Алаштың КИНОиндустриясы

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қызылжар қазақ киносын неге көрмейді?
Құдайға шүкір, соңғы жылдары қазақ режиссерлерінің қолынан шыққан кинотуындылар көрерменге көптеп жол тартуда. Арасында көңілден шығып жатқандары да бар, сынға ұшырағандары да жетерлік. Өкінішке қарай, отандық киноны дер кезінде көріп, өз пікірін білдіріп жатқандардың қатарында қызылжарлық көрермендер жоқ. Себебі жұрт жиналмайды деген желеумен кинотеатр басшылары отандық өнімді көрсетуге құлықсыз. Көрсетсе де ыңғайсыз, қолайсыз уақытта немесе республика бойынша көрсетілімдер аяқталған соң араға апта салып ұсынады.
Кино – тәрбие құралы екені еш дау туғызбайды. Жас жеткіншектердің көбі кинодағы кейіпкерлерге еліктеп өседі. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің қаһар­мандары өзіміздің кейіпкерлер емес. Көбі өрмекші адам, кунфушы панда, темір батыр, тағысын тағылар сияқты болуды ар­мандайды. «Жаужүрек мың бала» фильмі­нен кейін Сартай сияқты батыр бол­ғысы келетіндер шығып жатқаны даусыз. Соңғы жылдардағы зал тола көрермен жинап, жұрттың көзіне жас алдырған жалғыз фильм, сондай-ақ отандық туын­дылар ішінде ең көп қаржы түсірген кино ретінде де есте қалды. Бірақ көр­сетілімнен түскен миллиондардың ішінде қызыл­жарлық көрермендердің үлесі жоқ. Себебі «Жау­жүрек мың бала» Қызылжарда «жау кеткен соң» бір-ақ көр­сетілді. Көрер­мен кино­театрға күнде теле­фон соғумен болды. Ақыры араға апта салып барып әзер дегенде жетті. Ал бұл уақытта үлкен экран­нан көруден үміттері үзілген жұрт­шылық интернеттен көшір­мелерін тауып көріп те қойған болатын. Сондықтан апта бойы сеанстарға әрі кетсе 20 адамнан ғана жиналған екен.
Жыл фильмі аталған «Шалды» да Қызылжар шу басылған соң барып көрді. Оның өзінде прайм-тайм уақыттар бұйыр­май, жұрт жұмыстан сұранып, күндіз барып жатты. Кинотеатр басшылары өз қол­дарымен отандық киноға осындай кедер­гілер жасайды да, шімірікпестен «көрермен жиналмайды, пайда түспейді» деген желеу айтады. Бұл бір деңіз, екіншіден, Қызыл­жардағы кинотеатрда қазақ тілінде кино көру деген Айға ұшқанмен тең. Соңғы рет «Көліктер 2» мультфильмі ғана көр­сетілген, одан кейін ләм-мим жоқ. Кешігіп болса да жеткен «Жаужүрек мың бала», «Шал» фильм­дерінің де түпнұсқасы емес, орысша аудармасы ұсынылды.
Қаладағы қос кинотеатрдың ішіндегі ең бе­делдісі «Қазақстан» кинотеатрының менеджері Любовь Рожнева болса, «түсір­ген фильмдерін уақытында бермейді» деп отандық киностудияларды кінәлайды.
Любовь РОЖНЕВА, «Қазақстан» кинотеатрының менеджері:
– Отандық кинолардың бізде көрсетілмеуіне немесе кешеуілдеп көрсетілуінде біздің кінәміз жоқ. Мысалы, біздегі түсірген фильмдерді алу өте қиын. Басқалармен шарт жа­сасқанда бәрі анық, көрсетілімнен түскен пайданың 60 пайызы оларға, 40 пайызы кинотеатрға қалады. Ал біздегілер көрсетілім басталмай жатып ақша талап етеді. Тағы бір кемшілігі, алдын ала хабарласып, жаңа кинолары туралы айтпайды. Мысалы, «Шал» жайын­да өзім оқып-біліп, телефон шалып жүріп, сұрап алдым. Менің ойым­ша, отандық киноның сапасы әлі де төмен. Адам аз келетіні де сондықтан.
«Отандық кино сапасының төмендігінен кинотеатрға келушілер аз» деген пікірмен «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Ерлік Мұхаметжанов келіс­пейді. Оның пікірінше, алдымен қа­зақстандық киноға деген кинотеатр бас­­шы­­ларының көзқарасы өзгеруі керек.
Ерлік МҰХАМЕТЖАНОВ, «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Төл өнерімізге қырын қарауды қою керек. Кино болсын, концерт бол­сын өзге елден біреу келсе елпілдеп, ал өзіміздікілерге келгенде сылтау кө­бейеді. Мысалы, жарнаманы жақ­сылап берсе қазақ киноларына да келушілер көбейер еді. Ал ол жоқ. Қызылжар тұрғындары тоқалдан туған сияқты, өзге облыс тұрғындары көр­генді біз көре алмаймыз.
Қызылжарда екі кинотеатр барын жоғарыда айттық. «Қазақстан» театры «Жаужүрек мың баланы» жұрт көріп болған соң, ал «Шалды» шуы басылған соң көрсетіп жүрсе, «Новый свет» кинотеатры біздің елде де кино түсірілетінін білмейтін сияқты. Афишасынан бір отандық туынды таппайсың. Кілең Америка мен Ресейдің кинолары. Айтпақшы, заң бойынша елімізге әкелінетін фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасалуы керек. Ал бұл заңды орындап жатқан жан көрінбейді. Қызылжар сияқты қалалардың тұрғындары қазақша кино көру былай тұрсын, орысша болса да отандық туындыларды тамашалай алмай отырғанда, шетелден әкелінген фильмдерді қазақша көретін күн туа қояр ма екен?
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар


Мағжанмен экранда қауышар күн жақын
Таяу күндерде көрермен қауым «ғасыр ақыны» атанған көрнекті тұлға Мағжан Жұмабаев жайлы жаңа фильммен қауышпақ. «Тыңдашы, тағдыр» атты кинотуындыны түсірген – «Тұран-Фильм» студиясы. Сценарий авторы және режиссері – Марат Қоңыров.
Фильмнің негізгі түсірілімі Мағжанның ауылы – Сарытомарда және Петропавл қаласында өтіп, Алматы мен Алматы облысында жалғасты.
Жұмыстар хроникалық-қойылымдық жанрда жүргізілді, яғни актерлер компьютерлік графи­каның көмегімен кинохроникаға енгізілді. Фильм­де Мағжанның «Алаш» партиясын құруға белсенді атсалысуы, Ташкент пен Мәскеуде тұрып, Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған кезеңі, шығармашылық қызметінің негізгі сатылары секілді кезеңдері қамтылған. «Картина Мағжан­ның қайтыс болуына байланысты кейбір құпия­ларды ашады. Ақын көз жұмғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы оның шығармаларын басып шыға­руға жол бермеген нағыз сатқындардың беті ашылады», – дейді режиссер.
Фильмнің түпнұсқа тілі – қазақша. Бірақ туындыны орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару жоспарланып отыр.


«Ералаштың» қазақша нұсқасы шықпақ
Алматыда «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы басшылығының қолдауымен балаларға арналған кинофильмнің түсірілімі жүруде. Бұл фильм  – Кеңес үкіметі кезіндегі әйгілі «Ералаштың» қазақша нұсқасы. «Қазақтар төл туындымды ұрлады» деп «Ералаш» киножурналының жетекшісі Борис Грачевскийдің тіпті сотқа жүгінбек болғандығын естідік. Жобаның режиссері және сценарий авторы Эдуард Табишев болса, ешқандай сотқа беру шарасы қолға алынбағанын, мәселені келіссөз арқылы шешкендігін жеткізді.
Қазақстандық режиссердің айтуын­ша, алғашқыда карти­на­ның атауын «Еркелаш» деп атауға Ресейдегі балаларға арналған «Ералаш» әзіл-сықақ журналы түрткі болған. Бірақ Борис Грачевский бұл атаудың өзіне қарсы болып шығыпты. Енді фильмнің түбегейлі атауы ойластырылу үстінде. Фильм екі нұсқамен түсірілуде. Толықметраж түріндегі туынды – кинотеатрлардан көрсетілсе, бірнеше бөлімнен тұратын қысқаметражды нұсқасы еліміздің телеарналары арқылы таратылмақ. Сюжетте Мейрамбек есімді баланың хикаялары баяндалады. Үлгерімі нашар бала үнемі түрлі оқиғаларға тап болып, сөз естумен болады. Өзінің қателік­терінен сабақ алған оның кейін білімге құштарлығы оянып, оқу озаты болады. Толықметражды картина прокатқа Балаларды қорғау күні –
1 маусым қарсаңында шығады деп жоспарлануда.
Эдуард ТАБЫШЕВ, режиссер:
– Қазір балалар фильмі жетіспейді. Біз осы олқылықтың орнын толтырсақ деген мақсатпен фильм түсірудеміз. Туынды балаларға арналғандықтан, әуелі «ерке» сөзін таңдап алдық. Басты кейіпкер ерке бала кейпінде ойнайды. Бұл фильмнің кеңес үкіметі кезінде ең танымал болған «Ералаштың» үлгісімен түсірілгені рас. Сондықтан «лаш» жалғауын қалдырып едік. Алайда «Ералаштың» авторы бұл фильмнің атауына қарсы болып шықты. Ол кісі бізді сотқа берді деген сөз – жалған. Борис Грачевскиймен келісімге келдік. Фильм бәрібір шығады. Бірақ атауын өзгертеміз. Нақты қандай атау таңдап алынғанын арнайы баспасөз мәслихатын ұйым­дастырып айтамыз. Қазір балалар фильмінің аты ойластырылу үстінде.

Жанахмет АҒЫБАЕВ, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының бас директоры:
– Фильм идеясының авторы – Эдуард Табишев. Ол маған келіп, бірлесіп фильм түсіру туралы өз ұсынысын айтты. Мен келісімімді бердім. Жарнамалық және ақпараттық қолдауды айтпағанда, техникалық құрал-жабдықтар тұрғысынан толық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Авторлық құқық Эдуардта қала береді. Және бұл «Қазақстан-Ақтау» арнасы­ның бірлескен жобасы саналады. Фильм ең алғаш біздің телеарна арқылы беріледі. Сосын барып кинотеатр­лардан көрсетіле бастайды. Бірақ біз Эдуардтың коммер­циялық жұмысына араласпаймыз. Оны біз көрсеткеннен кейін қалай, қайда ұсынса да – өз еркі.  Балалар фильмінің негізгі желілері Ақтауда түсіріліп қойған. Мұнда біз әртістер табуға да көмектестік. Оның кейбір ұсақ-түйек дүниелері Алматыда жасалады.

Арман СЕРІКҰЛЫ


Барлық жанр қамтылмақ
«Қазақфильм» биыл 10 картинаны жарыққа шығармақ. Киностудия басшысы Ермек Аманшаевтың мәліметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz осылай деп хабарлайды.
Ең алдымен жарық көретін фильм – Ася Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері». Қиял-ғажайып кар­тинада Айтуар есімді оқушы бір семсерді тауып алып, қазақ-жоңғар соғысы заманына тап болады. Қылыш – жеңістің нышаны. Жоңғар билеушісі қарама­ғындағыларға келешек дәуірге кетіп қалған қасиетті нышанды қалайда тауып әкелуді бұйырады. Жаңа фильмде Әзиз Бейшенәлиев, Ержан Нұрымбет, Дін­мұхаммед Садыбековтер ойнайды.
Бұдан соң толықметражды анима­циялық фильм – «Ер Төстік пен Айдаһар» шығарылады. Қазақтың халық ертегісі желісімен түсірілген мультфильмде 3D форматты мен motion capture техноло­гиясы қолданылады. «Ер Төстік» жай ғана мультфильм болып қоймайды, онымен бірге тұтас мультбренд қалыптасады: осы фильмге қатысты ойыншықтар мен комикстер, басқа да кәдесый бұйымдар шығарылады.
Сәуір айының соңында «Қазақфильм» үш бірдей авторлық кинотуындыны прокатқа жібереді. Олар: Әділхан Ер­жановтың «Риэлторы», Дәрежан Өмір­баевтың «Студенті» және Дамир Мана­байдың «Лотереясы». Бұдан кейін «Арман орындалған шақта» атты ро­мантикалық мелодрама жарыққа шығады. Киноның атауы әлі толық бекітілген жоқ. Мұнда танымал әнші, композитор Батырхан Шүкенов, актриса Айсұлу Әзімбаева, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбековтер ойнайды. «Қазақфильм» музыка мен ырғаққа толы бұл картинаны «өте сәнді жоба» деп бағалап отыр.
Жылан жылының күзінде отандық екі киноның тұсауы және кесіледі. Олар: Асқар Ұзабаев пен Фархат Шәріповтің «Жолы» және Марина Кунарованың «Елес аулау» атты экшны. Алғашқысы боксқа өзін-өзі баулыған адамның әлемдік додаларға дейін көтерілу жолы туралы баяндайды. Басты рөл дебютант Назар Сұлтанбековке берілген. Кинода Ержан Түсіпов, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдірайымов та ойнайды. Ал «Елес аулаудың» басты рөлдерінен ең сымбатты актер атанған Санжар Мә­диевті, қазақстандық танымал күйеу бала – Никита Пресняковты, шетелдік актриса Кристанна Локенді, әйгілі «Одиссей» Арманд Ассантені және Әсел Сағатованы көре аламыз. Фильм жұмбақ хакердің соңына түскен өжет полицейдің ерліктері хақында.
Биыл сондай-ақ Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы сыр шертетін «Көшбасшы жолы» трило­гиясының екі бөлімі экранға жол тартады. «Отты өзен» және «Темір тау» аталатын картиналар 3D форматында болады. «Көшбасшы жолының» алғашқы бөлімі – Рүстем Әбдірашевтің «Балалық ша­ғымның аспаны» 2011 жылдың көк­те­мінде жарық көрген.
Болатбек МҰХТАРОВ


Өнерде де, өмірде де ол ешкімге ұқсамайтын...
«Қазақ киносының атасы» Шәкен Аймановтың өнерге бейімділігі бала жасынан байқалған. Әкесі Кенжетай мен туған жездесі, теңдессіз әнші Қали Байжановтан тәрбие алған ол, жастайынан ойын-сауық, жиын-той өткен жерден табылып, ән салып, өлең оқып, жұрт аузына ілігеді. Қара жұмысқа онша бейімі жоқ ерке Шәкен анасы әлдебір шаруаға жұмсаса, аяқастынан ауыра қалады. Ал қаттырақ ұрысса, ауылдың жанындағы «Серектастың» басына шығып алып, қараптан-қарап отырып жылайтын көрінеді. Бұл қылығын ерсі көріп, баланы тиып тастамақ болғандарды Кенжетайдың ағасы Аббас: «Тимеңдер оған... Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр», – деп тоқтатады екен...

Театрды өзінің актерлік мектебіне балаған Шәкен Айманов қазақ сахнасындағы қайталанбас образдарымен, спек­такль­дерімен тарихта қалды. Театрдың бас режиссері болады. Бірақ соған қарамастан, ұлы суреткер 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етеді. Жұрттың сондағы: «Киноға неге ауыстыңыз, драма театрынан неге кетіп қалдыңыз?» – деген сұрақтарына Шәкен Кенже­тайұлы кезінде: «Жасырмаймын, театрды бір уақытта көп болса, мың, мың жарым кісі көреді. Ал киноны пәлен мил­лион халық көре алады. Кино өнерінің осы мүмкіндігін пайда­ланып көрсем деген мақсатым бар», – деп жауап берген екен. Яғни сезімтал, сұңғыла тұлға ел мәдениетін, өнерін өркендету мәсе­лесінің болашақта кино өнерімен байланысты болатынын сол кездің өзінде терең түсінген. Сол себепті де ол киноның тілін меңгеруге, табиғатын түсінуге бар күшін салған. 
Шәкеннің ең алғашқы түскен киносы – «Амангелді». Фильмнің Алматы түбіндегі Қарақастек ауылында түсіріле бастағанын естіген бойда өз қалауымен барып, эпизодқа түседі және сол фильмге кеңесші болады. Одан кейінгі кезеңде қазақ киносының алғашқы бастаулары болып есептелетін «Райхан», «Ақ гүл», «Абай әндері», «Алтын мүйіз» фильмдеріне де қатысады. Бұлардан кейін  түсірілген «Жамбыл» фильмінде Шәкенге Шаймұхамбет ақынның рөлі беріледі. Бірақ фильмге дайындық барысында ол сценарийдегі өлеңдерді ұнатпай, басқа бір өлеңдерді оқып береді. Сонысына риза болған режиссер Дзиган бастапқы шешімін өзгертіп, 39 жастағы Шәкенді 100 жасаған абыз ақынның рөліне бекітеді. Ш.Айманов жасаған Жамбыл бейнесіне айтулы актер, режиссер Сергей Бондарчук: «Оның бет-әлпеті, көздері, қолдары, сөз саптасы мен жүріс-тұрысы соншалықты дәл, соншалықты сенімді. Көрермен бүкіл фильмнің өне бойында орындаушы актерді атымен естен шығарып, өз халқының ұлы, отаншыл азамат, ақын, данагөй қария, тірі Жамбылды көріп отырғандай елтіп қалады», – деп жоғары баға береді.
Киноға келгеннен кейінгі мезгілде Шәкен Кенжетайұлы 20-дан астам рөлде ойнап, 14 фильм түсірген. Солардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі – «Атамекен» фильмі Душанбедегі фестивальде бас жүлдеге ие болған. Шәкен Кенжетайұлының ең мықты фильмі «Атаманның ақыры» – өкінішке қарай, су­рет­кердің ең соңғы жұмысы. Қазақ театры мен кино өнері­нің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен дара дарын иесі 1970 жылы 23 желтоқсанда, 56 жасында Мәскеуде машина қағып қайтыс болды.
Өнерде өзгеше талантымен танылған Шәкен Кенжетайұлы өмірде де ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт адам болған. Осы қасиетіне орай достары оны «бүгінгі заманның серісі» деп білген. Дүниенің бетіне қарамайтын ол жұртпен араласқанды, достарымен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатқан. Кез келген жиылыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін Шәкен аға кейде өзі ұнататын әртістерін шақырып алып, текеметтің үстіне отыра кетіп, «қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындарын ойнайды екен.
Көзкөрген әріптестері Шәкен Кенжетайұлының шенді мен шекпендіден ықпаған, қай кезде де өз пікірін табанды түрде қорғай алатын батыл, тегеурінді тұлға болғанын айтады. Режиссер ретінде де ұстамды, сабырлы қалпынан танбаған. Актерге рөлін бір-екі рет түсіндіріп, егер ала алмаса, үндемей, қоя салады екен. Кейбіреулер сияқты қайта-қайта ескертіп, күйіп-пісіп, айғайлайтын әдеті болмаған. Репетиция кезінде қолына домбырасын алып, залдағы артқы қатарлардың біріне жайғасады да, сырт көзге қалғып кеткен кісідей қиял құша­ғына батады. Барлығын тыңдап алып, кемшіліктерін соңынан бір-ақ айтады.
Шәкен Кенжетайұлының кино түсірудегі жұмыс тәртібі де ешкімге ұқсамайтын. Фильмге кіріскеннен сасып, сүрініп, мұрнына су жетпей жататын кейбір режиссерлерден бір ар­тық­шылығы – Шәкен аға фильм түсіруге дайындалып жатқан адамдай емес, жайбарақат, шахмат ойнап, баяғы ойын-күлкімен жүре береді екен. Асығу дегенді білмеген. Бірақ түсіру алаңына келген бетте жұмысына сақадай сай болған. Соны көргендер: «Бұл қай уақытта дайындалып үлгереді?» деп таңғалатын болса керек. Тумысынан талантты Шәкен аға актерлерді ешқашан шаршатпаған, жалықтырмаған, анекдот, әзіл-қалжың айтып, айналасындағыларға әрқашан көтеріңкі көңіл күй сыйлай білген. Актер ретінде де, режиссер ретінде де импровизацияға өте шебер болған. Өкінішке қарай, Шәкен аға «Абайды» түсірсем деген арманына жете алмай кетті.
Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіс­пеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген Шәкен Кенжетайұлы сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрларға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте, ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді. Кинотанушы Бауыржан Нөгербек айтпақшы, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экология­сының шын мәнісіндегі жанашыры десек, еш қателеспейміз. 

Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста