Өскемен мен Риддердің еңбектеген баласы да, еңкейген қарты да өз сауаттылықтарын орыс тілінде тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетейік, әлемдік жаппай диктант деп аталатын бұл сынақты Ресей ұйымдастырады. Қатысушылар орыс жазушыларының шығармаларынан үзінді жазады. Биыл сынаққа Павел Басинский атты жазушының туындысы таңдалды. Диктантқа 81 мемлекет қатысыпты.
Иә, оның ішінде Қазақстанның 16 қаласы бар. ШҚО-ның екі шаһарынан 9 бен 78 жас аралығындағы 174 адам бақ сынап көрді.
Ұйымдастырушылар сөзінше, мақсат қала мен қаланың, ел мен елдің мықтысын анықтау емес екен.
– Қалалар мен елдердің қайсысы сауатты екенін анықтау емес біздің мақсат. Әр адам өз сауаттылығын тексеріп көрсін дейміз. ШҚО қатысушыларының 30-ы диктантты өте жақсы жазып шықты, – деді Ольга Ребковец.
– Жаппай диктант – экзамен емес. Кім «5», кім «2» алғанын да анықтамаймыз. Мақсат – адамдардың сауатты жазуға деген құлшынысын ояту, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Қарлығаш Шаяхмет.
Жүлдегерлер ЛитРес компаниясы мен Қазақстандағы Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ұсынған сөздік кітаптар мен өзге де бағалы сыйлықтарға ие болды.