Заманында Қыздар педагогикалық институты туралы сөз еткенде алдымен ауызға «Айгүл» ансамблі ілінетін немесе керісінше «Айгүл» десе осы бір оқу орны еске түсетін. Кейіннен Қыздар институты былай тұрсын, Қазақстанның атынан әлем елдеріне гастрольдік сапарларға шыға бастаған «Айгүл» ансамблінің құрылғанына биыл 40 жыл толыпты. Осыған орай, Елордамыз Астанадан бастап еліміздің біраз қалаларын аралауға кіріскен қыз-келіншектер тобының бүгін сағат 19.00-де Алматыдағы Республика сарайында «Тек қана қыздар» деп аталатын концерті өтпек.
Ансамбль өздері құрылған 70-80 жылдары Польша, Франция, Жапония, Германия, Египет, Сингапур мемлекеттерінде концерт беріп, көзайым көрермендерін өнерлерімен тәнті етіп қайтты. Осылайша он бес жыл сахнадан түспеген «Айгүлдіктер» араға 26 жыл салып, 40 жылдық мерейтойлары қарсаңында қайта бас қосуды ұйғарыпты. Сөйтіп, бір кездегі репертуарларын заман талабына сай қайта жаздырып, өнер айдынына оралды.
Сақыпжамал Ұзақбаева, Халықаралық педагогика білімі академиясының академигі, ансамбль мүшесі:
– Негізі, біздің сахнаға қайта оралуымызға мұрындық болған Қыздар педагогикалық университетінің қазіргі ректоры Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева. Ол осы оқу орнының 60 жылдығы қарсаңында «бір кездері атымызды әлемге танытқан «Айгүл» қайда екен? Жастарға өздерінің сахнада тұру мәдениеті, дауыстары жағынан үлгі болсын, соларды табайықшы» деп іздепті. Сол үшін Шәмша Көпбайқызына және әндерімізді түгел өңдеп, жазған Бағлан Омаровтың «Арман» продюсерлік орталығына, сондай-ақ сазгер Дүйсенхан Сыздықовқа алғыс білдіреміз.
Өнерімен өрге озған «Айгүл» ансамблі «Тек қана, қыздар» деп аталатын бейнетаспаларын да шығарып үлгеріпті. Осында топтастырылған 60-70 жылдардағы қазақтың ретро әндері бүгінгі кеште шырқалмақ.
«Айгүл» кешіне шақырады
Последние статьи автора