Псориазға қандай ем қолдануға болады?
Баламның денесіне жара шығып, кейде өз-өзінен жоқ болып, кейде қайта пайда болып жүретін. Алғашында көп көңіл бөлмедік. Таяуда дәрігерге көрсетсек, «псориаз» деп диагноз қойды. Дәрігердің айтуына қарағанда, дәстүрлі медицинада псориаздың нақты емі жоқ көрінеді. Елімізде псориаздан емдейтін арнайы орын бар ма?
Тұрғангүл МЕҢЛІБАЕВА, Қызылорда облысы
Псориаз әлем халықтарының 2 пайызын қамтиды. Ол адамның ұлтына, жынысына, жасына қарамай, соңғы кездері кең түрде етек алып келеді. Нақты неден пайда болатыны әзірге белгісіз. Кейбір мамандардың экологиямен сабақтастыруы негізсіз. Өйткені «экология» термині жоқ кезеңде де халық арасында псориаз «теңбіл қотыр» атауымен танымал болған.
Бүгінгі таңда медицина саласы псориаз ауруының алдында қауқарсыз болып, емдеу жолын нақты ұсына алмай отыр. Қазіргі таңда әрбір халық фитотерапия әдісі арқылы жергілікті дәрілік өсімдіктерді тиімді пайдалануда. Еврей халқы «Өлі теңіздің» тұзын пайдаланса, ал орыс халқы дәрілік өсімдіктерден дайындалған «Псориаз +», «Антипсориакум» тамшыларын ұсынуда. Ал Қазақстанда Талдықорған облысындағы «Арасан-Қапал» санаторийінде псориазды емдеудің бірден-бір пайдалы жолы ұсынылуда.