Алаштың асқақ рухты перзенті, аққуға әнін қосқан жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовтің 60 жылдық мерейтойына қатысты іс-шаралар жыл бойына жалғасын тауып жатыр. Оған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі де айтарлықтай көңіл бөліп, Астана, Алматы, Семей қалаларының әкімдіктеріне әншінің шығармашылық еске алу кештерін, Семей қаласында Жәнібек Кәрменов атындағы дәстүрлі орындаушылардың байқауын тұрақты түрде өткізіп тұру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ 23 сәуір күні Ғалымдар үйінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мұрындық болуымен Жәнібек Кәрменовті еске алу кеші өтті.
«Өмірден өтер шағында қатты бір күйзеліске түсіп, түсініксіз жағдайда жүрді. Көп күрсінетін болып алды. Онысын біз баласын үйлендірудің қамы, қиындығына балап, аса мән бермей жүрдік. Дегенмен Бибігүл апамыз байқап, «тәйт әрі, жап-жас болып, күрсінгені несі?!» деп тыйып тастағаны бар-ды. Содан соңғы көргенімде ол Сарқант жаққа кетіп бара жатыр екен. «Жайыққа жалғыз аттанғаның қалай?» – деп әзілдеп ем... Сөйтсем, сол екеуміздің ақтық рет көрісуіміз екен ғой...» деген естелігімен сөз бастаған, Жәнібектің өмірде де, өнерде де үзеңгілес досы болған белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай әрі қарай кешті жүргізу тізгінін өз қолына алды. Содан кейін сахнаға Қайрат Байбосынов, Тұрсынғазы Рахимов сынды дәстүрлі әннің дүлдүлдері, Жәнібек Кәрменовтің көзін көрген достары, замандастары мен Әділет Мұса, Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Дүйсенбек Өмірәлиев, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқали секілді шәкірттері шығып, кезекпен-кезек ән шырқап, естеліктер айтты.
– Біз Жәнібек ағамыздың әрбір дәрісін асыға күтіп, домбыра шертісіне, ән айтқандағы бет-қимылына дейін қалт жібермеуге тырысатынбыз, – деп бастады өз естелігін Жәнібек Кәрменов шәкірттерінің бірі, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев, – Бір күні ұстазымыз аудиторияға қабағы қатуланып, бір түрлі күйде кірді. Қолтығындағы папкасын бір ашып, бір жауып, байыз тауып отыра алмады. Бәріміз оның қас-қабағына қарап, үндемей қалыппыз. Содан бір кезде: «Балалар, мынаны жазып алыңдаршы», – деді де, домбыраны алып төгілте жөнелді. Сол әнді Жәнібек Кәрменов қайтыс болған соң бес жылдан кейін тауып алып, содан бері орындап жүрмін.
Осылай деген Рамазан Стамғазиев Жәнібек Кәрменовтің «Ағалар» әнін шырқап, жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Сондай-ақ осы кешке қатысу үшін сонау Семейден ат арылтып келген дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рахимов Жәнібек қайтыс болғанда арнайы шығарған (сөзі – Несіпбек Айтұлы) «Ақбөкен» және «Әнің қайда, Жәнібек?» әндерін орындағанда, тебіренбеген жан қалған жоқ.
Кеш барысында Жәнібек Кәрменов жайлы фильм көрсетілумен қатар, осы күні күндіз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Жәнібек Кәрменовтің құрметіне жас әншілер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Оларға ақшалай сыйақымен қатар, Жәнібек Кәрменовтің үнтаспасын берді. «Алаштан ән оздырған» деген атпен 2000 жылы жарық көрген әншінің жалғыз ән жинағын осы мерейтой қарсаңында көбейтіп шығаруға ұйытқы болған – «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы, Жәнібек Кәрменовтің рухани інісі Серік Жанболат. Ал жалпы осы еске алу кешін ұйымдастырған Ғалымдар үйінің директоры, қазақ өнерінің жанашыры Ғайникен Бибатырова мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына Жәнібек Кәрменовтің аяулы жары Тұрар Байкенқызы мен ұл-қыздары ерекше алғыс білдірді. Жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовтің домбырасы иесіз қалмағанын білдіріп, кенже ұлы Шаһкәрім Абайдың «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?» деген әніне салды. Еске алу кешінің әсерлі болғаны соншалық, екі сағаттың қалайша өтіп кеткенін жұртшылық тіптен байқамай да қалды. Алашы ардақты ұлын сағынып қалыпты...
Өмірдерек
Жәнібек Кәрменов 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген.
Әнші, жазушы, ҚазақКСР-інің еңбек сіңірген әртісі.
Алғашында Алматы эстрада-цирк өнері студиясының әншілік бөлімін, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
«Өнер» баспасында – редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Қазақ радиосы мен телевизиясында дәстүрлі ән жайлы хабарлар жүргізді.
«Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» атты кітаптардың авторы.
1996 жылы туған жері ШҚО Абай ауданы Қарауыл ауылындағы музыка мектебіне Жәнібек Кәрменовтің аты берілді.