Мақсұт – майданда, Қалбүбі – тылда

Мақсұт – майданда, Қалбүбі – тылда

Әлем тарихындағы ең сұрапыл сол соғысқа 1 миллион 200 мың қазақстандық қатысып, оның 600 мыңнан астамы қаза тапқанын, майданды қарумен, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысына балалардан қарттарға дейін қатысқанын ескерсек, бұл – біз үшін ұмытуға болмайтын ауыр қасірет. Соғысты күйреуші күш дейміз. Барды жоқ қылып жібереді, тауды да тегістеп, кез-келгенді жермен-жексен етеді. Құдды бір Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал тектес. Шүкір, біз соғыс көрген жоқпыз. Лайым еліміз енді ол қырғынмен қайта қауышпасын. Біз оны сол қанды кезеңді еске түсіріп, ойша көз алдымызға келтіретін газет-журнал материалдары немесе теле-радио хабарлары, фильмдер арқылы біліп, оқып өстік. Олар бізге аталар ерлігін мақтанышпен жеткізді.

Міне, содан бері жетпіс жылға жуық уақыт өтіпті. Еш нәрсе де ұмытылған жоқ. Өйткені Ұлы Отан соғысы жылдары – кеңес халқының ержүректілігі мен көзсіз ерліктерін, төзімділіктерін паш етті. Осылайша тарихта мәңгіге қалды. Осы орайда Мұқағали ақынның «Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр, Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деген тебіреніске толы өлеңі ойға оралады. Онда ақын өз мұңына майдан көрген маңдайларға деген қимастық пен ерекше сыйластық сезімдерін мөлдіретіп сыйғызған.
Қариялардың, соғыс ардагерлерінің азайып бара жатқаны бәрімізге, әсіресе сол майдангердің артында қалған ұрпағына қатты бататыны анық. Ал соғыс оты шарпымаған, соғысқа ерін аттандырмаған шаңырақ бар ма екен елімізде? Сірә, жоқ-ау?!

«Аман қалғаным – анамның тілеуі»
Сол қариясын дарияға теңеп отырған отбасының бірі – Мақсұт Райқұловтың әулеті. Марқұм Мақсұт ақсақал ашаршылықтан аман қалып, соғыс деген тажалдың тырнағынан да Құдайдың құдіретімен құтылып шыққан екен. Бұл кісінің өзі туралы сәл кейінірек баяндаймыз. Анадан асқан алып бар ма, алдымен майдангердің анасын бір еске түсірсек. Өзінің көрген-білгенін, ойға түйгенін қойын дәптеріне түртіп алатын қасиеті бар М.Райқұловтың жазған дүниелері бірнеше кітап болып жинақталыпты. Сарғайған парақтарды ақтарсақ, мерзімді басылымдарға да тұрақты автор болған екен. «Ақ жолдың» 2005 жылғы 22 қазан күнгі санына басылған «Есімде қалған ауыр шақ» атты шағын мақаласы қолыма түсті. Мақсұт ақсақал ашаршылықтан аман қалғанын анасының көз жасын көл қылып Жаратқаннан тілеуімен байланыстырып, Анаға деген сағынышын жеткізген. «Елге қырғын әкелген 1931-32 жылдары мен 10-11 жастағы бала едім. Әкем Райқұл бұл сұмдықты көрмей ертерек қайтыс болыпты. Бар ауыртпалық анама түсті. Анам шіркін «Менің 5 ұл, бір қызым бар еді. Бесеуі де торсық шеке, толған айдай еді ғой, соның бәрінен айырылдым. Солардан тірі қалған жалғыз сенсің. Сен өмір сүруге тиіссің» дейтін. Осы күнге жетсем, сол анамның көз жасының тілеуі шығар», – депті М.Райқұлов мақаласында.
Естеліктерінің бірінде: «Әлі есімде. Аналардың бөбегін бауырына қысып жатып өлгенін талай көрдік. Анасының жанында шырқырап жылап сәбилер жүреді. Бұл – жантүршігерлік көрініс, өмір мен өлімнің арпалысынан туған трагедия еді», – дейді кейін Журналистер одағының мүшесі болған Мақсұт Райқұлов.
Көрер күні бар екен. 1932 жылдың зұлматынан аман шығып, 12 жасында Бесағаштағы балалар үйіне тапсырылған бала Мақсұт өмірден үмітін үзбепті. Ол жақтағы жағдай да оңған ба?! Кей күндері Атшабардың базарын сығалап күндерін өткізген екен. Есі кіріп қалған бала 1935 жылы Жамбыл орта мектебіндегі оқуын қайта жалғастырыпты. 1939 жылы оқуын тәмамдаған ол жоғары білім алуға Алматыға барғысы келген. Ашаршылықтан әрең ес жиған елде қаражат қайдан болсын. Ағасының қолында жүрген Мақсұт бірден жұмысқа кіріседі. Сөйтіп аздаған қор жинап, оқуға түсем-ау деген арманына қанат бітіргісі келген тұста Мақсұт әскерге алынады. Бірақ, сол жылы көп ұзамай-ақ соғыстың оты тұтанып, ол 108-атқыштар дивизиясының 407-атқыштар полкінің құрамында шайқасқа араласқан. М.Райқұлов 2004 жылы жергілікті басылымдардың біріне берген мақаласында: «Мен алғаш рет ұрысқа Москва түбінде кірдім. Неміс-фашист басқыншылары Отанымыздың сол кездегі жүрегі Москва қаласына жақындап қалған кезде әр жауынгер бір сүйем жерді де жау қолына бермеу үшін қасық қаны қалғанша шайқасты. Мен осы Москва үшін болған шайқаста жараландым. Госпитальдан жазылып шыққан соң алты айлық барлаушылар курсын бітірдім. Одан кейін 108-дивизияның барлаушылар ротасына келіп қосылдым», – дейді. Соғысты Ұлы Отан соғысындағы ең үлкен шайқастардың бірінен бастаған М.Райқұлов майданда бес рет жараланыпты. Үш рет ауыр жарақат алып, елге 2-топтағы мүгедек болып оралыпты. Ұрыс даласындағы жан беріп-жан алысқан азаматтық парызы көппен бірге лайықты бағасын алды да. ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталыпты. Одан бұрын Рогачев қаласын азат еткені үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен және басқа да көптеген медальдармен кеудесі толған.
Мақсұт Райқұлов – қалам ұстаған мылтықсыз майданда да, еңбек майданында да өзіндік ізін қалдырған соғыс және еңбек ардагері. «Жеңіске дейінгі жеті өткел», «Отты жағалау жинақтары», «Қазақ шежіресі», «Қасиетті Әулиата өңірі» атты кітаптары бар. 1993 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Қызылдар қырғыны» атты ұжымдық кітаптың шығуына да атсалысыпты. Бұл – жауынгер-журналистің көрген-білгені мен көңілге тоқығандарының жемісі.

«Бар ауыртпалықты бірге көтердік…»
Соғыстан елге келген соң да текке жатпады. 1945 жылы-ақ Жамбыл қазақ орта мектебіне әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып кіріп, онда 1983 жылға дейін ұрпақты әскери тактикаға тәрбиеледі. Кейін ет комбинатында, банк саласында, балалар мектебінде, тері шикізаты зауытында орта буынды қызметтерде болған.
Қазір осы әулеттің берекесі болып отырған Қалбүбі апа да өмірлік серігі Мақсұтпен бірге кезінде Жамбыл былғары аяқкиім комбинатында еңбек жолынан өтті.
Небәрі 12 жасқа толған кезінде соғыс басталып, сол кездің балаларымен бірге кішкентай Қалбүбі де еңбекке ерте араласады.
– Бидайды қол орақпен оратынбыз, үлкен кісілер шалғымен орады. Сосын, аталар баулаған бидайды біздер, балалар, жинаймыз. Бидайдың арасына арамшөп қаптап кететін. Соны арнайы өткір қалақпен отап шығатынбыз. Масақ теру де біздің мойында еді. Ол уақыт өте қиын болды ғой. Сабағынан бөлінген бидайды да біз тазалайтынбыз. Түнімен бидайды қаптап, ертесі бір күндік жолмен аудан орталығына өгіз арбамен жеткіземіз. Қайтып келіп, егістік басындағы, қырмандағы күнделікті жұмысымызға қайта кіресеміз. Міне, сөйтіп Жеңіс туы желбірегенше еңбек майданында барымызды салып, жұмысқа жегілдік. Соғыстан кейінгі өміріміз де аса мәз болмады. Кейін келе ес жидық қой. Не көрсек те бар ауыртпалықты бірге көрдік қой, – дейді 85 жастағы апамыз.
Әрине, небір ауыр жылдарды артқа тастап, бүгінгі бейбіт заманға аман-есен жеткен қарт ана өткен өміріне еш өкінбейтінін айта кетті. Жары Мақсұт екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 19 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. «Біз көрген қиындықты сендер көрмей-ақ қойыңдар, болашақ балаларымыздың да аспаны ашық болсын», – деп аналық тілеген жеткізді.
Толғағы ащы болған қасиетті күн – Жеңіс күні талай отбасын қуанышына бөледі, талайының жүрегіне жазылмас жара салды. Дегенмен, ол Ұлы мереке болып тарихта қалды. Бұл күн талайдың жанымен, қанымен, көз жасымен, күшімен, маңдай терімен, ерлік ісімен келді. Олар ата мен ананың абырой-намысы, елдің ертеңі үшін туған жердің топырағын жауға таптатпауға тырысты. Сол үшін жандарын берді, денсаулықтарынан айырылды.
Қазақ халқы – арғы-бергі тарихында ел басына күн туған қиын шақта атқа қонып, толарсақтан саз кешіп, жаумен жағаласқан жауынгер халық. Сондықтан батыр ұлттың ұрпағы болған Мақсұт Райқұловтың да есімі әрдайым жұрт жадында, ұрпағының есінде мәңгі сақталары хақ.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста