Айғаным қонысына алты ай бойы адам аяғы баспайды
Ақ қайыңы көмкерген, сиқырлы бұлағы сылдырлаған Қызылжардың табиғаты қандай тамаша десеңізші! Сол сұлу өлке тарихи орындарға да бай. Қазақтың соңғы ханзадасы Шоқанның әжесі Айғаным ханшаның қонысы аспан астындағы мұражай іспеттес. Өкінішке қарай, алты ай қыс бойына сол киелі мекенге келуге, тарихи жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік жоқ.
Екі рет өртке оранған
Бұл қыстақ ХІХ ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ, 1824 жылы қазынадан бөлінген 5 мың рубльге салынады. Бұл кез Уәли хан дүниеден өтіп, хандық құрылым жойылып, қазақтарды отырықшыландыру саясатының бел алған тұсы болатын. Қыстақ тұрғызуға таңдап алынған жердің табиғаты керемет, енді. Таудың жиегі, маңында үлкен көл бар және сыңғырлап бұлақтар ағып жатыр. Көрген адам осында қалғысы-ақ келеді.
Ханшаның үлкен ауылы болған бұл мекен заманында бірнеше зұлматты басынан өткізді. Ал 1930 жылдары коммунистердің қолымен түгел дерлік жойылады, бөренелерден маңындағы колхоздардың бірінде – мәдениет үйі, екіншісінде клуб тұрғызылады. Тек 1980 жылы ғана қыстақтың жұртынан үйлердің іргетастары табылған. Сол іргетастардың үстіне бөренеден қиылып төрт үй тұрғызылған. 1993 жылы тарихи ескерткішті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстанның Президенті Ислам Кәрімов пен Қырғыз елінің бұрынғы басшысы Асқар Ақаев салтанатты түрде ашқаны белгілі. Содан бері он бес жылдай жөндеу көрмепті.
Қыс бойы қаңырап бос тұрады
Биыл қазақтың біртуар ұлы, этнограф ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толады. Тек мерейтойларда ғана ұлықтайтын ұлттық дәстүрімізге сай, қызылжарлықтар да бұл күнге дайындалып-ақ жатыр. Мерекелік шараларды өткізуге облыс қазынасынан 20 миллион теңге бөлініп те қойған екен. Ал бір жыл бұрын жөндеу жұмыстары басталған ғалымның әжесі Айғаным ханшаның қонысы осы жазда келушілерді қайта қабылдай бастайды деп күтілуде.
Бір өкініштісі – бұл тарихи ескерткішті толық пайдалана алмай отырғандығымыз. Себебі Уәлиханов әулетінің қонысы алты ай қыс бойы жабық жатады. Себебі үйлер жылытылмайды. Ал жылу болмаған соң, жәдігерлерді де жанындағы Сырымбет ауылындағы мұражай ғимаратына апарып, жинап қояды. Тарихшы Қадыржан Әбуев бұл үйлер бұрын пешпен жылытылғанын айтып отыр. Сондықтан оны қалпына келтірсек, жыл он екі ай туристерді қабылдауға мүмкіндік бар. Бурабай мен Имантауға демалуға келгендер де ат басын осында бұрар еді.
Шоқан Шыңғысұлының салған суреттері мен қолжазбалары, күнделікті қолданған заттарына дейін – бәрі жәдігер ретінде Сырымбет ауылының іргесіндегі Айғаным ханшаның қалпына келтірілген қонысындағы үйде сақтаулы тұр.
Шоқан қайда туған?
Әртүрлі оқулықтарда да, көптеген ғалымдардың еңбектерінде де Шоқанның Құсмұрында (Қостанай облысы) туғаны жазылады. Ал балалық шағы Сырымбетте (Солтүстік Қазақстан облысы) өткен, даналық шыңына сапары да осы жерден басталған. Бірақ бүгінде ғалымның Құсмұрында емес, Сырымбет тауының етегінде туғандығы жөнінде ақпарат әр жерден болса да, айтылып қалып жүр. Шоқанды зерттеушілердің серкесі Әлкей Марғұлан «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» очеркінде П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің «І Александр Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, қырғыз сахарасында оған үй салдыруға әмір еткен, Шоқан Уәлиханов сол үйде туған» деген сөздерін келтіреді. Ол үй қазір де бар, Сырымбет тауының етегінде орналасқан, бүгінде ашық аспан астындағы мұражай қызметін атқарып тұр.
Шоқантанушылардың бірі, ғалымның атымен аталатын Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Қадыржан Әбуевтің пікірі де Семеновтікімен сәйкес келеді.
«Мен 2005 жылы «Казахстанская правда» газетіне Шоқан Уәлихановтың Сырымбетте туғандығы туралы көлемді мақала жаздым. Содан бері бес жыл өтті, ғалымдардың ешқайсысы менің айтқандарымды жоққа шығарған жоқ. Оның Құсмұрында тумағандығы туралы мәлімет көп. Мысалы, Шоқан 1835 жылы туған, ал Құсмұрын бекінісі 1845 жылы салынған екен. Бекініс салынғанға дейін ол жерде адам тұрмаған. Демек, Шоқанның онда тууы мүмкін емес», – дейді тарихшы. Сонымен, Шоқанның қайда туғанын білмеген қалпы 175 жылдығына да келіп жеттік.
Қадыржан ӘБУЕВ, профессор:
– Шоқан Уәлихановтың төңірегінде ашылмаған ақтаңдақтар әлі көп. Оның біріншісі – қай жерде туғандығы туралы екіұшты пікір. Сырымбетте дүниеге келгендігі жайлы Ермахан Бекмахановтың, Міржақып Дулатовтың еңбектерінде кездеседі. Тағы бір күмән туғызатын жері – Шоқанның өлімі. Мен ол өз өлімімен өлді дегенге келіспеймін. Шоқан біреудің қолынан қаза тапқан болуы керек. Оның Кенесары көтерілісіне қатысқандығы туралы да айтылмай келеді. Тағы бір зерттелмеген мәселе, Шоқанның артында тұяқ қалды ма? Меніңше, ұрпағы бар, бірақ бұл да – көп зерттеуді қажет ететін мәселе. Сондықтан 175 жылдығы қарсаңында осы күмәнді сейілту қажет деп ойлаймын. Ақшаны ас беруге емес, ғылыми жұмыстар жүргізуге бөлсе, жөн болар еді.
Уәлихан ҚҰЛБАЕВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры:
– Өткен жылы Айғаным қонысындағы қонақүйдің шатыры ауыстырылды, қоршауы мен дарбазасы түгел жаңартылды. Сырлау-әрлеу жұмыстары да жүргізілді. Биылға тағы 36 миллион теңге бөлініп отыр. Оны көктемде игере бастаймыз. Сметада үйлерге электр пешін орнату көрсетілген. Егер пеш қойылатын болса, жыл бойы жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қорымызда 6969 жәдігер сақтаулы.
Мәселе пеш салумен шешілмейді. Туризмді дамыту қажет. Қазір облыстық туризм басқармасымен және туристік фирмалармен жұмыс жүргізіліп жатырмыз. Жаз шыға Айғаным қонысының жанында салынған екі үйді де жөндеу ойда бар. Олар тарихи ескерткіш қатарына жатпайды. Сондықтан қонақүй ретінде пайдалансақ, келушілер де көбейер ме еді?