Нағыз сағыз қарағайда болады
«Сағыздың ас қорытуға көмегі көп» дейді. Қазір оның неше түрі бар, бірақ олардың зияны туралы көп айтылады. Осыны түсіндіріп берсеңіздер.
Әсия Тұрарбекқызы, Талдықорған қаласы
Сағыз шайнау – адамның ауыз қуысындағы жағымсыз иістерді бодырмаудың жақсы әдісі. Сағыз – өте жеңіл әрі кез келген жерде пайдаға аса кететін зат. Сағыздың дәмінің қандай болғандығы маңызды емес. Оның дәмі ауызды жағымсыз иістен құтқару үшін айтарлықтай маңызды қызмет атқара қоймайды. Маңыздысы, ауыз қуысындағы бұлшық еттердің тынымсыз қозғалысы.
Тістің сау күйінде сақталуы үшін құрамында қант жоқ сағыздарды пайдаланған жөн. Сағыз шайнағандықтан сілекей көп бөлінеді және ол процесс қалыптағыдан едәуір арта түседі. Сілекей – асқазандағы бактерияларды жоюға таптырмас дәрмек. Одан қала берді, сағыз тілдің таза болуы үшін де керемет пайдалы екен. Алайда «пайдалы екен» дегеннің бәрін тоқтаусыз тұтына беруге де болмайды. Сағызды тамақтанып болғаннан соң шайнау асқазанға жаңа түскен астың оңай және тез қорытылуына көмектеседі.
Егер түскі астан кейін он минуттай сағыз шайнасаңыз, ағзаңызға оң әсерін тигізеді. Әсіресе, миға баратын қан тамырларындағы қанның жұмысын жеңілдетеді. Ал егер жолда, яғни көлікте немесе пойызда болсаңыз, құлағыңызға түсетін салмақты азайтады. Әйтсе де қазіргі таңда сағыздарға түрлі химиялық қоспалар қосатындықтан, ең дұрысы – мүмкін болса, кәдімгі орманда өсетін қарағайдың сағызын (шайырын) шайнаған жөн. Ол – адам ағзасына өте пайдалы.