2023 жылы 8 маусымда сағат 12:03-те "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында, Семей қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Батпаев орман шаруашылығының 66-шы кварталында өрт шыққан. Болжам бойынша, өрт найзағай салдарынан тұтанған. Өрт орман шетінен 11 шақырым қашықта басталған. Сондықтан да мамандар елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ деп болжаған. Әйтсе де, Романовка, Камышенка елді мекендерінің шекарасында қауіпсіздік жұмыстары жүргізілді. Өйткені аптап ыстық пен қатты жел кез келген уақытта өрттің бетін елді мекендерге қарай бұрып әкету қаупі жоғары еді.
9 маусым күні өрт екі мың гектар аумақты шарпып, төтеншеліктер аймақтағы үш ауылдың тұрғындары эвакуациялауға мәжбүр болды. Түске қарай өрт 30 мың гектарға жайылды. Түс ауа орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Көп ұзамай орман шаруашылығының үш қызметкерінің денесі табылды. Ертеңінде, хабарсыз кеткен орман шаруашылығының тағы 11 қызметкері қайтыс болғаны белгілі болды.
Қайтыс болған орманшылардың туыстарының айтуына қарағанда, олар арнайы киім-кешекпен, құрал-жабдықпен жабдықталмаған көрінеді. Өрт туралы ести сала, олар қолда бар құрал-жабдықпен, күнделікті үй киімімен өртті ауыздықтауға асыққан. Базбіреулер тілсіз жауға арнайы киімсіз, құрал-саймансыз барған орман қызметкерлерінің әрекетін біліксіздік, жауапсыздық деп кейіс білдірсе, енді біреулер олардың әрекетін ерлікке балап жатты.
Расымен де олардың әрекеті ерлік. Олар өз ісіне шын берілген, елінің, туған жерінің нағыз патриоттары еді. Олардың айлық жалақысы 100 мың теңгеге де жетпеген. Кейбіреулер «олар тілсіз жаудың құрығынан құтылып шыға алмай қалуы мүмкін екенін білмеген болар» - десті. Жоқ. Олар тілсіз жаудың құрығына түсіп қалу қаупі жоғары екенін білді. Сөйте тұра, олар қызыл ажалмен соңына дейін күресті. Өйткені, орманшылар сол сәтте өлім туралы ойлаған да жоқ, олардың бар ойы тілсіз жауды орман маңындағы ауылдарға жібермей, қалай да жолын кесу болды. Өйткені, өрт сол маңдағы ауылдарға жетсе, адам шығыны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін білді. Сондықтан да олар соңғы демі қалғанша, тілсіз жауға қасқайып, қарсы тұрды. Өкінішке қарай, олар қызыл ажалдың құшағында өмірмен қош айтысты.
11 маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына барып, өртенген орман алқабын тікұшақпен аралап көрді. Сонан соң, Президент оперативтік штаб құрамымен жиналыс өткізіп, облыс әкіміне өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сөгіс жариялады. Мемлекет басшысы қаза болған адамдардың туысқандарымын кездесіп, көңіл айтып, олардың отбастарына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Президент үкімімен 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Орман өртін сөдіру кезінде қаза тапқан орманшылардың ерлігі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен орман өртін сөндіру кезінде қаза тапқандар "Құрмет" орденімен марапатталды. Және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілді.
Қазақстан Халық банкі қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің қолданыстағы несиелерін есептен шығарды. Және әрбір отбасыға 3 млн теңге көлемінде көмек берді. "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Ал, Freedom Finance қаза тапқандардың барлық балалары кәмелетке толғанға дейін ай сайын 200 мың теңге мөлшерінде арнайы сақтандыру төлемдерін алатынын хабарлады. Сондай ақ, Еуразиялық банк қаза тапқан орманшылардың отбасы мүшелерінің қолданыстағы несиелерін есептен шығарды. Одан өзге, Kaspi.kz Ұлттық еріктілер желісімен бірлесіп 165 млн теңге жинады. Оған қоса, Kaspi.kz өз тарапынан 35 миллион қосып, соманы 200 млн теңгеге жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаевтің тапсырмасы бойынша мемлекет тарапынан қаза болған орманшылардың отбасына жан-жақты қолдау көрсетілді. Қаза болған орманшылардың отбасыларына жиһазбен жабдықталған жаңа пәтерлер берілді. "Қазақстан халқына" қорының қаражатынан әр отбасыға 7 млн теңге және әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек берілді. Одан өзге әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалды.
Бір сөзбен айтқанда, ел болып жұмылып, қаза тапқан орманшылардың отбасыларна толықтай материалдық көмек көрсеттік. Біздің ойымыз, ендігі жерде, жерін тілсіз жаудан қорғау кезінде қаза тапқан орманшылардың ерлігі тек материалдық көмекпен шектеліп қалмаса екен. Олардың ерлігі дәріптеліп, кейінгі ұрпаққа үлгі болса. Өйткені, көп жағдайда қарапайым еңбек адамдарының ерлігі уақыт өте ұмытылып кетіп жатады.
Естеріңізде болса, 2011 жылы Тараз қаласында қауіпті террористі ұстау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқан еді. Ғазиз Байтасов айналадағы адамдарды қауіптен аман алып қалу үшін өз өмірін өлімге тікті. Лаңкес қол гранатасын жаруға әрекет еткен кезде, ол қылмыскерді жерге құлатып, гранатаны денесімен жапты. Сол кезде Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайлы көп айтылды, жазылды. Мемлекет тарапынан оның отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Уақы өте бәрі де ұмыт бола бастады. Бүгінгі күні мектеп оқушыларынан «Ғазиз Байтасов кім?», деп сұрай қалсаңыз ол жайлы білетіндері некен саяқ екеніне көз жеткізесіз. Оған балаларды кінәлай да алмайсыз. Өйткені Байтасыптың ерлігі тиісті деңгейде дәріптеліп келе жатқан жоқ.
Кеңес үкіметі тұсында мектепте оқыған аға буын өкілдерінен «Павлик Морозов, Зоя Космодемьянская кім?» деп сұрасаңыз кез келгені екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары деп жауап береді. Өйткені сол комсомол жастардың ерлігі мектеп оқулықтарында дәріптелді. Көптеген бала солар секілді батыр болуға құлшынды. Бұл әрине Кеңестік идеологияның жемісі болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біздің елде мемлекеттік идеологияның шабан болып тұрғаны жасырын емес.
Сондықтан да, қарапайым өрт сөндірушілердің ерлігі естен шықпай, әркез ескеріліп, дәріптеліп, мектеп оқулықтарынан орын алып жатса деген тілек бар. Сынып сағаттарында бейбіт заманның ерлері туралы жиі айтылып, жас ұрпақтың жадында сақталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қалдар Кумекбаев