Абылай тақырыбы үлкен шығарманы күтіп тұр
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Абылай хан» пьесасының авторы:
– Әбіш аға, тарихи тақырыптың сіздің шығармашылығыңыздағы үлес-салмағы зор екендігі даусыз. «Абылай хан» атты пьесаңыз да сүбелі дүние ретінде көпшіліктің ризашылығын туғызды. Жалпы, осы Абылай хан бейнесін ел-жұртқа таныту мақсаты қандай ойдан немесе қажеттіліктен туындады?
– Мен Абылай тақырыбына үлкен тарихи тапсырыспен бардым. Себебі еліміз Тәуелсіздік алған кезде басына қонған сол бақтың – Тәуелсіздіктің мән-мағынасын түсінуі қажет болды. Сондықтан да мұны қай жанрда жазған жөн, Абылай туралы қандай материалдарды қозғаған дұрыс деген тақырыпта көп ойландым. Ақырында халықтық драма жанрында жаздым. Мен үшін Абылай тақырыбы көптен ойымда жүрген, айтылуға тиіс тақырып болатын.
– Пьесада тарихи шындық пен көркем шындықтың қайсысына көбірек жүгіндіңіз?
– Мен, шын мәнінде, көркем шындыққа жүгіндім. Бірақ көркем шындық болғанымен, ол – тарихи дерекке сүйенген шындық. Драманың халықтың есінде қалатын тұстары да – сол. Өйткені оның арғы табиғатында нақты шындық жатады. Сол нақты шындықты халық қалай ұғады, содан барып көркем шындық туындайды. Меніңше, Абылай туралы айтылып жүрген аңыздар – шынайы оқиғалардың негізінде шыққан әңгімелер. Мен «солардың қайсысы өмірде болуы мүмкін?» деп, аңыздардан шындық іздеп отырдым. Мысалы, Абылайдың басында болған жағдай, оның ұзақ уақыт малшы болуы, сол малшы кезінде өзінің болмысынан бөтендеу кісі екендігін байқатуы, жүріс-тұрысынан, отырысынан, сөйлесінен үлкен бір бекзаттықтың аңғарылуы, содан бастап жұрттың бұған «тегін адам емес» деп қарауы деген сияқты мәселелердің барлығы, бір жағынан, аңыз, бір жағынан, шындық. Ал Қалдан Сереннің тұтқынында жатқанда болған оқиғалар, негізінде, болған оқиға.
– Ертеректегі әдеби шығармалардың көпшілігінде жау атаулыны жексұрын етіп көрсету әдетке айналған еді. Сіздің суреттеуіңіздегі Қалдан Серен біздің ұғымымыздағы ұрда-жық қалмаққа ұқсамайды. Керісінше, кісілігі мол, парасатты билеуші. Осы орайда, сіз қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыз?
– Жалпы, жау болса, міндетті түрде обыр болады, міндетті түрде жексұрын болады деген нәрсе көп жылдар бойы біздің санамызға сіңіп қалған. Ал қалмақ пен қазақ арасындағы ұзақ жылдарға созылған соғыс – тек қана бір кісінің болмаса бір таптың мүддесінен шығып жатқан құбылыс емес, бұл тарихтан жойылып бара жатқан екі ұлттың қақтығысы болып көрінді. Сондықтан мен Қалдан Серенді жеңілтек бояудан, арзан жауыздықтан сақтап, оны негізінде, осы екі халықтың арғы түбін түсінетін, бір-бірін жеп қойғаннан гөрі, өмір сүргенінің дұрыстығын қалайтын кісі ретінде сипаттадым. Бұл және сол кезде шын мәнінде халықтың басындағы трагедия еді. Біреуінің сыртында – алып Син империясы, біреуінің сыртында үлкен орыс империясы тұрды. Екеуі де зеңбіректің дүмінен қорықты. Сөйтіп отырып, ел үшін, жер үшін амалсыз күресуге тиісті болды. Сондай тұста сол халықтардың бірін-бірі ұғуы да керектігін, ондай ұғынысудың тарихи үлкен мүмкіндік екендігін түсіндім және Қалдан Серенге соған алғаш ұмтылған адамдардың бірі ретінде қарадым.
– Сіздің шешіміңізде Әмір Сана Абылайдың ұлы ғой. Бірақ өзге деректер басқаша сөйлейді...
– Бұл енді халықтық драма жанрына лайық. Мен соны арнайы алдым. Бұл драманың үлкен жетекшілік маңызы – оның халыққа әсер етуінде. Үлкен трагедиялық жағдайларды беру үшін мен Абылайды сүйікті баласынан айырылған, бүкіл халыққа араша тұра алғанымен, өз баласына араша тұра алмаған адам ретінде көрсеттім. Өйткені тек жеке басы үшін күресетін әмірші Абылай бола алмас еді. Абылайдың абылайлығы – жеке басына төніп тұрған қасіретті халық басына төніп тұрған қасіретке айырбастамайтындығында. Халықтың басына төніп тұрған қасірет ол үшін маңыздырақ көрінеді. Бірақ соның өзінде ол адам ретінде баласын қимай, екіұдай күй кешеді. Осы арқылы әмірші болудың өзі қандай күшке түсетіндігі, қандай құрбандықтарды талап ететіндігі айтылды ғой деп есептеймін. Бұл халықтың аңызы бойынша алынды. Негізінде, Аюкенің қызын алғаны, оны Арқада ұстап қалғаны, одан туған баланың соңынан сондай сөздер еріп жүргені рас. Бірақ «ол бала Абылайдың өз баласы екен» деген сөз тарихта жоқ. Бірақ «қазақтың баласы екен» деген аңыз болған. Бұл жерде екі халықтың арасында үзілмей келе жатқан байланыстың барлығын, әуелден бірге жүрген, бірге тұрған халықтар екендігін қамту көзделінген. Бұл – менің әдейі алған мотивім.
– Абылай хан мен Бұқар жырау сіздің пьесаңыздағы өте бір үйлесімді бейнелер болды. Әйтсе де хан мен ақын арасындағы сыйластықты, түсіністікті осылай дәріптеудің мәнісі неде?
– Негізінде, ханның ақынға, ақынның ханға қарсы болуы міндетті емес. Оның бәрі біздің шалағай ұғымымыздан туып жүр. Егер ақын, шын мәнінде, отанжанды ақын болатын болса, оның маңдайына, халыққа отанжанды патша бітетін болса, ол патшамен міндетті түрде жағаласып жүру шарт емес. Бұл жерде патшалығынан қызық көріп отырған Абылай жоқ. Қайта патшалықтың оған зияны тиіп отыр. Бұқар Бұқар басымен, дара басымен онымен ұстасып жатпайды. Керек жерінде ақылын айтады, жанашырлық істейді. Оның халыққа да, сол халық үшін күресіп отырған патшаға да жаны күйеді. Осы тұрғыдан келгенде ақын мен патшаның арасында болуға тиісті мұндай дистанция, жалпы, адамзатқа ортақ дистанция. Сол себепті де мен осы шешімді мақұл көрдім.
– Кезінде М.Әуезов «Абай жолына» кіріспес бұрын «Абылайды жазсам ба, Абайды жазсам ба» деп дүдәмал күйге түскен деседі. Әрине, ол кезде Әуезовтің Абылайды таңдай алатындай мүмкіндігі болған жоқ. Осы орайда, сіз Абылайды Әуезов жазғанда қалай жазған болар еді деп ойлайсыз?
– Мен Әуезов туралы «солай болған», «солай қойған» деп айта алмаймын, қолымда дерек жоқ. Ал бірақ Абылай тақырыбының үлкен шығарманы күтіп тұрғаны рас. Онда да кімнің тәуекелі бұрын тұрады, оны аман болсақ, көрерміз. Ең бастысы, мәселе – кімнің тәуекелінің бұрын тұрғанында емес, сол тәуекелдің орынды тәуекел болғаны, өзін-өзі ақтап шыққаны қажеттірек болар еді. Өз басым сол Абылайдың қайдан шыққанынан бастап, бүкіл өмір тарихына қатысты үлкен шындықтың қатпарларын түгел қамти алатын жағдайлардың бәрін әлі толық ұғып болғам жоқ, көп материалдарға қол жетпей жатыр. Яғни үлкен шығарма жазуға қажетті детальдардың бәрі маған әлі толық мәлім емес.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Мен таныған Абылай
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Ол қазақтың тұтастығын сақтады
– Абылайдың кім болғанын жан-жағындағыларға қарап-ақ тануға болады. Абылай ханның ақылшы биі Бұқар жыраудай абыз болды. Бұқар жырауды пір тұтқан Абылай хан көрген түсін жорытып, ойына алған ісін болжату үшін «Сәуе айтшы!» дейді екен. Айтқандай-ақ, Бұқар жыраудың болжамдары дәл келеді екен. Абылай хан болып тұрғанда елді қара дүрсін күшпен, зұлымдықпен емес, асқан ақылдылықпен, парасаттылықпен басқарды. Дипломатиялық жолды ұстана отырып, елі мен жерін сақтады. Ол көрегенділігінің арқасында сондай ауыр кезеңде ел ұйытқысы бола білді. Оның бойында үлкен кемеңгерлік, бекзадалық болды.
Абылайдың басқа хандардан ерекшелігі – жаужүректігінде, қайсар мінезінде еді. Ол қазақтың тұтастығын сақтады. Абылай хан болмағанда да, бәрібір батыр болар еді. Үмбетей жыраудың жырын оқысаңыз да, ауыз әдебиетінің басқа шығармаларына сүйенсек те, Абылайдың 20 жасында-ақ ерлігімен, батырлығымен қалың жұртқа танылғандығын көреміз. Бұқар жыраудың: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, алтын тұғыр үстінде, Ақ сұңқар құстай түледің» деуі де осы жағдайдың дәлелі болса керек-ті.
Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Ғасырда бір туатын тұлға
– Орыстар Иван Грозныйдың, моңғолдар Шыңғыс ханның өмірбаянын қандай керемет біледі. Ал біз Алты алашқа айбын болған кемеңгер бабамыз Абылай хан жайлы түк білмейміз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол кезде жазу-сызу болмады. Екіншіден, Абылай ханның тұсында оның өсу, өркендеу жолын жазып отыратын тарихшы да, шежіреші де жоқ болды. Негізгі деректер бізге Абылайдың қасында болған Бұқар, Үмбетей сынды жыраулардың ауыздан-ауызға тараған өлең-жырлары, яғни ауыз әдебиеті арқылы жетті. Ал кеңестік дәуірде Абылай хан жайлы жазған тарихшылар «халық жауы» атанып, атылып кетті. Қызыл саясат Абылайды халыққа жеккөрінішті етіп көрсетті. Соның нәтижесінде қаншама құнды дүниелер жойылды. Бүгінгі тарихшылар да бізге Абылай хан туралы жөнді деректер бере алмай келеді. Жазылмаған, айтылмаған дүниелер қаншама!
Секен ТҰРЫСБЕКОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор:
Күйлері де ешкімге ұқсамайтын дара
– Абылай қазақтың ұлы ханы болуымен қатар, дәулескер күйші ретінде де белгілі. Ол – «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» күйлерінің авторы. Қарап тұрсаңыз, бұл күйлердің тақырыбының өзінде үлкен мән жатыр. «Қайран елімді» Абылай ханнан басқа біреу шығарса, дәл Абылайға жарасқандай жараспас еді. Өйткені «Қайран елім» деп айту үшін ол кім болса да халқы үшін, елі үшін дәл Абылайдай қызмет еткен адам болуы керек. Ұлан-байтақ жерімізді жауға талатпай, ат үстінде жүріп қорғағаны, үш жүздің басын біріктіріп, ұлы Қазақ хандығын күшейткені Абылайдың мықты саясаткер ғана емес, керемет патриот екенін көрсетеді.
Абылай – Тоныкөк, Күлтегіндердің эстафетасын алып жүрген адам. Күлтегіннің «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» дегені бар ғой... Сол сияқты, елінің, жұртының қамын ойлаған адамнан ғана «Қайран елімдей» дүние туады.
Халқының әл-ауқатын көтерген хан
Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен қуатын сақтауды көздеген Абылайдың сан алуан қызметінде халықаралық қатынастар мен сыртқы саясаттың стратегиялық басымдыққа ие болғаны белгілі. Сол сияқты Абылай дәуіріндегі елдің экономикалық өркендеуі де тереңнен үңілуді қажет ететіні сөзсіз.
Айталық, Абылай сұлтанның қазақ даласының шығысында жүргізген саясаты қытай мен қазақ қарым-қатынасын жолға қойып, Ұлы Жібек жолының бір тармағы – Шығыс Түркістан (Үрімжі) мен Орталық Азия арасындағы керуен жолын қайта жандандырады. Сауда-саттық ісі қарқын алады. 1758 жылдан қазақ-қытай айырбас саудасы қыза түскенін ғалымдар Б.Еженхан, Н.Мұхаметханұлы, Қ.Салғараұлы Қытай елінен табылған мұрағаттық деректермен дәлелдеген. Гаузуң патшаның орда естеліктерінде «Қабанбай... 300-ден аса жылқыны айдап әкеліп, қыркүйектің 17-інші жұлдызы күні Үрімжіде сауда жасады. Ол қайтарда Абылай ханның басқа да адамдары келіп сауда жасайтынын айтты» деген жазу бар.
Абылай ханның сауда-саттық жүргізуге ерекше көңіл бөлуінің өзіндік себебі бар. Ол халықтың әл-ауқатын көтеруді көздеді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана жүрсе, енді 1760 жылдары Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа — Қытайға қарай «Абылай жолы» атты сауда жолы салынды. Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда-саттық бұрынғыдан да биік дәрежеге көтерілді. Тарбағатай мен Құлжада жәрмеңкелер ашылып, қазақтарға малын, қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға жағдай жасады. Сонымен бірге Ресей мен Орталық Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым-қатынасын орнатуға жол ашты. Өйткені Абылайдың Қытай бағытындағы бір мақсаты – қазақ даласының транзиттік әлеуетін арттырып, Орталық Азия мен Шығыс Түркістан арасындағы керуен саудасына бақылау жасау арқылы елге кіріс кіргізу, сауда жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді.
Халықтың жағдайы Абылай хан кезінде жақсарғанын түрлі деректер растайды. Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П.Шангиннің 1816 жылғы жазбаларында Абылай хан «тірі кезінде көне заңдылықтар қатаң бүге-шігесіне дейін орындалды. Кез келген ұсақ-түйек қылмыс үшін жауапкер міндетті түрде жазаланды, қырғыздар (қазақтар) арасында барымта деген болмады. Халқының ең кедейінде – 500, ауқаттысында 5 мыңнан 15 мыңға дейін төрт түлікті малы болды» деген жолдар бар. Сондай-ақ Абылай – мемлекеттік мүдде үшін алым-салық жинатқан қазақ билеушілерінің бірі.
1762-1763 жылдары ол Іле өзені бойында диқаншылық жасауға әрекет етті, Есіл өзені бойында Абылайдың айтуымен егіншілік бастау алғаны жөнінде мәлімет бар. 1763 жылы шекарадағы орыс әкімшілігіне хат жазып егіншілікті білетін мамандар сұрап, Петропавл қаласына таяу жерде егін екпекші болды. Орыс әкімшілігі тарапынан ешбір көмек болмаған соң, өз адамдарымен егін еккені туралы да деректер бар.
Абылай хан Қазақ елінің біртұтас іргелі ел болуын, атақонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін қалады. Ол елді отырықшылыққа көшіріп, Үш жүздің басын қосуды, жаудан қорғауды мақсат етті. Тарихшылар жазғандай, Абылай хандық құрған кезде ханның жанында кеңес болған. Оған барлық жүздердің өкілдері қатысып, маңызды мәселелерді қарайтын және де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс пен жайылым, дау-дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым-қатынас мәселелері қарастырылатын.
Гүлнар АХМЕТОВА
Аңыздан ақиқатты ажырату – парыз
Шота-Аман УӘЛИХАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сәулетші:
– Абылайдың балаларының бірі Уәли хан біздің арғы бабамыз болады. Менің фамилиям осы бабамның атымен аталған. Уәлидің өзінен он төрт ұл болған. Соның бірі Шоқанның әкесі – Шыңғыс. Шыңғыс пен атақты Шорман бидің қызы Зейнеп ханым екеуінен жеті ұл, алты қыз тараған. Олардың ішінде атақтылары Шоқан (Мұхаммед-Қанафия), Мақы (Әбіл-Мақыжан), Махмед, Қозыке (Сақып-Керей). Мақыдан менің әкем Ыдырыс туған. Сонда мен Абылайға төрт атадан жалғасамын. Атамыз Мақы шебер суретші әрі өнер иесі болған жан екен.
Абылайдан тараған игі жақсылар болған, әлі де бар. Солардың бірі – тарихшы Ермұхан Бекмаханов. Ол – Уәли ханның Тәуке деген ұрпағының баласы. Ол үлкен ғалым бола тұрып 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиялық еңбегі үшін қуғынға түсіп, түрмеге қамалды. Бірақ бүгінде Бекмахановтың әр еңбегі құнды зерттеу көзіне айналып отыр. Одан кейін КСРО-ға еңбек сіңірген геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин бар. Ол да кезінде Кенесарин аталып жүргені үшін жапа шеккен. Ол кісі Мәскеуде оқып, инженер-гидрогеолог деген атаққа ие болды, диссертация қорғап, ғылыми дәреже де алды. 1950 жылдары Алматыда қызмет істеп, докторлық атақ аламын деп дайындалып жүрген кезінде Үкімет үйіне шақырылып, «Қазақстаннан кетіңіз!» деген бұйрық алады. «Не кінәм бар»,– деп сұраса, «Кінә сізде емес, ата-бабаларыңызда», – дейді. Ақыры ағамыз Ташкентке кетуге мәжбүр болады. Профессор Шәкір Ыбыраев та – Абылайдың ұрпағы, Абылай ханның қалмақ әйелінен туған Қасымнан тараған Бопының неменесі.
Бабамыздың бел балаларынан тараған немерелерінің ішіндегі көп айтылмай, зерттеушілердің назарына ілікпей жүрген жанның бірі Ғұбайдолла дер едім. Ол Абылайдың баласы Уәли ханның он төрт ұлының тұңғышы болған. Әкесі өлген соң орнына хан сайланғанымен, патша өкіметі бұл шешімді бекітпейді. Ресей патшалығы дала өлкесіндегі хандық билікті жою мақсатымен елді аға сұлтандық басқару жүйесіне көшірмек болады. Бұл шешімге Ғұбайдолла наразылық білдіреді. Сөйтеді де, Абылай сияқты Цин империясымен дипломатиялық байланыс жасауға, Қытай мемлекетінің сенім грамотасын алуға әрекет жасайды. Бірақ Ресей патшалығы оның бұл ойын жүзеге асыртпай, 1824 жылы Ғұбайдолла тұтқынға алынып, Березов қаласына жер аударылады. Сөйтіп, оның жазалануы арқылы қазақ даласында хандық билік те біржола жойылады.
Кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай көлінің жағасында, ханның Көкшетаудағы киелі қонысында Абылайға тұрғызылған еңселі ескерткішті ашып тұрып: «Иә, Абылай – аңызға айналған тұлға, бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек», – деген болатын. Бүгінгі ұрпақ өткен тарихтың аңызы мен ақиқатын ажырата алатын зерделі, зейінді. Бірақ аға буын өкілдері соларға дұрыс ақпарат беруі керек.
Абылай – тарихтың ауыр жүгін абыроймен атқарып өткен жан. Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар» – деп сұрайды. Хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, жер емшегін емгізе алмадым. Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшінші, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті», – деген екен. Ғұмыры тақ үстінде емес, ат үстінде өткен Абылайдың ерлігі мен еңбегін бүгінгі ұрпағы ұмытпайды деп сенемін.