Брест қамалын қорғаған қазақтар

Брест қамалын қорғаған қазақтар

1941 жылдың 22-мау­сымында фашистік Германия сақадай сай әскерімен Кеңес өкіметінің жеріне басып кірді. Аса дайындықпен баса көктеп енген неміс әскерінің қаһарына бірінші болып Брест қаласы ілікті. Қаладағы жауынгерлердің жанкешті қарсылығы Белоруссияның бір шетіндегі елеусіз қаланы тарихи қалаға айналдырды. Тарихшылар да, әдебиетшілер де, режиссерлер де халі мүшкіл қала тұрғындарының сол сәттегі жанқиярлық ерлігін қаз қалпында бүгінгі ұрпаққа жеткізуге талпынып келеді.  

Осынау батыр қаланы қорғауға қанша қазақстандық қатысты? Жекелеген болжамдардың айтылатыны болмаса, бұл сауалға нақты жауап жоқ. Соғыс басталған кезде Брест қаласында 30 ұлттың өкілінен құралған 7-8 мыңдай әскер болған екен. Ал олардың ішіндегі қазақстандық жауынгерлердің нақты санын анықтауда тарихшылар әлі күнге дейін бір пікірге тоқтай алмай отыр. Олар ұсынған Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың ұзын саны 400 бен 4000 адам аралығында. Кеңес өкіметі кезінде бар-жоғы 29 жауынгер ғана Брест қамалын қорғаушы ретінде мойындалыпты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Лейла Ахметова қаланы жаудан қорғауға бұдан бөлек тағы 432 қазақстандықтың қатысқанын айтады. Оның айтуынша, 1940 жылдың 6-ақпанында Алматы мен Талдықорған облыстарынан жүздеген жауынгер әскери борышын өтеу үшін Брест қаласына аттаныпты. Жолда оларға Жамбыл облысынан 120 жігіт қосылған. Ғалым бұл мәліметтердің барлығын құжат жүзінде дәлелдеп отыр. «Бірақ «Қаһарман Брест қамалы» мемориалды кешенінде 53 қазақстандық туралы ғана мәлімет тіркеліпті, – дейді Лейла Сейсембекқызы. – Ал Брест гарнизонының мұрағатында тек 38 қазақстандықтың құжаты сақталыпты. Жауынгерлер мен сержанттардың бір тобы қамал сыртындағы бес бекіністе немістерге қарсы соғысқан, тағы бір тобы партизандарға қосылады. Қалған бөлігі тұтқынға түседі. Олардың біразы кейіннен елге оралды». Сонымен қатар тарихшы қамалды қорғауға қатысқандардың 97%-ы қазақ ұлтының өкілдері екенін анықтап отыр.

Дерек пен дәйек
• Ресми мәліметтер бойынша Орта Азия елдерінен соғысқа 3 миллион жауынгер қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандық екен. Ал соғысқа аттанған қазақстандық жауынгердің әрбір екіншісі, яғни тең жартысы майдан даласында қаза болған. Соғыс жара салмаған, қара жамылдырмаған отбасыны кездестіру қиын.
• Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11-желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді.
• Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Суретте Ғаббас Жұматұлы
Брест қамалын қорғаған жауынгерлер туралы деректер жинап жүрген тағы бір ғалым – зейнеткер, тарихшы Бекқұлы Әліұлы. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын зерттеуге 30 жыл ғұмырын арнапты. Оның сөзіне сенсек, Брест қамалын қорғауға 4000 мыңдай қазақстандық қатысқан. Бекқұлы Әліұлы мұрағаттағы тынымсыз еңбегінің арқасында 83 жерлесіміздің Брест қаласын қорғауға қатысқанын дәлелдейтін құжаттар тауып отыр. Қазіргі таңда ардагерлер кеңесі оларды ресми қорғаушылардың тізіміне енгізуге талпынып жатыр. Қазақстандықтарды қамал қорғаушылары қатарына қосу үшін, деректерді Брестегі мұражайға жіберген. Әзірге ол жақтағы ғылыми кеңестің шешімін күту үстінде. «Біз 4000 мыңға жуық қазақстандықтың Брест қамалы мен оның айналасындағы бекіністерді қорғауға қатысқанын айғақтайтын деректерге қол жеткізіп отырмыз. Алайда бүгінде олардың 56-сы ғана қамалды қорғағандардың санатына жатқызылып отыр» дейді қарт тарихшы.
Былтыр жеңіс күніне орай Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Брест қамалының жылнамасы – фотосуреттерде» атты көрме ұйымдастырылған еді. Сол кезде көрмеге Белоруссиядан әкелінген 60-тан астам фотосурет қойылып, олар қанқұйлы заманнан сыр шертіп тұрды. Көрмеге фотосуреттерден бөлек қамалды қорғауға қатысқан жауынгерлердің киген киімдері, қару-жарақтары, сағаттары, тағы басқа бұйымдары қойылды. Қазақстан үшін көрменің ең үлкен сыйы Брест қамалында жауға қасарысып қарсы тұрған жерлестеріміздің суреттері болды. Солардың бірі 105-інші атқыштар полкінің ефрейторы Нұрым Сыдықовтың фотосы. Ол әскерге Алматы облысынан аттанып, соғыс қарсаңында Брест төңірегіндегі бекіністердің бірінде әскери борышын өтеп жүрген. Тағдыр Нұрым Сыдықовтың маңдайына тек қатардағы жауынгер болуды емес, Брест қамалының қаһарман қорғаушысы болуды да жазыпты. Брест қаласы немістердің қолына өткеннен кейін де, партизандық қозғалыстармен бірігіп дұшпанмен күресін одан ары жалғастырды. 125-інші атқыштар полкінің жауынгері Әбдіразақ Мәмиев те қала түбіндегі қанды соғысты өз көзімен көрді. Ол – Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің әкесі. Көрмеде Әбдіразақ Мәмиев туралы тың деректер ілініпті. Соғыста мерген ретінде көзге түскен ол майдан даласында жарақат алған соң, елге оралып, ұстаздық қызмет етеді. Өкінішке орай қаһарман қалада ерлік көрсеткен жауынгерлердің барлығының аты-жөндері бізге белгілі емес. Егер қамалдың сұсты қабырғаларына тіл бітсе, бізге мыңдаған қазақтардың есімдерін мадақтап айтып берер еді.
Бүгінде Бресттегі мемориалды кешеннің гранит тақтайының астында 1020 солдаттың сүйегі жатыр, олардың 127-сінің есімдері ғана ойып жазылыпты. Бұлардың қатарына Нұрым Сыдықов, Ыдырыс Күреңкеев, Ботабай Сүлейменов, Василий Вавилов деген жерлестеріміздің аттары да бар.
Брест қамалы туралы сөз болғанда, ең бірінші ел аузына Ғаббас Жұматұлының есімі оралады. Ол әскери борышын Брест қамалында өтеп, алғашқы ұрысты да сол жерде басынан өткізеді. «Сол кезде бірге барған достарымды айтсам, Файзолла Тұрымов, Әбдіразақ Мәми, Тұрар Сатыбалдин және тағы басқа достарым болды. «Әскери міндетіміздің мерзімі аяқталып, 1941 жылғы маусымның 22-сі күні сағат 10-да үйге қайтуымыз керек болған, бірақ та таңғы сағат төрттер шамасында соғыс басталып кетті» деп ардагер соғыстың алғашқы сәттерін есіне алады.
Ғаббас Жұматұлы қызмет ететін 6-атқыштар дивизиясындағы 204-інші артиллериялық полктің жауынгерлері сол бір таңда тәтті ұйқыда жатқан еді. Оларды найзағайдай жарқылдап, күндей күркірей шыққан зеңбірек үні аяқтарынан тік тұрғызған.
Неміс фашистерінің алғашқы соққысын Брест қамалының сыртқы оңтүстік қапталында қарсы алған жауынгер соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін шайқасып өтеді. Ардагер соғыстағы жауынгерлердің қайсысы болмасын өзінің Отан алдындағы әскери міндетін адал, абыроймен орындағанын айтады.
Ол әр жауынгердің көкейінде қарсы шыққан жаудың бетін қайтарып, Отанды, жерімізді аман сақтап қалу міндеті тұрғандығын айтады. «Сол уақыттағы тәрбие де сондай болды ғой, әскерде де солай үйретті. Еш жауға берілмейміз, Отанымызды сатпаймыз деген сезім Ұлы Жеңіске итермеледі. Алдымызда тек жеңу керек деген мақсат болды» дейді ардагер.
Ғаббас Жұматұлы кейіннен 530-ыншы полктің құрамына алынып, Мәскеуді қорғауға атсалысады. Сонымен қатар Молдавия, Румыния, Югославия, солтүстік Дунайдың жағалаулары, Венгрия сияқты Оңтүстік Еуропа мемлекеттерін азат етуге қатысып, Венгрия түбінде, яғни Будапешт қаласында жарақат алады. Жеңіс күнін Венада қарсы алып, соғысты сол жерде аяқтайды.
Ұлы Отан соғысының алғашқы сәт­теріндегі қанды кезеңді дәл суреттеу қазіргі таңда аса қиын. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Брест қаласын қорғаушылардың басындағы ауыр халді сол замандағы қызыл өкімет те дұрыс түсінген жоқ. Соғыс аяқталғаннан кейін қаланы қорғаған батырлардың ерлігі толық бағаланбай, көп жауынгерлердің көзсіз қаһармандығы ескерусіз қалды.

anatili.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста