Кемел көсемсөздің кеніші
Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың туғанына – 120 жыл
Бостандық аңсаған Бортаң
«Енді бұл жұрттың ауруына ем,
адасқанына жөн сілтеп,
ілгері бастыратын ерлер керек»
Х.Болғанбай.
ХХ ғасыр басында елдің санасына ой салып, бірлікке шақырған қазақ қайраткерлері сол тұстағы басылымдарды қуатты құрал ретінде пайдаланды. Олардың қай-қайсысы да қолдарына қалам алып, ұлттық көсемсөздің негізін қалауға үлес қосты. Осы кезеңде жарық көріп тұрған газеттердің тарихын зерттеген ғалым Т.Қожакеевтің сөзімен айтсақ: «Қазақтың баспасөзі де елдің бостандық жолындағы бас көтеруі тұсында тарихи аренаға шықты». Сол мезгілдегі қайраткер публицистердің ішінде «Қазақ» газетінің тұрақты авторы, «Бірлік туы» газетінің редакторы болған, кейін репрессияға ұшырап, жазықсыз жазаланған Алаш ардақтысы Хайретдин Болғанбайдың еңбегі айрықша.
Зайыбы Рахима Әкбарқызы (сол жақта)
Өз заманындағы қатарластары сияқты Хайретдиннің барлық мақалаларының тақырыбы ұлт мұратымен берік үндеседі. Оның көсемсөзі қазақ халқының азаттық алып, еркін өмір сүру идеясын санаға сіңіруге негізделген. Ол бұл мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жан-жақты түсіндіреді, бостандық үшін күрестің жолдарын санамалап көрсетеді. Сондықтан Алаш жұртын дербес ел болуға шақырған «мұндай өр де шынайы пайымдардың бастауында Хайретдиндер тұр» (Д.Қамзабекұлы).
Өткен ғасырдың әдепкі онжылдықтарындағы дүрбелеңге толы оқиғалар кезінде қазақ қайраткерлері сергелдеңге түсіп, түрлі бағыт-бағдар ұстанғаны белгілі. Олардың арасынан салғаннан нақты ұстанымын айқындап, өз халқының мүддесін қорғауды мұрат еткен азаматтар дараланып шықты. Алаш серкелері баспасөзді елмен байланыс орнықтыратын, ұлттық идеяны санаға шегелейтін пәрменді қару деп білді. Сөйтіп, қазақ публицистикасының қалыптасуы мен даму жолдарын зерттеуші Б.Жақып байыптағандай, «Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы т.б. алғашқылар болып сол жолға түсті де, төңкерістен кейін шыққан газеттер төңірегіне топтасып, ұлт болашағы үшін қызметке кірісіп кетті».
Хайретдин Болғанбайдың қайраткерлігі мен қаламгерлігі жөнінде Д.Қамзабекұлы, А.Шәріп, Т.Жұртбаев, Д.Қыдырәлі, С.Ақтаев, Н.Сапуанов, Т.Боранғалиұлы және басқалар пікір білдірді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы зерттеулер нәтижесінде Д.Қамзабекұлы мен А.Шәріптің Хайретдин қызмет істеген «Бірлік туы» басылымы туралы алғаш деректер ұсынуы елеулі жаңалық болды. Зерттеуші Т.Боранғалиұлы мұрағат мәліметтеріне сүйеніп, Х.Болғанбайдың «Ұшқын» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») редакция алқасының мүшесі болғанын айтады.
«Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде мақалаларын жариялап, ұлттың мақсат-мүддесін танытқан Алаш қайраткерінің публицистік қызметі туралы деректер бірқатар зерттеушілердің ізденістері арқасында айқындала түсті. Хайретдиннің көсемсөздік мұрасын зерделеп, алғашқы ғылыми еңбегін жазған Н.Сапуанов қайраткердің «Қазақ» газетіндегі мақалалары, «Бірлік туы» газетіндегі қызметі, бүркеншек есімдері туралы бірқатар мәлімет ұсынды.
Жазықсыз жаламен тұтқынға түскен Хайретдин Болғанбайдан жауап алу кезінде 1929 жылы 12-қаңтарда толтырылған хаттаманың стенограммасында оның өз қолымен жазған түсініктемелері тіркеліпті. Бұл жазбалардан қайраткердің баспасөздегі қызметіне қатысты жеткілікті ақпарат алуға болады. Ол қапасқа қамалып отырса да ұлттың үні – «Қазақ» газеті туралы өз ойын ашық айтыпты: «Мен Дулатовпен және Байтұрсыновпен 1913 жылы Орынбор қаласындағы медресеге келгенімде, олар «Қазақ» газетін шығарып жүрген тұста таныстым. 16-жылға дейін әр жылы Орынборға келген сайын кездесіп тұрдым, өйткені оларды қазақ халқының көсемдері деп санадым. «Қазақ» газеті таза ұлттық газет болды». Сондай-ақ Хайретдин тергеушіге берген жауабында бұл басылым редакциясымен «Алаш» партиясы ұйымдастырылғанға дейін байланыста болғанын, съезден кейін Ташкентке оралып, «Бірлік туы» газеті жабылған кезге дейін сонда орныққанын атап өтеді.
Ең алдымен айтарымыз, Х.Болғанбай публицистикасында қазақтың ұлттық болмыс-бітімі, бет-бейнесі айқын көрініс тапты. Өз халқына шексіз берілгендігі, оның қадір-қасиетіне бас ұратындығы қаламгердің әр мақаласынан байқалып тұрады. Қайраткердің мына анықтамасын біздің ұлтымыздың шынайы сипаттамасы, боямасыз бет-бедері деп қабылдауға болар: «Қазақ – осы күні мұқалмаған, қылау түспеген, қалай жаратылса, сол қалпында тұрған бір жұрт. Қазақта кірленбеген саф заһан бар. Тотықпаған таза рух бар. Қазақтың кеудесінде табиғаттың берген қуаты әлі шашылмаған. Қазақтың миы жұп шар, шоқпармен ашымаған». Алаш ардақтысы сол арқылы өз халқына деген сүйіспеншілігін, жанашырлық пейілін анық аңғартады.
Мағжан Жұмабаевтың оған арналған бірауыз өлеңінде айтылғандай, мақалаларының көпшілігін «Бортаң», «Бортаң бала», «Кәрітай» деген бүркеншек есіммен жазған, «бір кемі жоқ, бір теңі жоқ» қаламгер Хайретдин Болғанбай көсемсөзінің негізгі тақырыбы – ұлттың азаттығы, елдің еркіндігі. Оның әр сөзі қазақтың санасын сілкілеп, жанын тілгілеп, намысын жаныды. Қайраткерлігі мен қаламгерлігі қатар өрістеген Хайретдиннің көсемсөзі халықтың рухына қозғау салды. Қарымды көсемсөзшінің жазған дүниелерінің тақырыбы әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес. Өйткені ол өзінің идеясына берік, ұстанымына адал болды. Сондықтан ұлттық баспасөздің жоқ-жітігін түгелдеп, шежіресін түзгенде бостандық аңсаған Бортаң көшбастаушылар қатарында тұратыны анық.
Ер иманы тау қозғайды
«Қазақтың көшін бастаған
азаматтары оның миын
ашытпай, басын айналдырмай,
түзу жол тауып, тура бастасын».
Х.Болғанбай.
Үлкен ұлы Ерікпен
Публицист Хайретдин Болғанбайдың әрі ұлттық ұстанымын, әрі кәсіби біліктілігін танытқан шығармасы – «Тұла бойлары қан сасиды» деген мақаласы. Бұл мақалада елді қырғынға ұшыратқан жазалаушы үкіметтің озбырлығы, автордың өз сөзімен айтқанда, «Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндердің» оқиғасы баяндалған. Оның ыза-кегін, аяушылық сезімін былай қойғанда, жазу тәсілінің өзгешелігі, шығармашылық қуаты, тілдік қолданыстары ерекшеленіп тұрады. Хайретдин жан-тәнімен езіліп-егіліп отырып жазады. Жазған сайын ойының орамды, тілінің құнарлы, талдауының тиянақты екенін көрсетеді. Ол сол күндердің сұмдығын «Құшағына баласын қысып, екі көзі ұясынан шығып, қайда тығыларын біле алмай, дуалдан-дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдердің сүйреттерін қолы қалтырамай кім сала алар?!» деп танытады. Қызыл қырғын кезінде қан жоса болған әйел-ананың кескін-кейпін ашына бейнелеп, «Өмірінде бет ауыздарын күннен басқа жан көрмеген мұсылман әйелдердің сүттен аппақ намыстары бұл күндерді ұмыттырмас!» деп күйзеледі.
Қайраткер-қаламгер ұрпақ тәрбиесі туралы көзқарастарын да шебер баяндай біледі. Оның бала өсіру мәселесіне байланысты өзіндік ұстанымы қалыптасқан. Сондықтан жазған мақалаларында үнемі өзгеше ойлар, тың пікірлер айтады. Мысалы, «Медресе Хасинеде қазақ балалары» деген мақаласында: «Бізде аталар бала сүюді, тіпті теріс түсініп жүр. Балаларын аяғандықтарының, жақсы көргендіктерінің белгісі – ертеңгі-кеш көзден таса қылмай, шетке шығармау. Баласы бір шаһарға оқуға кетсе, ғұмырында қайтпастай, нақ бір өлердей көреді. «Үйде өскен бұзау түзде өгіз болмас» деген бізде мақал бар» дейді. Ескіні ескере отырып, жаңаны жатсына бермеуге, дәстүрдің тозығынан озығына қарай ұмтылуға үндейді.
Алаш қайраткерлерінің бәрінің шығармашылығына тән берік ұлттық ұстаным Хайретдин Болғанбайдың мақалаларынан айқын көрінеді. Бірақ зер салған адам Хайретдин қаламының айрықша қуатты екенін, оның жазған дүниелерінің рухы бөлектігін бірден аңғарады. Осы заманғы ұғымға салсақ, оның журналист кәсібіне аса қабілетті болғаны, қалдырған публицистік мұрасы қазіргі көсемсөздің биік талаптарының сүзгісінен мінсіз өтетіндігі дау тудырмайды.
Бүгінгі журналистиканың тілінде оқылымды мақала деген ұғым бар. Оқырманды салғаннан елеңдетіп, жетектеп отыру үшін асқан кәсіби шеберлік қажет. ХХ ғасыр басында қалам тартқан Х.Болғанбай осындай машыққа ие болған тәрізді. Әрқашан ұлттың жоғын жоқтаған ол ой-тұжырымын елдің намысын қайрап, жігерін жанып отырып жеткізеді. Қазіргі сараптама деп аталатын жанрдың қалыбына сай келетін ой орамдары кім-кімді де еріксіз ілестіріп әкетеді. Ол: «Бірақ қайтесіз, надандық тұманы халқымыздың көз әрін байлап, оң мен солын, қисық пен жөнді ашық көрсетпей отыр: әрине, біздің жұрт та осы күйімен ылғи надандыққа қарай сүңгіп кете бермес» деп елді жұбатады, ертеңгі күнге сенімін білдіреді. Көрікті ойы мен көркемдік кестесі қиысып тұрған мұндай дүниені тез оқып шығуға әркім де ынтызар болатыны анық.
Келер кезеңге үміт артқан Алаш ардақтысы әрі-сәрі күй кешкен елді оянуға шақырып, әрекетшілікке үндейді. Ол әр мақаласын осындай терең талдаумен, тиянақты толғаммен әдіптеп, оқырманды үнемі ширықтырып отырады. Сөз орайында «Бірақ ол уақытқа шейін заман бізді күтіп тұрмас. Ұйықтағандар оянсын деп уақыты біткен соң Күн шықпай тұра ма?» деп қазақтың намысына тағы да қозғау салады.
Хайретдиннің басқа дүниелеріне қарағанда мәселе қоюы жағынан да, жазылу үрдісі тұрғысынан да ерекшеленіп тұрған «Иман күші» деген мақаласы баспасөз тақырыбына арналған. Бүгінгі ұғымға ден қойсақ, жанры жағынан газет шығару үдерісіне талдау жасаған сараптаманың рөлін атқаратынын байқаймыз. Қозғаған тақырыбы – «Қазақ» газеті мен «Бірлік туы» басылымын бастыру жайы. Бұл мақаладан бір аңғаратынымыз, Алаш қайраткері ұлт өміріндегі орны бөлек «Қазақты» үнемі алға салып, орнықты пікір айтады. «1913 жылдан бері Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетін бұл күнде білмеген, көрмеген Алаш баласы жоқ шығар. Болса да әшейін санақта ғана Алаш есебіне алынып, өзі мал қатарында жүрген дүлейлер бар болар. Міне, осы газет заманның ең қысылшаң шағында, жұрттың да баспасөзге елеусіз мезгілінде дүниеге шықты» дейді көсемсөзші. Ол «Қазақтың» сөзін ұқпаған қазақтың бейқамдығына күйінеді, сөйте отырып, басылымның ілгері басқан әр қадамына сүйсінеді. Бұл газетті шығарушылардың сол кезең үшін мүмкіндігі мол баспахана сатып алғаны туралы хабарды оқығанда айрықша қуанып, шын тілектестігін танытады. Ұлт мүддесі ілгері басатын болды деп қуанады. Ал өзі қызмет істейтін «Бірлік туының» басылуы өте нашар екенін айтып қынжылады. Оның өз сөзімен айтсақ, газеттің «діңкесіне тиіп тұрған мәселені» жіліктеп тұрып талдайды.
Хайретдиннің мақаласына қарап, бұл басылымдардың ұлтты ұйыстыратын қуат-қарымына шүбәсіз сенетінін аңғару қиын емес. Ол газет шығару ісін иман ұғымымен, оның күшімен байланыстырады. «Заманның жағдайсыздығына, жұрттың елеусіздігіне қарсы бұл іске кіріскенде шығармашының сүйенгені жалғыз-ақ иманы еді» деп газет шығарушылардың мақсат-міндеті мен мұрат-мүддесін айқындап көрсетеді. Сонымен қатар «оның иман еткен жұрты да азаматын түңілтпей, әлінен келгенше көтермеледі» деп ұлттық рухы оянған қалың елдің ахуалын баяндайды.
Бұл мақаласын «Ер иманы тау қозғайды» деп бастаған Хайретдинше айтсақ, «енді «Қазаққа» бұрынғыдай уақытсыз туған шала деп қарау құриды», ал «осындай иманмен басталған істің көркейгенін көріп, «Бірлік туының» иманы одан артық бекіп отыр»… Ұлт санасын оятқан тарихи басылымдардың ешқашан мәнін жоғалтпайтын қастерлі құндылыққа айналғаны содан шығар.
Ұлт үстіне шөккен жүк
«Бейшара қазақ, өзді-өзін қыспаққа салып, кең жеріңді тартып алған соң, сол қыспақтың әдісін де үйрену керек еді».
Х.Болғанбай.
Қызы Гүлнәр
Алаш қайраткері мақалаларының құрылымының тұтастығы назар аудартпай қоймайды. Оның жарияланымдары мейлінше жүйелілігімен ерекшеленеді. Тақырыптың қозғалуы, мәселенің қойылуы, ретімен баяндалуы, мәлімет ұсыну тәртібі, фактінің қорытылып берілуі, деректердің жинақтық сипаты, ойдың түйінделіп, тұжырым жасалуы сияқты толыққанды белгілер – Хайретдин Болғанбай публицистикасына тән нәрсе. Ол осының бәрін шашау шығармай, бір мақаланың өн бойына жинақтай біледі. Жазған дүниелерінде артық-ауыс пікір, көпсөзділік кездеспейді, тиянақты ойлар әбден сығымдалып, тұжырымдалып беріледі. Ұлт қайраткерінің туабітті қабілеті оны ақпараттық стильді шебер қалыптауға, керек десеңіз, өз үлгісін ұсынуға бейімдеген тәрізді.
Жазғанын ұтымды тақырыппен әдіптей білетін Хайретдиннің мақалаларының бәрі дерлік әсерлі аяқталады. Бұл да – қаламы қарымды публицистің тағы бір ерекшелігі. Тосын түйін, келісті қорытынды, қуатты қайырым – автордың әбден меңгерген машығы. Әр мақаласының соңындағы өзгеше тұжырым оқыған адамға өрелі ой салып кетеді. Мысалы, ауылнай таңдау науқанына арналған «Сайлау» деген мақаласын былай аяқтайды:
«Міне, біздің жұрттың түрі. Міне, біздің «қамқоршыларымыз». Бар тапқаның – дағдарғандағы дағдылы тілек: Иә, Алла! Адасқан Алашыңды тура жолға өзің баста!..». Басқа мақалаларының аяқталуы да жаттандылықтан аулақ. Бәрінен де жоғары шеберліктің, сөз өнеріне деген қадір-құрметтің, өз кәсібіне адалдықтың, үздіксіз ізденістің белгілері байқалып тұрады. Тағы да мысал келтірелік. «Жер жалдау» деген мақаласы «Қысқасы, не керек болса, өзіңде бірі жоқ. Бәрі басқанікі. Ең аяғы моншаға дейін» деп түйінделеді. «Ашық хат. Ғабдолла Шоқаевқа» деген мақаласы «Көшбасшы ала болса, көш алаң» деген мақалды ескеріп, екеуі бір жолға түсуін тілейміз» деп қорытылады. Ал «Түркістан өлкесі» деген мақаласы «Енді әрбір істі өзінің кісісінен күтуге бізге бұл бір үлгі де!» деп тәмамдалады. Осының бәрі ойын жинақтай білетін Хайретдиннің жазған дүниелерінің оқырманға ықпал ету тәсілін жетік меңгергенін айғақтайды. Автордың мақаласын оқып шыққан адам оның соңғы сөйлемінен кейін де біраз ойланып отырады. Оның туындылары адам психологиясын лезде билеп алады.
Х.Болғанбай публицистикасына тән тағы бір ерекшелік, оның халықтың даналық сөздері мен қанатты қағидаларын мақаласына ұтымды пайдалана білетіндігі. Сонымен қатар ел ішіндегі шешендік сөз үлгілері, сиректеу кездесетін мақал-мәтелдер, сәтті тіркестер қайраткердің жазған дүниелерінен көптеп табылады. Соның бәрі жарияланымның мазмұнын байытып, сипатын айшықтап тұрады. «Шабан – аурудың бірі», «Көшбасшы ала болса, көш алаң», «Ер иманы тау қозғайды», «Мұңы бірдің – сөзі бір», «Мұндайда қасқыр қарап қалсын неге?», «Бейшара, біреудің көзіндегі былшықты көргенше, өз көзіңдегі көренені көрсейші» деген оралымды тіркестерді халық қазынасынан алса, «Адамзат – жақсылықтың құлы», «Біздің ұлт – әлі бала», «Алаш ордасы – ұлт істерінің басында тұратын күзетші», «Жүрегінде оқу дерті бар балалар», «Ұлт ісі ұлтпен көгереді», «Ұлт ісі жүре көркейеді» деген тұжырымдарды өз қаламынан туындатады. Тілге бай, ойға жүйрік Хайретдиннің байлам-байыптамалары ұлтты ұйыстыру мақсатымен берік үндестік табады.
Алаш қайраткерінің жазу стилінің өзгеше екендігі, өз тұстастарынан қаламгерлік қолтаңбасы оқшауланып тұратыны дау туғызбайды. Ол мейлінше күрделі сөйлемді қолданған кезде де сөз қайталауға жол бермейді. Ойдың мағыналық желісі бұзылмайды, жазуға қойылатын жоғары талаптар сақталады, сөйлемнің әр мүшесі өз орнында тұрады. Өзін-өзі үнемі қатаң сүзгіден өткізіп отыратыны байқалады. Мәселен, «Медресе Хасинеде қазақ балалары» атты мақаласындағы «Білімге сусаған бұл сорлылар қанша талаптанса да қолдарының қысқалығынан жігерлері құм болып, ойлаған жерлеріне жете алмай, орта жолда қала береді» деген шашаусыз сөйлем Хайретдиннің тіл біліміне жетіктігінен хабар береді.
Х.Болғанбайдың көсемсөздік шығармалары бір ғана тақырыпқа негізделген. Ол барлық дүниелерінде ұлттану ұғымын айшықтайды. Ұлттың асылы мен жасығын ашық айтады, ұтқаны мен ұтылғанына талдау жасайды, келер күнге деген сенім қалыптастырады. Мысалы, «Жер жалдау» деген мақаласында «Сауда қылуды білмейсің: ауылыңдағы дүкен иә орыс, иә ноғайдікі; өнер білмейсің: үйіңді салып жатқан ылғи ноғай, ең ақыры киіміңді өзің тігуге үйренбей, ноғай тігушіге ақша беріп отырсың» деп өз ұлтын жақсы көру үшін оның кем-кетігі мен жоқ-жітігін айқындап, соның орнын толтырып отыруға үйретеді. Ол қазақты іскерлікке бейім басқа ұлттармен салыстырып, «олар бүгінгіден артық ертеңгіні көп ойлайды» деп қайрайды. Сол арқылы ұлт көсемсөзінің ұлы міндеті ұлтты тәрбиелеу екенін баршаның санасына сіңіреді.
«Ұлт үстіне жүк шөкті» – Хайретдин қаламынан туған сәтті тіркес. Бұл әдетте шөккен нарға жүк артатын қазақтың санасына өзгеше ой салады. Ал тұтас ұлттың үстіне жүктің шөгуі – ықпал-әсері мол, мән-мағынасы зор толымды тұжырым. Көсемсөзші көркемдік кестелер арқылы өзінің мақалаларын жоғары деңгейге көтерді. Мағыналы мұрасы ғасырдан ұзақ жасаған Хайретдиннің биігі қазіргі баспасөздің өкілдеріне оңайлықпен алдыра қоймас. Бұл туындылар бүгінгі қаламгерлер үшін де басты бағдар, айнымас меже бола алады.
Тосын тіркес, тың толғам
«Бұл іске қалың ұлттың өзі
еңбек қылуға тиіс һәм оны бір күнде орындалып бітеді демей,
аз да болса тоқтатпастан
жүргізе беру керек».
Х.Болғанбай.
Хайретдин Болғанбай көсемсөзінен жеңіл юмордың да, уытты әзілдің де үлгілерін аңғарамыз. «Сайлау» деген мақаласында ауылнай сайлауына түсіп, мал-мүлкін шығындағандарды қағытып өтеді. Ел ішіндегі билікке талас, оны ұйымдастырушылардың ниет-пиғылы Хайретдин қаламынан тыс қалмайды. Ол бір-екі ауыз сөзбен бүкіл сайлау науқанына тән көріністерді оқырманның көз алдына келтіреді: «Жұрттың жатса-тұрса аңдыған-баққаны сөзден басқа болған жоқ. Жұрттың тілегінің әбден ауғандығы, бір айдан бері қажылардың көрген түсі, балгерлердің салған құмалағы, қарттардың тілек-баталары, бәрі де өз партиясының анау партияны жеңуі турасында ғана болды». Алаш қайраткерінің сайлау туралы мақаласы өз дәуіріндегі осы науқан туралы жазылған барлық жарияланымдармен үндес. Бірақ жазу стиліндегі өзгешелік оның көсемсөзін қашанда даралап тұрады.
Х.Болғанбай сайлау сияқты алашапқын науқан кезіндегі ел ішінде байқалған жат құбылыстарды назардан тыс қалдырмайды. Соның бірі ретінде талай жыл қымызды ғана сусын еткен халықтың ортасына келген ішімдікті нысанаға алады. «Сусын деген соң сіздің ойыңызға өзіміздің қазақтың ата сусыны келіп түспесін. Бұл ауылдар – осы күні ондай «ескі қазақшылықты» тастап, қала салып, Еуропа салтына түсіп, жаңарып келе жатқан ауылдар. Сондықтан бұлардың сусындары да жаңаша «ақ жорға» болды» дейді. Хайретдиннің бұл мақаласын күні бүгінге дейін маңызын жоймай келе жатқан ішімдікке қарсы ақпарат майданының бастауы десе де болады. Арақтың адамға әсер-ықпалын, зардап-залалын тез ұқтыратын «ақ жорға» ұғымы – үйлесімді тіркес. «Ақ жорға» дегенге қыр қазағының көбі түсіне қоймас, өйткені бұл сусын – әзір біздің жалпы қазаққа жайылмаған, тек жаңа түрге айналған жерлерге ғана кіре бастаған сусын. Мұны жақсы ішкен кісіні күшейтіп, батыр қылып жібереді екен» деп ғасыр басында Хайретдин Болғанбай ескерткен кесел кейін өмірімізге дендеп еніп, әлі күнге дейін тірлігімізбен етене болып келе жатқаны рас.
Хайретдин – сөзбен сурет салудың шебері. Оның мақалаларында көркем шығарманың белгілері көптеп кездеседі. Тіл қадірін білетін қаламгер қарадүрсін баяндауға, әсерсіз бейнелеуге жол бермейді. Оқыған адамды елең еткізетін тосын тіркестер автордың шығармаларын үнемі айшықтап тұрады. Аталған мақаладағы «Күннің ыстығына, жердің қашықтығына да қарамай, емшектегі балаларын көтеріп, һәм екі бүктетіліп, басы аяғына түскен кемпірлер де аз болған жоқ» деген сөйлем осының бір мысалы ғана.
Жазу стилі жатық Алаш қайраткері ой орамдарын түйдектетіп, әр байлам-байыптамасын түйіндеп отырады. Іргелі жұрттың ілгері қадамдарын баяндай келіп, «Бұл – былтырғы іс» деп бір қорытады. Одан әрі ой өрбітіп, көсіле келіп, «Бұл енді – биылғы іс» деп тұжырымдайды. Хайретдин шығармашылығының күш-қуаты ұлттың мұрат-міндетін айқындауға жұмсалады. «Біздің қазақ мәдениет жолында кейін қалған, оны ілгері бастыру үшін көп күш керек. Бұл – ғылым күші. Біздің қазақ надандық қараңғылығында тұр. Оған нұр керек. Бұл – ғылым нұры» дейді қайраткер. Осылай төгілтіп жазып, ойын үнемі дамытып, сәт сайын түйін түйіп отыру – Хайретдиннің қалыптасқан машық-мәнері. Мысалы, ол жұрт ішіндегі ахуалды былайша бедерлейді:
«Елдің ұйытқысы бұзылды.
Жұрттың ынтымағы,
ұйымы қашты.
Ағайын арасына жік түсіп,
көңілге дық орнады».
Х.Болғанбай барлық мақалаларында да өзгеше ой қорытып, тың тұжырым жасайды. Бұл жағынан да ол бүгінгі қазақ журналистикасының сүрлеуден шыға алмай жүрген көптеген өкілдеріне үлгі-өнеге бола алады. Оның байлам-байыптамалары ешкімнің пікір-пайымдарына ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Мәселен, «Мұғалім жұрттың жанында отырып, тілімен үйреткенде, жазушы алыста тұрып, қаламымен білдіреді» дейді. Тағы бір мақаласында: «Бірақ не істемек, халықты қалай басқармақ керек? Заман өзгеріс үстінде. Ат көп, кісі аз: шама үлкен, шапан зор» деп оқырманын ойға жетелейді. Қарапайым мақаланың өзінен пәлсапалық парықтамалар мен танымдық талдамалардың белгілерін көреміз.
Осының бәрі Алаш қайраткері, көрнекті көсемсөзші Хайретдин Болғанбайдың ұлттық ұстанымы биік, кәсіби шеберлігі жоғары болғанын айғақтайды. Келешекте журналистерді дайындайтын оқу орындарында Алаш қайраткерлерінің жазу стилі, соның ішінде Х.Болғанбайдың көсемсөздік қызметі жөнінде арнайы дәрістер жүргізілсе артық болмас еді. Өйткені оның мұрасы ұлттық журналистиканың биік деңгейінің үлгісі мен өлшемі ретінде қарастыруға әбден лайық.
«Ол – менің әкем, асқар тауым. Ол – Алаштың Хайретдині» деп естелік қалдырған білікті ұстаз Гүлнәр Хайретдинқызы Болғанбаева өз әкесінің ұлттық журналистика көшбастаушыларының бірі болғанын үнемі мақтан тұтатын. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы екенін танытып, жасы ұлғайғанда қолына қалам алып еді. Гүлнәр апай өмірден өтсе де, қазір Хайретдин есімін баға жетпес бойтұмардай қастерлеп, рухын аялап отырған ұлағатты ұрпақтары бар екені қуантады.
Бақ-берекесі келіскен бүгінгі Болғанбай әулеті кемел көсемсөздің кенішіне айналған текті тұлғаның әр сөзін алтынға балайды. Басқалар да солай…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор
anatili.kz сайтынан алынған