«Аякөз – ая, аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?!» М.Мақатаев
Әңгіме арқауы ел тарихында ойып тұрып орын алатын тарихи мекен – Аягөз, дұрысы – Аякөз. Ойымыздың салмағын арттыру үшін аз-кем Аякөздің тарихынан сыр шерте кетсек, артық болмас.
Аякөз. Шағын қала. Жан-жағынан самал жел ескен, айналасы шоқылы жазықта орын тепкен. Егер бүгінде Аякөз жазығына құс ұшар биіктіктен қарар болсақ, бейне бір құдіреттің күшімен салынғандай, адамның көз жанарының сызығын байқаған болар едіңіз. Сонымен қатар тарам-тарам жолдар мен сан-салалы соқпақтарды көресің, яғни бұл – тарих жолдарының іздері.
Аякөз жері – аңыздар, батырлар мен абыздар елі. Аякөзден туған тарихын жырлаған көптеген белгілі адамдар шыққан. Кешегі өткен ақын Дулат Бабатайұлы, Ақтамберді жырау, белгілі айтыс ақыны Әріп Тәңірбергенұлы – осы өлкенің түлектері.
Бір анық
Қазақ дүниетанымының данагөйлері Абай мен Шәкәрім, шоқтығы биік ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов, әдебиет классиктерінің бір шоғыры:
Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатұлы, Мұқағали Мақатаев десек, бұлардың барлығы батырлар мен арулар елі – Аякөзге табан тіреп, асынан дәм татқан. Орыс ғалымдары П.Семенов-Тянь-Шанскийдің,
Г.Потаниннің, А.Янушкевичтің ізі қалған. Бұл тұлғалардың барлығы қала атауын «Аягөз» деп сақауламай, «Аякөз» деп әспеттеп, әуезді етіп жазған.
Аякөз туралы алғашқы дәйектер осы аймақта өмір сүріп, қазақтың «Ромео мен Джульеттасы» атанған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың» заманы XVI-XVII ғасырлардың тұңғиығына тартады.
Аудан аумағында қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен кескілескен шайқастары өткені белгілі. Оның ішінде тарихи айғақтар, ең ірі соғыс – 1718 жылғы көктемде, Аякөз өзені бойында болған Аякөз шайқасы мен 1754 жылы Мамырсуда (кеңес заманында бұл ауыл Сергиополь атанған) қазақ елінің басшысы Абылай хан мен Қытай мемлекетінің басшылығы арасында бейбітшілік бітімгершілікке қол қойылуы.
1822 жылы Сібір қырғыздары туралы Патша Жарғысы шығып, жеті ішкі: Ақмола, Аякөз, Баянауыл, Көкпекті, Көкшетау, Қарқаралы, Құсмұрын округтері құрылды. Ал 1830 жылы Аякөз сыртқы округі нақтыланып, бір жылдан кейін Аякөзді сырттан басқару бұйрығы жарық көрді.
1831 жылы Аякөз станциясының негізі қаланып, орыстардың Жетісу бойындағы алғашқы тірек бекеті пайда болды.
1854 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамында Семей облысы құрылды.
Аякөз аудан болып 1928 жылы құрылса, 1930 жылдан ресми түрде қала ретінде толыққанды іргетасы қалана бастады.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған тұста, яғни 1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты Аякөз ауданы (оның құрамына таратылған Шұбартау ауданы қосылып) Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді.
Аякөз қаласы КСРО кезінде стратегиялық маңызы бар нысан саналды, ол Тәуелсіз Қазақстанның да әскери-шекаралық маңызы бар қаласына айналды. Бұл әрекет қала елдің шығысында, Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасуынан болды. Кеңес кезінде осы көршімізден қауіп басым болып, әлеуетті әскери гарнизонның орналасуына тиімді орын ретінде осы қала таңдалды. Мұнда Кеңестер кезінен танк дивизиясы орын теуіп, 1990-жылдардың басына дейін қала әуежайында әскери авиация орналасты. Ол әскери базаларда өте күшті зымырандар, шекара мен әуе қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған заттар сақталған әскери қоймалар да орын тепкен.
Аякөз ауданы – Шығыс Қазақстанның оңтүстік орталығы. Ауданда бір кент, 22 ауылдық округ бар. Экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы.
Аякөз тоғыз жолдың торабында, яғни аса маңызды автокөлік, теміржол, әуе жолдарымен қамтылған. Бүгінде қала аумағы 16 073 мың гектар жерді алып жатыр. Жалпы халық саны шамамен 38 595 мың адамды құрайды (01.01.2010 ж.).
Аякөз қаласы – облыс орталығы Өскемен қаласынан 310 шақырым, Алматыдан 772 шақырым және Зайсан қаласынан 400 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан.
Аудан аумағында 18 тарихи ескерткіш бар. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған, тарихы тереңнен сыр шертетін, әлемге әйгілі сәулет ескерткіші – Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары мен еліміздегі ең биік саздан жасалған Балтабек қажы кесенесі мен Барақ сұлтанға арналған кесенелерді атап өтуге болады.
Мұның бәрін несіне тәптіштеп жазып отыр дерсіз. Мақсат – киелі мекеннің маңыздылығын тағы бір рет еске түсіру, саралау. Електен өткізе келе, маңызды қаламыздың атауын неге өз атымен атамаймыз деген заңды сұрақ туады.
Аякөз атауы, сөз жоқ, аудан аумағынан ағып өтетін Аякөз өзеніне байланысты аталған. Бұл жерде тарихшы зерттеушілер мен тіл мамандарының пікірі екіге жарылады. Бірі Аякөз түріктің «ай», «огыз» – өзен деген ежелгі түрік сөзінен «айдай өзен» деген ұғымды береді десе, екіншісі, қарапайым халық өзен мен аудан атауы түркінің «ая» – әдемі, «көз» – көз деген сөзінен шыққан деседі.
Екі ғасырдай уақыт бойы ресми түрде төл тілімізде «Аякөз» аталып, жазылып келген сүйікті мекеніміз Аякөз қалайша Аягөз атанды? Аякөз патша заманында қамал болып құрылғанда, тіпті Кеңес өкіметі тұсында да қазақша «Аякөз» деп, орысша «Аягуз» деп жазылып келді емес пе? Ендеше, тәуелсіз ел атанғанда бізді неге түлен түртті? Неге өз тілімізді өзекке теуіп, өзімізді мүкіс жасауымыз керек? Ел бодандықтан арылып, ұлт түлеп жатқанда тілімізге құрметіміздің сиқы осы ма? Бір ғана «к» әрпі айтылғанда ғана «г» әрпін алмастыратынын кез келген қазақ түсінеді. Мысалы «шекара» айтылғанда «шегара» деп тілдік үндестік заңына бағынады, бірақ біз оны «шегара» деп жазбаймыз ғой?! Сол сияқты Аякөз де айтылғанда ғана Аягөз, жазылғанда Аякөз деп жазылғаны дұрыс. Ендеше, «ештен кеш жақсы» дегендей, қала атауын тарихи өз атымен атап, әділетті ту етуді құзырлы органдардан талап етеміз.
Яғни, «Аякөз» аттас өзен, қала, аудан, теміржол бекеті, әуежай (орысша транслитерациясы «Аякоз», латынша «Ayakoz») «Аягөз» емес, «Аякөз» деп жазылып, тарихи әділеттілік және тіл ғылымының заңдылықтары сақталуы керек.
Көпті көрген дана халқымызда «халық айтса, қалт айтпайды» деген мәтел бекерден-бекер айтылмаса керек.
Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ, «Серпер» Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, суретші-мүсінші