Маңдайға тәу етіп өтер Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Астана жұртының делебесін қоздырып, бас қалада тағы да аламан айтыс өтті. Ал Тәуелсіздік ұғымының да қасиетті домбыраның екі ішегіндей қатар жырлайтын қос арнасы бар. Оның бірі, әлбетте, Қазақ елі болса, екіншісі – сол қазақ елін бүгінгі мәртебе мен биікке жеткізген Елбасы. Ендеше, сөз сайысында елдің түкпір-түкпірінен оза шыққан ақындардың да «Біздің ел осындай!» деп жырлағанда мемлекеттің жеткен жетістіктерін немесе кем-кетігін ғана тілге тиек етпей, елді бүгінгі табыстарға жетуге ұйыстырған Елбасының тұлғасын да айшықтай түскені анық. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен өткен бұл айтыс сонысымен ғана ерекшеленген жоқ. Бұл айтыс бас жүлдесіне саф алтыннан құйылған қасиетті қазақ домбырасын ұлықтауымен де дараланды.
Қазақ халқы көшпелі өркениетінен ажырағанымен, көшпелі өмірде қалыптасқан озық мәдениетінен ешқашан қол үзген емес. Оған қазақтың қол өнері, саз өнері, сөз өнері дәлел бола алады. Бұл сөзімізге ешкімнің таласы бола қоймас. 80-жылдардың бас кезінде рухани мәдениеттің қайта жаңаруы орын алған болса, нақ сол уақытта қазақтың барлық төл өнері өзінің тұғырына қайта қонды. Айтыс өнері де дәл осы кезде жандана бастады. Содан беріде өзінің талай майталманын шаршы топқа салған бұл жанр халықты жоғалтып алған шындығымен қайта қауыштырды. Мектеп-мектеп болып гүлденген суырып салма ақындық өнерінің атадан балаға мирас болып, кейінгі жастарды тәрбиелеудің құралына айналғаны хақ. Қазір көшедегі кез келген адамның айтыс туралы алғашқы айтар пікірі осындай. Кеңес үкіметі тұсындағы айтыстың алыптарына айтылған сын да аз болған жоқ. Мәселен, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, Манап Көкенов, Айтақын Бұлғақов, Әселхан Қалыбекова сынды ақындарды айтыстан бейхабар қауымның «жаттап алады» деп есептегені жасырын емес. Шындығында, осылардың барлығы да бір-бір мектептің басы еді. Айтып-айтпай не керек?! «Ел іші – өнер кеніші» демекші, халық арасынан елдің жоғын түгендеп, бүтінін ұқсата білетін ақындар көптеп шықты. Әсіресе Тәуелсіздік толқыны өте қарқынды болғаны анық. Алаш баласы азаттық алғанда айтыстың тәй-тәй басқан құлындары саналған Оразалы Досбосынов, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин, Әсем Ережеқызы, Ақмарал Леубаева, Әбілқайыр Сыздықов, Мелс Қосымбаев, Талант Арынғали, Бекарыс Шойбеков, Мұхаметжан Тазабеков сынды қара сөзден қаймақ айырған, қара домбырасы күмбірлеген күйге «шайылған», сөздері мірдің оғындай оң-солын таныған оғландар оқ бойы озық шықты басқалардан. Осы кезден бастап оқушылар, жасөспірімдер арасында айтысқа деген қызығушылық артты. Араға алты-жеті жыл салып жоғарыда сөз еткен ақындарымыз өздерінің ізбасарларын тәрбиелеп шықты. Олар – Ринат Зайытов, Мұхтар Қуандықов, Еркебұлан Қайназаров, Бақытжан Қасымов, Рүстем Қайыртай, Айбек Ережеп, Жандарбек Бұлғақов, Нұрлан Мұсаев, Қалижан Білдашев, Нұрмат Мансұров, Дидар Қамиев, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкірова, Иранғайып Күзенбаев, Көпжасар Алдаберген, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрлыбек Мейірманов секілді азуын айға білеген арландар. Бұл – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ақжал толқынды ауыздықтаған шайырлар легі. «Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысадының» кері келіп, үш кезеңге созылған айтыстың шешуші сайысына жиналған жұрт мәре-сәре. Шамасы, үкілеген үміттерін сағынып қалғанға ұқсайды... Сөз орайы келгенде тілге тиек етейік. Бірінші іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Қызылорда облысы Қазалы ауданында өтті. Оған оңтүстік және батыс аймақтан жеті облыстың намысын қорғаған 16 ақын қатысты.
Бас жүлдені сыр сүлейлерінің сынығындай болған Мұхтар Ниязов қанжығасына байласа, 1-орынды осы айтысқа арнайы шақырту алған, айтыстың ерке бикесі атанған, шығыстың шайырлық мектебінің үзілмес сабағындай, Жетісудың келіні Сара Тоқтамысова еншіледі. Іріктеу кезеңінің екінші бөлігі қазан айының 5-6 күндері Өскемен қаласында өтті. Бұл сөз сайысында солтүстік және шығыс аймақтан жеті облыстан, сонымен бірге Астана мен Алматы қалаларынан 18 ақын бас қосты. Бас жүлде таңдайына бұлбұл ұя салған ақындарымыздың бірі Әсем Ережеқызына бұйырса, 1-орынды айтыстың азулы ардагері Балғынбек Имашев қанағат тұтты. Осылайша, көпшіліктің көзайымына айналған төрт ақын шешуші сәтке жолдама алған еді. Қазылар алқасы аталмыш іріктеу сайыстарында сөз саптауымен дараланып, оза шапқан Жандарбек Бұлғақов пен Мейірбек Сұлтанханды алыптармен бірге аламанға қосуды жөн санапты. Бәйге біткеннің басын бермейтін, алдына қара салмайтын алты ақын алақанын ысқылаған Астана көрерменімен сахна төрінде табысты. Жеребе барысында Мейірбек пен Балғынбек, Жандарбек пен Сара, Мұхтар мен Әсем айтысатын болып шешілді. Алғашқы болып айтысты бастаған Мұхтар мен Әсемнің айтысына қарағанда халықтың ықыласы кейінгі екі жұпқа ерекше болды. Жеңге мен қайнының арасындағы әңгіме болғанымен, Жандарбек пен Сараның айтысында қоғамның өткір мәселелері өте орынды, шашау шықпай, бір-бірімен тамаша қабысып тұрды. Балғынбек пен Мейірбектің айтысында саяси астар басымдау болды. Әншейінде шындық десе, «тыңдайтын құлақ жоқ» деп, аузын қу шөппен сүртетіндердің аузына құм құйылғандай болды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, финалға берілетін бір жолдаманы бір ауыздан қазылардың барлығы Мейірбектің қолына ұстатты. Ал Жандарбек пен Мұхтар бірінші айналымның нәтижесі бойынша тең түскен еді. Басқадай шешім таппаған қазылар алқасы жеребені Мейірбекке тартқызды. Сөйтіп, Аралдың қос арнасындай Жейхун-Сейхун секілді немесе ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған «Алтын домбыраның» екі ішегіндей Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан шыққанда көрерменнің делебесі тіпті қозып кетті. Тартысты бәсекенің басында Мейірбек Мұхтарды тұқыртып тастайтындай көрініп еді. Адуынды жастың алғырлығын байқағысы келгендей Мұхтар бауырын біршама үдетіп алып, сабасына түсірді. Қанша дегенмен, Мұхтардың сыралғы болып алғаны байқалады. Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдеге тігілген алтын домбыра және 3 000 000 теңге қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Астананың абыройын асқақтатқан шиелілік Мейірбек Сұлтанхан 1 500 000 теңгені қанағат тұтып, 1-орынға тұрақтады. 2-орынды төрт аяғын тең басқан шумақтарымен қаумалаған көпшілікті шулатқан Жандарбек Бұлғақов иемденіп, 1 000 000 теңгені олжалады. Ал қалған үш ақын 3-орынға тиесілі 750 мың теңгеден өз үлестерін алды. Айтпақшы, саф алтыннан жасалған домбыраны үш жыл қатарынан алған ақын сол домбыраның мәңгілік иесіне айналады екен. Оған дейін мұражай қорында сақталатын көрінеді. 999,9 сынамалы алтынның салмағы – 1 келі. Айтысқа «Алтын қыран» қайырымдылық қоры қаржылай демеушілік көрсетті. Іріктеу кезеңінен бастап, шешуші сайысқа дейін қазылық еткен жұмыс тобында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, публицист Жүрсін Ерман, Жамбыл атындағы сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері, ақын Әселхан Қалыбекова, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы Әсия Беркенова, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі «Атамекен» газетінің бас редакторы, ақын Есенқұл Жақыпбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, жырау Алмас Алматов, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереевалар бар. Тәуелсіздік күні қарсаңында ақындарымен жолыққан жамағат «Біздің ел осындай!» екеніне тағы бір бас шайқасып, таңырқасып тарасты.
Мұхтар НИЯЗОВ, «Біздің ел осындай!» атты республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, «Алтын домбыраның» иегері:
– Өз басым жеңіске қатты үміттендім. Енді халық арасында «үмітсіз шайтан» дейді ғой. Ал біз Алланың құлы болғаннан кейін жақсылыққа үміттенеміз. Бұл әрбір мұсылманның міндеті деп ойлаймын. Мен машина, ақша аламын деп үміттеніп келген жоқпын. Халық көңілінің кілтін тапсам, елдің көңілінен шықсам екен деп үміттеніп келдім. Құдайға шүкір, сол арманым орындалды. Негізі, қазылардың шешімі қандай болса да, менің ол кісілерге деген құрметім сол қалпында қалады. Өнерімді бағалайтын халқым болса, қазылардың бағасына, басқасына алаңдамаймын. Жалпы, айналған 30 минуттың ішінде бәрін айтып шығу мүмкін емес қой. Айтылмаған нәрсе көп. Алдағы уақытта айта жатармыз. Дей тұрғанмен, министрлікке алғысым шексіз. Себебі айтыс біз ойламаған осындай бір үлкен деңгейге көтеріліп отыр. Бұған дейінгі айтыстардың орны бөлек қой. Бірақ осы айтыс өзгеше болды деп ойлаймын.
Балғынбек ИМАШЕВ, «Біздің ел осындай!» атты республикалық ақындар айтысының 3-орын иегері, айтыскер ақын:
– Негізі, бәрі ақынның қабілет-қарымына байланысты. Сосын халық өзі әртүрлі топтардан тұрады, әрбір топтың өзіндік мәселелері болады. Сондықтан ақын керегін бере білуі тиіс. Біреудің ойын айтып отыру міндет емес. Біз халыққа қажетті ойды, жоғары жаққа жетпей жатқан мәселелерді қозғай білуіміз қажет. Әрине, бір айтыста оның барлығын қамту мүмкін емес. Мәселен, осы жолғы айтыста спорт, денсаулық сақтау, білім салаларының түйткілді мәселелері айтылды. Дегенмен айналдырған үш жұпқа үлкен салмақ артуға болмайды. 20-40 ақын қатысып жатса, оның барлығын жан-жақты толғауға болатын еді. Бас кезінде 8-10 ақын болса екен деген бастама болған. Бірақ оның барлығы уақытқа байланысты шығар. Министрліктің ережесіне сәйкес, төрт-ақ ақын шығуы тиіс болған. Әйтеуір, тағы екі ақынды қосуға мүмкіндік туды. Сонымен, үш жұппен осы айтысты өткіздік. Әйтпесе 8-10 ақын болғанда, айтыстың ажары одан да айшықты болатын еді.
Жүрсін ЕРМАН, ақын:
– Ең бірінші, айтысты қамқорлығына алып, айтысты мемлекеттік деңгейге жеткізген Мәдениет және ақпарат министрлігіне мың да бір рақмет. Біздің айтысты ұйымдастырушылардың алдында қазіргі таңда бір-ақ мақсат бар. Соңғы уақытта айтысқа экран да, баспасөз де, эфир де жабылды. Ендігі мақсат – айтыстың алдындағы қақпаны ашу, халыққа жеткізудің жолдарын қарастыру. Осы айтысты «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірді. Биылғы айтысты «Қазақстан» арнасы көрсетсе екен деймін. Жалпы, айтысқа көңілім толды. Айтысты құбыжық қылып көрсетуге тырысатын топтардың бар екенін мойындау керек. «Мемлекетке, Үкіметке, билікке қарсы, жаманшылықтан басқаны сөз етпейді» деген ұшқары пікір бар. Бірақ нақ осы айтыс дәл жаңағыдай ұшқары пікірді толықтай теріске шығарды. 20 жылда жеткен жетістіктер де сөз болды, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолбайлау болған кемшіліктер де ақындардың назарынан тыс қалған жоқ. Бұл айтыс халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналуы керек. Бас-көзге қарамай жамандауды халық сүйе бермейтінін ақындар біледі. Мақсат – халықтың рухын көтеріп, шешілмей жатқан түйінді астарлы ақиқатпен өрілген сүбелі сөзбен жеткізу. Елдің ұйытқысы болу, халықты бірлікке топтастыру үдесінен бұл айтыс шықты. Кімнің аузына Алла сөз салды, кімнің ойы ұшқыр болды, кімнің бағы жанды – сол ақындар өзінің лайықты бағасын алды.