Алаш қаласы – Семейде қазақ халқының бас ақыны Абайдың туған күнін жергілікті билік өкілдері, ғалымдар мен зиялы қауым Қайым Мұхаметханұлының ғылыми зерттеулеріне сүйене отырып, 23 тамызда өткізуді дәстүрге енгізген болатын. Дегенмен де 10 тамыздан бастап қалада мәдени іс-шаралар басталып, Абай кітапханасында ақынның қолы тиген кітаптардан көрме ұйымдастырылса, Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайында «Абай бейнесі» атты суретшілер көрмесі өткізілді.
Ал нақты 23 тамыз күні қалалықтар, атқарушы билік, ақындар мен жазушылар, жастар қаланың сол жағалауындағы Мұхтар Әуезов ескерткішінің басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. «Абай жолы» арқылы қазақты әлемге танытқан Мұхтар туралы зиялы қауым естеліктер айтып, ұлылар елінің жастары жырдан шашу шашты. Жиналған қауым бұдан кейін орталық саябақта алдыңғы жылы қойылған Шәкәрім ескерткішінің алдында дала данышпанының өлеңдерін оқып, Абай ескерткішіне қарай аяңдады. Бұл жерде «Айша Бибі» ұлттық орталығындағы ата-әжелеріміз қазақы қалыппен келген халықты Абай әндерімен қарсы алды. Ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жұртшылық қалалық шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалады. Ақын шығармаларынан үзінді оқылып, Абай рухына тағзым етілді.
Абай, Мұхтар, Шәкәрімді еске алып, оларға құрмет көрсеткен жерлестері бұдан кейін қазақтың әдебиеттегі қара шаңырағы – Абай мұражайы ұйымдастырған «Сүйер ұлың болса» атты әдеби кітаптың негізіндегі шығармашылық кеште жиналды. Қазіргі мұражай директоры Жандос Әубәкірдің ғылыми баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар ақынның екі қара сөзі және тоғыз өлеңінің шыққанына 120 жыл толуына байланысты да біраз ақпараттар айтылып, сол заманның ақтаңдақтарын еске алды. «Жазғытұры», «Ем таба алмай», «Ата-анаға көз қуаныш» тағы басқа да өлеңінің мән-мағынасы туралы жергілікті ғалымдар мазмұнды да салиқалы пікірлер айтып, ой бөлісті. Шәкәрім шығармашылығының нағыз насихатшысы, дәстүрлі әнші Келденбай Өлмесек Абай әндерін орындаса, «Дариға-ай» жастар театрының актерлері кезек-кезек қара сөздерден үзінді оқып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Ақынның туған күні Абай атындағы саз-драма театрында қаладағы шығармашылық ұжымдарының концертімен қорытындыланды.
Сондай-ақ Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайында «Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі Абай бейнесі» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрме залына тұңғыш рет Владимир Третьяковтың «Абай және Михаэлис» туындысы шығарылды.
Алаш қаласы хакім рухына тағзым етті
Последние статьи автора