Долларлап ақша табатын әншілер Алматыда пәтер жағалап жүргендерін айтты
Сахнада жалт-жұлт етіп, сырт көзге бақытты да бақуатты болып көрінгенімен, өнер иелері де небір қиыншылықты бастан өткереді. Жұрт оларды долларлап ақша табады деп ойлайды. Тіпті, “елімізде ең бай мамандық иелері әншілер” деген пікір қалыптасқалы қашан?!
Эстрада жұлдыздары әр тойдан долларлап ақша тапқанымен, шығындарының да соған сай екенін айтады. Ән жаздыру, бейнебаян түсіру, сахналық костюм тағы бар. Оған қоса, үлкен сарайларда концерт берудің өзі де миллиондаған ақша тұрады. Сондықтан болар, әншілер арасында да пәтер жағалап жүргендер де баршылық екен. Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz
Олардың қатарында соңғы жылда хитмендер қатарына қосылған Нұрболат АБДУЛЛИН де бар.
“Пәтер жалдап тұрамын. Құдай қаласа, келер жылы баспаналы болатын шығармыз. Пәтер жалдаудан қиындық көрмеппін бірақ. Кейде ағаларымыз қолдап жібереді, жеңілдікпен түседі. Сондықтан үй алу жағынан да қиыншылық болмайды деп ойлаймын. Бұйырса Алматыда бір шаңырағым болады”, – дейді ол ағынан жарылып.
“Аспанға қараймын” әнімен танылған Абай БЕГЕЙ де жалдамады пәтерде тұратын болып шықты. Әншінің туған жері Ақтау қаласында зәулім үйі бар. Бір кездері Алматыда да бір шаңырағы болған көрінеді. Алайда жұбайы өмірмен қош айтысқан соң, әнші оңтүстік астанадағы мүлкін сатып жіберіпті.
“Біреулерге өтірік болуы мүмкін, бірақ Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Ақтауда үйім бар. Негізі кезінде Алматыда да үйіміз болған, бірақ отбасымызда қиын жағдай болғаннан кейін өз-өзімді жоғалтып алдым, Алматыда тұрмаймын деп ойладым. Сол кезде пәтерімді сатқан болатынмын. Енді балалар өсіп қалды, үлкен үй алу керек. Сол себепті әлі алмай жүрмін. Қазір досымның үйінде тұрамын, ай сайын пәтерақысын төлейтін уақыты бар. Бағасын айтпай-ақ қояйыншы”, – деп ұялған әнші 100 мың теңгеден аса төлейтінін айтып қойды.
Сондай-ақ, Ғазизхан ШЕКЕРБЕКОВ, “Жігіттер” квартетінің әншісі Мырзахан МАХАНОВ, “Заман” тобының әншілері жалдамалы пәтерде тұратын болып шықты.