Әйгерім Бекетаева: "Жаңғақ шаққыш" балетіндегі Маша образы болмысыма жақын

Қазақстандағы балеттік бидің алғашқы үлгілері кәсіби сахнаға шықпастан бұрын ұлттық өнердің жалпы дамуы аясында күрделі және ұзақ жолдан өткені белгілі. Қазіргі күнде қазақ балеті өнерінің жаңа белеске көтерілгенін біз мақтанышпен айта аламыз. Астанада Орта Азияда теңдесі жоқ, әлемдік деңгейдегі «Опера және балет» театрының ашылуының өзі өнердің осынау саласына мемлекет тарапынан үлкен көңілдің бөлініп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, өз ісінің шебер орындаушылары, отандық балет өнерін әлемдік деңгейге көтеріп жүрген кәсіби бишілер де біздің елде аз емес. Солардың бірі және бірегейі – «Астана Опера» МОБТ балетінің жетекші солисті Әйгерім Бекетаева.

«8 наурыз Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында Әйгеріммен сұхбаттасып, өнердегі жетістігінің қыр-сырын және жеке өзінің өмірі жайында білмек болдық. Театрға барғанымызда балет труппасы алда өтетін қойылымдардың біріне қызу дайындалып жатыр екен. Соған қарамастан Әйгерім бірнеше минут уақытын бөліп, біздің порталға шағын сұхбатын берді.

Әйгерім Бекетаева 1991 жылы Талдықорғанда дүниеге келген. 2010 жылы А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін аяқтаған. Сондай-ақ, 2013 жылы Мәскеуде өткен балет әртістері мен хореографтардың XII халықаралық байқауының Дипломанты. Ол П.Чайковский – «Аққу көлі», Х.Левенсхольд – «Сильфида», К.Сен-Санс – «Ажал алдындағы аққу», Б.Эйфман – «Роден» қойылымдарындағы бас партияларда ойнайды.

