Биыл «Абай ұрпақтары» қолжазба шежіре журналының шыққанына 70 жыл толып отыр. Осыған орай Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейде өткен жылы мұражай ашылды. Енді онда елден шыққан ұлылар мен тарихи деректер жинақталған құнды жәдігерлер сақталатын болады.
«Абай ұрпақтары» журналы алғаш рет 1939 жылы Мұхтар Әуезовтің бастамасымен жарық көрген. Оның алғашқы нөмірлерінің бірі жазушы елге келіп, «Абай жолы» романына материалдар жинақтап жүрген жылдары қолмен жазылыпты. Жалпы, журналда ел ішінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар, шығыстан шыққан тағы басқа тарихи тұлғаларды көзкөргендер өз материалдарын қолмен жазып, үзбей басып отырған. 1989 жылы журналды жинақтап отыру үшін алғаш мұражай ашылады. Бүгінде сол мұражай жаңартылып, жөндеуден өткізілді. Онда негізгі экспонаттар ретінде осы журналдың қолда бар сандары сақталған.
Айжан ИМАНТАЕВА, «Абай ұрпақтары» мұражайының жетекшісі:
– 1939 жылы желтоқсан айында журналдың тұңғыш нөмірі жарыққа шыққан. Оған атсалысқан облыс, аудан басшылары болған. Журнал облысқа, республикаға әйгілі болған. Онда қолға түсе бермейтін құнды деректер жазылып отырған.
Журналдың басты ерекшелігі – ол қолмен жазылған. Киелі өңірдің тарихынан сыр шертетін басылымның шыққанына өткен жылы 70 жыл болды. Журнал алғаш шыққаннан бері Абай еліне келген танымал адамдарға сыйға беріліп отырған. Қазірде мұражайда оның 40 нөмірі сақталып отыр. Соңғы саны журналға 70 жыл толуына орай Алматыдан кітап етіп басылып шығарылған. «Абай ұрпақтары» журналына арналып ашылған мұражай енді келер ұрпаққа бабалар тарихынан сыр шертетін киелі орынға айналмақ.
Жаңартылған мұражайға да «Абай ұрпақтары» деген ат беріліп отыр. Онда елден шыққан ұлылармен қоса, ел үшін еңбек еткен азаматтар жайлы да құнды жазбалар, фото деректер орналастырылған. Заман талабына сай етіп жабдықталып, жаңа келбетке ие болған мұражай жәдігерлермен толықтырылды. Осы игі бастаманың іске асуына сол елден шыққан кәсіпкер азаматтар қол ұшын беріпті.
«Абай ұрпақтарына» – 70 жыл
Последние статьи автора