Жуырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде облыс әкімдігі, Бонн университеті (Германия), И.Гутенбург университеті (Германия), Климент Окридский атындағы София университеті (Болгария), Ресей халықтар достығы университетінің бірлесуімен «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарындағы академиялық ұтқырлық: тәжірибе және даму мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған шара мемлекет үшін аса маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және БҚМУ-дың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр.
Конференцияның мақсаты – білім берудің еуропалық кеңістігіне шығуды қамтамасыз етудің негізгі бағыты ретінде академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелерін талқылау, академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру тәжірибелеріне талдау жасау және сараптау, академиялық ұтқырлық шеңберінде қазақстандық, ресейлік және шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың даму мүмкіндіктері мен проблемаларын талқылау, қос дипломдық бағдарламасын жүзеге асыру және ұйымдастыру, жоғары оқу орындарындағы академиялық алмасуды басқару бойынша жалпы ұсыныстар дайындау болып табылады.
Халықаралық конференция шеңберінде академиялық ұтқырлық және білім сапасы, халықаралық білім кеңістігінде тұлғаның кәсіби бейімделуі, академиялық ұтқырлықты енгізу бойынша мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының өзара сабақтастығы, мектептегі оқытуды ұйымдастырудың жаңа технологиялары арқылы сапалы білім беруге қол жеткізу сынды мәселелер талқыланды.
Асхат Иманғалиев, БҚМУ ректоры:
– 2011 жылдың наурыз айында Будапешт және Венада еуропалық елдердің білім министрлерінің ІІ форумында Қазақстанның Болон декларациясына кіруге түбегейлі шешім қабылданған болатын. Қазақстан Республикасының Болон жүйесіне кіруі қазақстандық жоғары оқу орындары мен студенттер үшін отандық білім бағдарламалары мен оқу жоспарларының еуропалық стандарттарға сай жүзеге асуы, жоғары білім туралы қазақстандық дипломның еуроаймаққа шығу мүмкіндігі, Болон жүйесіне кірген 47 мүше елде түлектердің жұмысқа орналасу құқығына ие болу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етуде үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Академиялық ұтқырлық арқылы студенттер мен оқытушылар өз территориясынан тыс орналасқан елдердегі жоғары оқу орындарында оқу, оқыту, тәжірибе алмасу, ғылыми-зерттеу жүргізу және басқа мемлекетте білімнің толық курсын алуға зор мүмкіндікке қол жеткізеді. Сондықтан білім беру жүйесіндегі бұл мәселенің жан-жақты, халықаралық деңгейде талқылануы академиялық ұтқырлық мәселесінде жаңа қадамдарға бастайтыны сөзсіз.
Бұл конференция қатысушылардың географиялық ауқымының кеңдігімен ерекшеленді. БҚМУ-дың шетелдік әріптестерінің өкілдері Германия, Болгария, Ресейдің және Қазақстанның жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, академиялық ұтқырлықтың жоғары оқу орындарындағы жүзеге асырылу жолдарымен бөлісті. Осы мәселелер шеңберінде проблемалар мен оны шешудің тиімді жолдары талқыланды.
Академиялық ұтқырлық – білім беру үрдісіндегі зор мүмкіндік
Последние статьи автора