2000 жылы «Халықаралық Абай клубын» ашып, қазақ ойшылдарын әлем жұртшылығы назарына ұсынуға ұйытқы боп жүрген, әйгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың еңбегін ерекше атауға болады.
Туынды тек әдеби шығарма ғана емес, сондай-ақ қазақ, ағылшын тілдерін үйренушілерге таптырмас оқу құралы деуге болады. Сол себепті таралымы 4000 дана бұл кітаптың тең жартысын ел Үкіметі өз мойнына алып, мектептер мен кітапханаларға тегін тарататын болыпты. Бұл да болса, игілік. Және бір айтарлығы кітаптың экологиялық таза қағазға басылып отырғандығы. Батыста мұндай интегралды кітап шығару ісі әлдеқашан-ақ жолға қойылса, бізде бұл – тұңғыш экологиялық таза туынды. Қолға ұстағанда да кітаптың ерекшелігі бірден байқалады: құстың қауырсынындай жеп-жеңіл, әрі таза, исі де жағымды. Әрине, бұл кітаптың сыртқы сапасы жайлы, ал ішкі сапасы жайлы әңгіме әлдеқайда тереңірек екені даусыз.
Роллан Сейсенбаев, жазушы, «Халықаралық Абай клубының» президенті:
– Абайдың қарасөздерін орысша, ағылшыншаға аудару әрине, оңайға түскен жоқ. Әр тілге екі жылдан астам уақыт кетті. Ағылшын тіліне аударған ағылшынның атақты түркітанушы ғалымы, жазушысы, ақыны Ричард Маккейн. Бұл кісі бүкіл түріктің ұлыларын, сонымен қатар Борис Пастернак, Марина Цветаева, Анна Ахматоваларды ағылшынша сөйлеткен. Енді, міне, қазақтың ұлы ақыны, ұлы ойшылы Абайды бүгінде әлем жұртшылығы оқи алатындай ағылшыншаға аударып отыр.
Абайдың орысша «сөйлеуі» таңсық болмаса да, ағылшынша «сөйлеуі» – қазақтың ішкі жандүниесі, тарихы, философиясы әлемге айқара есік ашты деген сөз емей, немене? Әлем жұртшылығы енді Абай арқылы қазақтың қандай дана халық екендігін біледі деген ой көңілге қуаныш ұялатады. Абайдан кейінгі қазақ ардақтыларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы екені даусыз. Роллан Сейсенбаев Абайдың «Қарасөздерінен» кейінгі кезекте осы Шәкәрім туындылары тұрғанын, оны ағылшыншаға аудару жайлы тіпті Ричард Маккейнге ұсыныс жасап қойғандығын айтты.