Биыл ұлы Абайдың туғанына 165, ал өз еліндегі мұражайдың құрылғанына 70 жыл толып отыр. Сол себептен де Абай мұражайының өзге де жұмыстармен қатар басты бағыты – ғылыми-зерттеу жұмыстары болмақ.
Осы орайда ұлы ақынға қатысты ғылыми сериялы басылымдарды, әсіресе мұражай қорында сақталған мұралар, естеліктер мен құнды деректерді арнайы шығарудың уақыты келді. «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен биылғы жылдан кітаптар жарыққа шыға бастамақ. Сонымен қатар мұражайдың тыныс-тіршілігін көрсететін журнал шығару да жоспарда. Абай тапсырған құнды жәдігерлер туралы топтамалы кітапшалар, Абай мен оның ақындық айналасына қатысты жарық көріп жатқан еңбектерді назардан тыс қалдырмай, оқырман қауымға таныстырып, насихаттап отыру да мұражай жұмысының бір саласы. Осындай бағыттағы кештердің алғашқысы Абайдың әдеби ортасын ғылыми диссертация негізіне алып, зерттеу еңбек жазған ғалым Б.Ердембеков шығармашылығына арналды. Осы орайда таяуда Абай мұражайында «Абайдың әдеби ортасы» атты ғылыми монографияның тұсаукесері болып өтті. Монографияда Абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым- қатынаста болған әдеби орта өкілдерінің шығармашылығы зерттеле отырып, ақын айналасының абайтанудағы орны айқындалады.
Мәдени шараға зерттеуші-ғалымдар, ЖОО-ның оқытушылары мен қаладағы құрметті ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты. Автордың ғылыми өмірбаяны жаңа монографияның маңызы жайында, Абай мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Жандос Мағазбекұлы Әубәкір баяндама жасады.
Монография жайында филология ғылымының докторы, профессор А.Еспенбетов, сыншы Т.Ибрагимов пікір білдірді. Х.Матаев, А.Ахметжанов, М.Мұхамадиұлы сынды Семей қаласының құрметті ақсақалдары ғылыми еңбек және оның авторы туралы ой-ұстаным, ескертпелерін жеткізді.