Абзал азамат

Адамтанудың ең абзалы – күнделік. Еш қоспасыз, болғанын болған күйінде айтады. Ол жолдардың иесі Абайлық өлшемдегі «жайнаған туы жығылмаған» жан болса, Құдайдың бергені сол. Өзіңе бейтаныс аумаққа аяқ басасың. Қолымызға қалам алдырып, ойға қозғау салған еңбегімен ел сүйіспеншілігіне бөленген елеулі еңбек адамы, зоотехник, ауыл шаруашылығы өндірісінің маманы, экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық информатизация академиясының академигі Болат-би Сәтімбайұлы Құтпановтың қалдырған ой-толғамдары, күнделіктері еді. Өзі өмір сүрген шақтағы қазақ психологиясын, қоғамдық көңіл күйді дөп басып, дәл жазушы секілді беретіні таңғалдырады. Жаттығы жоқ жақсы туралы палуан қолды алып-қашатын қаламның сиқыры осы шығар...

Алғашқы аяқалыстар
Болат-би Сәтімбайұлының өмірден озғанына да бес жылдың жүзі болыпты. 1950 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылында дүниеге келген Болат-би өзге замандастары секілді соғыстан кейінгі өмір тауқыметін, талай қиыншылықтарды бастан өткерді. Мектепті бітірген соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Бөкеңнің қойын дәптерінде осы мезгіл, әлеумет тыныс-тіршілігі хұсни хатқа айналған. «... Қазақ ауылының топыра­­ғын­да туып, дала кезіп өскен көп жет­кіншектің бірімін. Мал бағып жүрсек те, оқу оқып, білім алуға ынталы жастардың бірі болдым. Соғыстың сызы әлі кете қой­маған. Бұл кезең – еңкейген кәріден ең­бек­теген балаға дейін еңбекке араласатын уақыт. Соның бірі мен едім. Үлкендердің ақылы «оқысаң – адам боласың» дегеннен басталатын. Менің байқауымша, адамның ажарына қарап, заманның базарын баға­лауға болады. Бала болсақ та, ауыл аза­мат­тарының көңіл күйін бақылап жүретін әдетіміз болды. Ол заманда екі ешкі, бір сиыр ұстаған үйдің түтіні түзу сияқты көрі­нетін. Бұлар бай шығар деп топшы­лай­тынбыз. Қай заманда болсын, қазақ қа­сиетті төрт түлік малмен бірге өскен ғой. Мал кетсе, бақ кететіндей көрі­нетін ауыл адамдары құлағы үйреніп, көзі қанығып қалған «колхоздың предсе­да­телі», «сов­хоздың директоры» деген сөз­дерді естіген­де елеңдеп отырушы еді... «Әй, балам, әлгі қойдың оқуын оқышы. Ең болмаса, ет жеп, сүт ішіп отырайық. Үйіңде ет пен сүт тұрса, қарының ашпайды», – деп, екі сөзінің бірін әкеміз солай қарай бұрып сөйлейтін. Мұн­дай әңгіме тек біздің үйдің ғана арманы емес, әр үйде, әр әке мен шешенің әңгімесі еді... оның үстіне, әке мен шешенің құ­лақ­тың құрышын қанды­рып, көңілді сусын­датып айтқан төрт түлік мал жайындағы әңгіме бізді сол маман­дықтан алысқа ұзата қойған жоқ...». Тә­жі­ри­белі басшы, іскер аза­мат Бөкеңнің қойын дәптеріне түрткен естеліктері «неге сол мамандықты таңдады екен» деген жай әуестігімізді ғана тудыр­мады. Сол кездегі тұтас қоғамдық психо­логиядан хабар беретін тарихи түсінікке жетелей жөнелді. Көз алдымызға адамзат­тың Айтматовы атан­ған ұлы суреткер келеді. «Алматыда есектің оқуын оқып жүр екен» деген дақ­пырт ауылына жеткен Шыңғыстай жазу­шыны тудырған халықтың ет пен сүтке «обыр­лығы» бізден асып ­түс­песе, кем емес-тұғын. Еншісі бөлінбеген қырғыз ба­уыр­ларға да мәртебелі маман­дық алудың қара шаңырағы саналған зоотехникалық институт болғандығының жайы да осы естеліктерден мағлұм емес пе? Бұл әлеу­меттік психологияның жүлгесін қуаласақ, 60-жылғы әдебиетке келген буынның көркемдік кеңістігіндегі Бөкең айтқан елдік таным-түсініктің көркем об­разы да еске түседі. Сол дәуірдің қаламгер қаламсабы тудырған «Менің драмам», «Шал мен жылқы» т.б. шығармалардың өте сәтті сом­далғаны да Бөкең заман­дастарының тамыры үзілмеген атакәсіптің қыр-сырын еркін меңгерген, ұлттық мінез-құлыққа қанық қырағылығында жатса керек. Ал ол кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен, ар­наулы мамандық алған тұлғаның ел ісін дөң­гелетіп әкетері де – заңды құбылыс. Бүгінгі өндіріс, шаруашылық саласын басқарып отырған басшыларда сүтпен бітіп, сүйек­пен кетер мінездің жоқтығы көп жағдайда ел сенімін ақтамайтын жәйттерге душар етіп жатады. Жаратушы иеміз Болат-биге тамырына жақын талғам мен таным бе­ріпті.
Ел есіне сақтар азаматтың жұртына ете­нелігі – ту бастан, алғашқы аяқ алысынан-ақ байқаған кісіге көрініп тұратын қасиеттің бірі. Өзінің өмір жолын, халық жүгін қара нар болып көтеруге бел шешіп кіріскен тұсын тасқа басқандай қып жазып кеткен естелігінде Бөкең бүй деп толғанады:
«...Арман орындалды. Қолға диплом ал­дық. Аңсаған ауылдың ортасына оралдым. Ауыл адамдарының да, туыс-туғандардың да қуанышында шек жоқ. Бір кеңшардың зоотехнигімін. Қызметтің қиыншылығы, жұмыстың жауапкершілігін жете білмей отырған менің де көңілім – көктем, жаным жазға ұқсайды. Өзінің аты айтпай-ақ танытып тұрған «Қаскелең» астық кеңшары – аудандағы белді шаруа­шылықтың бірі. Ауыл бұрынғыдай емес. Ес жинап, етек жауып қалған кең­шар­дың қорасы қойға, жайлауы жылқыға, өрісі сиырға толған. Тек оны өсіріп, ел игі­лігіне жарату ғана алдағы міндет... туған өлкеге тағдырым байланған, бөлінбейтін бөлше­гіндей бір баласымын. Мен еңбек етпеген­де кім келуі керек?.. Еңбек адам­дарының арасында жүрдім. Олардан бөлі­ніп, жарылмадым. Зоотехник деген сол кездегі кеңестік дәуір­дің тілімен айтқанда, «стар­шый шабан» деген ұғымды білдіретін. Малшы жетіспей жатса, мал бағып, шөп шабылмай жатса, шөп шауып кетуге тура келетін. Бүгінгі күнмен салыс­тырсақ, оған ешкім сене бермейді... еңбек жолымның есігін ашқан сәттен-ақ абзал азаматтардың ортасында тәрбиелендім. Ондай бақытқа екі адамның бірі кездесе бермейді...». Болат-би өзі өскен ортаның, өзі басқарған аудандардың өткені мен бүгініне мияның тамырындай сабақтас­тығын осылай баян­дай жөнелген­де ойың он саққа бөлі­ніп, бүгінгі кадр таңдау, орналастыру мәселе­сінде ұтылып жатқан тұстарымыз сананы сарсаңға салады. Неге халық өмірінен хабары бар азаматты атқа мінгізетін дәс­түрді ұмыта бастадық екен? Бұл өзі қазіргі қоғамның дертіне айналды. Бөкеңдей қай әкім, қай министрің қайнаған халық өмірін, тұрмыс-тіршілігін бес саусағындай меңгеріп, соған сай амал-әрекет жасап отыр? Тіпті сырттан тон пішкен шенділердің «жұмыртқадан – тауық, тауыққа жұмыртқа тапқызып» «дәу­летімізді дөңгелеткенін», судың сұрауын білмекке белсенген «білікті» езуімізге күлкі қыстырғанын қалай ұмытайық.
«Болар бала...»
«Болар бала...» екенін сонау мектеп бітірген шағында-ақ ауыл адамдары аңыз қып айта бастаған Болат-би еді ғой ол... Оқиға былай болады. Алматыдан суырт­пақтап шығатын көп жолдың бір тармағы Боралдайды басып өтеді. Осы жолмен бір топ арбалы орыстар келе қалады. Сақал­дары қауғадай болып өсіп кеткен орыс­тар­ға ауыл басшысы ештеңені түсіндіре алмай, өзі де олардың не айтқанын түсіне алмай қатты қиналады. Ауылдағы орыс тілінен сабақ беретін мұғалім жазғы демалыста ауылына тайған. Әбден сасқан басшы: «Әлгі Сәтімбайдың Болат-биі қайда? Шақырыңдар! Орыс тілін жақсы оқиды деуші еді ғой. Бір сөйлессе, осы­лармен сол сөйлесе алады», – деп Бөкеңе іздеу салып, тауып алып келеді. Сақалы қауғадай, түрлері шаршап-шалдыққан орыстардан қаймыққан балаға басшы: «Қорықпа, орыстар ғой. Өздеріне не керек екен сұрашы», – дейді. Баланың жасқанып тұрғанын сезген денелі орыс сөзді өзі бастайды. Зейіні жетіп ұққанын бала бас­қарма басшысына: «Аға, орыстар «көмек­тесіңдер» деп тұр. Бұлар жердің астын тексеріп жүргендер екен. Елсіз, иен­де жүргендеріне айдан асыпты. Тамақтары таусылған. Тамақ, жатып дема­латын орын сұрайды», – деп жеткізеді. Төбесі көкке жеткендей қуанған басқарма басшысы: «Тілмаш деп осыны айт. Сөзбе-сөз аударып тұрғанын қарашы. Міне, енді түсінікті болды», – деп орыс­тарды бастай жөнеледі. «Сен кетпе, керек боласың», – деп бала Болат-биді де ертіп алады. Кәдеге жарап, «тілмаш бала» атанып кеткен Бөкең алғаш жұрт көзіне солай түседі. Сол қадір-қасие­тін есейген сайын арттыра түспесе, тұғы­рынан түсіп көрмеген Бөкеңе арналған бір өлең жолында:

«Болат-би деп атын тегін қоймапты,
Жастайынан білім қуып, ой бақты.
Төбе бидей билік айтып ел-жұртын,
Тектіліктің тереңіне бойлатты.
... Шынымен де ұлы болдың халықтың,
Қиналғанда сен де бірге қамықтың.
Көшпенді елдің кемеңгерлік мінезін,
Алыс-жақын шетелдерге таныттың.


Ынтымақпен жалғап жатқан арасын,
Араладың алып Моңғол даласын.
Бүгін солар сағына еске алады,
Қазағымның сендей қайсар бала­сын...»,

– деп «сүйенерге жарар ұлын» жырға қосады. Қашан да халық жадынан өшпейтін маңдай тердің, адал еңбектің бағасы, әділ таразысы болмақтың ақиқаты – осы.
Жоғарыдағы жыр жолындағы «моңғол даласы» деген тіркес тегіннен-тегін айтыл­маған. «Қаскелең» астық кеңшарында зоо­техникалық қызметте жүрген Болат-биді Үкімет ауыл шаруашылығының жетік ма­ма­ны ретінде 1980 жылдары Моңғол Ха­лық Республикасына мал шаруашылығы саласы бойынша практикалық көмек көр­сетуге жұмсайды. 1983 жылға дейін сол жақта іс-сапарда болған Бөкеңе бұл сапар өз-өзін шыңдауға, тәжірибе жинақ­тауға үлкен орай болады. Моңғол мем­лекетінде жүрген шағында сол елдің саяси-әлеу­меттік келбетін, тарихын, жағ­ра­пия­лық орналасу жағдайын жақсы меңгерген Бөкең киіз туырлықты жұрттың ықыласына, алғысына бөленеді. Сырт елде көрген, білгенін тәптештеп отырып қағаз бетіне қалдырыпты. «Кеңеc Үкіметі тұсында өзін­ше жеке мемлекет болып саналса да, Со­веттер Одағының ресми тіркелмеген бір республикасы санатында сияқты көрінетін Моңғолия бір қарағанда жақын мемлекет боп көрінетін. Алайда мемелекетаралық талаптар Моңғолияның бөлек, өзінше дер­бес республика екенін шекарадан өту ба­рысында байқадым... аты таныс болғаны­мен, затын терең түсіне бермейтін елдің тарихын білу де қажет еді. Тарихи де­ректерін білмесең, соқыр адамдай аузың ашылып отыратының сөзсіз. Сондықтан аз да болса тарихты біліп алу артық емес... Біз ауыл шаруашылығы саласының маман­дары болғандықтан, жер жағдайы, ауа қозғалысы, жайылым мен шабындықтан мағлұмат білуге ынтықтық. Көктем басталысымен Сібірдің дымқыл ауасы шығысындағы Тынық мұхиттың жылы лебі тау табиғатына жан бітіріп жіберетіндігі – өзінше бір ғаламат. Алтай тауының биігі мен бөктерлеп жатқан жоталарынан аққан жүз тарау кіші өзендердің бойы осындай жайдары климаттан тұнып тұрған құрақ шөптерге кететіні де бар. Әсіресе, тау бөктерін қуалай өсетін изен, қойжуа, тарлау, ақ жусан, баққараған бұталарына бай табиғаттың төрт түлік мал емес, адамдар үшін де таптырмайтын орта... Сол жылдары мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесім үшін МХР-дың «Ауыл шаруа­шылығына еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді...». Қай қиырда жүрсе де ащы терін аямай, ерінбей еңбек ететін Бөкеңе қандай сый, қандай марапат болса да жарасар. Алтай табиғатын көз алдыңа елестетіндей сурет салатыны кімді болса да таң-тамаша етері даусыз. Бөкең бол­мысына үңілген сайын қазақтың жауын мал деп көрсетіп, әбден санасын жаулаған сайқал саясаттың астарын аңғарасың. Шешен сөйлеп, домбырасы күрп-күрп күй төккен, таңдайы тамылжытып ән әуелеткен қазақ романтикасы, қасиеті төрт түлігі түгел кезде төбедегіні келтірмеуші ме еді. «Ақбақайдай» ән, «Сары жайлаудай» күй, «Құлагердей» дастан тудырған қазақ бүгін неге жоқ? Ащы терін аямайтын Бөкеңдей азаматтар неге азайып кетті? Есек пен құланды, өгіз бен қодасты айырмайтын кейінгінің тасбауыр, такаппарлығында да бір сыр бар-ау. Әрине, шалқып айтсақ та, шабыттанып айтсақ та, төрт түлікке жақын өскен Бөкеңнің кісілік келбеті, азаматтық ар-ожданы, бүтін болмысы солай сөйлеуге жігеріңді қамшылап, өнегелі өмірін ал­дыңа тосады. Ат жалында өтер азамат ғұмыры қалай болатындығын да Бөкеңнің өмір жолында өрнектелген...
Жүрегіне жыр ұялап, көңілінде күй толқыған
«Осы кісі неге қалам тартпады екен» деп ойлаудың реті бастан-ақ туған. Мар­құмның өзіне жүгіндік. «Мен ақын емеспін, жазушылық қабілет те менде жоқ. Сезім иірімдері тек өнер адамдарында ғана болады дегенге сене бермейтінді шығар­дық. Елдің қадірін, жердің қасиетін жырақта жүргенде жақсы сезінеді екенсің. Мен ақын бола жаздадым. Жаза алмасам да, жүрегіме жыр ұялап, көңілімде күй толқыды. Елді ойлап шөліркегенде ақиық ақын Мұқағалидың:

Көлің қайда, туған елім?
Шабақ болам титтей.
Белің қайда, туған елім?
Ойнақтайын киіктей.
Далаң қайда, туған елім?
Жатайын да ойлайын.
Бабам қайда, туған елім?

Сақалымен ойнайын,

– деп тебіреніп өлең оқу әдетіме айналды. Ақын болмасам да, ақын өлеңі алтын бесік ауылда, қайда кетсе де айна­лып соғар алтын қазығын ойға салар еді. Өйткені ол – ұлттың рухани тамыры, сары бала, қара қазанның тілеуі. Ауыл мен қазақ дегеннің егіз ұғым екені де сонда жатқан жоқ па?..». Бұл ой-түйіндегі астын сызып қарайтын, ең бір бүгінгінің бей-берекет кеткен «жазғыш­тарына» қа­дап-қадап айтатын сөз асылы «сезім иірім­дері тек өнер адамдарында ғана бола­ды дегенге сене бермейтінді шығар­дық» де­ген жолда тұр-ау. Дана, да­ныш­пан жанға ғана тән мұндай жауап­кершілік көп «жаз­ғыштың» есіне де кел­мейді. Жоғарыда айтқанымыздай, өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ психологиясын жақсы меңгере білген, Алтайдың бетегелі белі мен сарқырап аққан бұлағын сұлу картинаға айналдыра алатын қабілеті бола тұра, қасиетті сөз өнерін асқан сезімтал­дықтың шаруасы деп, келсе-келмес киіп­жар­май­тыны Бөкеңнің кірпиаз, талғамның иесі екендігін көрсетеді.
Болат-би Құтпанов қырық жылға жуық еңбек жолында қатардағы зоотехник мамандығынан Алматы облысы әкімші­лігінің кеңесшісі дәрежесіне дейін өзінің адал еңбек, биік парасатымен көтеріліп, Елбасының сара саясатын қалтқысыз қолдай білді. Бір ғана Қарасай ауданының өзінде 14 мектеп және аурухана салды. Көптеген өндіріс ошақтарын («Пепси-ко­ла», электроника, картон қағаз, тері за­вод­­тарын) ашып, мемлекетке салық тапсырып, ел экономикасына айтарлықтай үлесін қосқан. Әр реткі әкім сайлауында халықтың қызу қолдауына ие болған. 2008 жылдың шілдесінде 59 жасқа қараған шағында өмірден өткен Мемлекет және қоғам қайраткері Болат-би Сәтім­байұлы елі үшін «түн ұйықтамай, күн отырмай» қызмет жасады десек, артық айтқандық болмас. Тәуелсіздіктен кейін Бөкең Алматы облысы әкімшілігінің ауыл шаруашылығы және азық-түлік басқар­масы бастығының бірінші орынбасары, Талғар ауданының әкімі, 1999-2007 жылдар аралығында Қара­сай ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Мем­лекетіміз Болат-бидің ел үшін атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, мара­паттады. Марқұм Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіз­ді­гіне – 10 жыл», «Аста­наның онжылдығы» медалімен марапат­талды. «Әр адам тарихи ортаның бір па­ра­ғы, дәуір дас­танының жазылуға тиісті бір дастаны сияқты». Марқұм өзі айтқан осы сөзінің үдесінен шыға білді. Тарих парағына азаматтық үнін қалдырып, адамдық борышын өтей білді. Марқұмды еске алу күніне орай, асыл жары Батима Құт­па­нованың сағынышқа толы өлең жолдарын ұсынып отырмыз.

Сағыныш сазы
Жүректе тұрсың, өмірлік жарсың –
                                                                       нар тұлға,
Асқарым биік, теңеуші едім алтынға.
Тоқтамай өткен өзендей өмір сияқты,
Өттің де кеттің, күрсінтіп тастап артыңа.

Жадыра жазды, күзді де өкпек өпкізген,
Ұлдарға ұйып, қыздарды сүйіп
                                                                      жеткізген.
Уақыттан тұлпар амандық тілеп жүрдім
                                                                                  мен,
Қырық жыл дүйім өзіңмен бірге
                                                                       өткізген.

Сағынам сені, сағынышыңмен
                                                                      жылынам,
Сағынып нәзік сырыңды саумал
                                                                          ұғынам.
Сен жоқсың бірақ, елеңдеп кетем келер
                                                                                 деп,
Арманға елес  дәрменсіз жандай
                                                                        ұрынған.

Ренжітіп сені алдым ба, әлде тайғанап,
Ақ еділ елдің, ақмаржан жүзі ай  қабақ.
Тектілік қандай жанымды менің
                                                                   жұбатқан,
Жымиып күлген, жанарыңменен
                                                                      аймалап.

Сағынам бүгін ғашықтар күнін
жайраңдап,
Қосақтап кеткен орыны толмас қайран
бақ.
Сағынам, Бөке, білегіңнен ұстап жол
тосқан,
Аққудай арман-таңдарымды айдан ақ.

Ағайынға сен ақ дидар сарай
                                                                 құрғансың,
Еңбегіңді ерен ұрпағың жалғап
                                                               жырласын.
«Шүкір» деп тәубе тіледік бір Алладан,
Рухың жарық пейіште жанып
                                                                нұрлансын.

P.S.
Алдағы сенбіде, шілденің алтыншы жұлдызы, сағат 13:00-де Қарасай ауданына қарасты Киз елді мекеніндегі «Ақотау» мейрамханасында марқұмға арналып ас беріледі. Өнегесі мол ел адамының ерен еңбегі мен өсиет-нақылы кейінгі ұрпаққа жұғысты болсын дейік...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста