Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайындар Астанаға ат басын бұрды. Қырғыздың әлем таныған заңғар жазушысы, адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдық мерейтойына орайластырып ұйымдастырылған Қырғызстан мәдениетінің Астанадағы күндері келер айдың 21-іне дейін Алматы, Тараз, Шымкент шаһарларында жалғасатын болады.
Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатпен басталған Қырғызстан өнерпаздарының концертінен бөлек, қырғыз суретшілерінің еңбектері топтастырылған «Таулар құлағанда» атты бүгінгі заманғы көрменің де тұсауы кесілді. Көркемөнер көрмесіне кескіндеме, графика, шағын пластика мен декоративтік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылып отыр. Сондай-ақ әлем таныған Ш.Айтматовтың айтулы мерейтойына орай, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қырғыз бен қазақ зиялылары да бас қосты. Бұдан бөлек, «Еуразия-2013» деп аталатын халықаралық кинофестивальда қырғыз киносының апталығы өтпек.
Қырғызстан өнерпаздарының Астанадағы концертінің шымылдығы «Манас» жырымен түріліп, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Керім Тұрапов, қырғыз ұлттық филармониясының орындаушылары Елнұр Самарбекова, Ұлан Қашқынәлиев, Асхат Мұсабеков сынды өнерпаздар әуелеткен ән мен мың бұралған бишілердің биімен жалғасты.
Осыдан бірер ай бұрын Қырғызстан астанасында қазақ мәдениетінің күндері бастау алған-тын. Бішкектегі Г.Әйтиев атындағы бейнелеу мұражайында қазақ суретшілерінің көрмесі ашылып, «Ғасырлар тоғысында» атты қазақ қылқалам шеберлерінің туындылары топтасқан көрме ұйымдастырылған еді. Онда мемлекеттік өнер мұражайы коллекциясынан өткен ғасырдың орта тұсынан қазіргі кезеңге дейін салынған 42 кескіндеме туынды ұсынылған болатын.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Қазақ пен қырғыз арасында қарым-қатынас саяси тұрғыдан бөлек экономикалық және рухани жағынан жоғары деңгейде қарқынды дамып келе жатыр. Қырғыз халқының арғы-бергі тарихында қазақтай оған жақын халық жоқ. Бүгінгі мәдени шараның Астанадан бастау алуы – соның көрінісі. Көршілес елдің басындағы қиын да күрделі кезеңдерде кеңпейілмен көмек қолын созған Қазақстан Президенті еді. Бір айға ұласатын Қырғызстанның Қазақстандағы мәдени күндері де Елбасының қолдауы негізінде жүзеге асып отыр.
Сұлтан РАЕВ, Қырғызстан Республикасының мәдениет министрі:
– Қырғыздың қиын тарихында қазақ бауырлар құстың қос қанатындай, тонның ішкі бауындай қайғысы мен қуанышы ортақ халық ретінде бірге жасап келе жатыр. Біз ертеден «қарағым – қазақ, шырағым – қырғыз» деп айтамыз. Осы ретте көкірек толған жырымыз бен егіздей болған елімізден ең талантты өнерпаздар еңселі Астанаға аялдап отыр. Атақты Шыңғыс Айтматов айтқандай, «екі мемлекет – бір ұлықпыз». Ел мәдениетін одан әрі таныту үшін бізге демеу берген Қазақстан Президентіне алғысымыз шексіз. Бұдан әрі қарай мәдени байланысымыз одан әрі нығая береді деген сенімдемін.
Айтматов мерейтойын ай бойы тойлаймыз
Последние статьи автора