Бірнеше күн бұрын БАҚ 8 жасар қызды құтқарған оқушының гранттан бас тартқаны туралы ақпарат тартты. Алайда Тимурбек Тахирұлы журналистердің аударма жасаған кезде қателескендерін айтып отыр.
Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.
Тимурбек, алдымен, 8 жасар қызды қалай құтқарғанын айтып берді. Өзінің біртуған екі қарындасы бар екен.
«Кешкі мезгілде қосымша сабақтан қайтып келе жатқанмын. Үйге барғанда атама көмектесетінмін. Сол күні атам сиырдың алдынан шығуымды тапсырды. Жалғыз өзім атпен түсіп келе жатып қыздың айқайын естідім. Бірден көмек сұраған қызға қарай беттедім. Іштей қорыққан жоқпын. Айналамызда үйлер болды. Бірақ адамдарды байқамадым. Жүгіріп барып «тиіспе» деп айқайладым. Жігіт бірден жіберіп, қашып кетті. Қыз жүгіріп келіп мені құшақтады. Екеуіміз кетіп бара жатқанымызда қыздың сөмкесі есіне түсіп кетті. Кері қайтып, сайдың ішінен сөмкесін таптық. Үстінен барлығы балшыққа малынған. Көзі жарақаттанып қалған екен», – дейді Тимурбек Тахирұлы.
Жасөспірімнің ұстазы өз кезегінде Тимурбектің қандай мектепте білім алып жатқанын айтып берді. «Іле Алатауының әсем бөктерінде Түрген шатқалы бар. Осы шатқалдағы ауылда үш мектеп орналасқан. Соның біреуі – Қонаев атындағы орта мектеп. Қонаев атамыз 1992 жылы сол Түрген ауылына келген екен. Әкесі сол аймақта тұрған. 1993 жылы мектебімізге атамыздың аты берілді. Мектебімізде 17 ұлт өкілі оқиды. Олар бір-бірімен өте тату. Тимур – 11-сынып оқушысы. Сыныбында 13 оқушы бар. Жаңағы оқиға болған күні Тимурымыз ҰБТ-ға дайындықтан қайтып бара жатқан», – дейді ұстазы.
Бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы оның не себепті гранттан бас тартқанын айтты. Алайда Тимурбек мұндай ақпарат таратпағанын айтып отыр. Ол керісінше грантқа ие болғанына қуанып жүр.
«Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Үйде балалармен футбол ойнаймын. Туған екі қарындасым бар. Біреуі – 6-сынып оқушысы, екіншісі – биыл 1-сыныпқа барады. Өзім ата-әжемнің қолында тұрамын. Ал әке-шешем Есік қаласында. Мұндай оқиғаға тап боламын деп еш ойлаған емеспін. Мұндай азғындардың болуы мүмкін екенін де білмеппін. Бар ойым қызды құтқаруда болды. Азғын қызды ұрып жатқан шығар деп ойладым. Үйдің жұмыстарын әдетте екі қарындасым жасайды. ҰБТ-дан орташа 90 балл жинап жатырмын. Маған Алматы облысының әкімі грант ұсынды. Мен ол гранттан бас тартпадым. Журналистер қателескен болар. Яғни сұхбатты қазақ тілінен орыс тіліне аударған кезде қателескен. Бар болғаны, грантты алсам да, достарыммен бірге ҰБТ тапсырғым келетінін айттым», – дейді Тимурбек.