Мекемтас Мырзахметов – абайтанушы ғалым. Филология ғылымының докторы, профессор. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. «Түркі жұртына қызмет» сыйлығының иегері. 600-ге жуық ғылыми мақаланың, 40-қа жуық монографияның авторы.
Өркениеттер қақтығысында қазақ халқының мәдени мұрасы қалай сақталмақ? Түркі әлемінің тұтастығы мен ауызбірлігін қалыптастыру арқылы түркі әлемі мәдениеттер қақтығысына тойтарыс бере ала ма? Жалпы, «қазақ пен әлемнің, Абай мен дүниенің арасында қандай байланыс бар, кешегі Алаш қайраткерлері мен бүгінгі зиялылар үндесе ме» деген сұрақтарға Сүлеймен Демирел атындағы университетке арнайы шақырылған қонақ — белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов жауап берді. Сұрақ-жауап түрінде өткен жиынға студент, оқытушы-ғалымдар қатысты.
Түркі халықтарының тұтастығына не кедергі?
Түркі халықтары жайлаған жерлерге кім иелік етсе, сол әлемді билейді. Кеңес өкіметінде солай болды да. Ресей түркі халықтарының бірлігінен, тұтастығынан өте қатты қорықты. Сондықтан да Ресей Баукең үш рет батырлыққа, төрт рет генералдыққа ұсынылған кезде де бас тартқан. Кеңес өкіметі Бауыржанның ұлтшылдығынан қорықты. Ол соғысып жүрген кезде-ақ ұлтшылдығымен танылған болатын. Егер Баукең сияқты ұлтшылдар көбейетін болса, ұлттың санасы өсіп, ел ұлтшыл болып, бөлініп кетеді деп үрейленген. Бүгінгі жағдайға тоқталатын болсақ, мәдениетіміздің генезисі ұқсас келетіндіктен, біз түркі халықтарының арасында диалог орнатуымыз қажет. Диалог дегеніміз – көбірек араласып, бір-бірімізді түсіну үшін жақындай түсу, сол арқылы мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау.
Баукеңнің қателесуі мүмкін емес
– Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың өліміне қатысты деректер өзгерген сыңайлы. (Бұл жөнінде «Алаш айнасы» таяуда ғана үлкен зерттеу мақала жариялаған). Бауыржан Момышұлы өз еңбектерінде ақынды 1948 жылы көрдім деп жазады. Баукеңнің жазғаны қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
— Бауыржан Момышұлы 1948 жылы Сібірде командир орынбасары болып тағайындалған. Әскери жаттығулар кезінде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, қастарына жақындап, сәлем берген. Араларында өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Баукең оны қазаққа ұқсатып: «Ассалаумағалейкум!» — деп сәлемдесіп, қасына барған. «Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді», – деп Баукеңе теріс қараған күйі отыра береді. Он шақты күннен кейін қайта ораламын деп Баукең қайтып кеткен. Мағжанды еліне оралту үшін Баукең орманға қайта келгенде, Мағжан суға кетіп мерт болған. Ресми деректерге сүйенсек, Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылған. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Мағжан Жұмабаевты халықтың үрейін туғызу үшін атылды деп пайдаланған. Мұның барлығы Бауыржан Момышұлының еңбектерінде дәйекті айтылған. Сондықтан басқа қателессе де, Бауыржан Момышұлының қателесуі мүмкін емес.
Абайдың «толық адам» ілімін білген адам бақытты
Еуропа елдері рухани тығырыққа тірелді. Оған олардың руханияттан қол үзгендігі, руханияттан қарынды жоғары қойғандығы себеп болып отыр. Ал бізде осы тығырықтан шығатын жолды Абай жазып кеткен. Оның «толық адам» ілімі тек қазақ халқына ғана емес, дүйім түркі халқына да пайдалы бола алады. Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзінде оның жұмбағы жатыр екен. «Толық адам» деп аталатын ілім адамды тазалайды. Тазаланған адам жаман іске бармайды. Ол ілім адамды бақытты етеді. Кезінде Мұхтар Әуезов оны білді. Бірақ Абайды «толық адам» деп айтуға қорықты. Өйткені ол дінге байланысты болды. Кеңес дәуірінде дінге деген көзқарастың қалай болғандығын бәріміз білеміз. Мұхаң жаулары болғанына байланысты толық адамын, яғни Абайды «нравственный, гармонический» тұлға деді. Мұхтар Әуезовке сүйене отырып, мен «толық адам» ілімін ғылыми айналымға бірінші рет түсірген едім. Бүгінде осы ілімді жоғары оқу орындарында өтілетін абайтану курсында қосымша оқытатын болдық. Студенттер бұл ілім қайдан келді деп қызығушылық танытуда.