- Әйгерім, байқауымызша тағы бір қойылымға дайындалып жатқан секілдісіз. Демек, астаналықтар мен қала қонақтары жақын күндері өзіңіздің қатысуыңызбен өтетін тағы бір туындыны тамашалайды ғой?
- Иә, алда келе жатқан мерекеге орай Шекспирдің «Ромео мен Джулеттасын» қойғалы жатырмыз. Мен бас партиядамын! Өнерсүйер қауым бұл қойылымды 6-7-8 наурыз күндері тамашалай алады
- Жаттығуларыңыз ауыр емес пе?
- Білген адамға балет биі өте қиын өнер. Күнде таңертең тұрып, бойыңды тіктеп, өзіңді жаттығу залына ертіп әкелу деген үлкен жұмыс. Алдымен сағат 10.00-де классикалық би жаттығуы басталады. Түсте бір уақыт әл жинап, тамақтанып алғаннан кейін қара кешке дейін өзге жаттығулар жалғасады. Бұл қиындыққа төзбеген бишіден үлкен нәтиже күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
- Заманауи би мен классикалық бидің айырмашылығы неде?
- Екеуі мүлдем бір-біріне қабыспайды. Классикада дене тұрқымыздың әсемдігін көрсетеміз, қол қалай жатады, басты қалай ұстау керек деген секілді. Ал, заманауи биде мүлдем керісінше – босаңсыған дене, үлкен амплитуда, драмалық қойылым. Классикалық би көбіне бір рамкада болады, ешқашан бұзуға, аттауға болмайтын қатал ережелері бар. Мен 2014 жылдың сәуір айында Ресейдің халық әртісі Борис Эйфманның арнайы шақыртуымен Будапештте және Лондонда «Колизей» театрының құрамында өнер көрсеттім. Осындағы балеттің хореографиясы әдеттегі классикадан да керемет еді. Басты кейіпкер Камилла Клодельді сомдау бишінің дене мүмкіндіктерін барынша көрсету болып табылады. Бұл менің тәжірибемді одан әрі жасақтай түсуге көмегін тигізді. Классикалық бидің ерекшелігі де осында.
- Иә, бұл жетістігіңіз балетсүйер жандардың әлі есінде деп ойлаймыз. Осы Борис Эйфманның «Роден» балетіндегі бас партияның образы жайында қызықты деректер көп. Мәселен, осы балеттегі бас партияның образын түйсіну үшін, сезіну үшін, психатриялық ауруханадағы күйзелісті дәл бере білу үшін бишілер жүйке ауруларына шалдыққандардың ауруханасына барып, жағдайларын көзбен көрген деседі. Ал, сіз бұл психологиялық қойылымға қалай дайындалдыңыз, қалай алып шықтыңыз?
- Борис Эйфманның туындысы қойылмастан бұрын оның ассистенттері Қазақстанға келіп, бізді әбден дайындады. Сол кезде олар кейіпкер тынысы мен тіршілігін маған барынша түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар, әр түрлі кинолар мен видеоларды қарадым. Маған осының өзі жеткілікті болды.
Бас кейіпкердің күйзелісі мен жан арпалысын сезініп, оны ең үлкен сыншы – халық алдында жеткізу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, ойдағыдай билеп шықтым. Негізінен балет көрінісі атақты мүсінші Огюст Роденнің шәкірті Камилла Клодельдің психиатриялық ауруханада жатқан кезінен басталады. Жас әрі талантты Камилланың маңдайына махаббат «үшбұрышына» тап болу жазылған, оның тағдыры мен махаббатының трагедиясы осында жатыр. Құштарлық, өшпенділік, қызғаныш, қызметте жолы болмау – жас қыздың сағын сындырып, нәтижесінде оның өмірі жындыханамен түйінделеді… Роден болса шығармашылығын құрбан етеді. Балет толықтай өмірдің өткені мен бүгінгі көріністерінен өрілген.
- Сахнаға қаншама кейіпкерді сәтті алып шықтыңыз. Десе де, арманы жоқ адам болмайды дейді, сіздің арманыңыз қай кейіпкер?
- Кішкентай кезімнен Чайковскийдің «Аққу көлі» қойылымында ойнағым келетін. Ақыры бұл арман да міне, орындалды. Орындалып қана қоймай мені жаңа белестерге шығарып отыр. Балеттік спектакль бірінші «Жібек Жолы» халықаралық фестивалі аясында көрерменге ұсынылып, Бостоннан келген Лаша Хозашвилимен бір сахнада өнер көрсеттік. Сырға толы сиқырлы классикалық балет – «Аққу көлі» спектаклі көрермендерге бозбала мен бойжеткеннің нәзік сезімдері, шынайы, адал махаббаты жайлы терең ойды ұсынады. Сондықтан да, қойылымдағы ханзада Зифгридтің сыңары Одетта-Одиллия партиясы жан-дүниеме етене жақын. Балет өнерінің тамаша әлемінде жанымның қалай шырқап сала беретінін сеземін. Дегенмен, өзімді шектеп қалғым келмейді, әр түрлі образдағы түрлі партияларды ойнағым келеді, түрлі кейіпкердің сезімін өз басымнан өткеріп, көрерменге абыроймен жеткізсем арманым болмас еді. Жалпы, кез-келген балеттік қойылым оқиғасына арқау болатын жайт ол – махаббат.
- Сөзіңіз ауызыңызда, өзіңіз айтқандай кез-келген балеттік қойылым махаббатты, махаббат жолындағы арпалысқа толы өмірді бейнелеп жатады. Ал, ондағы кейіпкерлердің дені махаббатқа адал болып келуімен қатар, сол жолда басын бәске тігіп, өзін құрбан етіп жатады. Осы ретте сұрағым келеді, сіз өмірде қандай жансыз? Қойылымдағы кейіпкерлердің мінезі мен қасиетін бір бойыңызға жинап алып жүрген жоқсыз ба?
- Жо-жоқ, мен өмірде мүлде басқаша адаммын. Дегенмен, Э.Гофманның «Жаңғақ шаққыш және тышқандар королі» атты ертегісі желісімен қойылған «Жаңғақ шаққыш» (Щелкунчик) балетіндегі Маша образын өзім деп сезінемін. Бүлдіршіннен бойжеткенге айналу жолындағы ерке мінез менің де бойымда бар. Өн бойында махаббат пен оған қарсы күштер, адалдық пен арамдық секілді мәңгілік тақырыптар шарпысып жатқан классикалық дүние түптің түбінде жақсылық жамандықты жеңетініне тағы да көз жеткізеді. Алда-жалда шын махаббатымды кезіктіріп жатсам қойылымдағы сезіміне адал кейіпкерлер секілді қолымнан келгенімнің барлығын жасар едім деп ойлаймын. Деседе өмірдің аты өмір, балеттік қойлымда адам қиялы шарықтайды.
- Балет бишілері қарапайым адамдардан гөрі өзін тежеп, көп нәрседен бас тартып жүреді. Сіз өзіңіздің күнделікті тамақтану тәртібіңіз бен күтіміңіз туралы айтып берсеңіз. Адам өзін шектей бергеннен бір сәт жалығып, күтпеген әрекеттергебаратын кездері де болады ғой, ондай «тентектік» жасаған кездеріңіз болған жоқ па?
- Осы уақытқа дейін өзімді жегім келген тамақтан шектеп көрген емеспін. Тәбетім тартқан тамақты жеймін. Балет кестесі өте күрделі болғандықтан көптеген қыздар диетада отыруға мәжбүр. Өз басымда мұндай мәселе жоқ екен. Өзіңіз көргендей күні бойы толассыз дайындықтан кейін бос уақытымда демалуға, ұйықтауға дайын тұрамын. Ешқашан бос уақыт болмайды. Қолым қалт етсе болды анаммен сөйлесіп, туысқандарыммен кездесемін. Өзге жастар секілді қыдырғым келеді-ақ, бірақ уақыт жоқ, сенбі мен жексенбі күндері де жеке шаруаларым шығып тұрады.
- Ұстаз еңбегі де атаусыз қалмауы керек. Сіздің осындай танымал балерина болып қалыптасуыңызға ықпал еткен ұстазыңыз – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Ысмайылқызы Бөрібаева туралы естелігіңізбен бөлісе отырсаңыз...
- Мен өзім Талдықорғанның қызымын. Алғаш тоғыз жасымда анам жетектеп, А.В.Селезнев атындағы хореография училищесіне алып келген болатын. Кейін Астанаға қоныс аударғанымда анамдай болы кеткен жан, қамқорлық танытқан жан осы Ғалия Ысмайылқызы еді. Кәсіби тұрғыда қарайтын болсақ, ол кісі өңделмеген тасты қырнап-жонып асыл тасқа айналдыруға дейінгі орталықта өлшеусіз еңбек сіңірді. Қаншама уақыт, қаншама жүйке, қаншама денсаулық күші жұмсалды десеңізші. Ол кісімен бірлесіп жұмыс істеу өте оңай болатын. Ал, қазіргі күнде «Астана Операның» балетінің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев сынды ұстаздарымыз біздің өрістеп, өнуімізге, шарықтауымызға, өсуімізге аянып қалмай еңбектерін сіңіріп, тәрбиелеп келеді.
- Әйгерім, алда келе жатқан халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, аяулы аналар мен ерке қыз-келіншектерімізге арнайы тілегіңізді жолдасаңыз.
- Бақыт тілеймін, әйел бақытын тілеймін. Әрқашан көңілдері көтеріңкі болып, өмірде, жұмыста жолдары болсын. Ең бастысы аналар ауырмасын, денсаулықтары мықты болсын. Көктем мерекесімен бірге қуаныш сыйлайтын осы бір 8 наурыз мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға үлкен рахмет! Өнердегі биік белестерді бағындыруыңызға біз де тілектеспіз!
- Рахмет!

Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ,
Фото: Ғабит Мадалиев және Copyright © Astana Opera, Karla Nur

baq.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста