Mazda қайта роторлы мотор шығарады
Роторлы-поршеньді қозғалтқышты компанияның Хиросимадағы зауыты құрастырады. Бірақ роторлы моторға оралғанына қарап, бренд жаңа спорткар шығарады деуге болмайды, Ванкель қозғалтқышы енді тек қосалқы рөл атқарады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа мотордың көлемі небәрі 830 куб. см болады, тікелей бүрку және рециркуляция жүйесі бар, 75 ат күші мен 116 Нм береді. Ол Mazda MX-30 электрокроссоверінің күштік құрылымында жұмыс істейді, бірақ дөңгелекпен тікелей байланысы болмайды. Оның жұмысы — электр қуатын өндіру.
Электрокар жүйесінде генератор ретінде іштен жанатын қозғалтқыш пайдалану бұрыннан бар, бірақ көбі әдеттегі қатарлы мотор қолданып жүр. Mazda бұған дейін роторлы моторды шағын әрі жеңіл болғаны үшін таңдағанын айтқан. Бұдан бөлек Ванкель қозғалтқышын шығаратын әлемдегі жалғыз марка атағын қайтарып алуды көздеп отыр.
Mazda MX-30 2019 жылы жарық көрген, бірақ аса танымал болмады. Оған қарапайым сипаттамасы себеп болған сияқты: шағын кроссовердің жүріс қоры 200 шақырым ғана. Осы көрсеткішті жақсарту үшін оған бензинді қосымша енгізді. 50 литрлік бензин багы қосылған генератор кроссоверге 600 км жол жүруге мүмкіндік береді. Оның үстіне мұндай кроссовердің электромоторының қуаты 143-тен 170 ат күшіне артады.
Mazda Ванкель моторы бар автомобиль өндірісін осыдан 11 жыл бұрын тоқтатқан. Ішкі нарыққа арналған соңғы RX-8 Spirit R купесі 2012 жылғы 22 маусымда конвейерден шықты. Компания бірнеше жаңа спорткарға патент алды, роторлы моторды қайта қолданысқа енгізу жоспары да жоқ емес. Бірақ қазірше жүзеге аспай тұр.