Биыл Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы. Тіліп түсер турашылдығымен ел есінде қалған қоғам қайраткерінің 90 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өту үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Соның бірі қазіргі таңда оның Жуалы ауданы Талапты ауылында тұрған үйін музейге айналдыру жұмыстары қолға алынуда.
Сондай ақ халық жазушысының туған жері Жамбыл облысы 90 жылдық мерейтойдың тиісті деңгейде аталып өтуі үшін басқа да қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Атап өтер жайт, осы өңірдегі төрт мектеп қабырғалы қаламгердің есімін еншілеген көрінеді. Бұл туған жерінің өз ұлын мақтаныш етіп, болашақ ұрпаққа үлгі етуінің бір айғағы екені анық. Алдағы уақытта біртуар тұлғаның ескерткішін салу мәселесі де қарастырып жатқанын ескерсек, биыл мерейтойға орай біршама істердің қолға алынып жатқанын байқаймыз.
2018 жылы 86 жасында қайтыс болған жазушының артында "Ай мен Айша" сынды ұлматты заманды шынайы суреттеген мұралары қалды. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлігі туралы баяндалатын "Қызыл жебе" романы да шынайылығымен халықтың сүйіспеншілігіне айналған шығармалардың бірі.
Бүгінде қазақ журналистикасында Шерағаң басқарған тұста қазақ баспасөзінің ерекше түлегенін аңыз етеді. Мәселен Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетіне келген кезде оның таралымы 30 мың данаға әрең жететін шамада болған, ал Шерағаң оны 150 мың данаға дейін көтерсе, кейін «Жұлдыз» журналы ол басқарған уақытта таралымы 4-5 мың данадан 255 мың данаға дейін өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен! Бұл халыққа не керегін біліп, уақыттың тамырын дөп басқан тұлғаның салада мықты менеджер болғанын аңғартады. Халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлғаның мұндай әрекеттері мен өткір мінезі аңызға айналған.
Ерзия Ерсұңқар