Cөз жоқ, өмірде талай жақсы адамдар бар. Олардың ең басты ерекшелігі – ешқашан «мен жақсымын» деп жан баласына айтпайды да, жасаған жақсылығы жайлы жар салмақ былай тұрсын, ол туралы жақ ашпайды да. Және тағы бір «жақсылар» бар. Бар дегеннен гөрі көп деген жөн шығар, себебі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов «Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, жақсылық өз басынан артылмаған» деп тектен-тек айтпас еді.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сәуірдің 12-сі мен 14-і аралығында үш күн қатарынан «Жақсы кісі» атты жаңа қойылым жүрді. Авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Тарази болса, қоюшы режиссері – «Тарлан» сыйлығының иегері Жанат Хаджиев.
Хазиндер отбасы – ұлы да, қызы да, тәп-тәуір тұрмысы да бар, сырт қараған жұрт қызығатындай-ақ сүттей ұйыған отбасы. Кешкісін отағасы Ахмет жұмыстан келгенде ұл-қызы алдынан жүгіре қарсы алып, жұбайы күлімдей ортаға ас қойып бәйек болғанына қарап, «паһ, шіркін, шаңырақ болған соң осындай болуы керек қой!» дегің келеді. Біз көргенде бұл отбасы ерекше дастарқан жайып, әлдебір сыйлы қонақты күтіп отыр еді. Әсіресе ортаншы қыз Қатираш әдеттегіден де сұлуланып, қайта-қайта тықыршып, орнында отыра алмай, екі көзімен терезе жақты аңдумен жүр. Әлдекімді күтетін сыңайлы. Күткенде уақыт сабазыңның өтпей қоятын әдеті емес пе, міне, Қатираш та тағат таба алмай кеткен соң, анасын сұраудың астына алуда: «Мама, айтшы, әкем екеуің алғаш қалай танысып едіңдер? Бір-біріңе қалай ғашық болдыңдар?», – деп, анасы Балзияның «қызым-ау, жаттап алатын кезің болды ғой, осыған дейін талай естіп жүрсің ғой» дегеніне де көнер емес. Қатирашты қобалжытып тұрған – махаббат, яғни өзінің сүйген жігітін дәл қазір ата-анасымен таныстырмақ. Жайылып жатқан дастарқан соның құрметіне еді. Бірақ... Өмір кейде өзгерем десе, бір-ақ сәтте емес пе? Сан жылдар қалыпты ағысқа түсіп алып, жылғамен ғана ағып, арнасынан еш ауытқымаған өмір-өзені дәл осы сәтте, небары бас-аяғы бір-екі сағат ішінде төңкеріліп түседі деп кім ойлаған?!. Өмір бойы орынбасарлықтан аса алмай келе жатқан отағасы Ахметтің де дәл осы сәтте ауылдың білдей әкімі бола қалмасы бар ма? Момын деп жүрген адамның өзі мансаптың буы бұрқ еткенде, кеудесіне нан пісіп, өзінің сан жылдар іште жинаған «қап, бәлемін» көрсетіп қалуы ғажап емес екен. Біздің жақсы кісіміз тап сондай мінез көрсетіп, мансап жолында өз ұлын жындыханаға айдатып жібереді.
Комедия жанрында басталып, трагедияға ұласқан қойылымды, қысқасы, көру керек. Ал туынды авторы не дейді?
Әкім Тарази, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– «Ұлы сөзде ұят жоқ» дегендей, жазушы да әйелдер секілді бір туындыға «буаз» болады. Алдымен көкейге ой келеді, содан кейін оны тура ішке біткен шарана секілді 9 ай 9 күн «көтересің». Сосын оны «туу» керек, тумасаң – өлесің. Өз басым шығарманы солай жазам. Бұл өзі осыдан 30 шақты жыл бұрын жазылған. Әйтсе де мұның ә дегеннен жолы болмай қойды. Кеңес заманында, өздеріңіз білесіздер, тәртіп қатал еді. Қырағы адамдар көп болды, солар қойылым бір күн сахналанғаннан кейін жапты да тастады. Ол кезде де дәл осы театрда қойылған болатын. Міне, содан араға 24 жыл салып, «Жақсы кісі» сахнаға қайта оралды. Толқып тұрмын, «өлдіге» қимай жүрген шығармамның бүгін сахна көргеніне, жалпы, режиссерге де, актерлердің бәріне де ризамын.
Әрине, шығарма жақсы, оған дау жоқ. Режиссерлік шешім де мықты. Алайда әртістер тарапынан әлсіз түсіп тұрған жақтары жетерлік. Өз образына ене алмай, өз кейіпкерінің тағдырына кірігіп кете алмай, көрерменді сендіре алмай жатқан тұстары баршылық. Сондықтан жалпы әртістер қауымына ширыға түсу қажет секілді. Содан соң музыкалық әрлеу жағынан да адамның жанды жеріне тиетін тұстарында соны дөп басатын әуен керек сынды. Әсіресе әкесінің шақыртуымен ұлын жындыханаға байлап әкетіп бара жатқан тұста көрген жұрттың сай-сүйегін сырқырататұғын әуеннің жоқтығы сезіліп қалғандай...
24 жыл бұғауда жатқан «Жақсы кісі»
Последние статьи автора