Президент Жолдауындағы Қазақстан халқының демографиялық даму мәселесі

Президент Жолдауындағы Қазақстан халқының демографиялық даму мәселесі

Қазір әрбір қазақстандық көзі қарақты азамат Президенттің жыл сайынғы Жолдауындағы айтылар мәселелерді ықтиятпен тыңдап, жүзеге асыруда басшылыққа алатын болды. Себебі заңдық мәртебесі бар бұл құжаттарда Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары анықталады. Әр Жолдауда қоғамымыздың барлық саласының өзекті мәселелеріне қатысты негізгі басым міндеттер, оларды жүзеге асыру стратегиясы мен тактикасы пайымдалады. Олар еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қамтиды және баршаның тағдыры мен тіршілігіне тікелей әсер етуімен ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Әр жыл сайынғы Жолдаулар бір жылдың емес, бірнеше жылдардың негізгі даму стратегиясына арналды. Мәселен, 1997 жылғы Жолдау «Қазақстан – 2030» Стратегиясын паш етсе, 2012 жылғы Жолдау «Қазақстан – 2050» мақсаттарын айқындады. Демек, екі құжатпен-ақ жарты ғасырдан астам мерзімді қамтып жатқан болашақты болжау жүзеге асты. 2014 жылғы Жолдаумен тиянақталған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы ХХІ ғасыр аяғына дейін жұмыс істейтін болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 ж. 5 қазандағы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін қамтығанымен, білім саласында қордаланып қалған ірі мәселені шешуге арналған арнайы тапсырмасының өзімен-ақ ерекшеленеді деуге болады.
Сондай-ақ, 2018 ж. 5 қазандағы Халыққа жолдауда Елбасы тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің демографиялық саясатының нәтижесін «Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті» деп бір ауыз сөзімен атап көрсетті [1]. Бұл жақсы нәтиже! Себебі, 1993 жылдың басында 16 млн 986 мың адам болып есептелінген республика халқы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқа көші-қонның қарқынды ағыны мен табиғи өсімдегі тоқырау нәтижесінде 2001 ж. 14 млн 821 мыңға дейін құлдырап, 2 млн 165 мың адамға күрт кеміді. Қазақстаннан сыртқа көші-қон (эмиграция) нәтижесі аса өткір әлеуметтік-демографиялық мәселеге айналған болатын.
2000-жылдары халық санының өсімі шетелдегі қазақтардың отанына қайта оралуы мен 2003 ж. бастап оң айырым көрсете бастаған табиғи өсім есебінен халық саны қайта көтеріле бастады. 2001-2018 жылдар арасында республика халқы 4 миллионнан аса адамға көбейіп, 2018 ж. 18 млн 355 мыңнан асты. Негізгі өсім қазақтар есебінен. Сондай-ақ, бұл нәтиже ел дамуының кепілі болып табылатын басты фактор - республика халқының ынтымағы мен бірлігіне, сондай-ақ, демографиялық дамуына тікелей байланысты екендігі белгілі.
Қазақстан демографиялық және әлеуметтік дамуы ірі бетбұрыстар мен күрделі өзгерістерді басынан өткізді. Осы орайда ХХ ғасырдың соңғы онжылдығындағы Қазақстандағы халықтың көші-қоны, табиғи өсімінің салдары ерекше ойға оралады: 1992-1997 жж. әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар демографиялық ахуалға кері әсерін тигізді. Соның ішінде сыртқа көші-қондық қозғалыстағы 983,5 мың иммигрант пен 3092,1 мың эмигрант 2108,6 мың адамдық теріс айырымды көрсетті. Республика халқының полиэтникалық құрамының арасалмағы өзгерді: еуропалық этнос өкілдері азайып, қазақтар мен түркі-мұсылман этностары өкілдері көбейді. Оң нәтиже - Қазақстан Республикасында қазақтар ХІХ ғасырдың соңынан бері алғаш рет басымдыққа қол жеткізді.
Тәуелсіз Қазақстан тұрғындардың депопуляциялық үрдiстерiн тоқтату және халық өсімін қамтамасыз етуді, табиғи өсiмiн қажет ететiн, елiмiздiң болашақ ұрпақтарын жалғастыратындай саясатқа бағыт-бағдар бере алатын демографиялық саясатты алға қойды. Әсіресе, ХХ ғ. 90-жж. басталған республикадан тарихи отандарына қайта бастаған басқа ұлт өкілдерінің көші-қонын тоқтату немесе бәсеңдетуді де мақсат етті. Себебі, бұл жылдары республикадан басқа мемлекеттерге қоныс аударушылардың басым бөлігі еңбек ету жасындағылар, қажетті мамандық иелері, ғылыми сала қызметкерлері еді.
2003 жылдан бастап елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесі халық өсімінде оң айырым көрсете бастады. Республика халқы 2003-2009 жж. 7,6%-ға (1138 мың адамға) өсті. Бірақ, 1991 жылғы мөлшерге әлі де жетпеді. 2009 ж. 1991 ж. мөлшерінің 95,3%-ын ғана көрсетті. Өсімнің негізгі көзі - түрік тілдес халықтар, соның ішінде оралмандар есебінен жүргенін байқаймыз.
Халық санақтарындағы мәліметтер бойынша есептесек, тәуелсіздік жылдары халқы өскен этностарға қазақтар, түріктер, өзбектер, ұйғырлар және т.б. жатады. Соның ішінде 1989 ж. мөлшерінен күрт өскен түріктер екен. Саны шағын болғанымен (1989 ж. 49,0 мың адам болса, 2009 ж. 89,1 мың адамға жетті), өсу қарқыны анағұрлым жоғары: 81,8%-ға өскен. Содан кейін қазақтардың кезегі: 1989-2009 жж. арасында 55,4%-ға (3601,6 мың адамға) көбейді. 2017 ж. соңындағы есеп бойынша үлесі 70%-дан асты (1991 ж.- 40% болатын). Н.Назарбаевтың 2017 ж. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сөйлеген сөзімен айтсақ, Қазақстан халқының саны сақталып қалынды.
1991-2009 жж. Қазақстанға ресми тіркелгені бар, квотадан тыс келгені бар 1 миллионнан аса қазақ келді. Қазақ халқы өзінің тарихи отанында ХХ ғ. 20-жж. соң алғаш рет басым көпшілікке айналды. Қазақтардың республика халқының құрамындағы үлесі 63,1%-ды көрсетіп, 20 пунктке көтерілді. Келесі орында өзбектер: 20 жыл ішінде 38%-ға немесе 126,2 мың адамға көбейіп, үлесі 0,8 пунктке көтерілген. 2009 ж. Қазақстанда 457,2 мың өзбек тіркелді. Ұйғырлардың да өсу қарқыны жылдам – 20 жыл ішінде 22,6 %-ға немесе 41,1 мың адамға өсіп, үлесі 0,3 пунктке көтерілді. 2009 ж. 223,1 мың адамға жетті.
Қазақстандағы саны мен үлесі азайған этностарға орыстар, немістер, еврейлер, татарлар, украиндар, поляктар, белорустар және т.б. жатады. 1989-2009 жж. европалық ұлттар өкілдерінің сыртқа көші-қонындағы теріс айырым мен табиғи өсімнің күрт төмендеуі сандық және үлестік мөлшерін ерекше төмендетті. Көші-қон есебінен кему үрдісі негізінде өз халқының бастапқы мөлшерінен айрылу көлемі жағынан жоғары көрсеткіш көрсеткен немістер, украиндар мен белорустар болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен тарихи жетістік - тағдырдың айдауымен шетел асқан қандастарымыздың елге қайта оралуы.
Қазіргі Қазақстандағы 12 миллионнан асқан қазақтардың 2,5 млннан астамы ХХ ғ. саяси-экономикалық, әлеуметтік катаклизмдердің нәтижесінде орын алған демографиялық апаттар кезінде шетелге кеткендердің ұрпақтары мен тәуелсіздік жылдары келген қандастарымыз болып табылады. Оны былай шығарамыз. Егер, 1950-жж. екінші жартысынан 1963 ж. аралығында Қазақстанға қайта оралғандар саны өсіп-өнуі негізінде 1 млн-нан асса, тәуелсіз Қазақстанға келген отандастарымыздың квотадан тыс өз бетінше келгендермен қосқанда 1,5 млннан асты. Сол себепті, қазақтардың шамамен алғанда 2,5 млн-нан астамы қайта оралған қазақтар деп айтуға болады.
«Қазақстан - дүниедегі әр қазақтың құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы!» деген Президентіміздің үндеуімен қандастарымыз елге қайта оралу үдерісін жалғастыруда. Тәуелсіздіктің арқасында ұлт ретінде түгенделіп жатырмыз. Қазақ жеріндегі және сырт елдерге кеткен қазақтардың рухы, салты, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, тарихы біртұтастанып, байытыла толығып жатыр.
Қазақ баласының дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас қазақтың бір бөлшегі екендігін ешуақытта ұмытпауы керектігін басты назарда ұстаған мемлекеттік бағыт қандастар тұрып жатқан елдердегі ұлттың өнердің кеңінен таралуына да кеңінен жағдай жасауды мақсат тұтады. Жырақта жүріп қалыптасқан қазақ диаспорасының қазіргі дамуы зерделі жанды таңқалдыратын құбылыс екендігі айқын. Қазақтың қаймағы бұзылмаған қазақтар жинақы шоғырланған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани байлықтары да сақталғаны белгілі. Ұлттық құндылықтарды сақтауды мақсат тұта отырып, шетелдегі және елдегі қазақтардың бірлікте дамуы ғаламданған замандағы ұлттық ерекшеліктерді сақтаудың басты талабы. Бұл құбылыс – тарихи әділдіктің салтанат құруы болып табылады.
Табиғи өсімге келер болсақ, 1989-1999 жж. арасындағы табиғи өсім 1551 мың адамды құрады. Алайда, бұл табиғи өсім Қазақстаннан сыртқа кеткендердің орнын толтыра алмады. Он жыл ішінде елден 3108,4 мың адам шетке көшіп, 1145,8 мың адам елге келді, айырмасы – 1963 мың адам (кері айырым) болып, кеміді.
1990 жж. экономикалық дағдарыс орын алды. Жұмыссыздық, жалақының аздығы, оны тіпті жылдап алмау және т.б. құлдыраулар туудың төмендеуіне әкелді. Тек 2003-2004 жж. ғана демографиялық өсу басталды.
Халық санында өсім болуы үшін, туудың жиынтық коэфициенттері кем дегенде 2,1 ден артық болуы керек. Қазақтың «Бір бала бала емес, екі бала – жарты бала, үш бала – бүтін бала» деген сөзімен айтсақ, әрбір екі бала әке-шешесінің орнын басады да, үшінші бала ғана өсім береді. Ол туудың жиынтық коэффициенттерімен анықталады. Ал, туудың жиынтық коэффициентеріне келсек, ол 1991 ж. 2,7 адам болса (бұл кезде өсім бар), 1992 – 2,6 адам болды да 1998 – 1,8 адам, 1999 – 1,8 адам, 2000 – 1,9, 2003 жылы ғана 2,0 адамға жетіп, 2004 ж. бастап, 2,2 адамға көтерілді. Міне осы 2004 ж. бастап Қазақстан халқы табиғи жолмен өсуді бастады. 2007 ж. – 2,5 адамға көтерілді. Бірақ, әлі де туылғандар саны толық 1 адамдық өсімді беріп тұрған жоқ. Егер туу мүмкіндігі жоғары 15-49 жастың арасындағы фертильді жастағы әйелдер деп есептесек, осы жастағы әр екі жүкті әйел 5,1 баладан туды деген сөз. Алайда, туу жасы мен некеге тұру жасы көтерілуде, кәрі қыздар мен бойдақтар саны көбеюде, некеге тұру мөлшері төмендемегенмен, ажырасқандар мөлшері өсуде. Бұл жағдайлар туылуға тиісті балалар санын кемітуі мүмкін. Мемлекет сондықтан отбасы мен туудың мөлшерін көтеруге мүдделі.
2015 жылы туудың жиынтық коэфициенті 2,75-ке көтерілді. Қалалы жерлерде де бұл көрсеткіш 2005 жылмен салыстырғанда 16,7%-ға өсіп, 2015 ж. – 2,52 промильді көрсетті [2]. 2017 ж. есеп бойынша бұл көрсеткіш 2,7 промильді көрсетті. Бұл жағымды нәтиже. Бірақ, 2016 жылға қарағанда туу мөлшері азаюда. Егер 2016 ж. 409,9 мың нәресте дүниеге келсе, 2017 ж. 390,5 мың.
Айта кететін жағдай, қазіргі кезде Қазақстанда 1958-1962 жж. болған демографиялық жарылыстың екінші жаңғырығы туу жасына келді. Яғни сол жылдары туылғандардан балалары неке жасына, туу жасына жетті. 2012 ж. әрбір туудың жиынтық коэфициенті 2,6-ға жетті десек, мұндай көрсеткішті беріп тұрған сол демографиялық жарылыстың бірінші жаңғырығы - 1980 жж. туылғандар. Екінші жаңғырығы 2012 жылдан бері туылғандар, туылып жатқандар және туылатындар. Міне сондықтан да қазіргі демографиялық саясатта ана мен бала күтіміне қатысты әлеуметтік шараларды күшейту оң нәтижеге әсер етері сөзсіз. Осы кездегі туу мүмкіндігі жоғары әлеуеттің мүмкіндігін сақтап және адам санының өсімін қамтамасыз ету үшін пайдаланып қалу керек.
Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттіктің шығаратын жылнамаларында берілетін республика халқының жыныстық-жастық пирамидасының диаграммасына көз тіксеңіз, 2012 ж. 1 қаңтарындағы есеп бойынша, шырша секілдес пирамиданың 20-25 жастағылар тұсы кең жайылып тұр. Ол 10 жастағылар мен 45 жастағыларға қарай қусырыла бастайды. 10-жастан 0 жастағыларға қарай қайта кеңеюде. Осы тұстағы пирамидалық шыршаны кеңейте түсу үшін, әрине, табиғи өсімді ынталандыру керек. Ол үшін, әлеуметтік жағдайды жақсарту, ана мен бала күтіміне, жас отбасыларды қолдауға, некеге тұруды ынталандыруға қатысты шараларды жетілдіре түсу керек. Бұл жерде, «жатып-ішерлікке» туралы сөз жоқ. Бірақ, сонау мақтан тұтатын 1958-1962 жж. болған «демографиялық жарылыстың» (ол 2012 ж. жастық-жыныстық пирамидадағы 50-55 жастағылар тұсы, ол да сәл сыртқа шығып тұр) екінші жаңғырығын күшейту үшін қолдан келгенді аянбау керек. Себебі, 1990-жж. дағдарыстар мен сыртқа тегеурінді көші-қон кезіндегі халық санының күрт төмендеуі мен табиғи өсімнің кеміген және туудың жиынтық коэфициенттері 1,7-ге дейін түсіп, табиғи өсім кері айырым көрсеткен жылдардағы ұрпақ негізгі өсім беретін жасқа келеді. Әрине оның артынша қазіргі кезеңде туылған, пирамиданың кең жайылған кезеңіндегі балалардың кезегі. Қоғам халық санының өсіміне мүмкіндік берер табиғи өсімді ынталандырар шаралармен Қазақстан халқының жастық-жыныстық құрамындағы осындай өзгерістерді ескеруде және әлі де көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл үдерісті сақтап қалу халықтың төменнен қартаюынан құтқаруға қадам болар еді.
Қазақстанның демографиялық дамуында шешілуі керек мәселелер бар екені сөзсіз. Халық санының өсімі мен өмір сүрудің сапалық деңгейін көтерер шаралар тәуелсіздіктің әр жылында жүзеге асырылып жатқаны рас. Бірқатар жетістіктер экономикалық дамудың, әлеуметтік жағдайға көңіл бөлудің арқасында жүзеге асты.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арналған әрбір Жолдауында елдің ішкі және сыртқы қатынастардағы күрмеуі көп, шешімі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда республика халқының біртұтастығын сақтауды мақсат ете отырып, этносаралық татулық пен бірлікті нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударады.
Президент «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы Халыққа жолдауында, сол жылғы Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – Мәңгілік елдің ұлы тарихы» құттықтау сөзінде, БАҚ өкілдерімен кездесуде берген сұхбатында біртұтас идеяны, «Мәңгі ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы мемлекеттің негізгі стратегиясын жариялап, ел дамуының басты бағыттары бойынша атқарар шараларын нақтылап көрсетті. 2015 жылы ұлықталған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығына қатысты шаралар да тарихшыларға үлкен міндеттер жүктеді. 2016 жыл да қазақстандықтардың біртұтастығын «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырудың басты факторы деп танумен жалғасты. 2017 ж. және 2018 ж. Жолдаулар да мызғымас бірліктің, ыдырамас ынтымақтың арқасында біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтындығын нықтайды.
Бүгінде Қазақстанды тілі, діні, ділі басқа болғанымен, тілегі, теңдігі бір жүзден аса ұлттар мен ұлыс өкілдері мекендейді.
«Біздің өткендегі тарихымыз біртұтас және оңпайымды болуы тиіс. Ол қазақстандықтарды бөлуді емес, біріктіруі керек» деген Президент сөзі этносаралық татулықтың басты темірқазығы. Полиэтникалық Қазақстан халқы этнодемографиялық және көші-қон үдерістерінің нәтижесіне қатысты объективті, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың нәтижесіне байланысты субъективті факторлардың арқасында қалыптасқан тарихи шындық. Еуразияның нақ ортасында орналасқан Қазақстандағы барлық этностар Республиканың ерекше қамқорлығына ие болып отырған, өздеріне тән мәдениетін, тілін, дінін, ежелгі әдет-ғұрпын сақтай отырып, өсіп-өнудегі басты құндылық болып дамуда. Қазақстанның демографиялық дамуындағы басты тұрақтылықтың этносаралық татулыққа да қатысты екендігін біз ұмытпауымыз керек.
Елбасы Жолдау соңында келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жолдаудың түйіні жастар мәселесімен қорытындылау себебі халқымыздың 40 пайызын жастар құрайтынына және барық салада жастарға басымдылық берілуіне байланысты. Демографиялық өсімді мемлекеттік қолдау негізінде бұл пайыздық көрсеткіш сақталынып немесе көтерілсе, онда халықтың әл-ауқатының артуына мүмкіндік беретін деморафиялық нық негіздің болатындығы анық.

Айжамал Құдайбергенова 
тарих ғылымдарының докторы, доцент
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және 
этнология институты
akudaybergen@mail.ru

 

Әдебиеттер
1 Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан // http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-nanazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2018-zhylgy-5-kazan
2 inform.kz http://www.inform.kz/ru/v-kazahstane-v-2015-godu-rodilis-bolee-397-tys-detey_a2906762
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста