақымақ»

1. Махаббат ойынын қыз бастай ма, жігіт пе?
– Сәлеметсіз бе, бұл «Махаббат станциясы» ма? Менің атым – Гүлназ».
(«Махаббат станциясы») к/ф

2. Бұзықтық немен түсіндіріледі?
– Сөмкеден бақа тарбаң етіп шыға келгенде қызық болатын шығар  деп ем...
(Қожа, «Менің атым Қожа» к/ф)

3. Мона Лиза кім?
 – Патша ағзам келе жатыр, семіз қатынды әкеліңдер.
(«Семіз қатын» – әйгілі да Винчидің «Мона Лизасы»)
«Петр патша арабты қалай үйлендірді» к/ф

4. «Кімсің?» десе не деу керек?
–  Біз Мансұр екеуміз қазақпыз!...
(Ералы, «Көшпенділер» к/ф)

5. Келінді қалай іздеуге болады?
–  Мәскеуде өтетін симпозиумға баратын қыз керек!
(Тана әжей, «Тақиялы періште»)

6. Ерді қалай бағалау керек?
– Азаматтың ары тапталып жатқанда бір қатынның жаны садаға!..
(Әпіш, «Біржан сал» к/ф)

7. Қазақтар сезімін қалай білдіреді?
–  Сен неге маған қарайсың?
 – Өзің ғой маған қараған...
(«Көшпенділер», Мансұр мен қалыңдығы)

8. Үйленуге қалай ұсыныс жасайды?
– Қымбатты Милатжан, бір үйге бір ер-азамат керек қой...
(Қаратай, «Менің атым Қожа»)


Нұржұманның «құдасы» неден жеріді?
Жерар Депардье –  Францияның әлемге әйгілі актерлерінің бірі һәм бірегейі. Бірақ дәл қазіргі уақытта оны француздардың мақтанышы дей алмаймыз. Қарапайым француз үшін әлі де сүйікті актер шығар, бірақ ресми билікпен араларындағы салықтан басталған салқындық біраз дауға ұласты. Сол жаһандық деңгейдегі Жерардың аты дәл қазіргі уақытта жер жарып тұр. Бірақ өнердегі емес, өмірдегі «рөлімен»...
Өз елінен жеріген Жерар қазақ халқына да кеңінен таныс. Күллі дүние көз тіккен аты әйгілі фильмдерде ойнаған рөлдерін айтпағанда, өзіміздің отандық киноөнерімізде де бірді-екілі басты образдарды сомдап берді. Ол киноларды көре алмаған көрермендердің өзі де бұл кісінің нұр дидарымен таныс. Қазақ театры мен киносына елеулі еңбек сіңірген актеріміз Нұржұман Ықтымбаевпен ынтымақтаса жүріп, еліміздің ірі банктерінің бірін жарнамалады. Экраннан күніге неше мәрте жылт етіп шыға келетін. Алматы сынды үлкен қалалардың орталық көшелерінде билбордтарда жылы жымиып тұратын.
Сол Депардьеңіз бұл күндері БАҚ-тың тұрақты кейіпкеріне айналып шыға келді. Ол турасында бұрын да аз жазылмайтын. Әр адымы жұрт назарынан тыс қалмайтын тұлғаңыз соңғы кездері мүлдем алаулап шыға келді. Біраз уақыт оның өз елінен кеткендігі, қай елдің азаматтығын алғысы келетіндігі, бәрі-бәрі сөз болды. Ол азаматтық алғанда, Ресей халқы да бір шулап басылды. Ресейге қайта оралған орыс ұлтының азаматтары біршама уақыт күтіп жүріп, мекемеден алатын құжатты неге оған Президент өз қолымен беруі керек деген сыңайда. Дегенмен Ресей Президентінің ол ісі құптарлық еді. Ешқандай саяси астары жоқ, шынайы өнерді, талантты бағалау деп айтуға болады.
Әртүрлі әңгімелер енді ғана толастай бергенде жалын қайта жанғандай болды. Отқа май тамызған Грозныйдағы өрт еді. Бір күн бұрынғы Шешенстан астанасындағы ең биік ғимарат – «Грозный-сити» өртенгенде әлемдік ақпарат құралдары бұл зәулім сарайдың ресми атынан гөрі «Жерар Депардьеге сыйға тартылған бес бөлмелі пәтер орналасқан үй» дегенді әлдеқайда көп айтты. Шындығында, осы кешенде орналасқан пәтердің кілтін осыдан бір ай бұрын ғана Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров әйгілі актерге Шешенстанның құрметті азаматтығымен қосып берген болатын.
Қарапайым француз Жерардың күллі ісін кешіреді. Бірақ Франция билігіне он жерден Депардье болсаң да бәрібір. Өйткені олар ішімдік ішіп көлік руліне отырды дегенді желеу етіп, көрерменнің сүйікті актерін әлі күнге сотқа шақырып әлек. Ал Ресейде, керісінше. Көршілес елде Ресей Президенті Алла Пугачеваның концертіне барады, қол соғады, гүл береді. Сол себепті де танымал тұлға осындай қадам жасаса керек. Біздің елімізде де өнерге, талантқа деген құрмет жоқ емес. Осыған қарап күні ертең Нұржұманның «құдасы» біздің елімізді таңдап жатса, таңғалуға болмайды деген ой келеді.
«Күндердің күнінде кез келген суреткердің пендешілігі ұмытылады, олардың суреткерлігі ғана қалады» деген тәмсіл бар. Салық төлеушілер көп, ал Жерар жалғыз!!!
Заңғар ШЕГЕБАЙ


Отандық киноөнімдерді көркемдік кеңес сынынан өткеннен кейін барып прокатқа шығару керек пе?
ҚР Мәдениет министрлігінің жанынан көркемдік кеңес құрылуы керек. Бізде қазір «Қазақфильмнің» туындылары ғана көркемдік кеңесте қаралады. Ал бізден басқа да жекеменшік студиялар бар емес пе? Олар да өз өнімдерін түсіріп, прокатқа еркін шығарып жатқанын ескеруіміз керек. Жекеменшік болсын, басқа болсын, бәріміз бір мемлекетте бір халыққа қызмет етіп отырмыз.


Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер, сценарист, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
Басты талап – сапа
– Елдің ортақ заңы, Конституциясы бар. Бірақ жеке киностудиялар өз өнім­дерін бізге әкеліп көрсетпейді. Ақша құй­ған адам өздері киноны бір қа­рап шы­ғады да, экраннан көрсете береді. Ең қызығы, көркемдік кеңестен өт­пеген нашар дүниелер үшін бәрі ай­налып келіп, «Қазақфильмді» күс­та­налайды. «Қа­зақфильмді», бізді сы­на­май­­тын адам жоқ қазір. Тіпті сол ки­­нодағы титр­ді жөндеп оқымайды. Көркемдік са­пасы өте төмен киноларды кө­ріп ала­ды да, «Ш.Айманов атындағы ки­но­сту­дия осындай нашар дүние жа­сап отыр» деп орынсыз сынап жатады. Бұған «Қа­зақ­фильмнің» қатысы қан­ша? «Қазақ­фильмде» көркемдік кеңес бар, кеңес сценарийлерді оқиды, кә­сі­би мамандар көпшілік болып тал­қы­лай­ды, қабылдап алады. Содан кейін Ас­танаға, Мәдениет министрлігіне ұсы­нады. Рұқсат беру құ­жаттары алынады, сөй­тіп, туынды өзі­нің заңды жолымен өтеді. Ал жекеменшік студиялардың өнімдері мұндай көпсатылы талдаудан өтіп жатқан жоқ. Түрлі сападағы фильм­дер­дің толып кеткені со­дан. Қазір же­ке ки­­но­сту­­дия­лар тіп­ті­ әр ай­мақ­та бар. Жа­қында те­леди­дардан бір жақта бі­реудің Мағ­жан Жұма­баев туралы де­­ректі әрі көр­кем фильм түсіріп жатқанын есті­дім. Осын­дай дү­ние­лер көп. Кө­рер­мен оны естіп алады да, «Қа­зақ­фильм­нің» өнімі екен деп шатастырып жатады. Көр­кемдік кеңес болса мұндай шы­ғар­малардың ал­дымен сапасын қарар еді. Бізде, мы­салы, кәсіби мамандар мен осы салаға бе­­йімделген тісқаққан жур­налистер отыр. Содан кейін түсірілген дү­ниенің идео­логиялық жағына мән береді. Біз бір киноны бірнеше нұс­қа­мен түсірт­кіземіз, кем-кетігін жөн­де­теміз, әбден пісіреміз. Жеке студия­лар­дың өнімі сияқты бірден экранға шығып кетпейді.


Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:
Басты талап – идеология
– Киноөнімдерге қатысты көркемдік кеңестің оң ықпалы да, теріс ықпалы да бар. Теріс ықпалы – цензура. Қазір он­дай болмауы керек, еркіндік болуы ке­рек. Әркім өзінің ойымен кино түсіруі тиіс. Бірақ бір ескеретіні бар: қанша адам болса, сонша пікірдің болатыны сияқ­ты бізде небір ақымақ адамдар да бар. Күнделікті өмірде көріп жүрміз, неше түрлі «жындылар» бар. Ақы­мақ режиссерлер де болуы мүмкін. Он­дай режиссер ертең ұлттың, мем­ле­кеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ки­но шығармасына кім кепіл? Ол ха­лық­тың ар-намысына тиетін кино шы­ғаруы мүмкін немесе бір дінді бір дінге ай­дап салатын кино түсіруі мүмкін. Құ­дайға тәубе, бізде же­ке­мен­шік ки­но­студиялар үшін көр­кем­дік кеңес бол­­маса да, экранға мұн­дай теріс пи­ғылды дү­­ние­лер шығып жат­қан жоқ. Бі­рақ со­дан сақ­­тану ке­рек. Сол үшін ки­но­лар­­ды тек­­се­ретін көр­кемдік кеңес мін­дет­ті түр­де қажет. Ал сонымен бірге мем­­ле­кет­тің қауіпсіздігіне нұқсан кел­тір­мей­тін бас­қа кинолардың бәріне то­лық еркін­дік беру де керек. Көр­кемдік ке­ңес екен­біз деп, автор­лар­дың шығар­ма­­шылық мүмкін­дік­терін шектемеуі қа­жет. Кеңес ең алды­мен идео­ло­гияға мән беруі тиіс. Қал­ған жағына – са­па­сы­на, тақы­ры­бына, ойы­на ара­лас­пасын.


Керімбек НИЯЗБАЕВ, «Жебе» киностудиясының президенті:
Басты талап – көрермендер құқы
– Бүгінде Қазақстанның кез келген аза­ма­тының кино саласымен айналы­суға құқығы бар. Біздің Ата Заңымызда бұған шектеу қойылмаған. Бұрын Кеңес Одағы кезінде кино түсіруге лицензия алу міндетті болды. Қазір әлемнің кей­бір мемлекеттерінде де лицензиясы жоқ азаматтардың кино түсіріп, оны ха­лық­қа ұсынуға құқы жоқ. Киноөнімді көр­кемдік кеңестен өткізбей, көп­шіліктің назарына ұсынуға болмайды. Қа­зіргі мезгілде кез келген адамның өзі­нің жеке көзқарасы бойынша кино тү­сіре салатын жағ­дай­лары көп кез­де­седі. Авторлық кино түсіруге, белгілі бір оқиғаларға байланысты көзқарасын кино арқылы білдіруге құқы бола бер­сін, бірақ оларды тек өзі үшін немесе фе­с­тивальдер үшін ғана ұсынуға бо­лады. Ондай авторлық шығармалардың көп­шілікке пайдасы бар ма, жоқ па, со­ны ескеру керек. Халыққа арналған фильм болғандықтан, біздің жағда­йы­мызда ол қазақтың салт-дәстүрі, тәр­бие­сі, менталитеті аясындағы дүние бо­луы тиіс. Өйткені кино – тәрбие са­ла­сындағы негізгі құрал. Ба­ла­ла­ры­мыздың ара­сында түрлі қыл­мыс­тардың ө­р­шіп жат­қанының бір себебі – сол, неше түр­лі кино­лар­дың жа­рық көруі. Те­ле­ар­на­ларда да еш­қан­дай көр­кем­дік ке­­­ңес­тен өт­кіз­бей, «мы­нау жақсы ки­но» деп өздері шешеді де, көрсете бе­реді. Тағы бір мәселе – Қазақстанда кино туралы заң жоқ. Мәдениет туралы, ақпарат туралы, басқа жөнін­де заңдар бар да, ал кино және көрермендер құ­қы туралы заң қажет болып тұр. Өр­ке­ниет­ті елдерде кино табыс түсіретін сала болса, бізде, керісінше, бюджетке түскен ақшаға кино шығарамыз. Демек, халықтан түскен қаржыға түсіріл­ген­дік­тен, ол картина халықтың көңілінен шығатын болуы тиіс. Бізде кинолардың сұ­рауы жоқ. Бюджет қаржысына автор­лық дүние түсірілмеуі керек. Адам­ге­р­ші­лікке, имандылыққа, отаншылдыққа же­телейтін өнімдер түсірілуі қажет. Мен же­ке киностудияның өкілі ретінде көр­кемдік кеңес шығармашылыққа тұсау бо­лады деген пікірмен келіспеймін.

Болатбек МҰХТАРОВ


Кімнің қалтасы қаншалық қалыңдауда?
Соңғы уақытта киноөнім құқығын иеленушілер мен отандық кино прокаттаушылар арасындағы түсініспеушілікке қаржылай түсімдер есебінің ашық жүргізілмейтіні себепкер болуда. Прокаттаумен айналысатын кейбір мекемелердің өз түсімдерін жария ете бастағанына қарамастан, Қазақстандағы кинонарық көлемін бағдарлау әлі де айтарлықтай қиын көрінеді.
«Меломан» компаниясының директоры Вадим осы жағдайға түсінік бере отырып, voxpopuli.kz сайтына берген сұхбатында «Меломан» компаниясының кассалық түсімдері 2012 жылы 3,3 млрд теңгені құрады, ал компанияның нарықтағы үлесі 30 %, яғни Қазақстандағы жалпы түсім 10 млрд теңгеге (шамамен 66 млн АҚШ доллары) жуықтайды» деп атап өтті. Бұл көрсеткішті статистикалық мәліметтер де растайды. Статистикалық агенттіктің есебінше, алдыңғы жылы елімізде 11 миллионға жуық адам киноға барған. Ал билеттің орташа құны 5 доллар десек, кассалық түсім 55 миллион шамасында болған. Нарықтың өсу тенденциясын ескерсек, былтырдың қорытындысы бойынша кассалық жылдық түсім 60 миллионға жеткен болуы мүмкін, яғни аптасына 1 миллион доллардан асып отырған.    
Cinema Hotel Corporation директоры Сабина Күзенбаеваның келтірген деректері бұдан өзгеше. Оның айтуынша, Қазақстандағы прокаттың түсімі Ресей Федерациясындағы жалпы түсімнің 3-10 %-ын, яғни жылына 120 миллион доллар шамасын құрайды. «Арман» киноорталығының атқарушы директоры Бауыржан Шүкеновтің пікірі Статистикалық агенттік мәліметімен үйлес, оның ойынша, киноның еліміздегі кассалық түсімі 60 млн доллардың айналасында.
Бір анығы, отандық кинопрокат нарығының негізгі ойыншылары Kinopark (20th Century Fox), «Меломан» (Disney, Sony, Bazelevs, West), «Интерфильм distribution» (Paramount пакетін иеленуші Universal, Central Partnership), «Арман» (Warner Bros., Paradise, Вольга), Cinema Hotel Corporation (Top film distribution), Star Cinema («Наше кино») және «Қазақфильм» компаниялары болып отыр. Бұл көрнекті прокаттаушылар Голливуд өкілдерімен жұмыс істейді және көпшілігі кинотеатр желілерімен тығыз байланыста.
Бірқатар кинотанушылар «Кинотеатрлардың қазақстандық желілері прокаттауға арналған фильмдердің дербес пакетіне иелік етуі шарт. Сонда ғана олар өздерін кинонарықтың толыққанды тұлғасы сезіне алады» деген көзқарастарын жасырмайды.

Құралай ҚОҢЫР


Манабайдың жаңа киносы
Отандық киноөнеріміз тағы бір фильм­мен толықты. Сәуір айының 18-інен бастап еліміздегі кинотеатрларда ре­жиссер Дамир Манабайдың «Лоте­рея» фильмі көрсетіле бастайды.
Бұл кинода өткен ғасырдың 80-жыл­­дары суреттеледі. Режиссер бұл туын­ды­сымен жетімдіктің кесірінен ин­­тер­нат­та оқуға мәжбүр болған Әу­лет есімді ба­ланың тағдыры арқылы адам пси­хо­логиясын жан-жақты ашу­ды мақ­сат тұтса керек. Қамқоршысыз қал­ған бас кейіпкер кездейсоқ ұтысы бар ло­те­рея билетіне ие болады. Ло­терея би­летін емес, құдды бір басқа тағ­дырды ұтып алды деуге келеді. Өйт­кені сол сәт­тен бастап оның өмірі бір­ден басқа ар­наға түседі. Бұны өз қам­­қор­­лық­та­рына алу­дан бас тартқан жа­қындары осы оқи­ғадан кейін «жа­на­­шыр» болып шы­ға ке­леді. Тіпті Әу­лет­тің «қамын ой­лай­тын­дар» кө­бейе бас­тайды. Олар­дың бар мақ­саты – ба­ланың қолындағы ло­терея би­­летіне ие болу. Сол жолда олар әр­түр­лі қитұрқы қа­дамдар жа­сай­ды. Осы жолда олар­дың адамдықтан алыс­таған шынайы бет-бейнелері ашы­ла түседі. Ал би­леттің ұтысы жоқ екені анықталған кезде бәрі басқаша сипат алады.
Түсірушілер осындай сюжетті арқау ет­к­ен көркем дүниенің көрермендердің кө­ңілінен шығатынына сенімді. Фильм­нің сценарийін белгілі жазушы-дра­ма­тург Дулат Исабеков жазғанын ескер­сек, жақсы дүниеден үміттенуге бо­ла­ды.

Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста