Деректі фильм қазір ешқандай табыс әкелмейтін жанр болып тұр
Жаңабек Жетіруов, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Біздегі деректі фильмдер өндірісінің бүгінгі хал-ахуалы жайлы не айтар едіңіз? Қазір қандай дүниелер түсіріліп жатыр?
– Біз жас мемлекет болғаннан кейін бұл салада да Кеңес өкіметі кезінде жарыққа шықпаған дүниелеріміз енді ғана жарыққа шығып жатыр. Көрнекті тұлғаларымыз, тарих ақтаңдақтары, тыйым салынған дүниелері, міне, осы 20 жылда ғана деректі фильм саласында айтыла бастады. Мысалы, сол кеңес кезінде қазақ киносының негізін қалап, соның нығаюына еңбек сіңірген Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтың өздері жайлы бірде-бір фильм түсірілмеген. Сол азаматтардың шығармашылық мүмкіндігі, сол азаматтардың азаматтық қырлары айтылмай, көзі тірі кездерінде жазылмай қалды. Сондай-ақ біз қазір ертеректе өмір сүрген ата-бабаларымыз жайлы кино түсіргіміз келеді, бірақ олар ол кезде қалай ғұмыр кешті, қалай киінді, қалай сөйледі, қалай жүріп-тұрды деген дүниелерді көрсетуде дәрменсізбіз, өйткені біз оларды көрген жоқпыз. Сондай-ақ кешегі Сәбит, Ғабит, Мұхтар ағаларымыздың өздерінің бейнелері тек қана бірен-саран кадрларда, оның өзінде тек пленум, съездерде сөйлеп отырған кейіптерінде ғана қалған. Жеке тұлға ретінде оның қандай ойы болды, нені айта алмай кетті, нені айтты деген сауалдарға біз жауап бере алмаймыз. Міне, сондықтан да біз өмірде бар тұлғаларды жан-жақты зерттеп қалуға тырысып жүрміз. Кешегі Қадыр Мырза Әлі ағамыз, Тұманбай Молдағалиев, Камал Смайылов, Зейнолла Қабдолов ағаларымыз жайлы деректі фильмдер түсіріп үлгердік. Қазір Алаш арыстары жайлы құжаттар кеңінен зерттеліп жатыр, бұнымен қоса, Олжас Сүлейменов, Секен Тұрысбек, Камал Ормантаев, Есмұхан Обаев жайлы да фильмдер түсірілді. Мемлекет тарапынан да осындай азаматтардың мерейтойлары қарсаңында тапсырыстар түседі. Бұдан өзге де қоғам үшін өзекті делінетін әлеуметтік проблемалар, экологиялық ахуал, бүгінгі күннің қайшылықтары дегендей мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі – қазақ киносының, үкіметтің назарынан тыс жеке адамдардың қызығушылығымен іске асатын, белгілі бір дәрежеде іске асып та жатқан дүниелер. Мұндай тақырыптар мені де қатты қызықтырады.
– Деректі фильмдердің жарнамасы жайлы не айтар едіңіз?
– Деректі фильмдердің жарнамасы мүлдем жоқ. «Қазақфильмнің» түсірген дүниелерін отандық телеарналар сатып алып көрсетулеріне болар еді. Бірақ олар сатып алғысы келмейді. Оларға одан да түріктің, кәрістің сериалдарын сатып алып, солардың жарнамасын берген тиімді. Отандық фильмдерді мемлекет тарапынан нұсқау болғанда ғана көрсетеді. Баяғы заманда фильм түсіріліп біте салысымен телеарналар қағып алып көрсетіп жататын. Қазір ол үрдіс жойылған. Біз фильмдерімізді тек онкүндіктер кезінде ғана көрсетуге мүмкіндік аламыз.
– Деректі фильм жанрына неге жас режиссерлер бара бермейді?
– Деректі фильм жанры – өте қиын жанр. Себебі кешегі Махамбет, Абай, Шоқандар жоқ, тіпті берідегі Мұхтар, Сәбиттер де жоқ, олар жайлы деректі фильмді қалай түсіресің, қалай сөйлесесің олармен? Ал режиссер соның барлық қырын ашуы керек, сол заманның атмосферасын жасауы керек, көрушіге өмір салтын ұсынуың керек. Оны жасауға кім құлықты? Қазіргі жастар бәрін тез-тез түсіріп, тез-тез жасай салып, атақ алғысы келеді. Деректі фильмде бәрін өзің ойлап табуға тура келеді, ал көркем фильм әлдеқайда жеңіл. Бәрін оператор түсіріп береді, актерлер ойнап береді. Алдында – дайын сценарий. Көркем фильмді кез келген Сәбит, Ғабиттер түсіре береді, ал деректі дүниені кез келген адам түсіре алмайды.
– Көркем фильм мен деректі фильмнің қаржыландырылуында айырмашылық бар ма?
– Әрине, бар. Айырмашылық тіпті жер мен көктей. Көркем фильмге қаржы көп бөлінеді. Ал деректі фильмге көркем фильмге бөлінгеннің 1-ақ пайызы бөлінеді. Мысалы, деректі фильмге 5 млн теңге алсаң, көркем фильмге 500 млн, 700-800 млн, 1 млн доллар алуыңыз мүмкін. Мысалы, мен бір жыл өмір сүру үшін кемінде төрт фильм жасауым керек. Қазір, мысалы, Өнер академиясын жылына бәленбай студент бітіріп жатыр. Олар деректі жанрға келмейді, келсе де бір фильм түсірер-түсірместен қашып кетеді. Себебі ақшасы аз. Сапасыз бірдемені салдыр-салақ жасай салады. Оның үстіне, қазіргі жастардың бәрінің қаны басына шауып тұрады. Сәл сын айтсаң болды, «Сен кімсің?» деп шыға келеді.
– Жалпы, қоғам тарапынан деректі фильмге сұраныс бар ма?
– Сұраныс болсын-болмасын, деректі фильм бізге қажет. Балаларды оны көруге күштеп болса да міндеттеуіміз керек. Оны еркіне қоя берсең, ертеден кешке дейін Гарри Поттерді көре беруі мүмкін. Сондықтан оған мектепте болсын, үйде болсын бір сағат Махамбет туралы, Абай туралы, өзге де тұлғалар туралы фильмдерді көрсетуіміз керек. Одан бала жаман болмайды. Бір тұлғаның өмірі бүкіл бір халықтың мәдениетінен, өмірінен хабар береді. 40 минуттық фильм толқымалы кезеңде тұрған жасөспірімнің өмірін жақсылыққа қарай бұруға себепші болуы мүмкін. Қазір ата-анада осы ұстаным мүлдем жоқ. Олар ештеме көрсетпейді, үйретпейді. Тек аузына тамақ тыға беру оларға азық болмайды. Қазір қылмыстың өршуі де осындай тәрбиенің, рухани азықтың жоқтығынан орын алып жатыр.
– Біздегі деректі фильмдер тек мемлекеттік тапсырыстарды ғана қамтып жүрген сияқты...
– Иә, мемлекеттік тапсырыспен ғана түсіріліп жүр. Ол заңдылық та. Мен енді қалтамнан қаражат шығарып жеке тұлғалар туралы фильм түсірмеймін ғой. Ол кімге керек? Кімге барып «сатып ал» деймін фильмімді? Мемлекеттік тапсырыстар да алуан тақырыптарды қамтып жатыр. Сондықтан ол тапсырыстардан жақсы болмасақ, жаман болмаймыз. Тарихтың әр кезеңіне, салмақты тұлғаларға арналып көптеген кино түсірілгені – үлкен жетістік.
– Деректі фильмнен табыс табуға бола ма?
– Қандай табысты айтасыз? Мен мысалы, бір деректі фильмімнің авторлығына 2000 доллар аламын. Түсіріп біткеннен кейін 1000 доллар ақша аласың. Жеке сату деген жоқ. Оны кімге сатасың? Қазір біреуге барып, «мынаны көрші, жақсы кино» десең де, ешкім көрмейді. Сондықтан деректі фильм қазір еш табыс әкелмейтін фильм болып тұр. Рас, деректі фильмнен қыруар қаржы табуға болады. Бірақ бізде бұл салада продюсерлік, менеджерлік жұмыстар дамымаған.
Отандық киноның саны артуда
2012 жылы қазақ кино өнері 37 жаңа туындымен толықты. Бұл мәліметті осыдан біраз бұрын Астанада Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында берілген тапсырманы орындау мақсатында өткізілген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы Д.Мыңбай жеткізді.
«Соңғы жылдары қазақ кино өнері тың туындылармен толықты. Тек өткен жылы 25 қазақ киносы прокатқа шықса, биылғы жылы 37 фильм көрерменге жол тартты. «Қазақфильм» тұсауын кескен «Жаужүрек мың бала», «Шал», «Ради будущего», «Жиде», «Нежданная любовь» және өзге де фильмдер халық ықыласына бөленіп, сарапшылар тарапынан қайталанбас туындылар ретінде бағаланып жатыр», – деді ҚР мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай журналистерге.
«Өткен 65-інші Канн кинофестивалінде «Жаужүрек мың бала» және «Студент» фильмдерін халықаралық беделді дистрибьютерлер әлемдік прокатқа шығару үшін сатып алды. Жасыратын несі бар, бұл да – соңғы кезде қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Біз «Қазақфильмнің» жұмысын бағалаймыз», – деп қосты ол өз тарапынан.
Байғазиннің жобасы үздік деп танылды
Қазақстандық жас кинорежиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесім дәрістері» («Уроки гармонии») атты жобасы Босния және Герцеговина астанасында өткен халықаралық фестивальда пост-продакшн кезеңіндегі жобаларға арналған аталым бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Режиссер немістің Post Republic компаниясының ақшалай сыйлығына және Берлиндегі студиялардың бірінде фильм монтаждау мүмкіндігіне ие болды. «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, фильмнің түсірілімі шілде айының басында ғана аяқталған болатын. Ол бірден Сараевода өткен кинофестивальға ұсынылды. Work-in-Progress, яғни пост-продакшн кезеңіндегі жобаларды іріктейтін арнайы бағдарлама жарыққа шыққалы тұрған сәтті туындыларды анықтайды. Басты талап – жобаның халықаралық прокаттық әлеуеті мен оған ірі фестивальдар тарапынан қызығушылықтың болуы. Іріктеудің қорытындысы бойынша «Үйлесім дәрістері» жеті жобаның арасынан бірінші орынға лайық деп танылды.
«Парыз» көрермен көңілінен шықты
Жақында ғана көрсетілімі аяқталған Қазақстан полицейлері туралы телесериалды отандық киноөндірістің үлкен жетістігі деуге болады.
«Қазақстан» ұлттық арнасында 28 мамырдан басталған сериалды режиссер Жасұлан Пошанов түсірді. Аталмыш туынды қылмыс әлемімен күрес, қарсы тараптардың қақтығысы сынды шытырман оқиғаларға толы. Туындыны телеарнаның тапсырысымен «Сатайфильм» компаниясы шығарыпты. «Біздің ішкі істер қызметкерлері, тек біздің ғана емес, әлемдік полицейлер туралы фильмдер көп. «Парыздың» айырмашылығы – Қазақстанда болып жатқан оқиға, қазақтың полицейлерін, олардың қазақы қасиеттерін көрсетуге тырыстық», – дейді қоюшы режиссер Жасұлан Пошанов.
«Eуразия» есік ашады
Бүгінде елімізде жылына бір рет қана емес, әр маусымда әрқилы кинофестиваль шымылдығы түрілетін болған. «Шәкен жұлдыздарын» шығарып салған соң бір демалып, енді киногерлер кезекті байқаудың байрағын желбіретуде. Жаз аптабы басылған қыркүйектің 17-сі мен 22-сі аралығында Алматы қаласында VІІІ халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді.
Бағзы қазаққа «Ай жақын ба, Америка жақын ба?» десе, «Ай жақын, себебі оны күнде көреміз» дейтұғын болса, бүгінде Америка ғана емес, төрткүл дүниені төртбұрышты жәшіктен көріп отыра беретін болған. Осы ретте, әрине, кино деген құдіреттің зор ықпалы барын мойындауға тиіспіз. Алаш жұрты үйінен шықпай-ақ сол киноның арқасында кәріс пен түріктермен туысып, біте қайнасып кетті. Ал енді осындай жылына бір рет өтетін кинофестивальдар не береді дегенге келсек, бұл ең алдымен киноиндустрияны алға дамытуға бағытталған іс-шара болса керек. Жыл емес, ай да емес, тіпті сәт санап дамып жатқан көрермен талғамын қанағаттандыратын тың идеялар әлемнің әр нүктесінде өтіп тұратын осындай фестивальдарда туады.
Орталық Азия, ТМД, Еуроодақ пен Азия елдерінің кинолары мен киногерлерінің басын құрайтын «Еуразия» байқауының өткізіліп келе жатқанына да он шақты жыл болып қалыпты. Биылғы кинофестиваль бағдарламасы 2011-2012 жылдары түсірілген толықметражды фильмдер, Орталық Азия панорамасы, «Батыс – Шығыс» кинокөпірі, Грекия мен Түркияның кинематографиясы, «Берлин кинофестивалінің жаңғырығы» және ең бастысы «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бөлімдерінен тұрады. Күні бүгінге дейін кинофестиваль қоржынына әлемнің 33 елінен 149 толықметражды фильм келіп түскен. Дамир Манабай, Нариман Төребаев сынды режиссерлер мен сценарист Ғазиз Насыров пен кинотанушы Гүлнар Әбікеевалар құрамында болатын фестиваль қазыларының төрағасы – әйгілі неміс режиссері, продюсер Вольфганг Петерсон. Ол көрерменге «Троя», «Посейдон» және «Оскар» жүлдесінің бір емес, алты бірдей номинациясы бойынша үздік деп танылған «Қайық» картинасы арқылы таныс.
Ермек АМАНШАЕВ, «Қазақфильм» АҚ президенті, «Еуразия» кинофестивалі ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
– Жылдан-жылға қазақ киноиндустриясы қарқын алып келеді. Биыл біз өз елімізде Венеция кинофестивалі күндерін, Берлин кинофестивалі күндерін өткіздік. Осындай оқиғалар «Еуразия» кинофестивалі беделінің артып келе жатқанын білдіреді. АҚШ, Ресей киностудияларының басшылары келе жатыр. «Алтын глобустан» өкіл шақырып отырмыз. Бұлардың барлығы тектен-тек емес, ертеңгі күні өз туындыларымызды сол фестивальдарға ұсыну үшін жасалып жатқан алғышарт екенін түсінгендеріңіз жөн. Мәселен, біз биыл «Жаужүрек мың баланы» дәл осы «Алтын глобусқа» ұсынып отырмыз, әрі қарай «Оскарға» жол ашылар, бірақ оны уақыт көрсетеді. Біздің мақсат – қолдан келген бар мүмкіндікті жасау. Ең бастысы – қайткен күнде де өз киноөндірісімізге пайдасын тигізетін жұмыстарды жасауымыз керек.
Биылғы ретроспективада «Батыс-Шығыс» кинематографиялық көпірін ұйымдастыру дәстүрі бойынша Грекия мен Түркия фильмдері көрсетілмек. Неліктен дәл осы екі ел кинематографиясы қызықтырып отыр дегенге келсек, бұған елдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, Грекияда арт-хаус киносы қарқынды даму үстінде болса керек. Халық саны 11,3 миллионды құрайтын Грекияда былтыр 25 толықметражды ойындық фильм түсірілсе керек. Ел нарығындағы грек фильмдері үлесі – 11пайыз, дәл осы көрсеткіш жағынан Қазақстан мен грек елі ұқсас деуге болады. Ал түрік кинематографиясы жайлы айтудың өзі де артық, өйткені қазақ үшін ол етене жақын. 74,7 миллион халқы бар Түркияда жылына шамамен 70 ойындық кино түсіріледі екен. Сол себепті де ұлттық рыноктағы түрік киносының үлесі 50,7 пайызды құрайды. Бұл Еуропадағы ең үлкен көрсеткіш деуге әбден болады.
Ал енді отандық кино жайына тоқталсақ, әлі іріктелу үстінде болғанымен, байқауға соңғы жыл көлемінде «Қазақфильм» және жекеменшік студияларда түсірілген 16 фильм қатысады деп күтілуде. «Еуразия» кинофестивалінің қоңырауын қағу мақсатында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаев бүгінгі қазақ киносында даму қарқыны байқалатындығын, оның нақты дәлелі ретінде «Жаужүрек мың бала» сынды тек қазақ қана емес, басқа да елдер сүйсініп көре алатын туындылардың дүниеге келуін айтуға болады деді. Айтуға тұрарлық тағы бір жайт – фестиваль шымылдығын қазақ киносының мэтрі Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» картинасы ашпақ.
Мәриям ӘБСАТТАР
Голливуд қазақ киносын тамашалап жатыр
Лос-Анджелесте «Қазақстан: картиналар калейдоскобы» атты кинофестиваль өтіп жатыр. Биыл жас режиссерлердің жұмысы айрықша насихатталуда.
Кинофорумды өткізуге Голливудтың ең сәнді орындарының бірі – Американың режиссерлік гильдиясы таңдалды. Фестиваль кеңесі мен америкалық сарапшылар шараға 13 картинаны іріктеп алды. Олардың арасында Ермек Шынарбаевтың «Періштеге хат», Фархат Шәріповтің «Қызғылт қоян туралы ертегі», Қанағат Мұстафиннің «Серпіліс», Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық», Ермек Тұрсыновтың «Келін» көркем фильмдері және Арманд Ассанте мен Еркен Ялгашевтің «Дала арқылы тілдесу», Берік Барысбековтің «Өмірді таңдаған ел», Нелло Карреаленің «Дабыл қаққан қасқыр», Рүстем Әбдірашевтің «Тәңіріні іздеу жолында» сияқты деректі фильмдер бар. Кинофестивальдың басқарушы директоры Гауһар Нұртастың айтуынша, биыл фильмдерді іріктеуде жанрлық шектеулер қойылған жоқ. Басты шарт жаңашылдық болды. Соңғы бес жыл ішінде түсірілген картиналардың таңдалғаны да сондықтан. Фестиваль тамыздың 9-ы күні аяқталады. Халықаралық баспасөз академиясы, ҚР АҚШ-тағы елшілігі мен «Қазақфильм» киностудиясының бірлескен жобасына Қазақ география қоғамы мен америкалық Helix Films компаниясы демеушілік көрсеткен. Шара аясында қазақтың зергерлік әшекей бұйымдары мен Меңтай Өтепбергеновтің әр кезеңде жинаған киноплакаттарынан көрме де ұсынылып отыр. Кино мерекесін «Інжу-маржан» вокалдық-инструменталдық тобы, инструменталист Ержан Исин және басқа да өнерпаздарымыз әуенмен көркемдейді. «Қазақстан: картиналар калейдоскобы» фестивалі осымен екінші жыл өтіп отыр. Былтыр ол маусым айында ұйымдастырылып, голливудтық көрермен назарына қазақ киносының Шәкен Аймановтан Гүлшат Омароваға дейінгі тарихи панорамасын құрайтын отандық тоғыз көркем фильм ұсынылған болатын.
Болатбек МҰХТАРОВ
Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru