Алаштың КИНОиндустриясы
Қызылжар қазақ киносын неге көрмейді?
Құдайға шүкір, соңғы жылдары қазақ режиссерлерінің қолынан шыққан кинотуындылар көрерменге көптеп жол тартуда. Арасында көңілден шығып жатқандары да бар, сынға ұшырағандары да жетерлік. Өкінішке қарай, отандық киноны дер кезінде көріп, өз пікірін білдіріп жатқандардың қатарында қызылжарлық көрермендер жоқ. Себебі жұрт жиналмайды деген желеумен кинотеатр басшылары отандық өнімді көрсетуге құлықсыз. Көрсетсе де ыңғайсыз, қолайсыз уақытта немесе республика бойынша көрсетілімдер аяқталған соң араға апта салып ұсынады.
Кино – тәрбие құралы екені еш дау туғызбайды. Жас жеткіншектердің көбі кинодағы кейіпкерлерге еліктеп өседі. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің қаһармандары өзіміздің кейіпкерлер емес. Көбі өрмекші адам, кунфушы панда, темір батыр, тағысын тағылар сияқты болуды армандайды. «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін Сартай сияқты батыр болғысы келетіндер шығып жатқаны даусыз. Соңғы жылдардағы зал тола көрермен жинап, жұрттың көзіне жас алдырған жалғыз фильм, сондай-ақ отандық туындылар ішінде ең көп қаржы түсірген кино ретінде де есте қалды. Бірақ көрсетілімнен түскен миллиондардың ішінде қызылжарлық көрермендердің үлесі жоқ. Себебі «Жаужүрек мың бала» Қызылжарда «жау кеткен соң» бір-ақ көрсетілді. Көрермен кинотеатрға күнде телефон соғумен болды. Ақыры араға апта салып барып әзер дегенде жетті. Ал бұл уақытта үлкен экраннан көруден үміттері үзілген жұртшылық интернеттен көшірмелерін тауып көріп те қойған болатын. Сондықтан апта бойы сеанстарға әрі кетсе 20 адамнан ғана жиналған екен.
Жыл фильмі аталған «Шалды» да Қызылжар шу басылған соң барып көрді. Оның өзінде прайм-тайм уақыттар бұйырмай, жұрт жұмыстан сұранып, күндіз барып жатты. Кинотеатр басшылары өз қолдарымен отандық киноға осындай кедергілер жасайды да, шімірікпестен «көрермен жиналмайды, пайда түспейді» деген желеу айтады. Бұл бір деңіз, екіншіден, Қызылжардағы кинотеатрда қазақ тілінде кино көру деген Айға ұшқанмен тең. Соңғы рет «Көліктер 2» мультфильмі ғана көрсетілген, одан кейін ләм-мим жоқ. Кешігіп болса да жеткен «Жаужүрек мың бала», «Шал» фильмдерінің де түпнұсқасы емес, орысша аудармасы ұсынылды.
Қаладағы қос кинотеатрдың ішіндегі ең беделдісі «Қазақстан» кинотеатрының менеджері Любовь Рожнева болса, «түсірген фильмдерін уақытында бермейді» деп отандық киностудияларды кінәлайды.
Любовь РОЖНЕВА, «Қазақстан» кинотеатрының менеджері:
– Отандық кинолардың бізде көрсетілмеуіне немесе кешеуілдеп көрсетілуінде біздің кінәміз жоқ. Мысалы, біздегі түсірген фильмдерді алу өте қиын. Басқалармен шарт жасасқанда бәрі анық, көрсетілімнен түскен пайданың 60 пайызы оларға, 40 пайызы кинотеатрға қалады. Ал біздегілер көрсетілім басталмай жатып ақша талап етеді. Тағы бір кемшілігі, алдын ала хабарласып, жаңа кинолары туралы айтпайды. Мысалы, «Шал» жайында өзім оқып-біліп, телефон шалып жүріп, сұрап алдым. Менің ойымша, отандық киноның сапасы әлі де төмен. Адам аз келетіні де сондықтан.
«Отандық кино сапасының төмендігінен кинотеатрға келушілер аз» деген пікірмен «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхаметжанов келіспейді. Оның пікірінше, алдымен қазақстандық киноға деген кинотеатр басшыларының көзқарасы өзгеруі керек.
Ерлік МҰХАМЕТЖАНОВ, «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Төл өнерімізге қырын қарауды қою керек. Кино болсын, концерт болсын өзге елден біреу келсе елпілдеп, ал өзіміздікілерге келгенде сылтау көбейеді. Мысалы, жарнаманы жақсылап берсе қазақ киноларына да келушілер көбейер еді. Ал ол жоқ. Қызылжар тұрғындары тоқалдан туған сияқты, өзге облыс тұрғындары көргенді біз көре алмаймыз.
Қызылжарда екі кинотеатр барын жоғарыда айттық. «Қазақстан» театры «Жаужүрек мың баланы» жұрт көріп болған соң, ал «Шалды» шуы басылған соң көрсетіп жүрсе, «Новый свет» кинотеатры біздің елде де кино түсірілетінін білмейтін сияқты. Афишасынан бір отандық туынды таппайсың. Кілең Америка мен Ресейдің кинолары. Айтпақшы, заң бойынша елімізге әкелінетін фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасалуы керек. Ал бұл заңды орындап жатқан жан көрінбейді. Қызылжар сияқты қалалардың тұрғындары қазақша кино көру былай тұрсын, орысша болса да отандық туындыларды тамашалай алмай отырғанда, шетелден әкелінген фильмдерді қазақша көретін күн туа қояр ма екен?
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар
Мағжанмен экранда қауышар күн жақын
Таяу күндерде көрермен қауым «ғасыр ақыны» атанған көрнекті тұлға Мағжан Жұмабаев жайлы жаңа фильммен қауышпақ. «Тыңдашы, тағдыр» атты кинотуындыны түсірген – «Тұран-Фильм» студиясы. Сценарий авторы және режиссері – Марат Қоңыров.
Фильмнің негізгі түсірілімі Мағжанның ауылы – Сарытомарда және Петропавл қаласында өтіп, Алматы мен Алматы облысында жалғасты.
Жұмыстар хроникалық-қойылымдық жанрда жүргізілді, яғни актерлер компьютерлік графиканың көмегімен кинохроникаға енгізілді. Фильмде Мағжанның «Алаш» партиясын құруға белсенді атсалысуы, Ташкент пен Мәскеуде тұрып, Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған кезеңі, шығармашылық қызметінің негізгі сатылары секілді кезеңдері қамтылған. «Картина Мағжанның қайтыс болуына байланысты кейбір құпияларды ашады. Ақын көз жұмғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы оның шығармаларын басып шығаруға жол бермеген нағыз сатқындардың беті ашылады», – дейді режиссер.
Фильмнің түпнұсқа тілі – қазақша. Бірақ туындыны орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару жоспарланып отыр.
«Ералаштың» қазақша нұсқасы шықпақ
Алматыда «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы басшылығының қолдауымен балаларға арналған кинофильмнің түсірілімі жүруде. Бұл фильм – Кеңес үкіметі кезіндегі әйгілі «Ералаштың» қазақша нұсқасы. «Қазақтар төл туындымды ұрлады» деп «Ералаш» киножурналының жетекшісі Борис Грачевскийдің тіпті сотқа жүгінбек болғандығын естідік. Жобаның режиссері және сценарий авторы Эдуард Табишев болса, ешқандай сотқа беру шарасы қолға алынбағанын, мәселені келіссөз арқылы шешкендігін жеткізді.
Қазақстандық режиссердің айтуынша, алғашқыда картинаның атауын «Еркелаш» деп атауға Ресейдегі балаларға арналған «Ералаш» әзіл-сықақ журналы түрткі болған. Бірақ Борис Грачевский бұл атаудың өзіне қарсы болып шығыпты. Енді фильмнің түбегейлі атауы ойластырылу үстінде. Фильм екі нұсқамен түсірілуде. Толықметраж түріндегі туынды – кинотеатрлардан көрсетілсе, бірнеше бөлімнен тұратын қысқаметражды нұсқасы еліміздің телеарналары арқылы таратылмақ. Сюжетте Мейрамбек есімді баланың хикаялары баяндалады. Үлгерімі нашар бала үнемі түрлі оқиғаларға тап болып, сөз естумен болады. Өзінің қателіктерінен сабақ алған оның кейін білімге құштарлығы оянып, оқу озаты болады. Толықметражды картина прокатқа Балаларды қорғау күні –
1 маусым қарсаңында шығады деп жоспарлануда.
Эдуард ТАБЫШЕВ, режиссер:
– Қазір балалар фильмі жетіспейді. Біз осы олқылықтың орнын толтырсақ деген мақсатпен фильм түсірудеміз. Туынды балаларға арналғандықтан, әуелі «ерке» сөзін таңдап алдық. Басты кейіпкер ерке бала кейпінде ойнайды. Бұл фильмнің кеңес үкіметі кезінде ең танымал болған «Ералаштың» үлгісімен түсірілгені рас. Сондықтан «лаш» жалғауын қалдырып едік. Алайда «Ералаштың» авторы бұл фильмнің атауына қарсы болып шықты. Ол кісі бізді сотқа берді деген сөз – жалған. Борис Грачевскиймен келісімге келдік. Фильм бәрібір шығады. Бірақ атауын өзгертеміз. Нақты қандай атау таңдап алынғанын арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып айтамыз. Қазір балалар фильмінің аты ойластырылу үстінде.
Жанахмет АҒЫБАЕВ, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының бас директоры:
– Фильм идеясының авторы – Эдуард Табишев. Ол маған келіп, бірлесіп фильм түсіру туралы өз ұсынысын айтты. Мен келісімімді бердім. Жарнамалық және ақпараттық қолдауды айтпағанда, техникалық құрал-жабдықтар тұрғысынан толық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Авторлық құқық Эдуардта қала береді. Және бұл «Қазақстан-Ақтау» арнасының бірлескен жобасы саналады. Фильм ең алғаш біздің телеарна арқылы беріледі. Сосын барып кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Бірақ біз Эдуардтың коммерциялық жұмысына араласпаймыз. Оны біз көрсеткеннен кейін қалай, қайда ұсынса да – өз еркі. Балалар фильмінің негізгі желілері Ақтауда түсіріліп қойған. Мұнда біз әртістер табуға да көмектестік. Оның кейбір ұсақ-түйек дүниелері Алматыда жасалады.
Арман СЕРІКҰЛЫ
Барлық жанр қамтылмақ
«Қазақфильм» биыл 10 картинаны жарыққа шығармақ. Киностудия басшысы Ермек Аманшаевтың мәліметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz осылай деп хабарлайды.
Ең алдымен жарық көретін фильм – Ася Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері». Қиял-ғажайып картинада Айтуар есімді оқушы бір семсерді тауып алып, қазақ-жоңғар соғысы заманына тап болады. Қылыш – жеңістің нышаны. Жоңғар билеушісі қарамағындағыларға келешек дәуірге кетіп қалған қасиетті нышанды қалайда тауып әкелуді бұйырады. Жаңа фильмде Әзиз Бейшенәлиев, Ержан Нұрымбет, Дінмұхаммед Садыбековтер ойнайды.
Бұдан соң толықметражды анимациялық фильм – «Ер Төстік пен Айдаһар» шығарылады. Қазақтың халық ертегісі желісімен түсірілген мультфильмде 3D форматты мен motion capture технологиясы қолданылады. «Ер Төстік» жай ғана мультфильм болып қоймайды, онымен бірге тұтас мультбренд қалыптасады: осы фильмге қатысты ойыншықтар мен комикстер, басқа да кәдесый бұйымдар шығарылады.
Сәуір айының соңында «Қазақфильм» үш бірдей авторлық кинотуындыны прокатқа жібереді. Олар: Әділхан Ержановтың «Риэлторы», Дәрежан Өмірбаевтың «Студенті» және Дамир Манабайдың «Лотереясы». Бұдан кейін «Арман орындалған шақта» атты романтикалық мелодрама жарыққа шығады. Киноның атауы әлі толық бекітілген жоқ. Мұнда танымал әнші, композитор Батырхан Шүкенов, актриса Айсұлу Әзімбаева, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбековтер ойнайды. «Қазақфильм» музыка мен ырғаққа толы бұл картинаны «өте сәнді жоба» деп бағалап отыр.
Жылан жылының күзінде отандық екі киноның тұсауы және кесіледі. Олар: Асқар Ұзабаев пен Фархат Шәріповтің «Жолы» және Марина Кунарованың «Елес аулау» атты экшны. Алғашқысы боксқа өзін-өзі баулыған адамның әлемдік додаларға дейін көтерілу жолы туралы баяндайды. Басты рөл дебютант Назар Сұлтанбековке берілген. Кинода Ержан Түсіпов, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдірайымов та ойнайды. Ал «Елес аулаудың» басты рөлдерінен ең сымбатты актер атанған Санжар Мәдиевті, қазақстандық танымал күйеу бала – Никита Пресняковты, шетелдік актриса Кристанна Локенді, әйгілі «Одиссей» Арманд Ассантені және Әсел Сағатованы көре аламыз. Фильм жұмбақ хакердің соңына түскен өжет полицейдің ерліктері хақында.
Биыл сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы сыр шертетін «Көшбасшы жолы» трилогиясының екі бөлімі экранға жол тартады. «Отты өзен» және «Темір тау» аталатын картиналар 3D форматында болады. «Көшбасшы жолының» алғашқы бөлімі – Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» 2011 жылдың көктемінде жарық көрген.
Болатбек МҰХТАРОВ
Өнерде де, өмірде де ол ешкімге ұқсамайтын...
«Қазақ киносының атасы» Шәкен Аймановтың өнерге бейімділігі бала жасынан байқалған. Әкесі Кенжетай мен туған жездесі, теңдессіз әнші Қали Байжановтан тәрбие алған ол, жастайынан ойын-сауық, жиын-той өткен жерден табылып, ән салып, өлең оқып, жұрт аузына ілігеді. Қара жұмысқа онша бейімі жоқ ерке Шәкен анасы әлдебір шаруаға жұмсаса, аяқастынан ауыра қалады. Ал қаттырақ ұрысса, ауылдың жанындағы «Серектастың» басына шығып алып, қараптан-қарап отырып жылайтын көрінеді. Бұл қылығын ерсі көріп, баланы тиып тастамақ болғандарды Кенжетайдың ағасы Аббас: «Тимеңдер оған... Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр», – деп тоқтатады екен...
Театрды өзінің актерлік мектебіне балаған Шәкен Айманов қазақ сахнасындағы қайталанбас образдарымен, спектакльдерімен тарихта қалды. Театрдың бас режиссері болады. Бірақ соған қарамастан, ұлы суреткер 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етеді. Жұрттың сондағы: «Киноға неге ауыстыңыз, драма театрынан неге кетіп қалдыңыз?» – деген сұрақтарына Шәкен Кенжетайұлы кезінде: «Жасырмаймын, театрды бір уақытта көп болса, мың, мың жарым кісі көреді. Ал киноны пәлен миллион халық көре алады. Кино өнерінің осы мүмкіндігін пайдаланып көрсем деген мақсатым бар», – деп жауап берген екен. Яғни сезімтал, сұңғыла тұлға ел мәдениетін, өнерін өркендету мәселесінің болашақта кино өнерімен байланысты болатынын сол кездің өзінде терең түсінген. Сол себепті де ол киноның тілін меңгеруге, табиғатын түсінуге бар күшін салған.
Шәкеннің ең алғашқы түскен киносы – «Амангелді». Фильмнің Алматы түбіндегі Қарақастек ауылында түсіріле бастағанын естіген бойда өз қалауымен барып, эпизодқа түседі және сол фильмге кеңесші болады. Одан кейінгі кезеңде қазақ киносының алғашқы бастаулары болып есептелетін «Райхан», «Ақ гүл», «Абай әндері», «Алтын мүйіз» фильмдеріне де қатысады. Бұлардан кейін түсірілген «Жамбыл» фильмінде Шәкенге Шаймұхамбет ақынның рөлі беріледі. Бірақ фильмге дайындық барысында ол сценарийдегі өлеңдерді ұнатпай, басқа бір өлеңдерді оқып береді. Сонысына риза болған режиссер Дзиган бастапқы шешімін өзгертіп, 39 жастағы Шәкенді 100 жасаған абыз ақынның рөліне бекітеді. Ш.Айманов жасаған Жамбыл бейнесіне айтулы актер, режиссер Сергей Бондарчук: «Оның бет-әлпеті, көздері, қолдары, сөз саптасы мен жүріс-тұрысы соншалықты дәл, соншалықты сенімді. Көрермен бүкіл фильмнің өне бойында орындаушы актерді атымен естен шығарып, өз халқының ұлы, отаншыл азамат, ақын, данагөй қария, тірі Жамбылды көріп отырғандай елтіп қалады», – деп жоғары баға береді.
Киноға келгеннен кейінгі мезгілде Шәкен Кенжетайұлы 20-дан астам рөлде ойнап, 14 фильм түсірген. Солардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі – «Атамекен» фильмі Душанбедегі фестивальде бас жүлдеге ие болған. Шәкен Кенжетайұлының ең мықты фильмі «Атаманның ақыры» – өкінішке қарай, суреткердің ең соңғы жұмысы. Қазақ театры мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен дара дарын иесі 1970 жылы 23 желтоқсанда, 56 жасында Мәскеуде машина қағып қайтыс болды.
Өнерде өзгеше талантымен танылған Шәкен Кенжетайұлы өмірде де ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт адам болған. Осы қасиетіне орай достары оны «бүгінгі заманның серісі» деп білген. Дүниенің бетіне қарамайтын ол жұртпен араласқанды, достарымен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатқан. Кез келген жиылыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін Шәкен аға кейде өзі ұнататын әртістерін шақырып алып, текеметтің үстіне отыра кетіп, «қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындарын ойнайды екен.
Көзкөрген әріптестері Шәкен Кенжетайұлының шенді мен шекпендіден ықпаған, қай кезде де өз пікірін табанды түрде қорғай алатын батыл, тегеурінді тұлға болғанын айтады. Режиссер ретінде де ұстамды, сабырлы қалпынан танбаған. Актерге рөлін бір-екі рет түсіндіріп, егер ала алмаса, үндемей, қоя салады екен. Кейбіреулер сияқты қайта-қайта ескертіп, күйіп-пісіп, айғайлайтын әдеті болмаған. Репетиция кезінде қолына домбырасын алып, залдағы артқы қатарлардың біріне жайғасады да, сырт көзге қалғып кеткен кісідей қиял құшағына батады. Барлығын тыңдап алып, кемшіліктерін соңынан бір-ақ айтады.
Шәкен Кенжетайұлының кино түсірудегі жұмыс тәртібі де ешкімге ұқсамайтын. Фильмге кіріскеннен сасып, сүрініп, мұрнына су жетпей жататын кейбір режиссерлерден бір артықшылығы – Шәкен аға фильм түсіруге дайындалып жатқан адамдай емес, жайбарақат, шахмат ойнап, баяғы ойын-күлкімен жүре береді екен. Асығу дегенді білмеген. Бірақ түсіру алаңына келген бетте жұмысына сақадай сай болған. Соны көргендер: «Бұл қай уақытта дайындалып үлгереді?» деп таңғалатын болса керек. Тумысынан талантты Шәкен аға актерлерді ешқашан шаршатпаған, жалықтырмаған, анекдот, әзіл-қалжың айтып, айналасындағыларға әрқашан көтеріңкі көңіл күй сыйлай білген. Актер ретінде де, режиссер ретінде де импровизацияға өте шебер болған. Өкінішке қарай, Шәкен аға «Абайды» түсірсем деген арманына жете алмай кетті.
Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген Шәкен Кенжетайұлы сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрларға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте, ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді. Кинотанушы Бауыржан Нөгербек айтпақшы, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экологиясының шын мәнісіндегі жанашыры десек, еш қателеспейміз.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі